Бірі – абайсызда жасалған қылмыс үшін темір торға тоғыта бергенше, бостандықта жүріп қателіктен сабақ алғанын құп көреді. Екіншілері – түрмедегілерді қолдан азайтып, қылмыскерге жеңілдік жасалса, жәбірленушінің құқығын аяққа таптаумен бірдей дегенді алға тартады. Бұдан шығатын қорытынды сол, сотталғандардың санын қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресіп қана қолға алған әлдеқайда оң секілді. Бұл дегеніңіз – қоғаммен серіктестікте жұмыс істеп, тұрғындардың шағымына тұрақты түрде құлақ түрудің маңызын көрсетеді. Президент те үнемі айтып жүрген сервистік полицияның міндеті де осы. Яғни, құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік танытқан қоғамда әлгіндегідей түсінбеушілік туындамасы анық. Осы орайда біз жеті жыл бұрын қолданысқа енгізілген жергілікті полиция қызметінің жемісті жүзеге асып жатқанын өз көзімізбен көру үшін мамандығымызды ауыстырып, бір күнімізді учаскелік полиция инспекторының жұмысына арнадық.
Учаскелік полицейдің күнделікті жұмыс күні таңғы жетіден басталады. Себебі олардың әрбір сағаты емес, әрбір секунды санаулы екенін қызметтік форманы киген сәттен бастап сезіне түстік. Азаматтық қызмет секілді жұмыс кестесі кіреберістен басталып кетпейтіні тағы бар. Мұндағы өзгешелік те сол, олар ішкі тәртіп ережесін қатаң сақтап, бірнеше тексерістен өтеді. Мәселен, сағат 8-ге дейін қызметкерлер психологтің алдынан өтуі тиіс. Алдына келген адаммен ашық сөйлесіп, тұрғындардың тілін табуда тұрақты көңіл күйде болу өте маңызды. Қызметкердің жан дүниесіндегі өзгеріс өзге адамдармен қарым-қатынас кезінде теріс әсер етуі мүмкін екені ерекше ескерілетіні де сондықтан. Көңіл күй қалпын анықтауға арналған тесттен кейін кадр бөлімі әрбір учаскелік полицейдің басынан бақайшығына дейін тағы қарап шығады. Қызметтік куәліктен бастап киім киісіне дейін ережеге сай болғанда ғана қаруланып сапқа тұруы қажет. Өйткені олар сөйлеген сөзі мен киген киімі арқылы да адамдарды дұрыс жолға бағыттай алатынын қаперде ұстаған жөн. Міне, осындай күнделікті тәртіпке сәйкес, полицейлермен бірге тексерістен өткен соң Астана қаласы ПД Есіл ауданы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, подполковник Азамат Садықовтың күн тәртібіндегі қысқаша нұсқамасымен таныстық. Осы аралықта бөлім басшылары қосымша тапсырмаларды қызметтік кабинетте пысықтап, жедел мәселелерді күн тәртібінде талқылап та үлгеріп жатты. Таңғы таратылымнан кейін кезекші бөлім инспекторының бұйрығымен Есіл аудандық полиция бөлімі, Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, аға лейтенант Ерболат Мақажановпен бірге қызметімізді атқаруға кірісіп кеттік.
Жұмыстың 99,9 пайызын атқарады
Учаскелік полицейдің жүктемесі көп, міндеті ауыр. Өйткені Ішкі істер министрлігі ғана емес, жалпы құқық қорғау органдарының ішінде олардың қоғамдағы жауапкершілігі жоғары. Егер тұрғындардың тыныштығы сақталып, арызданушылар азайса, жедел уәкілдің жұмысы жеңілдеп, тергеушінің түнгі ұйқысы тыныш болады. Құқықбұзушылыққа қарсы қоғамның иммунитеті артса, айып тағатын прокурордың міндеті азайып, судья сот үкімін шығармаған болар еді. Түсіндірме жұмысы тиімділігін көрсетсе, әлгінде айтқандай түрме халқының қатары да сирейтіні анық. Сол үшін де оларға өзге әріптестерімен салыстырғанда тұрғындардың тілін тауып, қайнаған тіршіліктің күретамырын басу жүктеледі. Қылмыссыз қоғамның алғышартын жасайтын учаскелік полицей жүйеленбеген жұмыс күнінде қатерге басын тігіп, тұрғындардың тыныштығы үшін тікеден тік тұрып қызмет етеді. Демек, бұл лауазым иелерінің арасында жеке бастың қамы үшін қызметке құмартып келгендерден қарағанда, жүрек қалауымен жұмысқа тұрып, өмірін қоғам тыныштығы жолына арнағандар көп.
