Президенттің бұл бағытқа маңыз беруі қазір креативті индустрия экономиканың құрамдас бөлігі ретінде қарқынды дамуда, тіпті экономиканың өзге салаларын жетілуін ынталандыратын күшке ие.
Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық креативті экономика және тұрақты даму жылы» деп жариялап, креативті адамдардың шығармашылық жұмысын қолдауға мән берді. Ізінше біздің Үкімет Креативті индустрияларды дамытудың 2021–2025 жылға арналған тұжырымдамасын бекітті. Яғни, саланы жетілдіруге басымдық беріп, негізгі операторы ретінде Ұлттық экономика министрлігін белгіледі. Алайда әлемнің озық елдеріндегідей креативті бизнес дамыту дей алмаймыз.
Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, ел тұрғындары көз көріп жүрген бизнес түрлерінен өзгесіне бет бұра бермейді. Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарына ұсынылған бизнес-идеяларды қарайтын болсақ, тігін тігу, торт пісіруден аспайды. Әрине, бұл бағытта жұмыс істеп, табыс тапқанына қарсы емеспіз, қайта қуанамыз. Бірақ екінің бірі айналысуға қолжетімді болғандықтан, бәсеке жоғары, қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан креативті индустрияның мүмкіндіктерін халыққа жан-жақты түсіндіру жолға қойылғаны дұрыс.
Екіншіден, креативті экономика саласын жетілдірудің заңды тетігі әлі нақтыланып, жүйеленген жоқ. Креативті бизнесті мемлекеттік қаржылай қолдау, инвестиция салғандағы жеңілдіктерді қарастырған дұрыс.
Үшіншіден, креативті экономикаға жататын бизнес түрлерін қайта қарап, ауқымын кеңейту керек. Мәселен, Таиландта креативті салаға ұлттық тағамдар мен медицинаны қосады. Бұл жағын да қайта қарастырған жөн.
Төртіншіден, Кореяда креативті контент агенттігі (KOCCA) саланың дамуына жауапты. Бұл ведомства киноиндустрия саласынан бастап дыбыс жазу мен музыка өндеу, компьютер және виртуалды ойын түрлеріне дейін сүйемелдейді. Бүгінде Оңтүстік Кореяда креативті индустрия жетекші сала саналады. Осындай тәжірибені ескеріп, біздің елде де арнайы агенттік құру маңызды. Алматы қаласының Креативті индустрия басқармасының тәжірибесін зерделеп, өзге облыстарда да құру керек.
Бесіншіден, елде креативті индустрияны қолдау қорын ашу мүмкіндігін қарастырылса, болмаса «Қазақстан халқына» қоры арқылы қаржыландыру жағын қарастырған дұрыс деп санаймыз.
Бүгінде креативті экономика өндірістік экономиканың ауқымындай табыс табуға мүмкіндік беруде. Озық елдердің экономикасындағы ЖІӨ 15 пайызына дейін креативті экономика саласынан келеді. АҚШ, Қытай, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея сынды елдер креативті экономика саласында көшбасшы елдерге айналу үшін стратегиялық бағдармалар қабылдап, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқаруда. Жапонияда еңбекке жарамды халықтың 12 пайызы жаңа бизнес-модель бағытында еңбек етеді. Күншығыс елінің ірі-ірі мегаполистері креативтілікті жан-жақты дамуда. Енді шағын қалаларда бизнестің бұл түрін дамытуға мән беруде. Әлем бойынша креативті орталық ретінде Нью-Йорк қаласы бағаланады. Барселона, Берлин, Лондон, Лос-Анжелес, Париж, Сан-Франциско, Сингапур, Сидней, Сеул, Токио кіреді. Креативті орталықтардың негізгі ерекшелігі – талант иелерін көптеп тартып, саланың кластерленуіне мән береді. Демек шағын қалалар мен облыс орталықтары креативті индустрияны дамыту үшін талант иелеріне жан-жақты жағдай қалыптастыруы керек. Онсыз креативті бизнес дамымайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы, Астана және Шымкент қаласынан бөлек, өзге облыс орталықтарында креативті бизнестің дамуына мән беруді тапсырды. Бұл тапсырманы орындау үшін креативті индустрияның кластерленуіне басымдық беру қажет.
Креативті индустрия саласында ең табысты саналатын Голливудтың тәжірибесін алайық. Алпауыт кинокомпаниямен бірге шағын-шағын студиялар дамып келеді. Мәселен, фильмге сценарий жазу және түсірім алаңын табу, әртістерді дайындау және таңдау, түсіру және өңдеу, кинопракаттарды жарнамалау және сату кіреді.
Қысқасы, креативті экономиканы дамытуда креативті тұлғаларға жағдай жасап, шығармашылығын қолдай білуіміз керек. Өңір әкімдері осындай қарапайым міндетті жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
Данабек ИСАБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Amanat» партиясы
фракциясының мүшесі