Дегенмен кез келген экономикалық даму жоспарының жүзеге асуы ең әуелі қаражатқа келіп тіреледі. Ал әлемдік экономикадағы өзгерістер отандық өнеркәсіптің жаңа тынысын ашуға мүмкіндік бере ме? Инвесторлар үшін қазір ел экономикасына қаражат құю қаншалықты тиімді? Осы сұрақтар төңірегінде Қазақстанның Мұнай сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов өз ойларымен бөлісті.
– Дүниежүзілік банк соңғы баяндамасында әлемдік экономиканының даму көрсеткіші баяулайтынын болжаған. Әлі де шикізат экспортына тәуелді ел ретінде біз бұл болжамнан қандай қорытынды шығаруымыз керек?
– Соңғы жылдары дүниежүзілік экономикадағы қарым-қатынас бұзылды. Себебі, Ресейге салынған санкциялар жақын арада алынбайды. Қазір Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстар әлемде тек қана тауар тасымалдау жолдарының жаңадан салынуына ықпал еткен жоқ. Сонымен қатар экономикалық байланыстардың өзі түбегейлі өзгеріп жатыр. Мәселен, Ресей әлемдік нарықтағы үлкен ойыншылардың бірі. Сондықтан ондағы шикізат экспортының төмендеуі әлемдік өндірісті құбылтпай қоймады. Осы тектес алдын ала жасалған сараптамаларға сүйенсек, болашақта үлкен өзгерістердің күтіп тұрғаны анық. Одан бөлек, Еуразиялық Одақ немесе Кеңес үкіметінен қалған экономикалық байланыстар себепті біз әлі де Ресей экономикасына тәуелдіміз. Осыған дейін халық санының басымдығына сәйкес көптеген Еуропалық өндірістер Ресей өңірінде шоғырланды. Сондықтан біз еуропалық тауарлардың көпшілігіне солтүстік көршіміз арқылы қол жеткізіп келдік. Қазіргі таңда геосаяси ахуалдың әсерінен сол өндіріс орындарының барлығы жаңа қоныс іздеуде. Бүгінде ең үлкен «соғыс» – бұл инвесторларға деген талас. Ал отандық бизнес әлі де ауқымды мега-жобаларды қаржыландыруға дайын емес. Елімізде өндірісті немесе орта және кіші бизнесті қаржыландыру институттары жеткілікті. Тіпті, ауылшаруашылығын дамытуға негізделген әртүрлі бағытта жұмыс істейтін тоғыз шақты қаржы институты бар. Бұлардың бәрі отыз жылда экономикамызды дөңгелетіп әкете алмағандықтан, отыз күнде қандай да бір нәтиже күту қисынсыз. Сол себепті осы кезеңге дейін ең тиімді шешім – инвестор тарту болып келді. Бірақ қазіргі таңда инвесторлардың көбі парсы шығанағына қарап бет бұрып отыр, өйткені олардың табиғи шикізат қоры үлкен. Инвестордың оң шешім шығаруына себеп болатын алғышарттың бірі де осы – шикізат қорының мөлшері. Себебі әлемдегі экологиялық, экономикалық, саяси, тіпті, эпидемиялогиялық ахуалдың өзі әп-сәтте өзгеріп салуда. Ресей мен Украина арасындағы жағдайды айтпағанның өзінде, бізді оған дейін короновирус пандемиясы ашса алақанында, жұмыс жұдырығында ұстады. Тауар қатынасы тоқтамаса да, кәсіпкерлердің ел аралауға мүмкіндігі болмады. Осындайда «ертеңгі күнімізді не күтіп тұр?» деген заңды сұрақ туындайды. Сондықтан инвестор барынша табыс таба алатынына көз жеткізуді мақұл көреді.
– Қазір халықаралық қаржылар қаншалықты қолжетімді?
– Дүниежүзілік банктің алға қойған басты мақсаты – әлемдік экологияға орны толмас зиян келтіретін энергия көздеріне қаражат бөлуді азайту. Қалай болғанда да, бүгінгі байлықтан Жерді осы қалпында сақтап қалу мәселесі әлдеқайда қымбатырақ. Сондықтан мемлекет жасыл энергияға көңіл бөлмесе немесе жобада осындай бағдарламалар қамтылмаса, Дүниежүзілік банк қаражат беруден бас тартуы мүмкін. Осылай мәжбүрлі амалдармен өзгертпесе, адамзат өзгермейді. Қазақстан өзінің экологиясымен мақтана алмайды. Бір ғана Алматы қаласының өзі әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде. Әр қазақстандықтың мақтанышы болған мәдени орталығымыздың өзінде жағдай осындай. Сондықтан «апорт өспейді» деп байбалам салмас бұрын, неге табиғатымызды құрдымға кетіріп жатырмыз деп ойланбаймыз. Мәселен, Қытай 1,5 млрд халықты асыраудан тыс оларға таза экология сыйлау мәселесінде де ауқымды жұмыстар атқаруда. Оның қасында біз тіпті кенжелеп қалдық. Бұл – бір, екіншіден, мемлекет ретінде мұнай мен газ өндірісінен басқа инвесторларға тартымды болатын қырымызды таныта алмай отырмыз. Алтайдан қарт Каспийге дейін созылып жатқан аумақта ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалануымыз қажет-ақ. Инвестор үшін мемлекеттің саяси тұрақтылығынан тыс, адами капитал да аса маңызды.
– Отандық өңдеу өнеркәсібінің өркендей алмауына адами капитал себеп деп айта аламыз ба?
– Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджі, Астананы жаңадан қалыптастыру немесе аймақтағы логистикалық хабқа айналу секілді бастамалардың соңында жүргенде қырғыздар жеңіл өнеркәсібін жолға қойып алды. Біз әлі де Өзбекстанның ауыл шаруашылық өнімдеріне тәуелдіміз. Әлемді астықпен қамтамасыз етіп отырған ірі мемлекеттің бірі – Украина. Қазіргі таңда сол елдің астығы соңғы тұтынушыға нан ретінде жетпегендіктен, 5 млн адам наннан тапшылық көріп отыр. Бұл Қазақстан үшін бір мүмкіндік болатын, бірақ 30 жылдың ішінде осы секілді бос нарықты дер кезінде іліп кете алатын деңгейге жете алмадық.
Негізінде экономикалық даму бағдарын мемлекеттің шаруашылығын басқаратын Премьер-Министр ұсынуы қажет. Жолдауда Мемлекет басшысы өңдеу ісін дамыту туралы сөз қозғады. Мәселен, темір өңдеу ісінде Теміртау қаласы Кеңес үкіметінен бері біздің мақтанышымыз екенін білесіз. Бірақ сол темір өндіретін зауыт 60 жылдан бергі тарихында өндіріске емес, тек қана азаматтық құрылысқа арналған темір өнімдерін шығарады. Нәтижесінде, қазір зауыт-фабрикалар салатын болсақ, оған қажетті металды конструкциялардың барлығын Ресейден алуға мәжбүрміз. Темірден жасалған отандық өнімдер тек үй салуға жарайды.
– Бізде автоматтандырылған өндіріс ошақтарын көретін күннің ауылы алыс дейсіз ғой...
– Атырауда «Қазтруборемонт» деген үлкен зауытымыз бар. Қазіргі таңда Siеmens, Bosh секілді дүниежүзіне танымал үлкен өндірістің «аталарын» Қазақстанға әкеліп, солардың технологиясын енгізіп, мамандарымен бірлесіп, отандық мұнай-газ саласына қажетті дүниелерді жасап жатыр. Астананың маңында Францияның вагон шығаратын зауыты бар. Атыраудағы зауыт осы вагондарың астыңғы платформасын жасай бастады. Жақында іс-сапармен барғанымда 1 қыркүйектен бастап, темірді Ресейден алуды тоқтатып, Қытайдан тасымалдап жатқанын білдім. Сондағы мамандар: «Ресейдің зауыттары бұрынғы кеңес кезеңіндегідей жұмыс істеуде. Бірақ Қытайдың зауыттары бізді таңқалдырды. Өйткені темір шикізаты кіргеннен бастап боялған дайын өнім шыққанша бір де бір адам өндіріс басында тұрмайды. Барлығы роботтандырылған, автоматтандырылған. Адамдардың техникалық және экологиялық қауіпсіздігі сақталғаны сонша 1 шақырым қашықтықта отырып, бүкіл техниканы басқарып отыр», – дейді.
Бізде заманауи өндіріс орындары туралы дұрыс түсінік жоқ. Зауыт ашылды десе, көз алдымызға әлі күнге қаумалаған адамдар жұмыс істеп жатқан мекеме елестейді. Бірақ қазір қарапайым өндірістің өзі Mersedess, Boing секілді алпауыт компаниялар деңгейінде жұмыс істеуде. Тек елімізде сол техникаларды басқара алатын мамандар аз. Біз жастарымыздың санасын улап, еңбекті сүюге баули алмадық. Қазір осы компаниямен бірге өссем деген жастар кем де кем. Азаматтар банктің несиесімен емес, жұмыс орны ұсынған әлеуметтік пакеттер арқылы тұрмыстық ахуалын жақсартуға ұмтылса екен. Себебі кез келген мекеме мықты мамандарынан айрылып қалғысы келмейді. Соңғы кезде неге көпшілік қауым алаяқтардың құрбаны болып отыр. Мұның барлығы идеологияның дұрыс жолға қойылмағанының нәтижесі. Осылайша, өмірлік мақсаттары соншалықты арзан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Рухани жаңғыру деген кезінде үлкен бағдарлама болды, бірақ оның да түпкі мәні тарих пен салт-дәстүрімізден немесе қазіргі жеткен жетістіктерімізді жырлаудан ары аса алмады.
Үнемі кеуде соғып Қазақстан жерінде Менделеев кестесіндегі барлық элемент кездеседі деп мақтанамыз. Бірақ бұл Кеңес үкіметі кезінде Қ.Сәтпаев зерттеп қалдырған мәліметтер. Қазіргі таңда жер қойнауындағы пайдалы қазбаларымызға қатысты жаңа деректер бар ма немесе тың зерттеулер жасайтын жаңа геологтар қалыптасты ма?
– Газ өндірісі туралы айтсақ, елімізді толықтай газдандыру қаншалықты мүмкін? Неліктен бізде бұл әлі де өзекті проблема?
– Соңғы кезде жаңадан ашылған табиғи газ қорлары – жоқтың қасы. Екіншіден, мұнай-газ компаниялары өздері өндірген газды бізге бергісі келмейді, себебі мұнайға да, газға да белгіленген екі баға бар: дүниежүзілік нарық бекіткен баға, Қазақстан халқына тұтыну үшін арзандатып қойылған баға. Әрине, бірінші жолы шетелдік инвестор үшін тиімдірек. Екіншіден, мұнай саласында отырған азаматтар газды өз қажеттіліктеріне де қолданады. Мысалы, Маңғыстау облысында жарық сөніп қалған сәтте, мұнай өндірушілер газогенераторлардың көмегіне жүгінді. Өйткені мұнай шығу үшін де атмосфералық қысым қажет. Оны екі түрлі жолмен алуға болады, бірінші ілеспе газ – шығып жатқан газды қайтадан жер астына жіберу арқылы. Екінші босаған орынға су құяды.
