Қазақстандық боксшы 57 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда оңтүстіккореялық Ичань Лимен қолғап түйістірді.
Азия ойындары: Махмуд Сабырхан алғашқы қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты
2,553
оқылды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында әлем чемпионы Махмуд Сабырхан келесі кезеңге өтті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық боксшы 57 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда оңтүстіккореялық Ичань Лимен қолғап түйістірді.

Махмуд биыл Ташкентте өткен әлем біріншілігінде 54 келіге дейінгі салмақта үздік шыққан еді.

Бірінші раундта бес төрешінің төртеуі басымдықты қазақ боксшысына берді. Екінші кезеңде қарқынын үдеткен Махмуд қарсыласын нокдаунға жіберді. Үшінші раундта да еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Есеп – 5:0.

Осылайша, Махмуд Сабырхан 1/8 финалға жолдама алды. Ол жартылай финалға шығу үшін солтүстіккореялық боксшымен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сәкен Бибосыновтың Азия ойындарында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасы нысана көздеуден күміс медаль алды.

Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты.

Фото:dynamo.kz