Елімізде осыдан 4 жыл бұрын өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) қағидасы енгізілді. Осы бағыт бойынша Қарағандыда ескі көліктерді жою, кәдеге жарату зауыты қарқынды жұмыс істеп жатыр. Аталған кәсіпорын – Орталық Азиядағы бірегей заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорын саналады. 2016 жылдан бері зауытта 125 мыңнан астам ескі көлік жойылыпты. Экологтердің есебінше, олардың экологиялық залалы 270 мың тоннадан астам шығарынды деп саналады. Бұл көлем елорданың Жылу энерго орталығы шығарып жатқан экологиялық қалдықтан он есе көп.
Қаңтар айының қорытындысы бойынша, елімізде 35,8 млрд теңгеге 5 884 көлік құрастырылды. Қазақстан автобизнес қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 81,9% ұлғайған. Әдеттегідей негізгі өсім жеңіл көлік есебінен болып отыр. Өндіріс 67%-ға өсіп, 5 161 дана автокөлікті құрады. «Өткен жылы автомобиль өндірушілер өндірісті екі есе арттырды. Сонымен бірге жеңіл автомобиль жасау саласының еліміздегі машина жасау құрылымындағы үлесі 38% -ға жоғарылады. Биыл да өсім болады деп ойлаймыз. Бірақ оның қалай өсетіні алдағы сатылу нарығына байланысты айқындалады», – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.Жеңіл автокөлік нарығының жандануына ӨКМ қағидасының үлкен әсері бар. Мәселен, 2017 жылдан бастап елімізде сертификат жеңілдігін беру жүйесі жүзеге аса бастаған болатын. Ол жүйенің басты артықшылығы, егер сіз тозған автокөлігіңізді өткізетін болсаңыз, қолыңызға сертификат беріледі. Осы сертификатпен отандық автоөндірушілерден жаңа көлік сатып ала аласыз. Сертификат жеңілдігі 315 мың теңгеден 750 мың теңге аралығында. Былтыр 36 мың көліктің 26 мыңы жеңілдік сертификаты арқылы өткізілген, яғни жеңілдік сертификаты енгізілгелі оған қызығушылық артқанын көрсетеді. 2019 жылы 11 500 адам жеңілдік сертификаты арқылы жаңа көлік сатып алыпты.
Осы кезең ішінде қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 2 816 дана техника шығарса, өскемендік кәсіпорын «АзияАвто» 2 538 көлік құрастырған. Сондай-ақ Семейдегі «СемАЗ» автоқұрастыру зауыты 296 жүк тиейтін көлік құрастырса, көкшетаулық «КАМАЗ Инжиниринг» 60 техника, Daewoo Bus Kazakhstan 32 автобус шығарыпты. Осылайша, жергілікті өндіріс автомобильдері барлық сатылымдардың 61%-нан асты. Яғни, ішкі нарықта сатылған әр үш көліктің екеуі Қазақстанда шығарылған автомобиль.«ӨКМ операторының» ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, оператордың қолдауымен 75 мың тонна шина кәдеге жаратылған. Ал пайдаланылған аккумулятордың 95% қайта өңдеуге жіберіліпті. Одан бөлек, 12 782 тонна көлік майы қайта өңделді. Сонымен бірге 2017-2018 жылдары 120 364 тонна қаптама қалдығы, 15 мың тонна полимер, 279 тонна металл ыдыс, 28 мың тонна шыны және 76 мың тонна қағаз, картон қалдығы өңделіп шыққан. Дастан ДУМАН