Ақпараттық қосымшалардың арқасында адамдар күнделікті тұрмысын өз уақыты мен ыңғайына икемдеуге әуес. Инновациялардың көмегімен күрделі іскерлік операцияларды жүзеге асыру үшін уақыт тығыздығы, жер қашықтығы деген ұғымдар кедергі болудан қалып бара жатқаны да рас. Осы ретте IT саласының мамандарын көптеп даярлау, оларды қолдау уақыт талабы болып отыр. Жас мамандардың айтуынша, елімізде венчурлық қаржыландыру мен инвестиция тарту мүмкіндігі өте аз. Бүгінде 90-95 пайыз IT маман иелері қолдаудың жоқтығы салдарынан шетелге кетуге немесе басқа кәсіппен айналысуға мәжбүр. Ғазиз Құлахметпен болған әңгімемізде отандық ғылымның жетістіктері, бүгінгі IT саласындағы мәселелер туралы сөз қозғадық.
– Ғазиз мырза, сіз депутат кезіңізде еліміздегі мүгедектігі бар азаматтардың жағдайына баса мән беруге үндейтін сауалдар жолдадыңыз. Айтыңызшы, бұл мәселеде біз қандай шаралар қабылдауымыз керек?
– Бізде бір жарым миллионнан аса адам қауіпті, ауыр өндіріс орындарында жұмыс істейді. Оның 900 мыңы ер адамдар болса, 600 мыңға жетер-жетпесі әйел адамдар. Қауіпті, ауыр өндірістерде жұмыс істейтін адамдардың зейнет жасын неге қысқарту керек? Ең алдымен жұмыссыздық мәселесін шешу маңызды. Одан бөлек, біздің кеншілеріміз бен шахтерлардың өз кәсіби сырқаттары бар. Шахтада жұмыс істейтін адамдардың буын аурулары, тыныс жүйелерінің аурулары көптеп кездеседі. Сондай сырқаттар нәтижесінде зейнет жасына жетпей денсаулығын құртып, дүние салып жатқандары да жоқ емес. Мүгедектердің саны да көбейіп жатқаны жасырын емес. Әлбетте, кездейсоқ жол апаттары мен түрлі жағдайға байланысты мүгедек болып жатқандар мен тұқым қуалайтын жолмен мүмкіндігі шектеліп жатқан адамдар да бар. Сондықтан қолдан келетін дүниелерді профилактикалық жолмен шектеу мүмкіндіктерін қарастырғанымыз жөн. Өндіріс орындарындағы шынайы жағдайларды қарастыруымыз үшін бізге нақты ақпараттар мен деректер керек. Еліміз 2017 жылы денсаулық режимі деген халықаралық келісімшартқа қол қойған. Яғни, онда өндіріс орындарында жарақаттану мүмкіндіктерін шектеудің қандай жолдары бар деген секілді ішкі ережелері қамтылған. Сонымен қатар қазіргі басты мәселелердің бірі жастардың ауыр жұмыстарға баруға ниетінің жоғы болып тұр. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Біріншіден, рас, неге жастар ауыр жұмыстан қашады деп айтуымызға болады. Бірақ білімі бар адам неге ауыр жұмыстарға бару керек деген мәселе де бар. Жалпы, жастар баратын жұмыс орындары көп пе? Бұл да өз кезегіндегі басты мәселелердің бірі. Мүгедектердің саны мен екі жыл бұрын депутат болып келген кезімде 695 мыңнан асатын, бүгінде 700 мыңнан асып кетті деген ақпарат бар.
Мысалы, қанша адам ауыр жұмыс орындарында жұмыс істейді, олар қанша уақыт сайын медициналық тексерулерден өтеді. Бірақ көп жағдайда жұмыс берушілер көп ақпаратты жасырады. Ауыр өндірістерде құлақтың естуі нашарлап қалатын жағдайлар бар. Сол құлақтың мүкістігін болдырмау үшін қандай жағдайлар жасау керек. Жұмыскерлердің құлағына арнайы құлаққаптар кигізу керек деген секілді. Ал жұмыскерлер көздеріне түрлі жағдайдан қорғайтын арнайы көзілдіріктер кию керек. Мұндай техникалық сақтық шаралары қолданылмайтын жағдайлар көптеп кездеседі. Осындай еңбек мәдениетіне келуіміз керек.
