Өнім бөлісу: қазына иесінің қақысы қайда?

Ата Заңымызға сәйкес, жер қойнауындағы барлық қазына, табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Былтырғы референдум нәтижесінде Конституцияға осындай норма енгізілді. Өмірде бұл талап орындалып отыр деу қиын.

Осы орайда Парламент депутаттары Өнім бөлісу келісімшарттарына қатысты мәселе көтеріп жатыр. Себебі еліміздегі ең ірі мұнай-газ кен орындары шетелдіктердің қан­жығасында кетті. Ал жобалардағы тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайыз ғана. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында  «Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бірлестіктің мүддесін қорғау керек» деген еді. Бірақ барлық мұнай инвесторлардың әлдебір, түсініксіз шығындарын өтеуге кетеді. Елге тиын-тебені тиеді. 

Дүниежүзінде «жаһандық супергигант» (Supergiant oil fields) саналатын мұнай кен орындарының саны қырық шақ­ты ғана екен. Соның үшеуі біздің елде орналасқан, бұ­лар – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Бірақ олар ел эко­номикасының өркендеуіне «супергиганттық» ықпал етіп, орасан зор серпін беріп отыр деуге келмейді. 

2023 жылғы 12 қыркүйекте, «Ақорда» резиденциясында отан­дық бизнес өкілдерімен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осыған ренжіген. Оның пікірінше, мә­селен, мұнай сервисі саласы отандық экономиканы әр­та­рап­тандырудың және өсімді қамтамасыз етудің негізгі те­тігі болуы керек. Олай болған жоқ. Сала керісінше, ереуілдерден көз аша алмай, елдегі тұрақсыздықтың қуатты бір драйвері бол­ды. Неге? 

Өйткені Президенттің айтуынша, бүгінде Теңіз, Қаша­ған және Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жо­­ба­лаумен басқа мемлекеттер айналысып жатыр. Бұл Теңіз кен орнын келешек кеңейту (ТККК) жобасына да қа­­­тысты. 

Тиісінше, аталған әлемдік алыпта­рымыздың тізгіні де Қазақстанның емес, шетелдіктердің қолында. Олар әри­не, бірінші кезекте өз қалталарын толты­­­ру­дың қамын жасайды да, Қазақ­станды өрге сүйреуге бас қатыра бе­р­мейді.

– Олардың жобалық шешімдері қа­л­пымен импорттық материалдар мен құрылғыларға негізделеді. Бұл отандық өндірушілерді мұнай-газ саласындағы жобалардан шеттетеді. Соның кесірінен, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтың ірі жобаларындағы тауарлардың жергілікті үле­сі, яғни қазақстандық мазмұн 5 па­­­­йыз­­­­­­­­­­ға да жетпейді. Үкімет жергілікті ин­женерлер мен компанияларды мін­­дет­ті түрде тарта отырып, жобалық ди­­­зайн-офистерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мынадай «қызықты» дерек назар ау­дартады: ол қандай компаниялардың өзі өндірген әрбір тонна мұнайдан ел қазы­насына барынша көп салық төлегенін көрсетеді. Бұл ретте жер астынан жы­­лы­­на 500 мың тоннадан астам қара ал­­­тын шығаратын ірі 15 компания алынды. Еліміздегі бір жылғы бүкіл мұнай өн­­­дірісінің 92%-ы солардың үлесінде. 

Бұл көшті Теңіз, Қашаған, Қарашы­­­ғанақ бастап тұруы шарт. 2022 жылғы де­­­­­рек бойынша, ішінара ғана солай бол­ды: Қарашығанақ Петролеум Компани (ҚПО) әрбір тонна мұнайдан елге 89 мың теңгеден салық төлеп, бірінші тұ­­­ғырға көтерілді (бұрын бірінші тұғыр­да Қазгер­мұнай тұратын). Екінші орын­­ға Тимур Құлыбаевтың «Каспий нефть» компа­­­ния­­сы шықты – 71 мың теңге. Үштікті қазақ-қытай бірлескен кәсіп­орны сана­­­латын «Қаражан­­басмұнай» АҚ тұйық­­­тады: 1 тоннасынан 66 453 тең­­­геден төледі. 

Теңіз алыбын басыбайлы астына бас­­қан Теңізшевройл тек төртінші орын­­­да: 64 136 теңге. Ары қарай тізімді негі­­­­зінен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі еншілес кәсіпорындар тол­тырды. 

