Ынтымағы айрандай ұйыған ұжымда аға буыннан бастап қазіргі жас буынға дейін қызмет етеді. Олардың ішінде, әсіресе өмірінің 50 жылын театр сахнасына арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаеваның театрдағы орны бөлек.
– Бүгінде Ғ. Мүсірепов театрының сахнасында Бәйділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова, Мұхтар Бақтыгереев сынды театр корифейлерінің ізі қалған. Сол саңлақтар сомдаған рөлді абыроймен жалғастырып келе жатқан өнер иелерінің бірі өзіңізсіз. Сұхбатымызды қазіргі шығармашылық тынысыңыздан бастасақ.
– Мен келгелі бұл театрда төрт буын ауысты. Алдыңғы буынғы ағалар, кейінгі буынғы інілер болды. Біз сол буынмен жұмыс істедік. Қазір біздің де қатарымыз сиреп қалды. Бірге істеген әріптестерімнің біразы басқа театрларға ауысып кетті, кейбірі өмірден өтті. Әрине, сахнада бірге өнер көрсеткен серіктестерімізден айырылу өте қиын. Құдайға шүкір, артымыздан үлкен буын келе жатыр. Жастар мен балаларға арналған театр болғандықтан, егде жастағы адамдарға рөл шектеулі. Мысалы, репертуарларда үлкен адамдардың рөлі аз кездеседі. Бірақ режиссерлер біз үшін рөл арнап қоятын кездер болады. Рөлден кенде емеспіз. Қазір театрымызда Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» атты қойылымы бар. Қойылым балалық шағы соғыс кезеңіне тура келген тылдағы балалардың жағдайы, әйелдердің тартқан тауқыметі жайында. Мен басты кейіпкердің әжесін ойнаймын. Кезінде анамның жалғыз бауыры соғысқа 16 жасында сұранып кеткен екен. Комсомолға да жасын ұлғайтып өткен. Өзі сурет салатын талантты жан болды. Сол кісі майданға кетіп, бірақ қайта оралмады. Нағашы әжеміз соғыс жайлы кино көрсе: «Қазір менің Әкімбайым шығып қалады», – деп теледидардың алдында отыратын. Сонда біз: «Апа, ол кино ғой. Киноның ішінде балаңыз жоқ», – дейміз. Бірақ сенбейтін. Өмірінің соңына дейін баласын күтіп өтті. Сондықтан мен «Жусан иісі» қойылымындағы рөлімді нағашыма арнап ойнаймын. Театр деген үлкен синтезді өнер ғой. Тіліміз, салт-дәстүріміз театрда сақталады. Оқу деген бір бөлек, ал актер арқылы сол дүниені сахнада көрсеңіз, әсері тіптен бөлек.
– Өнерге қызығушылығыңыздың оянуына кезінде атаңыздың оқытқан жырлары әсер еткен екен...
– Ата-әжем қарапайым, шаруаның адамдары еді. Атам өте еңбекқор адам болды. Тоқсаннан асқанша малын қарап, тіпті самаурынға ағаш жарып беріп отыратын. Сонда «ішкен тамағыңды ақтап ішу керек» деп айтып отырушы еді. Ол кезде сөздің мәніне бара бермейтін шағымыз ғой. Уақыт өте келе ұғындық. Көкірегі ояу, көзі ашық адам болды. Біз әлі хат танымай тұрғанда жырларды әкеміз, әкемнің інілері оқитын. Одан кейін біз оқыдық. Бізден кейін сіңлілеріміз оқыды. Соның бәрін атам жатқа білсе де, бізге оқытатын. Жырды оқығанда Құртқаны, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Баянды көз алдыма елестетіп отыратынмын. Осының бәрі титтей жүрегіме әсер етіп, өнерге ғашық болған шығармын. Мен өнер жолын оқу бітіргеннен кейін Шымкент театрында бастағанмын. Шымкентте сегіз жылдай жұмыс істеп, сосын өнердің қайнаған ортасы – Мүсірепов театрына келдім. Осы үшін өзімді бақытты санаймын.
– Білуімізше, сол кезеңде театрлардың репертуарында бірдей қойылымдар болса, әртістер тәжірибе алмасу үшін рөлді бір-бірімен алмасып ойнайтын үрдіс қалыптасқан деседе…
– Қазір бұл үрдіс театрларда анда-санда бой көрсетіп қалады. Мен Шымкентте жұмыс істеп жүрген кезде КСРО Халық әртісі, Ақтоқты рөлін тұңғыш сомдаған актриса – Шолпан Жандарбекова есімді кісі болатын. Ол оттай жанып тұрған опера әншісі Құрманбек Жандарбековтің жары, оңтүстіктің келіні еді. Алғашқы опера театрын ашқан қарлығаштар ғой. Шымкент халқы Шолпан апайды біздің келініміз, жеңгеміз деп құрметтейтін. Сонда ол өзі қалаған уақытта келіп, қойылымдар қоятын. Бір кездері Шолпан апай Шымкент театрына келгенде «Қобыланды» қойылымының дайындығы өтіп жатты. Ал мен Құртқаның рөлін ойнамақшы болдым. Бұл театрдағы екінші рөлім еді. Алғашқысы – Башқұрт драматургі Мустай Каримнің «Ай толған түн» қойылымындағы Зүбәржаттың рөлі. «Қобыланды» жаңадан қойылып жатқан қойылым болғандықтан, Шолпан апай дайындықты көруге келді. Сонда ол: «Мен Құртқаны ойнамай-ақ қояйын. Жас актриса Гүлжамалдың жолын кескендей болмайын. Премьерада өзі ойнасын. Мен костюмімді сыйлаймын», – деп маған Құртқаның рөлінде ойнайтын костюмін тарту етті. Бұл сәтті өмір бақи ұмытпаймын. Үнемі айтып жүремін. Шолпан апайдың даналығына, өзінен кішіге деген құрметіне риза болдым. Енді ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние ғой.
– Сенім артып, рөлін сізге табыстаудың да өзіндік себебі бар шығар?
– Академия жанынан құрылған екі жылдық студияны бітірген кезіміз. Біздің алдымызда Әнуар Молдабеков, Роза Әшірбекова, Салиха Қожақовалар бітірген. Арадан он жыл өткеннен кейін қайта ашылған студия еді. Актерлер жетіспейді. Сол кездері 30-40 актер бар шығар, ал қазір өте көп. Жыл сайын қаншама студент актерлік мамандықты бітіреді. Олардың барлығын театрдың қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Біз сонда күнделікті өтетін көпшілік сахнасына қатысатынбыз. Күндіз оқимыз, кешкісін қойылымға қатысамыз. Осы екі жылда Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Шолпан Жандарбековамен бірге сахнада жүріп, сол кісілердің ойынын көрдік. Дауысын естіп, құлағымызға сіңіріп өстік. Оқуымды бітірген сәтте Шолпан апай маған: «Осында қал, Ақтоқтыны ойнайсың», – деп айтқаны есімде. Мүмкін, студент кезімде көзіне түсіп, көңілінде қалдым ба екен...
– Республикалық деңгейдегі театр табалдырығын аттауыңызға Маман Байсеркенов, Сәкен Жүнісовтердің әсері тиген көрінеді…
– Мүсірепов театрының табалдырығын аттауыма отбасылық жағдай себеп болды. Алматыға, өнердің нағыз ортасына кеткім келді. Мүсірепов театрының артындағы субұрқақтан үш күн бойы айналып, театр табалдырығын аттауға батылым жетпей жүрді. Мұнда керемет адамдар жұмыс істейді, мен оларға лайық емес сияқтымын деген ой болатын. Туысқанымыздың үйіне барғанда жеңешем бастыққа кіргенім жайында сұрайтын. «Бүгін бастық жоқ екен», – деп қоям. Бастықтың алдына кіре алмадым деп айтпаймын. Маман Байсеркенов бұл кезде Мәскеуде, жоғары режиссураны тәмамдап келген. Шымкентке келіп Сәкен Жүнісовтің грек ақыны, композитор Микис Теодоракис жайлы жазған «Қапастағылар» атты қойылымын қойған. Мен адвокат қыздың рөлін сомдадым. Алматыға келгенде көріп тұрып, аман-саулық сұраспай кетуге ұялдым. Ертесі күні осы театрға келдім. Басында театр директоры облыстық театрдан әртіс алмайтынын айтты. Өйткені облыстан 2-3 әртіс алған соң олардың рөлдері тоқтап қалған екен. Министрліктен сөгіс алған кезеңі ғой. Ал мен артымнан ешкім шағым айтпайтынын, себебі театрдың рұқсаты бойынша отбасылық жағдаймен келіп отырғанымды айттым. Мүсірепов театрына осылай орналасқан жайым бар.
– Театр сахнасының талай саңлақтарымен сахналас болдыңыз. Есіміңіз сол кісілердің есімімен қатар жүрді. Әсіресе, Әмина Өмірзақовамен талай сапарлас болғаныңыздан хабардармыз. Театрсүйер қауымның жадында сақталған бұл кісілер жайлы көпшілік біле бермейтін қандай естеліктермен бөлісер едіңіз?
– Әмина апаммен «Күшік күйеу» қойылымын қою үшін еліміздің біраз өңірін араладық. Бұл қойылым он жылдай сахнадан түскен жоқ. Сонда Әмина апамен серіктес болдық. Қай жерге бара қалсақ та, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін таниды. «Тайлақтың шешесі келіпті», – дейтін. Қонақ үйлер жоқ болғандықтан, үйлерге түсіріп құрмет жасайтын. Мен Әмина апаның қасында болдым. Сол әртістер түскен үйге ауылдың бәрі Әмина апаны тірідей көреміз деп келуші еді. Халықтың өнерге, Әмина апаға деген құрметіне куә болдым. Қойылымнан кейін конверт ұсынатын дәстүр болатын. Қазір шапан жауып жатады ғой. Қойылымды аяқтаған соң автобусқа отырғанда Әмина апа келіп «Мә, саған» деп бәрімізге ақшасын бөліп беретін еді. Біз болсақ мәз болып қаламыз. Көңілі кең, жайдары, басында қандай қиындық болса да жасымайтын, кеудесін тік көтеріп жүретін адам еді. Әмина ападан үйренер қасиет өте көп.
– Сұхбатыңыздың бірінде Күләш Қажығалиева, Лидия Кәден сынды әріптестеріңіздің қазіргі заман тілімен айтқанда, «комфорт» серіктес екенін тілге тиек етіпсіз. Ал қазіргі жаңа толқыннан кімдерді атап өтер едіңіз?
– Арада қаншама жыл өткен соң «Күшік күйеудегі» Әмина апамның рөлін мен ойнадым. Біртуар талант иесі, режиссер марқұм Жанат Хаджиев сол қойылымды қайтадан қойды. Сонау 70-жылдарда қойған екен. Кейін 90-жылдары қайта сахнаға алып келді. «Күшік күйеу» қойылымында менің қызымның рөлін Жанар Мақашева ойнады. Жанарды жаныма жайлы болған серіктес, талантты актриса деп айтар едім. Қазір таланттылардың шоғыры ізімізді жалғап келе жатыр.
– Баян, Құртқа, Ақтоқты, Әсел, Бопай ханша, Шолпан, Офелия, Алуа… Түрлі тағдыр иелерінің бейнесін сомдадыңыз. Жаныңызға жақын рөл қайсысы?
– Қазіргі жұмыс орным балалар мен жастарға арналған театр болғандықтан, бізге арналған рөлдің шектеулі екенін айтып едім ғой. Мысалы, бұл театрда «Қобыланды» қойылмайды. Құртқаны, Ақтоқтыны, Баянды Шымкент театрында ойнадым. Баяғыда көз алдымнан өтетін эпостағы бейнелерді сахнаға шығардым. Сондықтан өзімді арманы орындалған актриса деп ойлаймын. Рөлімнің барлығы дерлік жаныма жақын болды. Әрбір рөлің – ішіңнен шыққан баладай. Барлығын жүрегіңнен, әрбір тынысын, тағдырын, кезеңдерін басыңнан өткізіп сахнаға алып келесің. Жайдан-жай автордың жазып берген сөзін айтып шыға салу – қате. Рөлдің артында күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер жатыр. Сондықтан әрбір рөлім мен үшін қымбат.
– Ал сіздің есіміңізді естігенде халық елең етіп еске алатын рөліңіз қандай?
– Мұхтар Әуезовтің «Алуасы» деп ойлаймын. «Алуа» қойылымы жарыққа шыққан кезеңде халық қыздарына Алуа есімін қойып жатты. Өйткені бұл қойылым театрымызды белеске шығарды. Үлкен ғұлама актеріміз, педагог, режиссер Райымбек Сейтметов 30 жыл бойы сахналанбай, шаң басып жатқан қойылымды сахнаға қайта алып келді. Қазақстанның аяқтан тұру кезеңдері, сұрапыл соғыс уақыты қойылымда қадау-қадау баяндалады. Болыстың есігінде күң болып жүрген 13 жасар қыз Азия, Африка елдерінің конгресінде қазақтың атынан сөз сөйлейді. Осы оқиғалардың бәрін екі сағаттың ішіне сыйдырған. Ол бір өзі кино секілді қойылым еді. Сондай-ақ «Алуа» қойылымы резонанс тудырған қойылым ретінде есте қалды. Қойылымның арқасында қоюшы-режиссеріміз Райымбек ағай, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев және мен Мемлекеттік сыйлықты иелендік.
– Рөліңіз тағдырыңызға қаншалықты әсер етті? «Заманақыр» қойылымындағы Салиханы сомдаймын деп шашыңыз ағарып кеткен екен…
– «Заманақыр» Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқаев бірігіп жазған Семей полигоны жайлы қойылым болатын. Заманақыр десе заманақыр... Халықтың басына түскен нәубет, 40 жыл бойы жер астында, үстінде жарылған бомба. Әлі күнге дейін халқымыз Семей полигонының зардабын тартып келе жатыр. Басты кейіпкердегі әйелдің күйеуі соғысқа кетеді. Өкінішке қарай, күйеуі соғысқа аттанғаннан кейін хабарсыз кетті. Сол заматта әскери адамдар көлікпен бүкіл ауылға келіп жарылыс болатынын, тезірек көшу керек екенін ескертеді. Ал әйел көшпейтінін, жолдасы келсе өзін таппай қалатынын, шаңырағын құлатпай осында қалу керек екенін айтады. Бір қызы, бір ұлы болды. Қызы тұрмысқа шығады. Әскерилердің елге келіп ескерту жасауы тура қызының тойы күні болады. Қызы жеті бала табады, бірақ жетеуін де жер қойнына береді. Жетінші баласы атом бомбасының кесірінен аяқ-қолы жоқ томар болып туады. Өмірде томар бала бар деп талай газетке де шықты ғой. Жетінші баласы туғанда мұндай тауқыметті көрген күйеу баласы асылып өледі. Қызы жынданып кетеді. Кіші баласы жарылған бомбаға қараймын деп көзінен айырылып, соқыр болып қалады. Осыншама трагедияны басынан кешірген кемпір ең соңында тас мүсінге айналады. Дәл осы қойылымға дайындалған кездері шынымен де шашыма ақ түсті. Рөліңді өтірік жасай алмайсың ғой. Оны күнделікті басыңнан өткересің. Жылайсың, жүрегіңнен өткізесің. Соның барлығы жаныңа әсер етпей қоймайды.
– Ақсу-Жабағылы қорығында түсірілімде болған кездеріңізде Бикен апа сізге ақыл-кеңесін айтқан көрінеді. Тіпті, кеңесін жүзеге асыру үшін қалың дәптер сатып алыпсыз. Сол кеңес қазір жүзеге асты ма? Келешекте ғұмырыңыздан сыр шертетін күнделігіңізді оқуымыз мүмкін бе?
– Бикен апа екеуміз жиырма күн бойы бір түсірілім алаңында болдық. Екеуміз әңгімелесіп, сырласатынбыз. Бикен апа деген бір ғұлама адам. Ол кісі – драматург Шахмет Құсайыновтың жұбайы. Бикен апа: «Мен қазір өкінемін. Сен менің қателігімді қайталама. Жолдасым күнделік түртіп жүр дейтін. Сонда мен бір үйге бір жазушы жетеді ғой деп елемеуші едім. Гүлжамал, сенің сөз саптауыңа қарап қолыңа қалам алып, жазуың тиіс деп ойлаймын. Күнделік жазсаңшы. Кітап бастап кет демеймін. Саған әсер еткен күнделікті оқиғаларды қағазға түртіп отыр. Кейін ол саған үлкен көмекші болады», – деп айтып еді. Сол бір керемет әсермен ертесіне барып дәптер сатып алғам. Бірақ ештеңе жазбағандықтан, сол күйі қалды. Бірақ өзіммен бірге сахнада серіктес болған әріптестерім жайлы жазғандарым сақтаулы. Мен 70 жасқа толғанда кішкентай кітап шыққан. Әріптестерім жайлы жазған естеліктер сол кітапқа енген. Сонау жылдары Сейітхан Есенқұлов есімді актер өткен. Ағамыз 50-ге толғанда сол кісі жайында жазбақ болған екенмін. Жасы 60-қа келгенде жазған дүниемді қайта жалғап, әріптес аға-әпкелерімізден Сейітхан аға жайында сұхбат алған екенмін. Жақында ғана қағаздарымды ақтарып отырып сол естеліктерді тауып алдым. Бірақ олар, өкінішке қарай, жарыққа шықпай қалды. Бүгінде театрымыздың 80 жылдық мерекесі келе жатыр. Мереке қарсаңына орай кітап шығару қолға алынады дейді. Сол бір кітапқа көпке ұсынылмай қалған дүниелерімді қоссам ба екен деген арманым бар.
– Театр сахнасы актерден қандай қасиеттерді талап етеді?
– Актер барлық жақсы қасиетті бойына жинаған адам болуы керек шығар деп ойлаймын. Сонда ғана сахнадан халыққа сөз айтуға құқығың болады.
– Өнерден бөлек бала тәрбиесіне қатар көңіл бөлетін жансыз. Қоғамда қалыптасқан жағдайға, бала тәрбиесіне, ұрпақ құндылықтарына көзқарасыңыз қандай?
– Заман деген соншалықты тез өзгеріп, бетбұрыс жасап жатыр ғой. Уақыт зымырап барады. Қазіргі жастар жайлы пәлен деп айта алмаймын. Бүгін осындай болса, ертең басқаша. Қазақ деген ұлы халықтың қадір-қасиетін, тілін, дінін, ділін бағалайтын ұрпақ өссе екен деп армандаймын. Қазір толып жатқан ағымдар жастарымызды шырмауына орап кетіп жатыр. Қазіргі қоғамның жастары – бағынудан тайып, уысымыздан шығып кеткендей әсер етеді.
– Немерелеріңіз театрға жиі бара ма?
– Менің ең үлкен сыншым – үлкен немерем. Театрды жақсы көреді. Әрбір рөлімді тамашалап, қателік болса ескерту айтады. Немерем Айша «Құлагер» қойылымын 19 рет көрген. Екі актерлік құрамның ойнағанын көріп, соңында бір-бірімен салыстырады. Сырт көзбен қарағанда немеремнің айтатын сын пікірі орынды деп есептеймін.
– Қазіргі театр өнерінің жай-күйіне қалай баға бересіз? 80 жылға жуық уақыт ішінде неге қол жеткізді, нені жоғалтты?
– Ғ.Мүсірепов театры – республика бойынша алдыңғы қатардағы өнер ордасы. Біз қазір дүниежүзін мойындаттық. Енді өнердің мақсаты да мойындату емес пе?! Әлем қазақ өнерін мойындап жатса, одан артық не керек?! Ал нені жоғалттық деген сұрағыңызға келер болсам, ең бірінші, өзімізге қымбат адамдарды жоғалттық қой. Сахналас болған талай талант иелерінен айырылдық. Артымызда жастығымыз, жақсы күндеріміз қалды. Жоғалтқан дүниеміз осы шығар, бәлкім...
– Сұхбатыңызға рақмет! Ғұмырлы болыңыз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