«Күн сайын жұмысқа кіріспес бұрын тапсырмаларды пысықтаймыз. Учаскелік полицейлерге ең алдымен уақыт күттірмейтін маңызды тапсырманы алдыңғы кезекте атқару талап етіледі. Алайда бұл кейбір міндеттерді асықпай қарауды білдірмейтінін түсіну керек. Өйткені жұмыс кестесінде қосымша арыз-шағымдар бойынша да атқарылатын міндет жетерлік. Мысалы, алдына түскен арыздан бөлек, сырттан келетін ақпараттар бойынша да тексеріс жасауға тиіс. Жоспарлы түрде жүргізетін күнделікті тапсырмасынан бөлек, әртүрлі жедел алдын алу шараларына да қатысу жүктеледі. Олардың негізгі жұмысы – тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу», – дейді Азамат Садықов. Айталық, «Ішкi iстер органдары туралы» заңда көрсетілген құқық қорғау қызметкерлері атқаруы тиіс міндеттің 99,9 пайызы учаскелік полиция инспекторларының мойнына артылады. Тіпті, тұрғындардың талап-тілегінен бөлек, құжаттарын уақытында айырбастауқажеттілігін де қаперге салатын қызметті де қоса атқарады.
Өзіме бөлінген аумақтың учаскелік полицеймен бірге «Времена года» тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйлердің ауласын аралаудан бастадық. Серіктесім екеуіміздің жұмысымыз тұрғындармен тілдесіп, МИБ-не жауаптыларға жолығу болды.
Тұрғындар тарапынан айтылып жатқан ұсыныс-тілекті өз уақытында тыңдаудың себебі бар. Мәселен, ауладағы адамдардың жүріс-тұрысы мен әрбір әрекеті меншік иелері бірлестігінің назарынан тыс қалмайды. Сондықтан учаскелік полицей олармен үнемі байланыс ұстауға тиіс. «Біз учаскелік инспекторымызбен тұрақты түрде жұмыс жүргіземіз. Көмек қажет болған жағдайда бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Мысалы, тұрғын үй кешеніндегі тыныштықты бұзған ұрыс-керіс, төбелес, ұсақ құқықбұзушылықтар болса, бірден учаскелік полицейге шығамын. Ары қарай ол құқық бұзушымен түсіндіру жұмысын жүргізу, әкімшілік айыппұл салумен айналысады. Осы жерде екі жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Өз аумағымыздағы тәртіп пен тыныштықты сақтауда атқарылып жатқан жұмысты оң бағалаймын», – дейді тұрғын үй кешенінің менеджері Алма Сейітова.
Тұрақты жұмыс кестесі жоқ
Бұдан кейін ауладағы дүкен мен кіреберістердегі ақпарат тақтасына брошюларды жапсырып, визитка тараттық. Бұл процесс те полицейдің күнделікті атқаратын жұмысының бірі. Себебі тұрғындардың арасында қоныс аударып келген адамдар болса, өз полицейін жақынырақ танығаны дұрыс. Әріптесімнің өзіне бекітіліп берілген осынша тапсырманы орындауға қалай үлгеріп жүргені қызығушылығымды тудырды. Шыны керек, тұрғын үйлерді табаннан таусылып жаяулата жүруге жарты күннің өзінде шаршап қалғаным да рас. «Менің мойнымда 100-ден аса міндет бар. Оның барлығын бір күнде орындау мүмкін емес. Дегенмен мүмкіндігінше арыз-шағымдарды тексеріп, тұрғындардың талабына құлақ түруім керек. Осы үйдегі еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін назарымда ұстаймын. Шартты мерзімнен бұрын босатылған адамдар мен қорғау нұсқамасы шығарылғандарды айына үш рет ескертусіз кешкі уақытта барып тексеремін. Кейде ойын балалары да әртүрлі тәртіп бұзушылық жасайды. Ондай кезде балалар мен олардың ата-анасына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қажет болған жағдайда ата-анасына жауапкершілік жүктеледі. Кейде ювеналдық полициямен бірге жұмыс істеу қажет болады. Жасөспірімдер арасында түнгі оннан кейін аулада жүретіндер немесе суық күндері жылы жерге кіріп алатын қаңғыбастар бар. Сондықтан әрбір көпқабатты үйді тексергенде жеделсатымен емес, жаяу аралап шыққанды құп көремін. Себебі кейбір тұрғындар кіреберісте тұрып темекі мен есірткі шегуі мүмкін. Оның үстіне, тұрғындардың ортақ чаттарында да отырмын. Сол жердегі айтылған сын-ескертпелерді де ескеріп, уақытында шешудің амалын қарастырам. Қазір тұрғындар да құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын қатаң сақтайды. Себебі менің телефон нөмірім әрбір тұрғында бар. Қандай да бір құқықбұзушылыққа жол берілсе құлақтандырып, мән-жайды баяндап беретін болды. Бұл тұрғындардың тыныштығы үшін өте маңызды. Екінші жағынан, менің де жұмысымды жеңілдетіп береді»,– дейді Ерболат Амангелдіұлы.
