Гүлжамал Қазақбаева: Театр – үлкен синтезді өнер

Бүгінде тарихы ғасырға жуықтаған Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы театр талай буынды тәрбиелеп, небір талант иелерінің өнерін халыққа паш етіп келеді.

Ынтымағы айрандай ұйыған ұжымда аға буыннан бастап қазіргі жас буынға дейін қызмет етеді. Олардың ішінде, әсіресе өмірінің 50 жылын театр сахнасына арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаеваның театрдағы орны бөлек.

– Бүгінде Ғ. Мүсірепов театрының сах­на­сында Бәйділда Қалтаев, Әмина Өмір­за­қова, Сәлима Саттарова, Мұхтар Бақты­гереев сынды театр корифейлерінің ізі қал­­ған. Сол саңлақтар сомдаған рөлді абы­рой­мен жалғастырып келе жатқан өнер ие­лерінің бірі өзіңізсіз. Сұхбатымызды қазіргі шығармашылық тынысыңыздан бастасақ. 

– Мен келгелі бұл театрда төрт буын ауысты. Алдыңғы буынғы ағалар, кейінгі буын­ғы інілер болды. Біз сол буынмен жұ­мыс істедік. Қазір біздің де қатарымыз си­реп қалды. Бірге істеген әріптестерімнің біра­зы басқа театрларға ауысып кетті, кей­бірі өмірден өтті. Әрине, сахнада бірге өнер көрсеткен серіктестерімізден айы­рылу өте қиын. Құдайға шүкір, арты­мыз­дан үлкен буын келе жатыр. Жастар мен балаларға арналған театр болғандықтан, ег­де жастағы адамдарға рөл шектеулі. Мы­салы, репертуарларда үлкен адамдар­дың рөлі аз кездеседі. Бірақ режиссерлер біз үшін рөл арнап қоятын кездер болады. Рөлден кенде емеспіз. Қазір театрымызда Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» атты қойылымы бар. Қойылым балалық шағы со­ғыс кезеңіне тура келген тылдағы ба­ла­лардың жағдайы, әйелдердің тартқан тау­қыметі жайында. Мен басты кейіп­кер­дің әжесін ойнаймын. Кезінде анамның жал­ғыз бауыры соғысқа 16 жасында сұра­нып кеткен екен. Комсомолға да жасын ұл­ғайтып өткен. Өзі сурет салатын та­лант­ты жан болды. Сол кісі майданға кетіп, бір­ақ қайта оралмады. Нағашы әжеміз со­ғыс жайлы кино көрсе: «Қазір менің Әкім­байым шығып қалады», – деп теле­ди­дардың алдында отыратын. Сонда біз: «Апа, ол кино ғой. Киноның ішінде ба­лаңыз жоқ», – дейміз. Бірақ сенбейтін. Өмі­рінің соңына дейін баласын күтіп өтті. Сондықтан мен «Жусан иісі» қойы­лы­мын­дағы рөлімді нағашыма арнап ой­най­мын. Театр деген үлкен синтезді өнер ғой. Тіліміз, салт-дәстүріміз театрда сақталады. Оқу деген бір бөлек, ал актер арқылы сол дү­ниені сахнада көрсеңіз, әсері тіптен бөлек. 

– Өнерге қызығушылығыңыздың оянуы­на кезінде атаңыздың оқытқан жыр­лары әсер еткен екен...

– Ата-әжем қарапайым, шаруаның адам­дары еді. Атам өте еңбекқор адам бол­ды. Тоқсаннан асқанша малын қарап, тіп­ті самаурынға ағаш жарып беріп оты­ратын. Сонда «ішкен тамағыңды ақтап ішу керек» деп айтып отырушы еді.  Ол кез­де сөздің мәніне бара бермейтін ша­ғымыз ғой. Уақыт өте келе ұғындық. Кө­кірегі ояу, көзі ашық адам болды. Біз әлі хат танымай тұрғанда жырларды әкеміз, әкем­нің інілері оқитын. Одан кейін біз оқыдық. Бізден кейін сіңлілеріміз оқыды. Соның бәрін атам жатқа білсе де, бізге оқытатын. Жырды оқығанда Құртқаны, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Баянды көз алдыма елестетіп отыратынмын. Осы­ның бәрі титтей жүрегіме әсер етіп, өнерге ға­шық болған шығармын. Мен өнер жо­лын оқу бітіргеннен кейін Шымкент теа­т­рында бастағанмын. Шымкентте сегіз жыл­дай жұмыс істеп, сосын өнердің қай­наған ортасы – Мүсірепов театрына кел­дім. Осы үшін өзімді бақытты санаймын.  

