Мақалада халықаралық қауіпсіздік жүйесі дағдарыс пен белгісіздік кезеңін бастан өткеріп жатқан бүгінгідей геосаяси жағдайда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты іргелі мәселелер көтерілген.
Мемлекет басшысы атап өткендей, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте рухани және діни көшбасшылардың рөлі зор.
Қазір әлем халқының шамамен 85 пайызы өзін белгілі бір дінмен байланыстырады. Сондықтан дін көшбасшылары халықаралық процестерге айтарлықтай ықпалын ескере отырып, жаһан жұртын алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаруы керек.
Жалпы, әлемдік діндер адам өмірінің құндылығы, мейірімділік, өзара жауапкершілік пен қолдау, зорлық-зомбылық пен араздыққа қарсы тұру сияқты негізгі қағидаларды дәріптейді. Президентіміздің мақаласында айтылғандай, дәл осы қағидалар жаңа әлемдік жүйеге негіз бола алады.
Дін қайраткерлері қақтығыстарды азайтуға және өкінішке қарай қазір әлемде кең таралған жек көру мен дұшпандық идеологиясының алдын алуға да ықпал ете алатыны анық.
Сонымен қатар мақалада технологиялық дамудың моральдық және адамгершілік жағы туралы маңызды ойлар айтылады. Шын мәнінде, цифрлы және технологиялық даму гуманизм мен этикаға табан тіремесе, оның қарама-қайшы салдары болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл ретте де рухани көшбасшылардың бағыт-бағдары қажет.
Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі 20 жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келе жатқаны белгілі. Қазір дүниежүзінде дінаралық және өркениетаралық диалогті нығайтуда бұл бастама маңызды рөл атқарады.
Сол себепті былтыр қыркүйек айында Астанада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен VII съезд маңызды халықаралық оқиға ретінде қабылданды. Съезге Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, Израильдің Жоғарғы раввиндері және әлемнің басқа да көптеген рухани жетекшілері қатысты.
Форумға қатысушылар екі күн бойы адамзаттың жаһандық проблемаларын шешу жолында діндердің жасампаз әлеуетін пайдалану мәселесін талқылады. Сондай-ақ жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарға негізделген жаңа әлемдік жүйенің бедері белгіленді. Съезд барысында айтылған барлық негізгі идея мен ұсыныстар форумның қорытынды Декларациясына енгізілді.
Келесі айда Астанада съезд хатшылығының отырысы өтеді. Онда VII Съездің идеялары мен қорытынды құжатын дәріптеу мәселелері және алдағы он жылға арналған Дінаралық форумды дамыту тұжырымдамасы қаралады.
Отырыс кезінде әлемдік діндердің өкілдері Қазақстан Президентінің мақаласында көтерілген маңызды мәселелерді де талқылайтыны сөзсіз.
Жалпы, уақыт өткен сайын дінаралық диалог пен жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуде еліміздің бірегей рөлінің маңызы артып келеді. Осылайша, Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың алдында тұрған қазіргі күрделі проблемалар мен сын-қатерлерді еңсеруге өзінің елеулі үлесін қосып отыр.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Парламент Сенатының Төрағасы –
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері
съезі хатшылығының басшысы
Фото: khabar.kz