Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал салтанатты шараның ашылуында Қазақстанның көк байрағын бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден көшбасшымыз Надежда Дубовицкая ұстап шықты.
Жазғы Азия ойындарында 8 спорт түрінен Париж Олимпиадасына жолдама беріледі және 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Сайыстың алғашқы күндерінде-ақ Қазақстан қоржыны олжамен толықты.
Еленаның жолдамасы «жол ашты»
Қазақстандық спортшы Елена Потапенко Азия ойындарында әйелдер арасындағы бессайыстан жеке жарыста 5-ші орынды иеленді. Осылайша, ол келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Соңғы кезеңге дейін Елена Потапенко жалпы есепте 8-ші орынға ие болды, бірақ мылтық атуда сәтті өнер көрсетіп, алғашқы бестіктен орын алды. Қазақстандық спортшының қорытынды нәтижесі – 1 340 балл.
– Мен осыған дейін айтқанымдай, Азиадаға қатысудың бір мақсаты – Париж Олимпиадасына лицензия алу. Біздің спортшылар 8 спорт түрінен Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін сынға түсіп жатыр. Елена Потапенконы жетістігімен құттықтаймын және оған Парижде сәттілік тілеймін, – деп мәлімдеді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Көп ұзамай бессайыстан ерлер арасында бақ сынаған Георгий Борода-Дудочкин Париж Олимпиадасының екінші жолдамасын иеленді. Ұлттық құрама атлеті финалда 10-орынға тұрақтады. Ереже бойынша үздік бестікке кірген мемлекет жолдамаға иелік етеді. Георгий 10-шы болғанымен ол Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайдың бірнеше спортшысына есе жіберді. Бұл елден тек бір ғана адам лицензия алды. Тағы Қазақстан мен Таиланд атлетіне бір-бір жолдама берілді. Ал бессайстан басқа спортшыларымыз, Кирилл Стадник 13-орынға, Павел Ляшенко 16-орынға, Темірлан Абдраимов 17-орынға табан тіреді. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы – 4-сатыда.
Дзюдошылар төрт медаль еншіледі
Ал дзюдошы Абиба Әбужақынова Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды. Ол финалда 3 дүркін әлем чемпоны, 2018 жылғы Джакатадағы Азия ойындарының жеңімпазы жапониялық Нацумо Цунодаға есе жіберді. Абиба – әйелдер арасында дзюдодан сары құрлық ойындарының финалына шыққан Варвара Масяинадан кейінгі (1998 жылы) екінші спортшы. Ұлттық құрама спортшысы Ханчжоудағы алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын вазари әдісімен, сосын Солтүстік Корея палуанын ұтты. Ал жартылай финалда оңтүстіккореялық Ли Хек Енг ескерту алып, Әбужақыноваға жол берді.
– Негізі, бұл қарсыласыммен әлем чемпионатының ширек финалында кездескен едім. Азия ойындарында екеуіміз финалда жолығатынымды іштей сездім. Мен барлық қарсыласыма дайындалып келдім. Жарақаттан емделіп шыққаннан кейін алғаш медаль алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта алтынға күш саламын. Бұйырса, Париж төрінде жеңімпаз тұғырынан көрінуге тырысамын, – деді Абиба Әбужақынова.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова биыл ақпанда Португалияда Гран-При бәсекесінде топ жарған (әйелдер арасында) тұңғыш қазақ дзюдошына айналған. Сондай-ақ ол – Отгонцэцэг Галбадрахтан кейін қазақстандық арулар арасынан әлем чемпионатында медаль алған спортшы.
Абибаның жеңісті жолын дзюдодан Мағжан Шамшадин жалғастырды. Ол қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін күресте отандасымыз Тәжікстаннан келген палуан Мерзод Суфиевті жеңді. Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтті. Ол бұған дейін ширек финалда Солтүстік Корея спортшысы Кванджин Чаэні вазари әдісімен жеңді. Жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ли Харимге жол берді.
Ал жарыстың екінші күні дзюдодан қыздар арасында 63 келі салмақта күрескен Есмигүл Куюлова Өзбекстаннан келген қарсыласын жеңіп, қола жүлдені иеленді. Белдесудің негізгі уақытында өзбек қызы базари ұпайымен алда тұрған, негізгі уақыттың түгесілуіне 8 секунд қалғанда Есмигүл әдіс жасап, таразы басын теңестіріп, қосымша уақытта қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Жеңісті жолдың ізін суытпай дзюдо күресінен Абылайхан Жұбаназар да қола медаль иеленді. 81 келі салмақта белдесуге түскен Абылайхан жартылай финалға дейін қарсыластарын айқын жеңген. Бірақ жартылай финалдық тартыста тәжікстандық Соман Махмадбековке есе жіберді. Қола медаль үшін тартыста өзбекстандық Мусо Собировты жықты.
Қазақстан қоржынына келесі медальді оқ атудан Никита Чирюкин салды. Ол оқ атудан 25 метрге жылдам атылатын тапаншамен сайыс финалында үшінші орынға табан тіреді. Ал алтын медальді қытайлық Ли Юхонг еншіледі.
Ел рекордын жаңартты
Сондай-ақ Азия ойындарында су спорты түрлерінен сайысқа қатысқан екі спортшы Қазақстан рекордын жаңартты. Ел құрамасынан Әділбек Мусин 100 метрге еркін әдіспен жүзуден жарысқа қатысты. Финал сатысында ол мәреге жетінші болып жетті. Көрсеткіші – 49.10 секунд. Ал Аделаида Пчелинцева 50 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында бақ сынады. Финалда Аделаида мәреге бесінші (31.04) болып жүзіп жетті. Осылайша, Қазақстан рекорды жаңарды. Сонымен қатар су добынан бірінші жарыста Қазақстан әйелдер құрамасы Сингапур командасын 9:5 есебімен жеңді.
Ал спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов ат үстінде жаттығу бойынша финалына шықты. Ал шахматтан Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева турнирдің алғашқы екі турында жеңіске жетті. Гандболдан әйелдер құрамасы топтық кезеңде Тайланд құрамасын 44:20 есебімен ұтты. Теннисшілеріміз де жарысты сәтті бастады. Бейбіт Жукаев жекелей сайыстың екінші раундында Тәжікстан спортшысы Фируз Мухидиновті жеңді – 6:0, 6:0. Біздің екі команда ерлер арасындағы жұптық сайыстың екінші кезеңіне өтті.
Көктем ҚАРҚЫН