9 күн торқалы той керек пе?
9 күн торқалы той керек пе?
591
оқылды
Қазақта «тамырын табу» де­ген жақсы сөз бар. Бұл – идеоло­­гиямен үндес ұғым. Халқы­мыз бір кездері «жаңа күнді» бас­­қаша қарсы алып жүрді. Қа­зір ескіні жаңғыртып, тарих бетін ашып, өткенмен көрі­сетін мезгіл. Осы тұста нау­рыз ме­ре­кесін 9 күн тойлау туралы ұсы­ныс күн тәртібіне шықты.  Ұсы­ныстың бағыты дұрыс бол­ған­ымен, концепциясы шикілеу.  Наурыз – тұтастық мейрамы. Түбі бір түркінің қазаны қайнап, әсем әуен дала кезіп, арқа-жарқа болатын күн. Ішкі-сыртқы тоң еріп, түстік пен теріскей түйісетін шақ. Әрине, мұның бәрін 2 күннің ішіне сыйдыру мүмкін емес. Өйткені әр күннің жоралғысы мен әдебі бөлек. Сенбесеңіз, тарихи жазбалармен танысып, мәдениет­танушылардың пікіріне құлақ салыңыз. Немесе кө­р­ші­лердің жаңа жылын қалай тойлай­тынын еске түсіріңіз. Солтүс­тіктегі Ресей мен шығыстағы Қытай он күндеп демалыс жариялайды. Мәселен, Қытайда туыс-туғанын былай қой­ғанда, шетел аралап кететіндер көп екен.  

Бұл жоба 7 жыл бұрын басталған

Қазаққа да осындай болмаса да, осыған ұқсас аралық керек-ақ. Құп дегендей орталық комму­ни­кациялар орталығында өткен бас­пасөз мәслихатының бірінде әз Наурызды 9 күн тойлау туралы ұсы­ныс тасталды. Ұсыныс деген­нен гөрі құрылымын бекіту деге­ні­міз жөн болар. Себебі осыдан бі­раз жыл бұрын мерекені 9 күн той­лау қолға алынған еді. Бұл ту­ралы Мемлекет басшысының бас­­пасөз хатшысы Берік Уәли тәп­тіштеп айтып берді. «Наурыз мейрамын 9 күн бойы атап өту бастамасы жаңа дү­ние емес. Алғаш рет 2013 жылы сол кез­дегі Оңтүстік Қазақстан об­лысында мейрам осылай ме­ре­келенген болатын. Сол кезде біз әр күнге жеке атау беріп, мерекені шы­нымен халықтық мейрам қы­лу­ға мұрындық болғанбыз. Онда ар­дагерлерді ардақтау, өткенге тағ­зым, қайырымдылық жасау, ме­реке қарсаңында сенбілік ұйым­дастыру тәрізді бірқатар жаңа­лық енгізген едік. Өйткені Нау­рыз мей­рамының ежелгі кон­цепция­сында мұндай шаралар бар. Айта­лық, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, үй-жайды тазалау, дас­тар­қан жаю тәрізді салт біздің сө­зі­мізге дәлел. Оның үстіне Мәш­һүр Жүсіп Кө­пейұлының жазуына қарағанда мейрамды ұзақ тойлап, Наурыз­дама беру бұрын қазақта кең тарапты. Ал бастаманы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов қолдап, 14 наурыздан 22 Наурыз мерекесі өзінің түп негізіне орал­ған еді әрі іс жүзінде халықтық мейрамға айналған болатын. Ке­йін бұл бастаманы бірқатар облыс қолдады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысында мейрамды 9 күн атап өту қолға алынған еді» деп ұсыныстың дереккөзін көрсеткен Берік Уәли мерекені республикалық деңгейде кең көлемде тойлауды құптай­тынын атап өтті. Ал мәдениеттанушы Серік Ерғали болса, неліктен 9 күн екеніне тоқталып, Наурыз-Фест атты жобасымен таныстырды. Неге жобаны қозғап отырмыз? Өйткені аталған баспасөз мәсли­хатында 9 күнге атау беріп, тойлау концепциясын көрсетті. Мысалы, 14 наурыз – Көрісу күні, 15 нау­рыз – Шежіре күні, 16 наурыз – Жайлау күні, 17 наурыз – Игі іс күні/дарқандық күні, 18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні, 19 наурыз – Зияткерлік күні, 20 наурыз – Жоралғы күні, 21 нау­рыз – Ұлттық тағамдар күні мен 22 наурызды Бұқара күні деп бел­гілеген. Кейбір атауды оқығанда миығыңыздан күлдіңіз, білем. Себебі Наурызды тарихын білген де, білмеген де жоғарыдағы атау­дың бірімен-бірі қабыспайтынын түйсінеді. Осыған байланысты Серік Ерғали түзген құрылым мерекенің ажарын аша түсетінін байқадық. Әрі мәдениеттанушы 9 күннің сырын ашып, тойлаудың мақсатын айқындап берді. – Бұл жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыздың 20 томдық кітабының 8-томында жазады. Әкесі Бұқара хандығына жібереді. Елге барса Абдулла атты қазақ текті хан наурызды 1-нен 8-іне дейін бейресми түрде мерекелей­ді. Юлиан күнтізбесі бойынша 1-і – қазіргі күнтізбемен 14-і, 8-і дегеніңіз – 21 наурыз. Иран мем­лекеті тойлауды 14 наурыздан бастайды. Бізде көп нәрсе ұмы­тылып қалды. Ресми түрде наурыз мерекесін атап өту 21-22-сіне көшіп, ғұрпы мен жоралғысы 14 наурызда қалып қойды. Ол қазір көрісу күні болып кетті. Олай құндылықты бұрмалауға бол­майды. Қазақта амал күні деген жоқ. Амал сөзі «қамал» деген жұлдыздың аты. Сондықтан қазақ қамал келді деп айтады. Күн 12 шоқжұлдызды аралайды. 14 наурызда күн тоқты шоқжұл­дызына жақындайды екен. Оның маңдайында қамал деген жұлдыз бар. Ежелгі астрономдар ба­қылағанда күн мен қамал шоқ­жұлдызының беттесіп, бір сызық­тың бойына тұратынын байқаған. Яғни, күн мен қамал шоқжұлдызы бір-бірімен көріседі. Міне, осы жолы жер бетіне көктем орнайды. 13 наурызда 90 күн қыс шығады. 14-нен бастап тоң еріп, көктемнің алғашқы күні басталады. Көктем­нің бірінші күні – 14 наурыз, – дейді Серік Ерғали. Сондай-ақ мәдениеттану­шы­ның айтуынша, әр күннің өзіндік салты бар. Мәселен, 14 наурызда ел бір-бірімен көрісіп, құттық­тайды. Екінші, жасың құтты бол­сын деп айтады. Бұлай айтатын себебі – жыл жаңарады. Қазақтар бұрын туған күнін тойламаған. 14 наурызда бәрі жиналып, бір-ақ тойлаған. Үшінші ғұрпы – бір-біріне жолдық беріп, сый ұсынған. Наурыз ресми түрде 8-9 күн, бей­ресми түрде 30 күн мерекеленген.  

