Қазақстан нарығы шетелдік компаниялар үшін тым «кіші» болғанымен, аймақтағы «тартымды» нарықтың бірі деп бағаланады. Себебі нарық қазақстандық ІТ компаниялардың әлеуеті зор екенін айқындап отыр.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз», – деп атап өткен болатын.
Жақында өткен IT саласын дамыту аясында жаңа міндеттерді іске асыру бойынша Үкімет отырысында сектордағы басты мәселелер талқыға түсті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, қазір мемлекеттік саясат Қазақстанда инновациялық экожүйені қарқынды дамытуға бағытталған. Сондай-ақ қазақстандық IT қызметтердің экспортын ұлғайту мақсатында Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста Silkroad hub өкілдіктері ашылмақ, сонымен қатар білікті мамандарды тарту үшін Digital Nomad Visa жобасы жүзеге асырылады. Бүгінде республика өңірлерінде 9 жаңа технологиялық алаң ашылды, жыл соңына дейін тағы 4 хабты іске қосу жоспарланған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылғы IT қызметтердің көлемі 940 млрд астам теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге артық (645,9 млрд теңге). Жалпы IТ қызметтерінің негізгі тұтынушыларының 82,1 пайызы – заңды тұлғалар болса, 4 пайызы жеке тұлғаларға көрсетілген, ал ІТ қызметіне тапсырыс берушілердің 13,9% – резидент емес тұлғалар.
Қызмет түрлеріне тоқталар болсақ, 257,7 млрд теңге бағдарламалық қамтамасыз етуге 201,3 млрд теңге – ақпараттық технологиялар және ақпараттық жүйелер саласындағы басқа да қызмет түрлері, 146,5 млрд теңге – қосымшаларды орналастыру бағытындағы жұмыстарға негізделген. ІТ саласындағы компаниялар 88,2% Алматы қаласында тіркелген және олардың жұмыс көлемі – 478, 7 млрд теңге. Ал Астана қаласындағы ІТ компаниялардың айналымы 356 млрд теңгені құрайды.
Мемлекет басшысы атап өткен экспорт жағдайына келер болсақ, резидент емес тұлғаларға көрсетілген қызмет көлемі жағынан АҚШ (Т31, 6 млрд), Швейцария (Т26 млрд) және Ұлыбритания (Т12 млрд) елдері алғашқы үштіктің құрамына енген.
ІТ саласында бірнеше инновациялық жобаның негізін қалаушы Садық Шерімбек «Қазақстанда ІТ нарығындағы үш саланы экспортқа қабілетті және аймақтағы елдермен салыстырғанда әлдеқайда алда келе жатқан салалар деп есептеуге болады» деген пікірде.
– Олар: қаржы технологиялары, электронды үкімет және білім технологиялары. Қаржы технологиялары бойынша еліміз посткеңестік, ТМД және түркі мемлекеттерінің ішіндегі алға шығып кетті. Бұл жерде технологияның дамуын ғана емес, сонымен қатар сол технологияларды халықтың тұтыну индексін қоса алғанда осындай қорытынды шығаруға болады. Демек, технологиялық интеграция бағытында Еуропа мен Азиядағы көптеген елмен салыстырғанда Қазақстан алда келеді деп нық сеніммен айта аламыз. Екіншісі – электронды үкімет. Бұл бағытта Қазақстан әлем бойынша алғашқы 20 елдің тізімінде бар. Қазір енгізіліп жатқан технологиялардың барысын есепке алар болсақ, даму индексі бойынша тіпті алғашқы ондыққа да жақындап қалуымыз әбден мүмкін. Мен 30-дан астам елде болдым, одан бөлек инновациялық бағытта көптеген зерттеу жүргіздім әрі бірнеше инновациялық жобаның кеңесшісімін. Сол себепті осы саладағы жетістіктерімізді мақтанып айта аламын. Үшінші бағыт – білім технологиялары бағыты. Коронавирус кезеңінде Қазақстан технологияның арқасында классикалық білім саласы бойынша пандемиядан минимум зиянмен аман-есен шыққан мемлекеттердің бірі дер едім, – дейді ол.
ІТ маманының айтуынша, мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, технологиялық интеграция адамдардың технологиялық өнімдерді тұтынуы жағынан Қазақстан даму индексі бойынша жас мемлекеттердің арасында ТОП-10 ішінде.
– Әрине, бұл тақырыпта халықаралық сараптамалар да кездесетін болуы керек, бірақ бұл мәлімет – біздің тәуелсіз зерттеулеріміздің нәтижесі. Өте қызықты бір статистикамен бөлісер болсам, қазір отандық білім технологиялары нарығында жылына 1 млрд теңге айналымы бар ТОП-5 жобаны алатын болсаңыз, бесеуі де тек қазақтілді жобалар. Одан кейін айналымы 500 млн теңге болатын тағы бес жоба да қазақ тілінде. Бұлар –пандемия және одан кейінгі периодта жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, қазір нарықта өте жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқан жобалар.
Осыдан он жыл бұрын неге нарық қазақ тілін қолданбайды, неге мемлекет қолдау көрсетпейді деп қынжылатын едік. Бірақ қазір технологияға ұлтжанды азаматтардың көптеп келуі және ішкі нарық заңдылықтарын түсінетін жастардың осы салаға бет бұруы қазақтілді ІТ жобалардың қарқындап дамуына себепкер деуге болады, – дейді сарапшы.
Садық Шерімбек еліміздегі ІТ саласының соңғы кездерді қарқын алуына – менталитеттік фактордың да әсер етіп жатқанын жоққа шығармайды.
– Бұған дейін мәдениет пен менталитетті көп байланыстыра бермеуші едім, бірақ өз жобаларымызды басқа да елдерге экспорттау барысында бұл аса маңызды рөлге ие екеніне көз жеткіздім. Кезінде ІТ саласының мемлекеттік жарнамасы өте жақсы деңгейде болды. Мемлекеттік ІТ жобалар өзін қаншалықты ақтағанынан бейхабармын, бірақ ол да белгілі бір деңгейде халық арасында инновация немесе цифрлық технологиялардың сіңісуіне зор үлесін қосты. Одан бөлек, қазақтың көшпенді мәдениетінің де әсері орасан. Көшпенділіктің негізгі мәні – кез келген жаңа жағдайға тез бейімделу. Сондықтан технологиялар жаппай нарыққа ене бастағанда жалпы халық тез бой үйрете бастады. Терминалдар келгенде де, адамдарда қорқыныш болса да, жылдам бейімделді. Бертін келе банкингтерді қолдана бастадық. Бүкіл әлем жүріп өткен классикалық жолды біз өте қысқа мерзімде, кейбір кезеңдерін тіпті аттап өте шықтық десек те қателеспейміз. Өйткені аймақтағы басқа да елдердің халықтары электронды банк қызметтерін пайдалануға келгенде әлі де қолма-қол ақшамен жұмыс істегенді мақұл көреді, – дейді ол.
Соңғы кездері еліміздегі цифрлық технологиялардың тым тез қарқын алуына кейбір сарапшылар заңнамадағы шикіліктер себеп деген долбар айтып жүргенін құлағымыз шалды. Бұл тұрғыда Садық Шерімбек жаңа технология жұмыс істейтін салаға қатысты заңдардың да өзгеріп отыруы табиғи деген пікірімен бөлісті.
– Дамыған елдерде заңнама бірнеше ғасыр бойы өзгеріссіз жұмыс істеп келді. Бірақ, мәселен Еуропа заңдарын сол күйінде әкеліп енгізсек біз артта қалған елдердің қатарында болар едік. Сондықтан технологиялар мен инновацияға, білімге қатысты заңдардың жаңа заманға икемделіп отырғаны біз үшін өте қолайлы. Күн сайын өзгеріп жатқан салаларға тікелей байланысты заңдар да уақытпен бірге дамып отыруы қажет. Қалай болған күнде де, бізбен бірге бір мамандықты игерген қатарластарымыз он жыл өтпей-ақ Қазақстандағы ТОП стартап жобалардың қызметін дөңгелетіп әкетті. Мысалы, OneFit, Sxodim, DarynOnline секілді тағы басқа көптеген сәтті жобаны айтып өтуге болады. Біз білім алған кезең мүмкін IT саласының романтикасы енді ғана белең алып келе жатқан тұсы болған да шығар. Нәтижесінде, сол уақытта осы салаға келген азаматтар нарықты көтеріп әкетті. Қазір сол жастар өзіндік ерекшеліктері бар қазақ менеджментін қалыптастыра алды. Сол модельді шеңберінде жұмыс істей бастаған қазақ жастары да өзге нарықтарда оңай іс бастап жүр. Сондықтан қай жобаны алып қарасаңыз да, қазір бізге ІТ қызметін шетелдерге экспорттау үлкен проблема туғызбайды, – дейді маман.
«2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу қажет», – деп Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа міндет те жүктеген болатын. «Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», – деді Президент.
Эксперттің айтуынша, қазірдің өзінде отандық ІТ өнімдер көп жағдайда ТМД, Оңтүстік Шығыс Азия, Араб елдеріне экспортталуда.
– Әсіресе, алғашқы кезеңде ТМД елдерін нысанаға алған жөн. Мәселен, өзіміз жасап шығарған Qalan платформасы осы жазда Өзбекстан мен Ресей нарығында толыққанды іске кірісті. Қазір жобаның жалпы кірісінің 30 пайызы сыртқы нарықтан түскен пайдадан құралады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді деген жоспарымыз бар. Жобаның әлеуетін пайымдай келе, алдағы уақытта табысымыздың 90 пайызы шетелдік нарықтан түседі деп сеніммен айта аламыз, – дейді Садық Шерімбек.
Жастардың әлеуетін пайдалануды көздеген еліміз үшін цифрландыру ісінің берері мол екені сөзсіз. Бұл туралы Президент Қ. Тоқаев еліміздің аталмыш саладағы мүмкіндіктерін жоғары деп бағалап, осы бағытта қарқынды жұмыс істеуді тапсырған болатын. Жолдауда ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдікті де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керегін ескерткен Мемлекет басшысы мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет екенін алға тартты.
Дегенмен сарапшы отандық инвесторлар қазақтілді жобаларға қаржы құюға келгенде құлықсыздық танытатынын жасырмады. Бірақ соңғы кездері демография нарықта өз ережелерін орнатқанын көріп жүрміз.
– Бұған дейінгі жобалардың аясында стратегиялық инвесторлар тартқан болатынбыз. Әрине, инвесторлардың есебінен жоба тезірек дамып, жаңа территорияларды игеретіндей жағдай жасауға болады. Бірақ біздегі қазақтілді жобалардың көпшілігі инвесторлардың есебінен емес, кәдімгі таза энтузиазм мен еңбектің нәтижесінен жүзеге асырылған. Жоба сәтті шығып, нарықта өзін мойындата алған сәтте ғана инвесторлардан ұсыныс түсе бастайды. Дегенмен қазіргі нарық қайда барсаңыз да қазақтілді жобаларды талап етеді. Сондықтан нарық заңдылықтары ескерілмесе, қандай керемет жоба болса да түбінде тоқырауға ұшырайды, – дейді ол.
Бүгінде ІТ барлық саланың басын біріктіретін күшке ие. Себебі технология meta-мәліметтерді пайдалана отырып, жасанды интеллектінің көмегімен өнімділікті 90 пайызға жуық дәлдікпен болжайтын деңгейге жетті. Бірақ осындай тың технологиялардың тілін білетін мамандар тапшылығын жою бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, TechOrda бағдарламасы аясында қазақстандықтар ваучерлік жүйе бойынша жетекші жекеменшік IT мектептерде оқи алады. Болашақта білім беру сапасын арттыру мақсатында оқытушыларды даярлауға ваучерлер бөлу және IT факультеттерде сапа стандарттарын енгізу мәселелері пысықталмақ.
Дегенмен сарапшылар, тек ІТ саласына емес, экономиканың өзге де секторларына тиесілі стартап жобаларға тұрақты қолдау қажеттігін естен шығармау қажет дейді.
– Барлық адамды күштеп ІТ-ға да тарта алмайсыз. Үкімет тарапынан айтылып жатқан 100 мың ІТ маманын әзірлеп шығарамыз деген бастамаға да менің күмәнім бар. Себебі жағдайды шынайы көзқараспен сараптау қажет. Тек ІТ саласына басымдық беру өзге салалардың әлеуетін жоққа шығарумен тең. Мәселен, Астана хабтағы ІТ жобалар 1 пайыз салық төлеу жеңілдігіне ие. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ осы модель негізінде еліміздегі кез келген салаға, яғни ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина немесе ғарыш технологияларымен айналысатын стартаптарға да осындай жеңілдіктер жасалуы қажет деп есептеймін, – деп қорытындылады маман.
Кәмила ЕРКІН