Облыстың әр аудан, қала, ауылынан арнайы шақырылған еңбеккерлерді құттықтауға облыс басшылығы атынан келген облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли өңір экономикасының әр саласында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген озаттарды марапаттады.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары облыс экономикасының берік іргетасын бірлесе қалап, қажырлы еңбек үлгісін көрсеткен еңбек ардагерлері мен қазір де өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында, шағын және орта кәсіпкерлікте, өнер мен мәдениетте, денсаулық сақтау мен білім беру, әлеуметтік салада тер төгіп жүрген еңбеккерлер әулеттерін айрықша атап кетті.
– Еңбек қай кезде болса да еленуге тиісті. Адамның жетістікке жетуі, сол арқылы қоғамның бақуатты болуын қамтамасыз етуі әрдайым құрметтелуі керек. Кез келген еңбекқор жанның басты қасиеті – өзі жүрек қалауымен таңдаған кәсібін сүйіп, атқаратын ісін жауапкершілікпен қарап, мамандығына адалдық таныту. Жетісу өңірінде 700 мың халық болса, соның 300 мыңға жуығы экономиканың әр саласында шама-шарқынша еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне, ел экономикасының еңсе тіктеуіне үлес қосуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке бөленеді» деген болатын. Облысымызда ауыл шаруашылығын дамытудың, шағын және орта бизнесті қолдаудың іргелі бағдарламалары іске асырылуда. Кәсіби мамандар даярлау саласында сапалы өзгерістер жүзеге асырылып, дуалды білім жүйесі енгізілуде. Еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың деңгейі көтеріліп, еңбек қатынастары туралы заңдар жетілдіріліп, кәсіподақтардың беделі нығаюда. Ел экономикасының қалыптасуы мен дамуына, Қазақстанның өркендеуіне аға буынның, өз ісінің нағыз мамандарының қосқан үлесі өте зор, – деген Рустам Әли еңбегімен ерлеген адамдарды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Жер ұйығы Жетісудан абыройлы ісі мен еңбекқорлығының арқасында жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген 100-ге жуық Социалистік Еңбек Ері шыққанын да тілге тиек етіп, олардың есімі ел тарихына мәңгілікке таңбаланғанын айтты.
Мерекелік шара барысында әр салада жемісті еңбек еткен, білімді де білікті мамандар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, алғысхатымен марапатталды. Бірінші кезекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Еңбек жолы» облыстық байқауында жеңімпаз атанғандарға құрмет көрсетілді. Осы байқаудың «Ең үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Талдықорған қаласының тұрғыны, ұлттық дәстүрді дәріптеуші Әуесхан Мажайға 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. «Ең үздік жастардың тәлімгері» аталымында жеңімпаз атанған Алакөл ауданының тұрғыны, «Абдрахманов К» шаруа қожалығының басшысы Жайыл Әбдрахманов та 300 мың теңгенің сертификатын иеленді. «Ең жас кәсіпорын жұмысшысы» аталымында алдан көрінген Көксу ауданының тұрғыны «Жарқын» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жарқын Бекзардың еңбегі де 300 мың теңгемен марапатталды. Бұдан кейін әр сала бойынша үздік атанған бір әулеттен шыққан еңбеккерлерге кезек келді. Оларға алғысхаттар мен қаржылай сыйлықтар берілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша Шариповтар, құрылыс саласында елеулі еңбегімен танылған Кенженовтер, ауыл шаруашылығында өзіндік қолтаңбасы бар Алпысбаевтар, құқық қорғау саласында Исмаиловтар, білім беру саласы бойынша Қыстаубаевтар, мәдениет саласы құрметке бөленген Қалибек әулетіне облыс әкімінің алғысхаты мен 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар өз ісінің кәсіби мамандары атанған түрлі сала қызметкерлерінің еңбегі 100 мың теңгенің сертификатымен еленді.
Шара соңына таман сөз алған марапат иесі Жайыл Әбдрахманов ағамыз: – Дана халқымызда «Ердің атын еңбек шығарады» деген тәмсіл бар. Біздің осы күнге жеткеніміз – еңбектің арқасы. Мен қызметімді Алакөл ауданындағы балық комбинатынан бастадым. Зейнетке шыққанша осы салада табан аудармай қызмет істедім. Қазір отбасымызбен мал шаруашылығымен айналысамыз. Өскелең ұрпақ еңбекке бет бұрса, еліміздің экономикасы өсетіні анық. Сондықтан жастарды тәрбиелеуден ерінбеңіздер. Еңбегімізді елеп, игі шара ұйымдастырып отырғандарға алғыс білдіреміз, – деді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт марапат алған еңбеккерлерді құттықтады. Соңынан салтанатты шараға келген көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы