Соңғы жылдары әлем елдері жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуда жарысқа түсіп жатқандай. Десе де, жаһандық экономикаға қызмет етіп жатқан энергетикалық жүйе ауқымды әрі күрделі. Мәселен, көмірді, мұнай мен табиғи газды және уранды пайдалану арқылы энергия өндіру – бұл бұрыннан қалыптасқан әдіс. Сонымен бірге сарқырама мен ағын судан, жел мен күннен, тіпті қалдықты, ескі резеңке дөңгелекті жағу арқылы да электр энергиясын алуға болады. Бірақ ол біраз қаржыны қажет етеді. Әсіресе, энергияның табиғи көздері – көмір, мұнай мен газ, уран өндірісі монополияланған мемлекеттерде бұл жұмыс баяу жүрері анық. Сондықтан ЖЭК дамытуда жігерлі саясат пен айқын стратегия керек-ақ.
Биыл еліміз электр энергиясының 3%-ын ЖЭК-тен алуды жоспарлап отыр. Таяуда Энергетика министрлігінің алқа отырысында вице-премьер Роман Скляр былтыр 2018 жылға қарағанда республикада 2,4 миллиард кВт-сағат «жасыл» энергия өндірілгенін мәлімдеді. Яғни, бір жылдағы өсім – 77,8%. «Өндірілген электр энергиясының жалпы көлеміндегі «жасыл« энергия үлесі 2,3 пайызды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткішті 3 пайызға дейін ұлғайту керек», – деді Р.Скляр.
Бұл тұрғыда осы жылы жалпы қуаты 605,5 МВт-ты құрайтын 18 жаңартылатын энергия көздері нысаны салынады. Энергетика министрлігінің дерегінше, бүгінде республика аумағында 90 нысан 1061 МВт қуатпен жұмыс істеп тұр.
Қазіргі күні Қазақстанда электр энергиясының үлкен бөлігі орталық және солтүстік аймақтардағы көмір кен орындарынан өндіріліп, оның 60%-дан артығы дәл сол индустриалды өңірлердің өзіндегі қажеттілікке жұмсалады. Еліміз көмірдің барланған қоры жағынан 8 орын алатыны белгілі. Десек те, оның көзінің де таусылатын кезі келеді. Оған қоса, қазба байлықты өндіру арқылы өндірісті ұлғайтудың өзі шығын мен үлкен тәуекелді қажет ететіндіктен, әлемнің көптеген мемлекеті жаңа жолды таңдап отыр. Ол энергияның баламалы түрлері, яғни, жаңартылып отыратын, сарқылмайтын және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін энергия көздері.
Ел үкіметі 2016 жылдан бастап ЖЭК-тен энергия өндіруді белсенді түрде қолға ала бастады. Себебі алдағы жылдары электр энергиясын тұтыну көрсеткіші оны өндіру көрсеткішінен екі есе артады деген болжам бар. Ондай жағдайда қуат көзінің белгілі бір мөлшерін көрші елдерден сатып алуға немесе айырбас жасау арқылы импорттауға тура келуі мүмкін. Одан бөлек, республика аумағының үлкендігі (2 724 902 шаршы шақырым) мен халықтың орналасу тығыздығының төмендігі (1 шаршы шақырымға 5 адамнан) секілді критерийлер де елді энергия қуатымен жүйелі түрде толықтай жабдықтауда тиімсіз көрсеткіш беріп отыр. Осының алдын алу үшін «жасыл» энергия нарығын ынталандыру экономикалық саясаты қолға алынып, арнайы тарифтер жүйесі жасалды. Нәтижесі де жоқ емес. 2017 жылы алты ЖЭК нысаны пайдалануға берілсе, 2018 жылы – 10, 2019 жылы 23 нысан іске қосылды.
3% КӨРСЕТКІШ КӨП ПЕ, АЗ БА?