Учаскелік полицейдің тұрақты жұмыс кестесі жоқ. Бұдан бөлек, олар кезектесіп тәуліктік кезекшілікке түседі. 102 каналына түскен қоңыраулар бойынша тексеріс жүргізетін учаскелік инспекторлардың әр күні кішігірім күрес десе де болады. Өйткені тәртіп бұзған тұрғындар арасында агрессивті жауап қайтаратындар да, жағаға жармасып, есікті ашпайтындары да бар. Мәселен, аумақта жалға берілетін тәуліктік пәтерлерде жиі ши шығады екен. Көршілердің қоңырауы бойынша тексеріс жүргізілгенде түн тыныштығын бұзатын мұндай үйлерді жезөкшелік қызметке тапсырғандар да анықталып жатады. Өз кезегінде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске сәйкес, пәтер иесі мен тәртіп бұзғандарға да жауапкершілік көзделеді.
Елордаға елдің әр бұрышынан қоныс тепкендер көп. Біздің аумағымыздағы «Времена года» тұрғын үй кешенінде 18 үй бар екен. Бір қарағанда элиталы ауданда тұратын зәулім үйдің ішіндегі тұрғындардың барлығы тәртіпті секілді. Алайда аулада отырған әжелермен әңгімелесу барысында ортақ тәртіпке бағынғысы келмейтін үлкен мен кіші де көп екенін аңғардық. Олардың айтуынша, ауладағы әсем гүлдерді жұлатын балаларға «әй» дейтін анасы, «қой» дейтін әкесі көрінбейді. Әжелердің әңгімесінен ұққанымыз көп жағдайда жалдамалы пәтердің иелері тұрғын үй кешенінің тәртібіне мойынұсынғысы келмейтін көрінеді. Тұрғындардың бұл ескертпесін өзімізге түртіп алып, жұмысымызды ары қарай жалғастырдық.
Тұрғын үй кешенінде қазір пробация есебінде тұратындар мен отбасылық жанжал бойынша қорғау нұсқамасы шығарылғандар бар. Бір күн бұрын отбасының тыныштығын бұзып, әйеліне қол көтерген тағы бір тұрғынға қорғау нұсқамасы шыққан екен. Серіктесіммен бірге отбасылық түсіндіру жұмысын жүргізу үшін ерлі-зайыптылар тұратын пәтерге бас сұқтық. Ерлі-зайыптылармен түсіндіру жұмысын жүргізіп, заңның жаңа ережелері күшіне енгені туралы құлақтандырылды. Шілдеден бастап күшіне енген жаңа ережеге сәйкес, отбасылық жанжал екінші рет қайталанған жағдайда татуласу қарастырылмайды. Ал қорғау нұсқамасы шығарылған адам мекен жайын ауыстыратын болса, түсініктеме жазуы қажет екені айтылды.
Екінші мамандығы – психолог
Жасөспірімдермен жұмыс істейтін ювеналдық полиция бар. Десе де, өз аумағындағы мектеп пен балабақша, ойын алаңдарындағы балалардың көңіл күйін де айтқызбай біледі екен. Сондықтан Ерболат Мақажанов ересектермен ғана емес, мүмкіндік болса балалармен де тілдесуге уақыт табуға тырысады. Ондай кезде баланың мінез-құлқындағы, бет-әлпетіндегі өзгеріс арқылы жан дүниесіне үңілуге, айтарына құлақ түруге де уақытын бөлу маңызды. «Кейбір ата-аналардың өздері баласымен сөйлескенімді қалап, өтініш айтатын кездері болады. Түсіндіру жұмысынан кейін дұрыс жолға түсіп, мінез-құлқында өзгеріс болғанын айтып алғысын айтып жататындар бар. Ешқандай шағым болмаса да тұрғындардың жағдайын сұрап-білуге уақыт бөлем. Кейде «қандай да бір сұрақтарыңыз бар ма?» деп әр үйге кіріп шығатын да кезім болады. Мұның да қажеттілігі бар. Мысалы, менің тәжірибемде тұрғындардың айтуымен тексеріс жүргізгенде көптеген құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік туды. Бірде бір тұрғын көрші пәтерге жүріс-тұрысы күдікті, бұрын бұл жақта кездестірмеген адамдар келіп-кетіп жүргенін жеткізді. Тексеріп көргенде, шындығында да ешбір құжаты жоқ 6 тәжік азаматының елімізге рұқсатсыз кіргенін анықтадық. Ондай жағдайлар жиі болады. Себебі қазір қалаға құрылыс жұмысына келетін өзге елдің азаматтары көп. Тағы бірде әкімшілік аумағымда тексеріс жасап жүріп, ешқандай ақпарат түспеген бір пәтерге кірдім. Кірген жерде бұрыштағы сөмкеге көзім түсті. Тексеріс барысында есірткі затын анықтадық», – дейді ол.
Күнделікті қызметінде өміріне қауіп тудыратын келеңсіз оқиғалар да жиі болады. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері демалыс орындарында ішімдік ішіп, айтқанға көнбейтін демалушылар арасында өктем сөйлеп, заңға бағынғысы келмейтін де бар. Алайда айбат шегіп тұрған адамға барынша мәдениетті сөйлесуге тырысу керектігін айтқан Ерболат Мақажанов: «Біз кез келген жағдайда ұстамды болуымыз қажет. Бұл тек бізге ғана емес, қоғамдағы кез келген адамға қажетті мінез-құлық әдебінің ең бірінші ережесі болған жөн. Олай болмаса тұрғындардың тілегін білу қиындық тудырар еді. Мен өзімді кішігірім психологпін деп ойлаймын. Расында да, екінші мамандығым психолог секілді. Осы қызметке келгелі қасыма келген адамның жүріс-тұрысы мен көзқарасынан айтарын оқып, арыздағы жазуына қарап ары қарайғы мақсаты қандай екенін жақсы түсінемін. Егер адамдардың айтарын білуге құлықсыздық танытсаң, құқықбұзушылықтың алдын алу қиынға соғады. Күндіз естіп-білгенімді кешкісін ой елегінен өткізіп, әрбір тексерістен кейін талдау жасаймын. Байқағаным, түсіндіру жұмысын жүргізгеніңе қарай, 102 каналына түсетін қоңырау да, шағым да азайған. Маған керегі де осы. Шешім шығарудан бұрын олармен қарым-қатынас орнатып, түсіндірме жұмысын жүргізу жемісті нәтиже берері анық», – дейді.
Учаскелік полицейдің психолог болуымен қатар, қажет кезде қорғана білетін физикалық дайындығы да мығым болуы шарт. Сол себептен аптасына бірнеше күн қоян-қолтық ұрыстан дайындығын шыңдап, спорт секцияларына қатысуына да уақыт беріледі. Өйткені патрульдік полиция полкімен бірге түнгі шақыртуларда өмірге қауіп төндіретін кездейсоқ қауіп-қатерден сақтану керек. Тіпті, тұрғын үйдегі тәртіпті қадағалау барысында да ескертпені елең қылмайтындардың барын жоққа шығаруға да болмайды.
Десе де, бір күнімізді арнаған учаскелік полиция лауазымы – жазалау емес, жұрттың қорғаны болу екенін аңғардық. Өйткені олар тоқтаусыз күнделікті халықпен байланыс орнатып, алғашқы шешімді қабылдайды. Ал шешімдерді қабылдау кезінде кәсібилікпен бірге, адамгершілік қасиет те алдыңғы кезекте талап етіледі. Сонда ғана тұрғындармен серіктестік орнату арқылы қоғамдағы мәселелерді шешуге бағытталған «Сервистік полицияның» стратегиясы жемісті жүзеге асары сөзсіз. Серіктесімнің өзіне бекітілген аумақтың тыныштығы үшін кірпік қақпай қызмет етуі қылмыстың алдын алып отырғанын дәлелдейтіні айғақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға. Учаскелік полицейдің қылмыс болған сәтте емес, қажет кезде қасынан табылуы қоғамның санасын өзгертеді. Шындығында да, халықтың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес.
«Погонды журналист» жобасынан соң осындай ой түйдік.
Жадыра МҮСІЛІМ
Фото: Радмир ФАХРУТДИНОВ