Мұстафа – Мағжан

Алаштың екі ардақтысының аттарын бірге атап, қатар беруіміздің өзіндік себептері болып отыр.

Біреуі – Қазақстанның оңтүстік өңірінің, екіншісі – солтүстік аймақтың перзенттері болғанымен жастары қатар екенін, дүниетанымының қалыптасуында, кейінгі өмірлерінде ұқсас жайлар аз болмағанын, кеңестік жүйенің қыспағы біреуін шетелге кетуге мәжбүр еткенін, екіншісін өмірмен қоштастырғанын, бір сөзбен айтқанда, тағдырлас болғанын ескерген едік. 

Мұстафа Шоқай Сыр бойында 1890 жылы дүниеге келіп, бес жасында сауа­тын ашса, ауылда төрт жылдық медресені екі жылда тауысып, Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласындағы Перовск учи­ли­щесінде үш жыл оқиды. Кейін Таш­кенттің сегіз жылдық ерлер гимназиясын үздік бітірді. Қазақтың ауыз әдебиетінен, Шығыстың шығарма­шылық мұрасынан жеткілікті сусындады. Петербор универ­ситетінде жүйелі білім алды. Ұстазы Әлихан Бөкейханның қамқорлығымен Ресей орталығында саяси қызметтің түрлі белестерінен өтті. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Петербордан мақ­сат­ты жұмыспен Таш­кентке жетті. Осында өткен Түркістан өлкесі мұсылмандары­ның орталық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Көп ұзамай өзінің алғашқы саяси қызметінің шыңы, Орта Азиядағы жаңа тұрпатты Түркістан мемлекетінің (Мұқтария­тының) басшылығына келді. Алайда кеңестік жүйе автономияны құ­ла­тып, оның орталығы Қоқанды қиратып салды. Басына 1 000 сом тігілген Мұстафа Шоқай Ферғана тауларын аралап, талай қатерлі жағдайды басынан өткізіп, Таш­кентке жетті де, туған елінен тастап, шет­елге кетті. 

Бетбұрыс Грузин Демократиялық Республикасынан басталды. Тифлисте екі жылдай тұрды. Бірақ оны кеңестер ба­сып алғаннан соң, Түркия арқылы Францияға жетті. Өмірінің соңғы 20-жыл­дан астамын Еуропаның ортасы Па­рижде тұрақтап, демократиялық һәм саяси әлеуметтік жағдайды тиімді пай­даланып, қайраткерлік және шығарма­шылық жұмысты ерекше күш жігермен атқарды. Артына айрықша мол мұра қал­дырды. Бұл Мұстафа Шоқайдың әлем­ге танылған тұлға болып қалып­тасуында шешуші кезең болды. Бұл кезеңсіз бар ақыл ой, пайым парасатын, күш жігерін берісі Түркістан, арысы бүкіл түркі халқының азаттығына арнаған қайсар тұлғаның рухани әлемінде, саяси қызметін де толыққанды ұғына алмай­мыз. Бірақ ол туған елін, сағыныштан сарғайтқан Түркістанына оралуды қанша армандағанымен шетелді, жат жерді мәңгілік мекен етті. Ұлы есімі Отанына жетпіс жылдан кейін ғана оралды. 

Ақиық ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Ұлы даланың солтүстігінде дүниеге келді. Ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905–1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы М.Беги­шевтің ұйымдастыруымен ашылған мед­реседе оқыды. Осында Шығыс халық­тарының тарихынан дәріс тыңдады, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып, рухани нәр алды. 1910–1913 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде татар жазушысы Ғ.Ибрагимовте оқыды. Соның көмегімен 1912 жылы 19 жасында Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарады. Содан бастап ақын есімі Омбы, Петропавл, Семей қала­ларын­дағы әдеби қауымға мәшһүр бола бастайды. 

Мағжан Жұмабаевтың 1917 жылы Ақ­пан төңкерісінен кейін қоғамдық өмір­ге белсене араласуы оны қазақ хал­қы­ның отаршылдыққа қарсы ұлт-азат­тық күресіне алып келді. Ақмола облыс­тық қазақ съезін өткізуді ұйымдастыру­шылардың қатарында, «Алаш» партия­сының облыстық комитетінің мүшесі болды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, бұл кезде Алаштың азаттық үшін күрес туына айналған «Қазақ» газетіне өлең­дерін жариялады. Елдегі жаппай саяси қуғын сүргіннен сырт қалмады. Ақыры атылды. Бірақ қай жерді мекен еткені белгісіз. Ұлы ақын аты, рухы Отанына тура алпыс жылды артқа салып оралды. 