Бизнес өз шаруашылығына мығым болмаса, «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетерін жақсы біледі. Сондықтан тиімсіз міндеттемелерін барынша азайтады. Осы себепті Қазақстан халқы жылына 18-20 млрд текше метр газ тұтынатын болса, QazaqGaz осы көлемде газ қорын табуы керек. Сол кезде ғана арқаны кеңге салып, бутан, пропан шығаратын зауыт салсақ, халыққа және өндіріске қажетті газды бере аламыз деп айта аламыз. Өйткені уран, мұнай, газ, көмір және жасыл энергетика секілді қуат көздерінің ішінде ең тиімдісі және арзаны – газ. Бұл энергия көзі техникалық және экологиялық тұрғыдан жасыл энергетика көздерінен кейінгі бірден-бір қауіпсіз қуат көзі. Салыстырмалы түрде газдың қоршаған ортаға бөлетін зиянды қосылыстары өте аз. Статистикаға сүйенсек, әлем тұрғындарының 57 пайызға жуығы газды пайдаланады. 2022 жылы өздеріңіз білетіндей, газ бағасы қымбаттаған тұста, газға деген сұраныс бұрқ ете қалды. Халық үкіметтен арзан бағада тұтынатын газбен қамтамасыз етуді талап етті. 2019 жылы Бейнеуден Қызылордаға дейін, одан бері Астанаға дейін созылып жатқан Сарыарқа газ құбырын салып бітірдік. Сол құбырдың салынуына 1 млрд АҚШ долларына жуық қаражат жұмсалды. Бірақ біз әлі де халықты толық газбен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Екіншіден, Қазақстандағы газ құбырларының барлығы дерлік жаңартуды қажет етеді. Адами фактордың үлесін азайту мақсатында бүгінде көптеген өндіріс орындары чиптар қойып, жұмыс процесін компьютерлендіруге бет бұруда, бірақ мұның барлығы қыруар қаржыны талап етеді. Газ-химия өнеркәсібіне келетін болсақ, Атыраудағы KPI зауыты 20 жылдың ішінде салынды. Қазір біз тағы да екі зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Бірақ оған қажетті шикізатты қайдан аламыз? Бұл өте ұзақ уақытты талап етеді. Инвестор болған күннің өзінде шикізат қорын табу шөмеле шөптің ішінен ине іздегенмен бірдей. Бағыңа орай табылса жақсы, табылмаса ше?
– Бұл тікелей кімнің жауапкершілігінде: ғылымның ба, мемлекеттің бе?
– Кез келген өндіріс ғылыммен егіз жүруі қажет. Мұнай-газ саласындағы StandartOil, Chevron, LukOil секілді ірі дүниежүзілік компаниялардың жанында өндірісті басқарып отырған менеджментімен қатар, үлкен ғылыми оқу орындары немесе зертханалары бар. Бізде компанияларды былай қойғанда мемлекеттік деңгейдегі ғылымның өзі тұралап қалды. Қазіргі таңда біз қандай академигімізбен мақтана аламыз? Жастардан қай ғалымды танисың десе, атын атай алмауы мүмкін, есесіне оншақты әртістер мен блогерлерді айтып береді. Бір ұйықтап тұрсаңыз, әлемде орташа есеппен 12-20 мамандық жойылып кетеді. Жаңа технология біз секілді ілесе алмай қалған елдерді сүйрелеп бара жатыр деуге де болады. Алда келе жатқан алпауыт елдердің жетістіктерінің барлығы ғылымға аянбай ақша салып жатқанының арқасында. Ғылымның дамуына толық еркіндік берген елдер соның нәтижесін көріп жатыр.
– Ғылымға еркіндік беруді қалай түсінеміз? Бізде де қазір ғылымға көптеген жағдай жасалып жатқан секілді?