– Мемлекет басшысы соңғы уақыттары IT мамандарын көптеп даярлауға тапсырмалар беріп, көңіл аударып келеді. Осы ретте біздің елімізде IT мамандары көбіне елімізден гөрі шетелде жұмыс істеуге ынталы болып келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Бізде Үкімет болсын, салалық министрлік болсын, алдағы болашаққа мақсат қойған кезде ол мақсаттың толық мүддесін аша білу керек. Мәселен, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «100 мың IT маманын үш жылда дайындауымыз керек», – деді. Бұл мәселе реттілік пен нақтылықты қажет етеді. Мысалы, IT саласының өзі бірнеше салаға бөлінеді ғой. Компьютер жөндейтін мамандар бар, компьютердегі кейбір операцияларды орындайтын мамандар бар. Бағдарламаларды ойлап табатын мамандар бар деген секілді. Осылардың қайсысына нақты көңіл аударуымыз қажет?! Мәселе – осында. Егер адамдардың ақпараттық технологиялар жайлы сауаттылығын арттыру арқылы IT мамандарын 100 мыңға көбейтеміз десек, онда, әрине ол мақсатқа жетуге болады. Ал жастардың шетелдерге кетіп қызмет етуін мен қалыпты дүние деп қабылдаймын. Жастарды тек елішілік жобалармен қалып қойғаны дұрыс емес. Егер оның жобалары жалпы адамзат игілігіне арналған жоба болса, ол алпауыт компаниялардың қатарын толықтырып жатса, неге бармасқа?! Қарапайым ғана, Индрайвер қосымшасын алып қарайықшы, Якутск қаласында ғана пайда болған қосымша бүгінде халықаралық сипат алған үлкен компанияға айналып үлгерді. Егер бизнес идеяның өміршеңдігіне көзі жетіп тұрса, табандылығы болса, жақсы командасы болса, неге тәуекел етпеске?!
Жалпы, шетелде идеяларын бірнеше миллион долларға сатып жатқан мәліметтер кездеседі. Бізде идея тапшылығы бар. Идея көп дейміз, бірақ қай идея өміршең, оған да назар аударған жөн. Мысалы, бізде графикалық ойындар жасау да кемшін түсіп жатыр. Қарапайым Беларусь мемлекеті осы графикалық ойындар жасауда қазір алдыңғы орындарда.
– Жас кәсіпкерлерді қолдау, стартаптарға қолдау көрсету елімізде қаншалықты? Елімізде кейбір жобалардың аяқсыз қалып жататыны туралы жағдайлар жиі ұшырасады.
– Жалпы, жас кәсіпкерлерді қолдау үшін елімізде нарықты қорғау шараларын жасау қажет. Елімізде IT мамандары көп ақша табады деген ұғым қалыптасқан. Егер әрбір адам өз саласының нағыз маманы болса, сол саласында жақсы қаражат табуына мүмкіндік мол. Жастардың өздерінің жобаларын іске асыра алмауының басты себебінің бірі – тәжірибенің жеткіліксіздігі дер едім. Бизнес саласында жүрген адамдардың өмірлік тәжірибесі болады. Біздің елімізде кез келген бір жобаға патент алу, лицензиялау деген оңай шаруа емес. Бұл жағдайда біздің қабылданған заңдарымыз да күрделі. Бірнеше сатыдан тұратын күрделі процесті бастан кешіруді жастар көп көтере алмай қалып жатады. Сондықтан олар бастаған жобаларын жарты жолдан тастап кетеді. Сонымен қатар кез келген стартаптың командасына да байланысты. Командаға нағыз мамандарды тарту да бір мәселе. Кез келген кәсіпкер өзінің бастағалы отырған кәсібінің өміршеңдігін бағдарлай алуы қажет. Мысалы, осы салада «бизнес-періштелер» деген кәсібіңізге инвестиция салатын компаниялар бар. Біріншіден, «бизнес-періштелер» сіздің бизнес-идеяңызға мән береді, бизнес жоспарыңызды қарайды, солайша бастағалы отырған кәсібіңіздің өміршеңдігіне бағдар жасайды. IT саласы – әлі мүмкіндігі толық ашыла қоймаған сала. Кез келген IT жобаны іске асыру үшін маркетингтік шығындар туралы да ұмытпауымыз керек. Жалпы алғанда, жастарға барлық жағынан қолдау керсетіп, олардың жобаларын дамыту керек: гранттар бөліп, инвестицияларды тарту қажет.
– Президент биылғы Жолдауында жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлау қажет екенін айтып еді. Бұл салаға бет бұруға қалай қарайсыз?