Осылай Мұстафа Шоқай мен Мағжан Жұмабаевтың өмір жолдарын, қайраткер болып қалыптасуларындағы ұқсас жай­ларды жайдан-жай беріп отырған жоқпыз. Мұнда қағидатты мәселелер бар, екеуі де отбасында ұлттық сипаттағы тәрбиені көрді, халық поэзиясынан сусындап, оны Шығыс әдебиетімен байыта түсті. Орысша оқып, еуропаша білім алды. Өз кездеріндегі кеңестік жүйенің қайшылықты саяси сипаттарын терең түсініп, халқының азаттығы мен болашағы үшін белсенді күресті. Сондай ақ біреуінің бүкіл саяси қызметі мен шығармашылығының басты мұраты берісі Түркістан, арысы бүкіл түркі жұр­ты­ның азаттығы мен бостандығы болса, екінші кемеңгер ақын, жалынды қоғам қайраткері бүкіл түркі жұртының аста­насы Түркістанды жырлаумен шектел­мей, сонау Анадолыдағы түріктердің тағдырына ортақтасты. 

Міне, осындай жайлар сонау Фран­цияда тұратын Мұстафа Шоқайды алғашқы бетіне «Түркістан идеясына қызмет ететін айлық журнал» деп жазыл­ған «Яш Түркістан» басылымының 1929 жылғы алғашқы №1 санында жариялан­ған өзінің тұңғыш «Біздің жол» атты мақаласымен қатар «Түркістан ақын­дары­нан» атты мақала да бастырған болатын. Алғашқы мақаласында: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды» деп күреске ша­қырса, 1923 жылы Ташкентте «Түркістан мемлекеттік баспасында» жарық көрген «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері» деген кітабынан алынған «Түркістан» атты өлеңі туралы қысқа кіріспесінде атамекеніміз Түркістанның түкпір-түк­пірінде жастарымыздың аузынан түспей айтылып, қасиетті дұғадай жадында жатталып келе жатқан, тегі бір түркі халық­тарының тұтастығы мен бірлігін жүрегінен өткізе жырлаған жауһар поэ­зия үлгісін өзіне ерекше жақын тұта жазып еді. Ал 1936 жылғы Түркістан жас­тарының алдындағы радиодан сөйле­ген сөзінде бүкіл түркі жұртының құтты мекенін былайша керемет бейнеленген болатын: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық».

 Елден кеткеніне он шақты жыл болған, сағыныштан тоңазыған Мұстафа Шо­қайды жалынды сөздерімен жылыт­қан, атауынан айрықша қуат алған, бүкіл түркі жұртының тамаша поэзиясының үлгісіндей болған Мағжан Жұмабаевтың «Түр­кістан» өлеңі былай басталатын болатын: 

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңір берген несібі ғой. 

Сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың сонау тарихты еске түсіріп, оның Жейхун, Сейхун сияқты өзендерін, «аспанға асқан» Тянь Шаньдай, Хантәңіріндей, жер кіндігі – Памир, Алтай, Қазығұрттай тамаша тауларын тамаша суреттеуіне, Түркістан табиғатының керемет көрініс­терінен, құдірет те қуатты өлең жолдары­нан туған елге деген сезімі жоғалмаған кез келген оқырман рухани нәр алады, Түркістанға деген сезімін еріксіз оята түседі. Міне, өздеріңіз оқып, ойланып, сезініп көріңіздерші: 

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!

 

Асыл қан – қасиетті түрік қаны,

Сол қаннан – Ибн-Сина Әбуғали.

 Молдығы білімінің сиқыр дерлік,

 Дүниеге мұндай адам туды ма әлі? 

 

Болмаса 

 

Түріктің кім кеміткен музыкасын,

Фараби тоғыз ішекті домбырасын

Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,

Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!

Мұндай рухыңды күшейтетін, мәде­ниетіңді мақтаныш еткізетін, тарихың толғандыратын шумақтарды сүйсіне қайталағаннан басқа, нәзік ләззатынан рахат алғаннан өзге не айтуға болады?! 

Ал мына өлең жолдарынан Мұстафа Шоқайдың өзі дүниеге келген, сағыныш­тан сарғайтқан Наршоқысын, мәңгілік тақырып еткен Түркістанын еске түсір­меуі, өз тағдырын іздемеуі мүмкін емес: 

Шер батса – кім іздемес туған елін,

Тұлпар да көксемей ме туған жерін?

Арқанын ардагері – қалың алаш,

Тұран да, біле білсең, сенің жерің! 

Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналдың 1930 жылғы №3-4 сандарында өзі түрікшілдік рухтың жандануы және күшеюінің жарқын дәлелі болғаны үшін ең құнды және ең пайдалы деп бағалаған тағы да «Түркістан ақындарынан» деген қысқа мақала жазып, Мағжан Жұмабаев­тың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін жариялап, туысқан түрік халқына арна­ған ақын сезімін әлемге паш еткен бола­тын. Бұл өлеңнің жан ашырлық сезімдер­ге толы екенін, оны жайбарақат оқу мүм­кін еместігі оның алғашқы екі шу­мағынан ақ аңғарылады: 

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қураған бәйшешектей кепкен бауырым,

Қамаған қалың жаудың ортасында. 

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым. 

 

Алдыңда ауыр қайғы жатқан бауырым,

Өмірі жапа шеккен жаттан бауырым.

Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,

Тірідей терің тонап жатқан бауырым.

Бұдан ары Мағжан Жұмабаев сонау тарих төріне үңіліп, кеше Алтайда бір төсекте тебісіп жатқанын, «Алтайдай ананың ақ сүтінен бірге еміп», балалық дәуренді бірге өткізген кездерін сағына еске алып, Анадолы түріктерімен түбі бір туыстықты төмендегіше бейнелейді: 

Япырмай, емес пе еді алтын Алтай

Анамыз бізді тапқан, асау тайдай?

Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,

Жүзіміз емес пе еді жарқын Айдай?!

Осылай Алтай бауырында еркелей ержетіп, есейген кезінде Ақ және Қара теңіздердің арғы жағына, қазіргі Ана­долыға кетіп қалғанын, қалың жауға қар­сы тарихта бұрын соңды болып көр­меген өз тәуелсіздігі үшін сұрапыл күре­сіп жатқандарын, ал өзінің қанша ұшам деп қанат қақса да ұша алмай қалғанын, жөн сілтер жан болмағанын, былайша жазған еді: 

Мен қалдым – жас балапан қанат қақпай,

Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.

Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,

Жауыз жау қойсын ба енді мені таппай?!

Ақын өзінің кеңестік жау торына түскенін, Түркістанның қызыл, орыс империалистерінің қараңғы қапасына қамалғанын, қорғасын оқтың жас жүрек­тің қанын суша ағызғанын айта отырып, Анадолыдағы бауырларын еске алып: 

Шарқ ұрып өрге ұмтылған түрік жаны, 

Шынымен ауырды ма, бітіп халы?!

От сөніп жүректегі, құрыды ма 

Қайнаған жүректегі ата қаны?! 

– деп тебіренеді. 

Ал Мұстафа Шоқай жүректегі оттың сөнбегенін, тамырдағы ата қанның құрымағанын, хал­қымыздың бойындағы түрік­шілдік рухтың жоғалмағанын жазып, Мағжан Жұмабаев: «Құл боп тұру біздің атымызға лайық па» десе, «Жоқ, мүлде лайық емес! Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды ала­мыз. Мәскеудің «азабынан» құтылып, ұлт азаттығымызға тезірек қол жеткізетін бірден бір дұрыс жол – түрікшілдік жолы» деп жазды. 

Мағжан Жұмабаевтың сол кездегі тү­рік елінің басынан өтіп жатқан қанды шай­қастарда, қиын-қыстау шақта, жаулары жан-жақтан анталаған тағды­рына алаңдап жазылған, бауыр халқы­мыз­ға деген жанашырлық сезімдер тамаша көрініс тапқан, күллі түркі халықтарының ой армандарын жырлаған бұл тарихи өлең кейін бауырлас екі елдің достық ұранына айналған еді. 

Мұстафа Шоқай да саналы ғұмырын ұлтының, бүкіл түркі жұртының азаттығы үшін күреске арнай отырып, «Түркістан» атымен атап 130-дан асқан, туысқан тү­рік халқы туралы бірнеше тілде отыздан астам мақала жазды. Ал 1932 жылы Түркия Ұлттар Лигасына ресми мүше­лікке кіргенде: «Қай жағынан қарағанда да, Түркияның оған мүше болып енуі ол үшін айрықша маңызды тарихи оқиға. Түркия енді өзінің халықаралық жағда­йын нығайтатын болады», – деп қуана жазған болатын. 

Сөзімізді қорыта келіп айтарымыз: ұлыларды табыстырған Түркістан бүгінгі күні өз алдына іргелі аймақ болып, өзінің дамуында жаңа жолға түсті. Мұстафа Шо­қай айтқан: «Большевиктер «Түркіс­тан республикалар түрі – ұлттық, маз­мұны – пролетарлық» деседі. ...Ал бiздiң мұратымыз – Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады» деген сөздер бүгін шындыққа айналды. Ал екі ардақтымыз тақырып еткен түбі бір Түркия – Қазақ­стан тәуелсіздігін алғашқы таныған ел­дер­дің бірі. Қазір әлем екі ел арасындағы саяси және экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынастардың сапалы деңгейінің куәсі болып отырмыз.

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің профессоры