– Ғылымның дамуы үшін нақты үшін түрлі жағдай қажет, біріншісі – идея ретінде қағазға түскен дүниені іске асыратын өндіріс қажет, екіншіден, сол технологияны меңгере алатын маман қажет, үшіншіден, нарықты зерттеу қажет. Шетелдік компаниялар идеясымен барған ғалымның тек авторлық құқығын сатып алады. Ал мемлекетке барар болсаңыз, қыруар құжаттың астында қаласыз. Зауыт салып берген күннің өзінде, маман таба алмай қиналасыз. Үшіншіден, теориялық тұрғыда бір бөлек, оған нарықта нақты сұраныс қандай оны да алдын ала анықтап алу қажет. Ғылымды мемлекеттік деңгейде қолдау дегенді қалай түсінеміз? Мәселен, мемлекет бір шағын қала салар болса, су, жол, жарық секілді инфрақұрылымдарын орнатып береді. Сосын тұрғындар өз баспаналарын тұрғызып алады. Ауыл қалыптасқан кезде әлеуметтік нысандар бой көтереді. Бірақ үкімет сол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтитындай жанынан шағын болса да өндіріс ошағын салмайды. Жұмыс орнымен қамтамасыз етпейді. Нәтижесінде, бұл жағдай халықты урбанизацияның құрбаны етіп немесе қалған азаматтар көлігімен жолаушы тасымалдап, күзетші болып күнін көруге мәжбүр болады.
Ғылымда да тура осы жағдай. Мемлекет грант береді, тек сол ғалымды оқытады, бірақ ол идеяның толыққанды өндіріске айналуын мақсат тұтпайды. Біз еркіндік деген ұғымды – жеңілдік деп түсінеміз, шын мәнісінде еркіндік дегеніміз – ол дәлелдеу. Мен еркін өмір сүруім үшін сен маған барлық дүниені тегін бер деген ұғымға түбегейлі қарсымын.
Бүгінде біздегі өндірістің дамымауына, электр қуатымен қамтамасыз етілмеу немесе жылу электр стансаларындағы қазандықтардың жаңармауы секілді мәселелерге түптеп келгенде мемлекеттің тарифті бір деңгейде ұстап қалуға тырысқаны себеп. Нарық субъектілеріне халыққа өніміңді арзан бер және түскен пайдадан өз технологияңды өзің жаңарт дегендей талаптар қойылады. Бірақ ол мекемеде де адамдар жұмыс істейді. Біз осылайша әлеуметтік маңызы бар өндіріс орындарының дамуына жеткілікті қаражат қалдырмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, жоспарлы экономиканың шеңберінен шыға алмай келеміз.
– Бұл мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін инвесторға арқалатумен тең секілді. Бірақ азаматтық қоғам тарапынан мемлекеттік мүддені шетелдік инвесторлардың тәуекелінен жоғары қою қажет деген талаптарды жиі естиміз. Бұған не дейсіз?
– Қазір инфляция бойынша ТМД елдері ішінде алғашқы орындамыз. Бізге инвестордың ығына жығылу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп айтудың өзі ұят. Себебі ұлттық валютамыз әлсіреп бара жатса, балансты ұстап тұру үшін интервенция жасап Ұлттық банк миллиондап, АҚШ долларын сатып алады. Бұл жай ғана далаға кеткен қаражат деп есептей беріңіз. Одан да сол кеткен ақшаға зауыттар салып экономиканы көтеруге күш жұмсауымыз қажет еді. Бүгінге дейін теңгені сүйкімді цифр қылып ұстап тұру үшін қанша қаражат жұмсалғаны туралы 30 жылда жұмыс істеген қай үкімет басшысы ашық мойындай алады? Елімізде қаншама зауыттар жұмыс істеп тұрған болса, отандық өнімдеріміз экспортқа шығып, қазіргі таңда дербестендіре алмай отырған шикізатқа тәуелді экономикалық ахуалымызды реттеуге мүмкіндік алар едік. Ұлттық негізіміз күшейген жағдайда тіпті интервенция жасаудың қажеті де жоқ. Қарызын жаба салып, банктерді де, халықты да жаман үйретіп жатқан жоқпыз ба деп ойлаймын. Өзінің алған ақшасына өзі жауапты емес, аяғында үкімет кінәлі болып шығатын адамдар сорты қайдан пайда болды? Онда әділдік үшін шағын және орта бизнес өкілдерінің де несиелерін жауып берейік. Мұның түбіне жете алмайсыз.