Масқара болғанда, супералып Қаша­­­ған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) төле­гені ащы кекесін ғана тудырғандай: 1 тонна қара алтыннан 9 257 теңгеден салық аударыпты. Сонымен бірге ол қа­зақтың қазынасын тезірек әрі көбірек өндіріп алуға жанталасуда және бұл жөнінен екінші орынға шықты. Оның алдына түскен ТШО бір жылда 26,5 мил­лионнан астам тонна, ал NCOC 16,2 миллионнан артық тонна қара алтын өндіріпті (NRG monitor дерегі). 

Қазақстанға қанша табыс түседі?

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұ­­­рынғы билік бекіткен Өнім бөлісу келі­сімшарттары (ӨБК) қазақстандық ірі кен орындарын шетелдік инвестор­лар­­­­дың қанжығасына байлап берді. Өйткені бұл келісімшарттар COST oil және PROFIT oil қағидаттарына құрыл­ған. Қара­­­­пайым тілмен айтқанда, қазақ жері­нің қойнауынан шығарылған әрбір бөш­ке-баррельді екі бөлікке бөлуге болады. 

Бірінші бөлігі инвесторлардың кен­ орнын игеруге жұмсаған шығындарын «жа­буға» бағытталады. Екінші бөлігі – инвестор-қожайынның, соның ішінде кон­сорциум қатысушыларының табы­сын, өзге де төлемдерін төлеуге кетеді. Сонда Конституцияға сай, сол ен бай­лық­тың иесі саналатын халыққа не қала­ды? Салық қана. 

ӨБК-нің қазақстандық саналы қо­ғамды, сарапшыларды кіжіндіретіні де осыдан. Әлемдегі аз шоғыр ғана «супер­­­ги­­­­ганттың» үшеуін иемденген Қазақ­­­­­стан­д­а, Ұлттық банктің дерегінше, ха­­­­лық­тың 90%-ының табысы айына 151 мың теңгеден аспайды. 

Мысалы, дамыған елдерді айтпаған­­­ның өзінде, тіпті Ресейде Өнім бөлісу келісімшарттары деген жоқ. Соның ар­қа­­сында Ресей әрбір кен орнынан түсе­тін табыстың жартысынан артығын ел қазынасына алып қояды. 

Салаға жауапты мамандар респуб­­­­ликада бекітілген әрбір ӨБК-нің төл ерек­шелігі, детальдері мен нюанстары ба­­рын алға тартып, ақталады. Нәти­­­­­­­­жесінде, әрқайсысының мемлекетке тө­­лей­­­­­­тіні келісімшарттың ерекшелік­­теріне, ӨБК бекітілген жылдағы мұнай құнына, сатылған көмірсутектің орташа құнына және басқасына байланысты көрінеді. Алайда ол келісімшарттардың егжей-тегжейін ел білмейді. Билік әлі күнге жасырып ұстап отыр. 

Осыған байланысты Мәжіліс депу­таттары халық тілегіне құлақ асатын мем­­­лекет қағидаты аясында Өнім бөлісу келісімшарттарының жай-жапсарын жұртшылыққа жария етуді сұрай бас­тады. Биылғы сәуірде «Ақ жол» партиясы Үкіметке тиісті депутаттық сауалын жол­даған. Таяуда Мәжілістің жалпы оты­­­рысында бұл мәселені депутат Ба­қытжан Базарбек көтерді. 

«1997 жылдан бері елдегі барлық мұ­най кен орны инвесторлардың қо­­лында: оның ішінде «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қаша­ған» да бар. Өкінішке қарай, олар­ға қатысты шетелдік инвес­­­­торлар­мен ара­­­­­да бекітілген келісім­­шарттардың бү­­ге-шіге­сін халық осы уақытқа дейін біл­мей­­ді. Конституция бойынша ха­лық – жер­­дің және жер қойнауындағы бай­­­­­­­­­­­­­­лық­­­­­­­тың иесі. Әлгі келісімшарттар қан­дай талап­­­тар­­­­мен бекітілген?» – деген депутат Үкі­­мет­­­­­­­­­­­тен еліміздегі үш супер­гигантқа қа­­­­­тыс­­­­­­­­­­­­­­­т­ы ӨБК шарттарын ашып, халыққа жа­­­­­­­­­­рия­­лауға қаншалықты дайын екенін сұ­­­рады. 

Үкімет өкілдері оған дайын емесін мәлімдеді. 

«Халықаралық талаптарға сәйкес, бұл келісімшарттар екі жақтың өзара келісімі болса ғана жарияланады. Егер келісімді жария ету талабы нақты қойыл­­­са, онда біз аталған үш алпауыт кен ор­­­­­нының иелеріне тиісті талапта­­­­рымызды қоятын боламыз», – деді Энер­­­­гетика вице-министрі Асхат Хасенов.

Ол ӨБК-лер мүлдем құпия еместігін, оларға қатысты кейбір ақпарат жария­­­­ланып тұратынын жеткізді. 

«Өнімді бөлісу келісімшарттарына қатысты арнайы тұрақтылық берілген. Олардың шарттары қайта қарауға жат­пайды. Бірақ олар туралы мүлдем, еш­­қандай ақпарат жоқ деуге болмайды. Ашық ақпараттар бар: олардың эколо­­­­­гиялық міндеттемелерінің орындалуы, қанша салық төлеп жатқаны, қандай өңірлерге әлеуметтік-экономикалық кө­­мек көрсететіні анық. Келісімшарт­­тарға қосымша басқа да шаралар қам­тылуы үшін Мәжіліс пен Үкімет ара­сында ар­­­­найы жұмыс тобы құрылды, оған депутат Еділ Жаңбыршин басшы­­­лық жасайды. Сол жұмыс тобында қандай ақпарат­тарды ашық жариялау бойынша жұмыс істей­­­міз», – деді Энергетика вице-министрі.

Бөлісу емес, қанау сияқты

Бұған дейін тараған дерек бойынша Қазақстан тарапы тек бір ӨБК бойынша 2022 жылдың қорытындысында инвес­­­торларға 2 млрд 595 миллион доллар немесе 1,2 триллион теңге артық төлен­­­­ге­­­­нін анықтап, дауласып жатқан көріне­ді. Сарапшылар жалпы сома бұдан әлде­қайда көп екеніне сенімді. 

Мұнай-газ саласының сарапшысы, Мұнай сервисі компаниялары одағының басшысы Нұрлан Жұмағұловтың мәлі­­­­метінше, Қашағанның ӨБК-сі бойынша өтелетін шығындарға қатысты дау сома­­сы 15 млрд доллардан асып кеткен. 

«2022 жылға арналған жылдық есе­­­бінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­­­сы дауға іліккен өтелетін шығындардағы өз үлесі былтырғы 31 желтоқсанның өзін­­де 2,6 млрд долларға жеткенін мә­лім­деді. ҚМГ-ның Қашағандағы үлесі 16,88% екенін ескерсек, даулы шығыс­­­­­тар­­­ға қатысты претензия сомасы 2023 жыл­­­­дың басында 15,4 млрд доллар­­дан асты! Себебі, бұған дейін даулы шы­­­ғыс­тардың ауқымы 13 млрд долларға жет­­кені жария болған. Бірақ бұл сома 2010-2018 жылдарды, яғни жаңа, қазіргі менедж­­мент келгенге дейінгі кезеңді ғана қам­­­тиды. Содан бері даулы шығыс­­­­тар ауқы­­мы бірнеше миллиардқа өсті», – деді сарапшы. 

Атап өту керек, бұрынғы жылдары Қа­­­­­­шаған жобасы бойынша уәкілетті ор­­­­ган функциялары Энергетика ми­­­­нистр­­­лігіне берілген еді. Ал 2016 жылғы 20 мау­­­­­сымда Қазақстан Үкіметі №355  қау­­­­­­­­­­­­­лы­­­­­­­­­­­сымен «PSA» ЖШС-ін Өнім бөлісу келісімшарттары бойынша уә­кілетті ор­­ган ретінде бекітті. 2022 жылғы 9 жел­­­тоқ­­­­­сан­­­­нан кейін «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры осы «PSA» ЖШС-і­нің жалғыз қатысушысы болып та­­­­­­ныл­ды. 

Демек, ӨБК саласының тізгіні Са­мұрық-Қазынаның қолына табысталған. Компания ӨБК-лерге қатысты өзгеріс­тер енгізуге тырысуда. Мысалы, Қашаған жобасында теңіз түбін тереңдету жұмыс­­­­­тарына бағытталған 280 млн долларды «PSA» тарапынан өтелетін шығынға жатқызудан бас тартты. Ол шығысты инвесторлар өздері көтеруі тиіс. 

Әйтпесе, Өнім бөлісу шартындағы ол­қылықтарды пайдаланып, жатжұрттық инвесторлар яхта, вилла сияқты қымбат сатып алуларын, әлем бойынша саяхат­­тарын да ӨБК шығыстарына жатқыза салғаны айтылып жүр. Оларды қазақ елі өз мұнайымен өтейді. Үкімет енді ғана азу танытып, кейбірін өтеуден бас тарта бастады. Инвестор болса, «Қайда бара­­сың, келісім бар, төлейсің» деп табан­дайды.

Қалай болғанда, бәрін халықаралық арбитраж шешеді. Тараптар төрелік сұ­рап, соған жүгінді. 

Елдос СЕНБАЙ

© коллаж: Елдар ҚАБА