– Білуімізше, сол кезеңде театрлардың репертуарында бірдей қойылымдар болса, әртістер тәжірибе алмасу үшін рөлді бір-бірі­­мен алмасып ойнайтын үрдіс қалып­тас­қан деседе…

– Қазір бұл үрдіс театрларда анда-сан­да бой көрсетіп қалады. Мен Шымкентте жұ­мыс істеп жүрген кезде КСРО Халық әр­тісі, Ақтоқты рөлін тұңғыш сомдаған акт­риса – Шолпан Жандарбекова есімді кі­сі болатын. Ол оттай жанып тұрған опе­ра әншісі Құрманбек Жандарбековтің жа­ры, оңтүстіктің келіні еді. Алғашқы опе­ра театрын ашқан қарлығаштар ғой. Шым­кент халқы Шолпан апайды біздің келініміз, жеңгеміз деп құрметтейтін. Сон­да ол өзі қалаған уақытта келіп, қойы­лымдар қоятын. Бір кездері Шолпан апай Шымкент театрына келгенде «Қобылан­ды» қойылымының дайындығы өтіп жат­ты. Ал мен Құртқаның рөлін ойнамақшы бол­дым. Бұл театрдағы екінші рөлім еді. Ал­ғашқысы –  Башқұрт драматургі Мус­тай Каримнің «Ай толған түн» қойы­лы­мын­дағы Зүбәржаттың рөлі. «Қобыланды» жаңадан қойылып жатқан қойылым болғандықтан, Шолпан апай дайындықты көру­ге келді. Сонда ол: «Мен Құртқаны ой­намай-ақ қояйын. Жас актриса Гүлжа­малдың жолын кескендей болмайын. Премьерада өзі ойнасын. Мен костюмімді сый­лаймын», – деп маған Құртқаның рө­лінде ойнайтын костюмін тарту етті. Бұл сәтті өмір бақи ұмытпаймын. Үнемі ай­тып жүремін. Шолпан апайдың дана­лы­ғына, өзінен кішіге деген құрметіне риза болдым. Енді ол екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін дүние ғой. 

– Сенім артып, рөлін сізге табыстаудың да өзіндік себебі бар шығар?

– Академия жанынан құрылған екі жыл­дық студияны бітірген кезіміз. Біздің алдымызда Әнуар Молдабеков, Роза Әшір­бекова, Салиха Қожақовалар бітір­ген. Арадан он жыл өткеннен кейін қайта ашылған студия еді. Актерлер  жетіспейді. Сол кездері 30-40 актер бар шығар, ал қа­зір өте көп. Жыл сайын қаншама сту­дент актерлік мамандықты бітіреді. Олар­дың барлығын театрдың қабылдауға мүм­­кіндігі жоқ. Біз сонда күнделікті өте­тін көпшілік сахнасына қатысатынбыз. Күндіз оқимыз, кешкісін қойылымға қа­­­­тысамыз. Осы екі жылда Серке Қо­жам­құлов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бө­кеева, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Но­ғайбаев, Шолпан Жандарбековамен бір­ге сахнада жүріп, сол кісілердің ойы­нын көрдік. Дауысын естіп, құлағымызға сіңіріп өстік. Оқуымды бітірген сәтте Шол­пан апай маған: «Осында қал, Ақтоқ­тыны ойнайсың», – деп айтқаны есімде. Мүмкін, студент кезімде көзіне түсіп, көңілінде қалдым ба екен... 

– Республикалық деңгейдегі театр та­бал­дырығын аттауыңызға Маман Байсер­ке­нов, Сәкен Жүнісовтердің әсері тиген көрі­неді…