Экономикалық көрмелерге барсаңыз да қазақтың бауырсағы, шұбаты мен қымызы, құртынан басқа не көруге болады? Өзіміз тұтынып отырған тауарлардың 70-80 пайызын өзімізде өндірмей, ұлттық валютамызды күшейтеміз, инфляцияны төмендетеміз деу қисынсыз. Қазір не теңгені тұрақтандыра алмаймыз, не инвесторларға тиімді шарттармен жұмыс істеуге ұсыныс жасай алмаймыз.
Нарықта ең бастысы – сұраныс. Одан кейінгі орында сапа, бәсекелестік және ұсыныс жүреді. Сондықтан сұраныс туғызып, бәсекелестік орта қалыптастыра алсақ, біз инвесторға өз шарттарымызды қояр едік. Шындығында, қазіргі ішкі экономикалық заңдылықтарымыз монополистерге де, тапқан табысының жартысын тамағына жұмсап отырған халыққа да тиімсіз.
Кешегі Жолдауда QazaqGaz акциясын сатылымға шығару туралы ұсыныс болды. Осы секілді 2005 жылдары мемлекеттік деңгейде ҚазМұнайГаз акцияларын сату туралы айтыла бастады. Бірақ оның акциялары былтыр ғана сатылымға шықты. Акцияны сату дегеніміз – пайдалы компанияға айналу. Екіншіден, ол да ертең мемлекеттің халық алдындағы уәдесін орындау жолында қызмет етіп, әлеуметтік жауапкершіліктен ары аса алмай пайдаға кенеле алмаса, өндірген газын арзанға сатып, өз шығынын ақтай алмаса ше? Жоғарыда айтып өткеніміздей, кез келген экономикалық бағдарлама инвестиция арқылы жүзеге асырылады. Ал инвестормен жұмыс істеу үшін келісімді долларға негіздеу немесе тариф бойынша тиімді шарттар ұсынуымыз қажет. Әрине, өндірілген газдың 50 пайызын арзан бағада ішкі тұтынысқа өткізу қажет болса, келісімге келу қиындайды.
– Ғылымға негізделген экономика деп жатамыз, бірақ қай саланы алып қарасақ та кадр мәселесін айналып өту қиын. Біз жалпы техникаға бейім жастардың әлеуетін қаншалықты пайдаланып отырмыз?
– Мұның мынадай әдемі шешімі бар. Біз қазір 1,5 млн халық жұмыссыз деп есептейміз. Қалған 4,5 млн халық тұрақты жұмыс істеп жатыр ма? Халық арасында ертеңгі күнге деген сенімсіздік өте күшейіп кеткен. Сондықтан ең алдымен, тұрақты сенімді жұмыс орындарымен қамтамасыз етуіміз қажет.
Халық арасында үлгі тұтар тұлға қалыптастыру – қазіргі коммуникация және ақпарат құралдарының жауапкершілігінде. Бүгінгі телеарна мен әлеуметтік желілер жастарға өте үлкен зиянын тигізіп жатыр. Себебі олар мамандықты сүюді емес, жеңіл жолмен ақша табуды көп насихаттап кетті. Жылына 20 миллион тонна мұнай алу үшін жұмыс істеп жатқан бұрғылаушы әншілер мен блогерлер, не болмаса спортшылардан мәртебесі биік.
Сондай-ақ болашақпен оқып келген жастарымыздың да әлеуетін толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгінге дейін шетелде білім алып келген жастардың өз саласында өзгерістер енгізіп, алға сүйреп келе жатқанына куә боламыз деп үміт үзбедік. Дегенмен қай салада болмасын, маман тапшылығы күн тәртібінен түспей келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмила ЕРКІН