Бір-біріне қатысы жоқ ұғымдардың қойыртпағы

Ал қазіргі тойлау күні атау­ларына Серік Ерғалидың даты бар. Бастапқыда концепциясын өзі құрғанын айтқан ол бұрма­ланғанына күйінішін білдірді. «Шежіре күні, Жайлау күні деген менің атауым емес. 9 күн тек наурызға қатысты болуы керек. Мәселен, шежіре деген мүлдем басқа нәрсе. 3 ай жаз жайлау бо­лады. Мұның наурызға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, солтүстік облыстарда жайлауды көрмейсің, қар басып жатады. Қалайша жайлау дейсің? Қисынға келмейді. Тек қана наурызға қатысты ұғым мен ғұрыпты ашып, соларды паш ететін атау керек», – дейді ол.  

Той тойлау демалыспен өлшенбейді

Тойлату – жөн іс. Алайда 9 күнді шырайын кіргізіп әспеттеу үшін апталық демалыс қажет пе деген мәселе тағы бар. Осы орайда, ел арасында 9 күн демалыс жайлы айтылып жүр. Бірақ пікір алуан­дығы тағы бар. Мәселен, Прези­денттің баспасөз хатшысы 9 күн мерекелеу деген сонша тәулік демалыс болсын дегенді білдірмейтінін нұсқады. «Тек әр күнге белгілі бір мазмұн қосуды көздейді. Әрі бастаманы рес­публикаға таратып, мейрамды ел бойынша айрықша сипатта тойлау үшін әлі де пысықталуы тиіс мәселелер бар деп ойлаймын. Ауа райы жағдайынан бастап, аймақ тұрғындарының белгілі бір дәстүрі, салт-санасын, өңірдің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерін назарда ұстаған жөн», – дейді Берік Уәли. Ал этнолог Серік Ерғали біз­ден басқа халықтың барлығы жаңа жылында демалатынын алға тартты. «Мәселен, Қытай да, Қырым мен Еуропада жұмыс істемейді. Орыстар күнтізбелік жаңа жылында 10 күн бойы ішіп-жеп жатады. Біз неге демалмасқа? Жалпы, өз басым мерекені дема­лыс етуге, демалысты мереке ету­ге қарсымын. Бірақ Наурыздың орны бөлек. Мұнда балаларға ка­никул беру керек деген ұсынысын қолдаймын. Мұғалім мен студент, оқушы демалу қажет. Бұл кезде аурудың өршитін тұсы, оқудың керегі жоқ. Мерекені шат-шады­ман көңіл күймен тойлап, айна­лаңды тазалап, осындай ұлттық деңгейдегі құндылықты паш етуміз қажет», – дейді ол. Қос пікірдің де маңызы бар. Шешім – жоғары жақтың енші­сінде. Бірақ мерекенің қай кезде мәні болып, шырайы кіретінін ұмыт­паған абзал. Мысалы, 8 нау­рыз бен жаңа жылдың жөні басқа екенін белгілі. Неліктен? Өйткені ол күні баланың көңілі тоқ, әйел жадырап жүреді. Яғни, әйел кү­лім­десе, әлем құлпырады. Ал жаһан­ның «жайсаң» күйге енгенін көру үшін демалыс қажет-ақ. Егер Нау­рыздың 9 күндік торқалы тойға, баланың асыға күтетін мерекесіне айналғанын қаласақ, жоғарыдағы ұсынысты шолып өткен дұрыс.   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