– Мүсірепов театрының табал­дыры­ғын аттауыма отбасылық жағдай себеп бол­ды. Алматыға, өнердің нағыз ортасына кет­кім келді. Мүсірепов театрының ар­тын­дағы субұрқақтан үш күн бойы ай­на­лып, театр табалдырығын аттауға батылым жет­п­ей жүрді. Мұнда ке­ремет адамдар жұ­мыс істейді, мен олар­ға лайық емес сияқ­­тымын деген ой бо­латын. Туыс­қа­ны­мыз­дың үйіне барғанда жеңе­шем бас­тық­қа кіргенім жайында сұрайтын. «Бүгін бас­тық жоқ екен», – деп қоям. Бастықтың ал­дына кіре алмадым деп айтпаймын. Маман Байсеркенов бұл кез­де Мәскеуде, жоғары режиссураны тә­мамдап келген. Шым­кентке келіп Сә­кен Жүнісовтің грек ақы­ны, композитор Ми­кис Теодоракис жай­лы жазған «Қа­пас­тағылар» атты қойы­лы­мын қойған. Мен адвокат қыздың рө­лін сомдадым. Алма­тыға келгенде көріп тұ­рып, аман-саулық сұраспай кетуге ұял­дым. Ертесі күні осы театрға келдім. Ба­сын­да театр директоры облыстық театрдан әртіс алмайтынын айт­ты. Өйткені облыс­тан 2-3 әртіс алған соң олардың рөлдері тоқ­тап қалған екен. Министрліктен сөгіс ал­ған кезеңі ғой. Ал мен артымнан ешкім ша­ғым айтпайтынын, себебі театрдың рұқ­саты бойынша отбасылық жағдаймен келіп отырғанымды айттым. Мүсірепов теат­рына осылай орналасқан жайым бар.

– Театр сахнасының талай саңлақ­тары­мен сахналас болдыңыз. Есіміңіз сол кісі­лер­дің есімімен қатар жүрді. Әсіресе, Әми­на Өмірзақовамен талай сапарлас бол­ға­ныңыздан хабардармыз. Театрсүйер қауым­ның жадында сақталған бұл кісілер жай­лы көпшілік біле бермейтін қандай ес­теліктермен бөлісер едіңіз?

– Әмина апаммен «Күшік күйеу» қойы­лымын қою үшін еліміздің біраз өңі­рін араладық. Бұл қойылым он жылдай сах­надан түскен жоқ. Сонда Әмина апа­мен серіктес болдық. Қай жерге бара қал­сақ та, еңбектеген баладан еңкейген кә­ріге дейін таниды. «Тайлақтың шешесі ке­ліпті», – дейтін. Қонақ үйлер жоқ бол­ған­­дықтан, үйлерге түсіріп құрмет жасай­тын. Мен Әмина апаның қасында болдым. Сол әртістер түскен үйге ауылдың бәрі Әмина апаны тірідей көреміз деп келуші еді.  Халықтың өнерге, Әмина апаға деген құр­метіне куә болдым. Қойылымнан кейін конверт ұсынатын дәстүр болатын. Қа­зір шапан жауып жатады ғой. Қойы­лым­ды аяқтаған соң автобусқа отырғанда Әмина апа келіп «Мә, саған» деп бәрімізге ақшасын бөліп беретін еді. Біз болсақ мәз болып қаламыз. Көңілі кең, жайдары, басында қандай қиындық болса да жасы­майтын, кеудесін тік көтеріп жүретін адам еді. Әмина ападан үйренер қасиет өте көп.

– Сұхбатыңыздың бірінде Күләш Қажығалиева, Лидия Кәден сынды әріп­тестеріңіздің қазіргі заман тілімен айтқанда, «комфорт» серіктес екенін тілге тиек етіп­сіз. Ал қазіргі жаңа толқыннан кімдерді атап өтер едіңіз? 

– Арада қаншама жыл өткен соң «Кү­шік күйеудегі» Әмина апамның рөлін мен ой­надым. Біртуар талант иесі, режиссер мар­құм Жанат Хаджиев сол қойылымды қай­тадан қойды. Сонау 70-жылдарда қой­ған екен. Кейін 90-жылдары қайта сахнаға алып келді. «Күшік күйеу» қойылымында менің қызымның рөлін Жанар Мақашева ойнады. Жанарды жаныма жайлы болған серіктес, талантты актриса деп айтар едім. Қазір таланттылардың шоғыры ізімізді жалғап келе жатыр. 

– Баян, Құртқа, Ақтоқты, Әсел, Бопай хан­ша, Шолпан, Офелия, Алуа… Түрлі тағ­дыр иелерінің бейнесін сомдадыңыз. Жаныңызға жақын рөл қайсысы?

– Қазіргі жұмыс орным балалар мен жас­тарға арналған театр болғандықтан, біз­ге арналған рөлдің шектеулі екенін ай­тып едім ғой. Мысалы, бұл театрда «Қо­бы­ланды» қойылмайды. Құртқаны, Ақ­тоқ­­тыны, Баянды Шымкент театрында ой­­на­дым. Баяғыда көз алдымнан өтетін эпос­­тағы бейнелерді сахнаға шығардым. Сон­дықтан өзімді арманы орындалған акт­риса деп ойлаймын. Рөлімнің барлығы дер­­лік жаныма жақын болды. Әрбір рөлің – ішің­нен шыққан баладай. Барлығын жүре­гіңнен, әрбір тынысын, тағдырын, кезең­де­рін басыңнан өткізіп сахнаға алып ке­ле­сің. Жайдан-жай автордың жазып бер­ген сөзін айтып шыға салу – қате. Рөл­дің артында күлкісіз күндер мен ұйқы­сыз түндер жатыр. Сондықтан әрбір рөлім мен үшін қымбат. 