Баламалы энергия көздері туралы мәліметтер Қазақстан EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алған кезеңде жиі айтылды. Үкімет ЖЭК игерудің жүйелі негізі EXPO-дан кейін жасалатынына сендіргендей болған-ды. Көрменің арқасында елімізге дамыған мемлекеттердің осы саладағы жаңа технологиясы мен соңғы инновациялық жаңалығы келеді делінді. EXPO-2017 өткен жазда елорданың көшелері мен кейбір елді мекендерде жел, күн энергетикасы нысандары қалқайып көп тұрғызыла бастағаны рас. Дегенмен үш жыл ішіндегі көрсеткіш жоғарыдағы – 3%. Әйтсе де, 2015 жылы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 0,704 миллиард кВт-сағатты құрағанын ескерсек, былтырғы 2,4 миллиард кВт-сағатқа тәубе деуге тура келетіндей.
ҚАЗАҚ ЖЕРІ – ЖЕЛ МЕН КҮННЕН ҚУАТ ӨНДІРУДІҢ КӨЗІ
Рас, электр энергетикасы өндірісінде энергия көздерінің құрылымы өңірдегі түрлі шектеулер және ресурстар көлемі, сондай-ақ географиялық ерекшелігіне де байланысты. Мәселен, Бразилияда электр энергиясы өндірісінің 80%-дан астамын су электр стансалары береді, Қытайда да көрсеткіш жоғары. Ал біздің елде үлкен өзендердің басы өзге елдерден келетін болғандықтан, тұтастай энергетика өндірісіндегі гидроэнергетиканың үлесі аса үлкен емес. Десек те, қазақ жерінің үлкен бөлігі жазық әрі жартылай құрғақ климатты болғандықтан, жел мен күн энергиясын өндіріп алуға қолайлы. Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының түйіскен жеріндегі әйгілі «Жоңғар қақпасы» атанған желді өзектен секундына 70 метрге дейін жететін жел соғады, бұл ТМД аумағы бойынша аса қуатты желдің көзі саналатын жер. Қазақстанның жел энергиясы қуатының мүмкіндігі жылына 929 миллиард килловатт/сағат деп есептелген. Желдің жылдық орташа қуаты секундына 7 метрден жоғары. Дегенмен 929 миллиард киловатт-сағат қуатты бірден тұтас игеру мүмкін де емес, дамыған мемлекеттерде де бұл көрсеткіш жалпы энергия өндірісі көрсеткішінде 20-25%-дан аса қойған жоқ. Бірақ желдің өзі соққанына ақы сұрамағанымен, оның энергетикалық жүйесі тегін емес. Алынған энергияны тұтынушыға жеткізу, қондырғылардың бағасы біраз қаржы салуды талап етеді.
Сондай-ақ баламалы энергия өндірудің екінші бір көзі – күн. Оңтүстік аймақта алты ай жаздың ыстығындағы күннің қызуы электр энергиясын беруде таптырмас мүмкіндік. Қазіргі сәтте Түркістан облысы Отырар ауданында күн электр стансасы (50 МВт) салынуда. Италияның Eni компаниясының қатысуымен жүзеге асатын жобаның құны 15,2 млрд теңгеге бағаланған. Өңірде бұдан бөлек, 2019 жылы үш бірдей күн электр стансасы (2,5МВт, 20 МВт, 14 МВт) пайдалануға берілді. Әйтсе де, жел қондырғылары сияқты күн батареялары да үзіліспен жұмыс істейді. Бұлтты күндері, түнде ол қондырғылардан тұрақты түрде қажетті ток алу мүмкін емес. Жаңартылатын энергия көздеріне көшудің қиындығы да бір жағынан біраз шығынды қажет ететінінде. Сол себепті одан алынатын қуаттың құны да қымбатқа түседі.
ЖЭК-тен ҚУАТ ӨНДІРУДЕ КІМ АЛДА?
Батыс Еуропа елдері жел мен күннен энергия алу тәсілін ерте бастан қолға алғаны белгілі. Мысалы, Германия жел генераторларын 1993 жылдан бастап пайдалана бастады. 2019 жылдың алғашқы жартысында Германияда желден, күннен, судан және биомассадан өндірген энергиясының көлемі тұңғыш рет Атом электр стансасы мен көмірден өндірген электр энергиясынан асты. Оның себебі елде көмірқышқыл газын ауаға таратуға тыйым жылдан-жылға қатаңдап, квоталар енгізілуде. Яғни, қазба байлықтан энергия өндіру бұрынғыдай емес, тиімсіз бола түсуде. Қазіргі сәтте Германияда жел, күн, су және биомассадан өндірілген энергия үлесі 47,3% жетіп отыр. Ал көмір мен АЭС үлесі 43,4% көлемінде болса, қалған 9,3% газдан, 0,4% мұнай және өзге көздерден өндіріліпті. Немістердің ендігі мақсаты – 2030 жылға дейін «жасыл энергетиканың» үлесін 65%-ға жеткізу.
Сонымен қатар күннен энергия алуды жапондар алғашқы болып бастағанымен, кейіннен Германия сәтті жалғастырып, Қытай өзіндік тәсілмен дамыта түсті. Бүгінде Қытайда өндірілетін күн батареяларының 75% сыртқа сатылып, табыс көзіне айналып отыр.
Германия ғана емес, жалпы Еуроодаққа мүше мемлекеттер осыдан он бес жыл бұрын энергетикадағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 20%-ға жеткізу керек деген мақсат қойған болатын. Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Дэвид Кэмеронның «Мен біздің бүкіл тарихтағы ең «жасыл» үкімет болғанымызды қалаймын» деген сөзі Батыс мемлекеттердің ұранына айналып үлгерді. Желден көп энергия алатын елдің бірі – Шотландия. 2019 жылы қаңтар-шілде аралығында желден өндірілген 9 831 320 мегаватт-сағат қуат 4,47 млн тұрғын үйді (182%) электр энергиясымен қамтамасыз еткен.
2011 жылғы Фукусимадағы АЭС апатынан кейін жапон қоғамы бірден атом энергетикасынан теріс айналды. Жапонияның ірі компаниялары энерго тиімділікке көшіп, жаңартылатын көздерден энергия өндірудің жолын қарастырып жатыр. BNEF деректері бойынша, 2017 жылы Жапония күн энерго жүйесінен 38 гигаватт (ГВт), желден – 3,5 ГВт, биомассадан 4,3 ГВт электр энергиясын өндіруге қол жеткізді. Ресми Токио 2040 жылға қарай энергияның 100%-ын жаңартылатын энергия көздерінен алуды мақсат етіп қойды.
Батыс Еуропа елдерінен бөлек, кеңестік жүйеден бізден сәл бұрын ғана шыққан Балтық жағалауы елдері де айтарлықтай жетістікке жеткен. Еуростаттың 2018 жылғы мәліметінше, орта есеппен Еуроодақ бойынша ЖЭК алынатын энергияның үлесі 18% болса, Литвада бұл көрсеткіш 24,5%. Елдің энерго жүйесінде жұмыс істеп тұрған жел электр стансалары «жасыл» энергияның 54%-ын берсе, күн электр стансаларына – 4%, су электр стансаларына – 20%, биомасса мен биогазға 11% және 7%-дан келген. Бір қызығы, Литва осынша үлкен көрсеткішке ие болса да өзінің көршілері Латвия мен Эстониядан қалып келеді. 2018 жылы Латвиядағы энерго баланстың 40,9% ЖЭК-ке келсе, Эстонияда ол 29,9% болған. Бұл екі елде де гидроэнергетика жақсы дамығанын айта кеткен жөн.
ТҮЙІН:
Әлем елдері үшін электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерінен өндіруден басқа жол да қалған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, жер бетіндегі әрбір он адамның тоғызы ластанған ауамен демалатын жағдайда отыр. Ауаға шығарылған өндірістік қалдықтар, экологиялық ахуалды тұншықтырып, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Үкіметтің жоспары бойынша ЖЭК дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңмен іске асырылмақ. Нәтижесінде, 2025 жылдан кейін ЖЭК нысандарында қуат өндіру айтарлықтай арзандайтын болады. Жалпы, еліміздегі энергетика саласы инновациялық жаңалыққа мұқтаж. Егер Қазақстан энергетикалық жаңғыру бағытында өздігінен жаңа технологияны игере алмаса, дамыған мемлекеттердің технологиясын сатып алуға немесе көшіріп, үйренуіне тура келеді.