– Ең алдымен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін түсініп алуымыз керек. Жасанды интеллект сіздің айтқан сөзіңіздің, атқарған іс-әрекеттеріңіздің математикалық есебін шығарып отырады, алгоритмдерді ұсынады. Жасанды интеллекттің жұмыстарын қадағалау үшін де адам керек. Біз ЖИ-ді ешқашан қателеспейді деп айта алмаймыз. Бірақ қателесу мүмкіндігі аз болуы мүмкін. Мәселен, оның мүмкіндіктерін біз медицинада толық қолдана алмаймыз. Неге? Өйткені сырқат адамның дәлме-дәл диагнозын анықтап қана қоймай, оның ем-шараларын жүргізу үшін ота жасау керек пе, әлде қажеті жоқ па, соны анықтау үшін бірнеше жылдық тәжірибесі бар кәсіби дәрігердің көмегі керек болады. Себебі дәрігер ондай жағдайларда қалай әрекет ету керек екенін біледі. Енді кадрларды даярлауға келейік. Негізі, бұл эволюциялық жолмен дамитын сала. Егер ел ішінде отандық IT саласының мамандары аз болатын болса, кадр даярлаудың да мүмкіндіктері кеми бермек. Сондықтан ең бірінші біз IT мамандарының саны мен сапасын арттыруымыз қажет. Біздің Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәібі министрлігі экспорттық дәрмені бар компаниялардың экспорттық әлеуетін жетілдіру үшін АҚШ-та Silk Road (Жібек жолы) деген арнайы хаб ұйымдастырып жатыр. Бұл жобаны егер отандық IT компаниялар кремний алқабына немесе АҚШ нарығына шыққысы келетін болса, бастапқы көмекті көрсету үшін ұйымдастыруда. Ол жерде қазір Әсет Әбдуалиев деген жігіт басшылықта қызмет атқарып жатыр. Сондай ақпараттық технологиялық орталықтар, яғни біздің ұғымымыздағы хабтар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңіріне, Араб елдеріне және өзге де өсу мүмкіндіктері бар аймақтарға қарай тартылуы керек. Африка құрлығы әлі дами қоймағанымен, әлеуеті толық зерттеле қоймаған өңірге жатады. Халық өсімі өте жоғары. Ертеңгі сіз өндіретін өнімнің тұтынушыларының көбею мүмкіндігі кеңейе түсуі мүмкін. Коммерциялық мүмкіндігін ойлайтын компания осы бастан Солтүстік Африка, Мысыр елі, Алжир, Марокко секілді елдермен болашағын жоспарлап көргені дұрыс болуы мүмкін. Сондай-ақ біздегі нарықтағы IT мамандардың көзқарасын, танымын кеңейту үшін арнайы акцелерациялық бағдарламалар бар. Сауд Арабиясында «гараж» деген акцелерациялық бағдарламасы бар, сол секілді Google-дың да осындай бағдарламалары бар. Соған қатысу арқылы IT нарығындағы бизнесті жасақтау, бизнестің құрылымын жүргізу, оның оң мен солын тануға көмек беретін іс-әрекеттермен танысасыз. Бұл саяси шешіммен реттей салатын дүние емес. Оларды да үйрететін орта керек. Біз де әлі ондай орта қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан да «экспорттық компанияларға жағдай жасау керек, сатып алуда да оларға басымдық беріңдер» деп біздің Мемлекет басшысының айтатыны – осы. «100 мың IT маманын дайындау» деген кезде де негізгі идея осыдан туған болуы керек. Салалық министрлік жыл сайын «цифрлы көпір» деген іс-шара өткізеді. Соның биылғы іс-шарасының негізгі тақырыбы жасанды интеллект болмақшы.
– Келешекте көп дүниені жасанды интеллект алмастырады деген қауіп басым. Бұдан қорқуымыз керек пе? Әлде дұрыс қабылдаған жөн бе?
– Әлемде ертең осы ЖИ бізге өзіміздің ақпаратымызды өзімізге қарсы қолдануы мүмкін бе деген алаңдаушылық бары рас. Бұл туралы фильмдер де түсіріліп жатыр. Бірақ біз заманның дамуына орай икемделіп, бейімделу жағын көбірек ойлануымыз керек. Оның пайдасын көбірек анықтауымыз керек. Айталық, экономист мамандарының кәсіптік тұрғыда алдағы он жылда келешегі бар ма? Мәселен, қазір бухгалтердің оқуын оқу шарт емес, арнайы қосымшаларды меңгеріп, курстарға қатыссаңыз жеткілікті. Сондай-ақ жаңа мамандықтар да пайда болып жатыр. Қазір әлеуметтік желілердің дамуына орай инстадизайнер, таргет мамандары пайда болды. Біз кәсіби мамандықтардан бөлек, қосымша дағдыларға қарай кетіп бара жатырмыз. ЖИ-ді меңгеру арқылы сіздің нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігіңіз арта түседі. Цифрлы әлем адамның күнделікті өмірін өзгертуге, өмір сапасын арттыруға көмектеседі. Неге бүгінде Каспий теңізінің астымен байланыс жүйесін салғысы келіп жатыр. Себебі мамандардың айтуынша, ол идея жүзеге асатын болса, біздің ақпарат тасымалдау жылдамдығымыз 3 секундқа арта түседі. 3 секундтың өзі өмірлік маңызды шешімдер үшін маңызы зор болмақ, тіпті адам өмірін сақтап қалуға да болады деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан А. ХАСАН