– Ал сіздің есіміңізді естігенде халық елең етіп еске алатын рөліңіз қандай?

– Мұхтар Әуезовтің «Алуасы» деп ой­лай­мын. «Алуа» қойылымы жарыққа шық­­қан кезеңде халық қыздарына Алуа есі­мін қойып жатты. Өйткені бұл қойы­лым театрымызды белеске шығарды. Үлкен ғұлама актеріміз, педагог, режиссер Райымбек Сейтметов 30 жыл бойы сахна­лан­бай, шаң басып жатқан қойылымды сахнаға қайта алып келді. Қазақстанның аяқтан тұру кезеңдері, сұрапыл соғыс уа­қы­ты қойылымда қадау-қадау баяндалады. Болыстың есігінде күң болып жүрген 13 жа­сар қыз Азия, Африка елдерінің конг­ре­сінде қазақтың атынан сөз сөйлейді. Осы оқиғалардың бәрін екі сағаттың іші­не сыйдырған. Ол бір өзі кино секілді қойы­лым еді. Сондай-ақ «Алуа» қойылы­мы резонанс тудырған қойылым ретінде есте қалды. Қойылымның арқасында қою­шы-режиссеріміз Райымбек ағай, Мұх­тар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев жә­не мен  Мемлекеттік сыйлықты иелен­дік. 

– Рөліңіз тағдырыңызға қаншалықты әсер етті? «Заманақыр» қойылымындағы Салиханы сомдаймын деп шашыңыз ағарып кеткен екен…

– «Заманақыр» Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқаев бірігіп  жазған Се­мей полигоны жайлы қойылым бола­тын. Зама­нақыр десе заманақыр... Халықтың ба­сына түскен нәубет, 40 жыл бойы жер астында, үстінде жарылған бомба. Әлі күнге дейін халқымыз Семей полиго­ны­ның зардабын тартып келе жатыр. Басты кейіпкердегі әйелдің күйеуі соғысқа ке­теді. Өкінішке қарай, күйеуі соғысқа ат­тан­ғаннан кейін хабарсыз кетті. Сол за­матта әскери адамдар көлікпен бүкіл ауыл­ға келіп жарылыс болатынын, тезірек көшу керек екенін ескертеді. Ал әйел көш­пейтінін, жолдасы келсе өзін таппай қала­тынын, шаңырағын құлатпай осында қалу керек екенін айтады. Бір қызы, бір ұлы болды. Қызы тұрмысқа шығады. Әске­рилердің елге келіп ескерту жасауы тура қызының тойы күні болады. Қызы жеті бала табады, бірақ жетеуін де жер қойнына береді. Жетінші баласы атом бомбасының кесірінен аяқ-қолы жоқ томар болып туады. Өмірде томар бала бар деп талай газетке де шықты ғой. Жетінші баласы туғанда мұндай тауқыметті көрген күйеу баласы асылып өледі. Қызы жын­данып кетеді. Кіші баласы жарылған бом­баға қараймын деп көзінен айырылып, соқыр болып қалады. Осыншама траге­дияны басынан кешірген кемпір ең соңын­да тас мүсінге айналады. Дәл осы қойы­лымға дайындалған кездері шыны­мен де шашыма ақ түсті. Рөліңді өтірік жасай алмайсың ғой. Оны күнделікті ба­сыңнан өткересің. Жылайсың, жүрегіңнен өткізесің. Соның барлығы жаныңа әсер етпей қоймайды. 

– Ақсу-Жабағылы қорығында түсірі­лімде болған кездеріңізде Бикен апа сізге ақыл-кеңесін айтқан көрінеді. Тіпті, кеңесін жүзеге асыру үшін қалың дәптер сатып алып­сыз. Сол кеңес қазір жүзеге асты ма? Ке­ле­шекте ғұмырыңыздан сыр шертетін күн­делігіңізді оқуымыз мүмкін бе?

– Бикен апа екеуміз жиырма күн бойы бір түсірілім алаңында болдық. Екеуміз әң­гімелесіп, сырласатынбыз. Бикен апа де­ген бір ғұлама адам. Ол кісі – драматург Шахмет Құсайыновтың жұбайы. Бикен апа: «Мен қазір өкінемін. Сен менің қате­лігімді қайталама. Жолдасым күнде­лік түртіп жүр дейтін. Сонда мен бір үйге бір жазу­шы жетеді ғой деп елемеуші едім. Гүлжамал, сенің сөз саптауыңа қарап қо­лыңа қалам алып, жазуың тиіс деп ой­лай­мын. Күнделік жазсаңшы. Кітап бастап кет демеймін. Саған әсер еткен күнделікті оқиғаларды қағазға түртіп отыр. Кейін ол са­ған үлкен көмекші болады», – деп ай­тып еді. Сол бір керемет әсермен ертесі­не барып дәптер сатып алғам. Бірақ ештеңе жазбағандықтан, сол күйі қалды. Бірақ өзіммен бірге сахнада серіктес болған әріп­тестерім жайлы жазғандарым сақ­таулы. Мен 70 жасқа толғанда кішкентай кітап шыққан. Әріптестерім жайлы жаз­ған естеліктер сол кітапқа енген. Сонау жылдары Сейітхан Есенқұлов есімді актер өткен. Ағамыз 50-ге толғанда сол кісі жайын­да жазбақ болған екенмін. Жасы 60-қа келгенде жазған дүниемді қайта жал­ғап, әріптес аға-әпкелерімізден Сейіт­хан аға жайында сұхбат алған екенмін. Жақында ғана қағаздарымды ақтарып оты­рып сол естеліктерді тауып алдым. Бір­ақ олар, өкінішке қарай, жарыққа шық­пай қалды. Бүгінде театрымыздың 80 жыл­дық мерекесі келе жатыр. Мереке қар­саңына орай кітап шығару қолға алы­нады дейді. Сол бір кітапқа көпке ұсы­ныл­май қалған дүниелерімді қоссам ба екен деген арманым бар. 

– Театр сахнасы актерден қандай қа­сиет­терді талап етеді?

– Актер барлық жақсы қасиетті бойы­на жинаған адам болуы керек шығар деп ойлаймын. Сонда ғана сахнадан халыққа сөз айтуға құқығың болады. 

– Өнерден бөлек бала тәрбиесіне қа­тар көңіл бөлетін жансыз. Қоғамда қа­лып­тасқан жағдайға, бала тәрбиесіне, ұр­пақ құндылықтарына көзқарасыңыз қан­дай? 

– Заман деген соншалықты тез өзге­ріп, бетбұрыс жасап жатыр ғой. Уақыт зы­мырап барады. Қазіргі жастар жайлы пә­лен деп айта алмаймын. Бүгін осындай бол­са, ертең басқаша. Қазақ деген ұлы ха­лықтың қадір-қасиетін, тілін, дінін, ділін бағалайтын ұрпақ өссе екен деп ар­мандаймын. Қазір толып жатқан ағымдар жастарымызды шырмауына орап кетіп жатыр. Қазіргі қоғамның жастары – ба­ғынудан тайып, уысымыздан шығып кет­кендей әсер етеді. 

– Немерелеріңіз театрға жиі бара ма?

– Менің ең үлкен сыншым – үлкен не­мерем. Театрды жақсы көреді. Әрбір рө­лімді тамашалап, қателік болса ескерту ай­тады. Немерем Айша «Құлагер» қойы­лы­мын 19 рет көрген. Екі актерлік құрам­ның ойнағанын көріп, соңында бір-бірі­мен салыстырады. Сырт көзбен қарағанда немеремнің айтатын сын пікірі орынды деп есептеймін.

– Қазіргі театр өнерінің жай-күйіне қа­лай баға бересіз? 80 жылға жуық уақыт ішін­де неге қол жеткізді, нені жоғалтты?

– Ғ.Мүсірепов театры – рес­пуб­лика бойынша алдыңғы қатардағы өнер ордасы. Біз қазір дүниежүзін мойындат­тық. Енді өнердің мақсаты да мойындату емес пе?! Әлем қазақ өнерін мойындап жатса, одан артық не керек?! Ал нені жо­ғалт­тық деген сұрағыңызға келер болсам, ең бірінші, өзімізге қымбат адамдарды жо­ғалттық қой. Сахналас болған талай та­лант иелерінен айырылдық. Артымызда жас­тығымыз, жақсы күндеріміз қалды. Жоғалтқан дүниеміз осы шығар, бәлкім...

– Сұхбатыңызға рақмет! Ғұмырлы болыңыз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