Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстаннан келген қонақтар 4 күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.
Биылғы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды.
«Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, лагерьдің басты мақсаттарының бірі – Мемлекет басшысының ШЫҰ кеңістігіндегі бастамаларын ілгерілету, халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ жас ұрпақтың саяси және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау.
«Ең алдымен, Қазақстан Президенті белгілеген күн тәртібіне сүйене отырып, біз басқа елдердің жастар белсенділерімен коммуникациялық байланысты нығайтамыз. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың күш-қуатын қазіргі жағдайды жақсартуға және сенімді болашақты қалыптастыруға бағыттау маңызды», – деді ол.
Ал Шымкенттен келген делегат Бақытжан Тұрысбек мұндай деңгейдегі іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.
«Жастар Рухы» жастар қанатының барлық мүшесі Қазақстанның және ШЫҰ-ның ең белсенді жастарының басын қосқан осынау іс-шараны асыға күтті. Түрлі саланың жастары жиналатын ортада өзара тәжірибе алмасып, аймақтағы рухтастармен және өзге елдерден келген жастармен достығымызды нығайта түсеміз. Бұдан бөлек лагерьдің күн тәртібі аясында өтетін семинарларды да атап өткен жөн. Мәселен, бүгін есірткімен күрес тақырыбы аясында тренинг өтті», – деп атап өтті делегат.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақ айрықша орын алады. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген. Жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын саяси ұйым – «Жастар Рухы» мұрындық болған лагерь өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жастардың белсенділігін арттырып, креативті идеялар алмасуға мүмкіндік береді.
«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Әсет Бимұрза бұл бірегей алаң жастардың таным көкжиегін кеңейтін, тәжірибесін шыңдайтынына сенімді.
«Халықаралық деңгейде өтетін болғандықтан алуан түрлі эмоцияны бастан кешіп жатырмыз. Бұл шараға өңірдің әртүрлі салада қалтқысыз қызмет етіп жүрген жастары, «Жастар Рухының» құрамында белсенділік танытқан көрсетіп жүрген еріктілері аттанды. Саяси лагерьде жинақтаған тәжірибе алдағы бірнеше жылға азық болатыны сөзсіз», – дейді Әсет Бимұрза.
Биылғы шараға еліміздің барлық дерлік аймағының белсенді жастары, бірқатар мемлекеттен тәжірибе алмасуға белсенді қонақтар келді. Сондай-ақ, қоғамның игілігі мен елдің дамуына қосқан үлесі, жемісті қызметі еленіп, жастар арасынан үздік деп танылған белсенділер мен еріктілер жасағы – «Рухтастар» ұжымы да саяси лагерьге қосылды.
Партияның Павлодар облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшесі Кәкім Бакижан саяси лагерьде түрлі әлеуметтік және проблемалық тақырыпты қамтитын пікір алмасулар болатынын тілге тиек етті.
«Еліміздің аймақтарындағы жастар арасында қандай проблемалар бар және олар қалай шешімін тауып жатыр, өскелең ұрпақтың қызығушылығы қандай, азаматтық қоғам қалыптастырудағы жастардың белсенділігі қаншалықты дейтін сауалдарға түрлі топтық жұмыстар нәтижесінде қызықты, тың жауаптар аламыз, жақсы пікір алмасамыз деп ойлаймын. Республиканың барлық дерлік өңірінен жиналатын креативті жастармен бас қосу, тәжірибе алмасудың өзі бізге берілген зор мүмкіндік», – деп атап өтті делегат.
Алматыда өтіп жатқан төрт күндік саяси лагерьде жастар түрлі сайысқа қатысып, бірнеше салалық бағытты қамтитын семинарларда білімін шыңдап, біліктілігін жетілдіреді. Лагерьдің алғашқы күнінде жастар бір-бірімен танысып, Team building, топтық жұмыстар мен оқыту сессияларына қатысты. Кешке шараның ашылу салтанаты мен ашық аспан астында Open Air өтті.
Асыл ТҰМАР