Енді алматылық полицейлер жол тәртібін бұзушыларды самокат арқылы қуып жете алады. Ірі мегаполиске мұндай жаңашылдықты енгізудің де өзіндік себебі бар.
Сотқарларды самокатпен қуады
576
оқылды

Алматы қаласында жыл басынан бері самокатпен 7 мыңға жуық заң бұзу дерегі тіркелген. 30 тамыздан күні бүгінге дейін 78 адамға айыппұл салынған. Естеріңізде болса, Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы бұйрығы бойынша Жол қозғалысы ережелеріне электросамокаттар мен мопедтерді мінуге қатысты өзгерістер мен жаңадан толықтырулар енгізілген еді. Бұрын самокатшылар жол қозғалысына қатысушылар сияқты жазаланатын. Ал қазір жүргізушілер ретінде жазалау қарас­тырылған. Алматы Полиция департаметінің дерегінше, әзірге бұл өзгеріс сынақ режимінде бір ауданда ғана енгізілген. Ал қазір патрульдер тек жаяу жүргіншілер аймағына барады. Алайда жақын күндері осындай бірнеше мобильді топтар пайда болуы мүмкін. Олар қалалық саябақтар мен алаңдарды күзетеді.

– Кейде самокат мінгендер полицейлерден тротуар арқылы жүріп құтылуға тырысады. Әрине, полиция көлігі тротуармен жүре алмайды. Кейбір жағдайда самокатшыны ұстауға инфрақұрылым мүмкіндік бермесе, полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтарды жаяу қуып жетеді. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Саябақ аймақтарында енді құқықтық тәртіпті қорғау үшін полицейлерге самокаттар бөлінуі мүмкін, – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Соңғы уақытта қалада само­каттың әсерінен болған қайғылы фактілер көбейген. Мәселен, биыл 8 айдың ішінде самокатқа қатысты 18 жол апаты тіркелген. Нәтижесінде, бір адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды. Ал мопед айдаушыларға қатысты апаттық оқиғалар саны 200-ден асып жығылады. Жалпы саны 223 жол апаты тіркелген. Екі адам қаза тауып, 240 адам жарақат алды. Шаһар көшелерінде зулап өтетін самокатшыларға қатысты қарапайым көлік жүргізушілері мен тұрғындардың да айтары жоқ емес. Тіпті, алматылықтар аса жоғары жылдамдықпен жүріп өтетін қос дөңгелекті көліктің арқасында тротуарда алаңсыз жүруден қалғанын айтады. Автокөлік жүргізушілері мопедистердің белгіленбеген орындарда жолды кесіп өтіп, тоқтау сызығынан шығып жататынына наразы. Солардың бірі алматылық студент – Шұғыла Әбдібай. Ол қаладағы самокатшыларға қатысты бұл өзгерісті қос қолдап қолдайтынын айтады. 

– Күніге мопед, самокат тізгіндейтін жандар қас-қағым сәтте көлігіңнің тұсынан зу етіп өте шығады. Тіпті, бағдаршам сызығынан асып, қызыл түсінен өтіп кететіндер де жоқ емес, бар. Өрескел қателік емес пе?! Бір адамның қателігінен біршама адам зардап шегеді. Аталмыш бастаманы қолдаймын. Жаңашылдық жол тәртіпсіздігін біржола тежей алмаса да, азайтса екен. Сақтандыру шаралары жүргізілсе екен. Жаяу жүргіншілер жолында самокат/мопед тізгіндеуге шектеу қойылса екен. Заң бәріне ортақ болса, көңіл де тыныш, тұрғындар да бейжай, полиция қызметкерлердің де жұмысы жеңілдер еді, – дейді ол. 

Ең қызығы, самокаттар көлік ретінде алғаш рет 2018 жылы Париж көшелерінде пайда болған еді. Бірнеше жылдың ішінде елде самокат саны 15 мыңға дейін өскен. Бірақ араға уақыт салып самокаттың қауіпті тұстары да билік назарына ілінді. Оның басты себебі – көктемде париждік­тердің референдумға қатысып, олардың 90%-ға жуығы жалға алынған электроскутерлерден толық бас тартуы еді. Биыл тамыз айының соңынан бастап Франция астанасы электро­ску­терлермен қоштасатынын хабарлады. Самокат өз дәуірін құрып, халық арасында танымал болған сайын жайсыз фактілердің статистикасы тоқтамай тұр. Бізге де абай болу керек сияқты...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы