Шірік-Рабат мәдениеті
Тарихы тереңнен тамыр тартатын Сыр аймағында Сырдарияның бойын жағалай қоныстанған ескі қалалардың орны жетерлік. Археологтер көне қалалардың сырына тереңінен бойлап, жылма-жыл зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ әлі де атқарылған істен атқарылар жұмыстардың ауқымдылығы байқалады.
Археологтердің мәліметіне сәйкес, Сыр бойындағы ежелгі қалалардың, қалыптасу, даму және гүлдену кезеңдері ерекше сипатқа ие. Соның ішінде Сырдария жағалауындағы алғашқы қалалардың қалыптасу кезеңін сақ өркениетіндегі Шірік-Рабат мәдениеті деп санайды.
Зерттеу нәтижелері Сырдария сақтарының мәдениеті біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың екінші жартысында гүлденген деңгейіне жеткенін көрсетеді. Сол кезеңде Іңкәрдария арнасы Жаңадария арнасына ауысып, негізгі су жолына айналған деседі. Бұл уақытта Сырдария сақтарының жерінде тек бекіністі ірі қоныстар ғана емес, қалалар да салынған. Сол уақытта адамдар егіншілікті кәсіп етіп, шет аймақтармен экономикалық және мәдени байланыстар орнатуға ерекше мән беріпті.
«Жалпы бұл өркениет б.з.д. IV-II ғғ. қанатын кең жайып, Шірік-Рабат қаласы Арал маңы сақтарының астанасына айналғандығы белгілі. Бұл мәдениетке Жаңадария бойындағы айналасында жергілікті қоныстар кешені мен дамыған суландыру жүйелері бар, көлемі кішірек, бекіністі Бәбіш-мола қала жұрты да жатады. Шірік-Рабат мәдениетіне жатқызылатын осы тектес тағы бір ескерткіш – Іңкәрдария бассейніндегі кішігірім бекіністі Баланды қалашығы. Оларға жақын маңда зәулім жерлеу құрылыстары бар. Оларда жергілікті ақсүйектер жерленген және алуан түрлі жерлеу мүліктері қойылған. Аталған Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Баланды орталықтандырылған ірі қоныстар арасы егістік алқаптармен және ауылдармен жалғасып жатыр. Ескі қалашықтардың орындары кезең-кезеңімен зерттеліп жатыр», – дейді бұл жайында Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.
Соның ішінде Шірік-Рабат қалашығы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 90 шақырым жерде орналасқан. Жалпы көлемі 850х600 метр болатын қалашық Сырдарияның көне арнасы – Жаңадарияның сол жақ жағалауындағы табиғи төбенің үстінде қоныстанған.
Соңғы жылдардағы зерттеулер барысында бұл жерден бір кесене, үлкен топырақ оба және басқа да жерлеу құрылыстары анықталды. Шірік-Рабат қала жұрты алғашында тайпа көсемдері өмір сүріп және жерленіп отыратын бекініс қызметін атқарып, кейіннен тұрақты үлкен мекенге айналған.
Мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған ескерткіш орнатылған төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Осы ордан шыққан топырақтан сыртқа дуал тұрғызылған. Бұл жерде қала жұртында қоныстанудың бірнеше кезеңі болғаны айтылады.
Жанкент пен Жетіасар – тарихи орын
Ортағасырлық Жанкент қаласы – IX-XI ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы. Ортағасырлык араб деректерінде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадиса, ал-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау деп көрсетілген. Ал түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Бұл атаулар қазақша аудармасында «жаңа қала», «жаңа қоныс» мағынасын береді екен.
Ең алғаш рет 1867 жылы П. Лерх және геодезист М. Приоров Жанкентте археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы С. Толстовтың жетекшілігімен алғаш әуеден суретке түсіріп, жоспарын жасалған.
Археологтің мәлімдеуінше, 2005 жылдан бастап Жанкент қаласының орнында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Ресей ғылым академиясы Этнология және антропология институтының және Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының біріккен археологиялық экспедициясы тұрақты түрде қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сонымен қатар сыр өңірінде сақ дәуірінің Шірік-Рабат мәдениетінен кейін Жетіасар қалашығы бой түзейді. Сол заманда бұл Орталық Азия халықтарының этногенезінің қалыптасуына орасан зор ықпал етеді. Жүздеген жылға созылған атақты Жетіасар мәдениеті Қуаң бойында қанатын жаяды.
Бұл біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдықтың соңы мен VIII-IX ғасырларға дейін тіршілік етіп, жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қала бой көтерген. Дерекке сәйкес оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-ден топ-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен Ескідариялықтың ондаған ұсақ тарамы мен қолдан қазылған арықтарының бойына салынған. Қазір қалашық үйіндісінің биіктігі 18-20 метрге жетеді. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген.
Жетіасар шатқалында 1946-1948 жылдары ХАЭЭ алғаш археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде С. Толстов тұңғыш рет жетіасар мәдениеті қалаларын құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты үш топқа бөледі. Соның ішінде зәулім ғимараттары бар бекіністі үй-жайлар, мықты қорғаныс жүйесі мен көптеген әртүрлі үлгідегі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар анықталған.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде ортағасырларда қайта суланған Іңкәрдарияның және Жаңадарияның жағалауларында көптеген бекіністі қала пайда болғаны нақтыланған. Соның негізінде Жетіасар шатқалының солтүстік-батысында, қазіргі Сырдарияның сол жағалауында Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар бой көтереді. Сол сияқты Арал теңізінің шығыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент сынды «батпақтағы қалалар» мәдениеті қалыптаса бастайды.
Қазба жұмыстары не көрсетті?
Жалпы, Сыр бойын жағалай қоныстанған ескі қалашықтарда тұрған адамдар негізінен егіншілікпен айналысқаны қазба жұмыстары барысында нақтыланып отыр. Соның ішінде Шірік-Рабат мәдениеті тоқтағаннан кейін өңірде су арнасының ауысып кеткені байқалған. Соның салдарынан халық жаппай көшуге мәжбүр болған. Ал Жетіасар мәдениеті тұсында қалалар балшықтың үстіне тұрғызылыпты. Сондай-ақ қалалардың бір-біріне өте жақын орналасқаны анықталып отыр. Бұл да сол заманда Сыр бойында су арналарының көп болғанын аңғартса керек.
Жалпы Сыр бойынан 150-200-ге тарта ескі қалалардың орны табылып отыр. Бұл қалалардың бірі мықты бекіністі болса, келесісі ашық қоныс түрінде тұрмыс кешкені дәлелденген. Археолог мұндай ескі қалаларды зерттеу жұмыстары жыл сайын жалғасып келе жатқанын алға тартады. Биылғы жылы ежелгі кезеңдерден Жакент, Қышқала, Қаратау беткейіндегі Сығанақ сынды ежелгі қалаларға қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген тың дерекке қол жеткізіліп отыр.
«Біздің зерттеу нысанымыздың бірі – Жанкент бұған дейін ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген деп айтылып келген болатын. Алайда 2005 жылдан бері қарай жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұл қала жайында 250-ге жуық нақты датаны анықтадық. Соның негізінде бұл қаланың тарихы VI-VII ғасырға тұспа-тұс келетінін дәлелдей алдық. Бұл әлем бойынша бір ескерткішті зерттеу барысында қол жеткізген жетістігіміз деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар кейбір деректерде Шыңғыс ханның әскері Жанкент қаласын басып алғаны айтылады. Бірақ зерттеу барысында Шыңғыс ханның әскері келемін дегенше Жанкент өркениеті толық тоқтағаны белгілі болды. Яғни, Шыңғыс хан жорығы басталғанша 200 жыл бұрын Жанкент қаласының өмірі тоқтаған. Бұл да тағы бір тарихи қате деректерді нақтылап отыр», – дейді орталық жетекшісі Әзілзан Тәжекеев.
Оның айтуынша, сонымен қатар Жосалы кенті аумағындағы Ордазы қалашығына да зерттеу жұмыстары жүргізілген. Сол аумақтағы Қорқыт ата кешеніне жақын орналасқан Сортөбе 1, Сортөбе 2 және Сортөбе 3 қалашығы VII-IX ғасырларда өмір сүрген деп болжанған.
Негізінен, тарихи деректерде Қорқыт бабамыздың Жаркентте өмір сүргені, сол жерде ханның уәзірі болғаны жайында деректер айтылады. Ал Сортөбе 1 қалашығындағы үйлердің ішкі құрылымы мен жиһаздары бұл қалашықтың Қорқыт ата дәуірімен тұспа-тұс келетінін көрсетіп отыр. Яғни, зерттеу нәтижесі бұл аумақ та ертеде оғыздар қонысы болғанын айғақтай түсті. Сонымен қатар Сортөбе 2 қыпшақтар мекендеген қала болуы мүмкін деген де деректер таптық. Қызылорда қаласы маңында ежелгі Қышқаладан ашылған медресенің орны, Арал теңізінің кепкен табанынан Алтын Орда дәуіріне тиесілі ескі қалашықтың табылуы да үлкен жұмыстардың нәтижесі саналады. Осыған қарап Қышқала сол кезеңдегі Алтын Орданың негізгі бөлігі болғаны да болжанып отырғанын мәлімдеді.
Жалпы, археологтің пікірінше, Жент қалашығының негізгі орны әлі күнге дейін нақтыланбаған. Сонымен қатар тарихи мәліметтерде қате деректер көп. Ал жүйелі түрде зерттеу, қазба жұмыстарын тиянақты жүргізу үшін көп жағдайда қаржы тапшылығы пен маман жетіспеушілігі қолбайлау болатынын алға тартады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы