Бұл идея лоббишілерінің басты ұраны – мемлекетке тиесілінің бәрі халыққа тиесілі. Жағдай расымен солай ма? Елде мемлекеттік меншіктің алғышарттары бар ма?
Бірінші пікір: «Мемлекеттік меншік – зұлымдық»
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев – өнеркәсіпті толықтай мемлекеттік меншікке өткізуге түбегейлі қарсы. Оның айтуынша, әртүрлі елдердегі барлық экономикалық күйреу осыдан басталған. Осылайша, ол бір кездері Оңтүстік Америка құрлығындағы ең бай елдердің бірі болған, қазір кедейшілікке белшесінен батқан Венесуэланың тарихын мысалға келтіреді. Бәрі мұнай-газ секторы кәсіпорындарын мемлекет меншігіне айналдырудан басталған еді.
«Мемлекеттендіру дегеніміз не? Өзіңіз тұрып жатқан жеке пәтеріңіз бар делік, бір сәтте мүлкіңіз әкімдіктің пайдасына мемлекет меншігіне алынады деген қаулы шықты. Енді сіздің пәтеріңіз мемлекет меншігінде, мәселен, онда әкімнің орынбасары тұрады. Сонымен бірге ол үшін сізге белгілі бір сома төленуі мүмкін немесе олар сізге ештеңе бермеуі мүмкін. Мұның бәрі іс жүзінде қалай жүзеге асады деген сұрақ туындайды», – деп түсіндіреді сарапшы.
Оның пікірінше, мемлекеттендіру еш уақытта жақсылыққа әкелмейді. Өйткені ол әрқашан дерлік жыртқыштық – рейдерлік тартып алу болады.
«Мемлекеттендіру» – қорқынышты сөз, ол нарықтық экономикамен байланысы бар барлық адамның қорқынышы. Бүгінгі таңда ірі жекеменшік кәсіпорындарды мемлекет меншігіне беруді жақтап жүргендер – популистер немесе табыстың бір бөлігін өз қалтасына басқысы келетіндер. Барлығы мемлекет меншігінде болған, кәсіпкерді алып-сатар деп санаған кешегі кеңестік дәуірді сағынатындар да бар. Айтпақшы, алыпсатар сөзінің посткеңестік елдердегідей теріс мағынасы басқа еш жерде жоқ. Басқа елдердің бәрінде бұл бір нәрсені сатып алып, сататын саудагер, оның еш айыбы жоқ», – дейді Чеботарев.
Оның пайымдауынша, уақытында көпшілік мемлекеттендіруден эйфорияны сезінуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Дегенмен бұл қысқа мерзімді әсер болады.
«КСРО кезінде зауыттарды мемлекеттендірген кезде, бәрі қуанды, өйткені «олар оны байлардан алып, кедейлерге берді» деген иллюзия болды. Бірақ соңында бәрі де кедей болып қала берді. Біз қазір нарықтық экономикадамыз. Мемлекеттендіру – бұл мемлекеттің әрбір нақты жеке кәсіпорынмен мәселені шешудің жолы, ықпалы қалмаған кездегі соңғы қадам. Ал егер Қазақстан кенеттен мұны жүзеге асыруға шешім қабылдаса, санкциялар бірден келетінін түсіну маңызды, өйткені бұл нарықтық мінез-құлық емес», – деп атап өтті Андрей Чеботарев.
Инвестициялық ахуалдың толықтай тозуы, мемлекеттік аппараттың амалсыз шектен тыс кеңеюі және тиімсіз басқару түптеп келгенде тоқырау мен банкроттыққа әкеледі. Сарапшы мемлекет ең жақсы басқарушы емес екенін және бұл мемлекеттенірудің тиімділігіне күмәнданудың басты себептерінің бірі екенін алға тартады.
«Егер мемлекет жекеменшік иесіне қарағанда бизнесті жақсы басқара алады деп есептесе, менде оған жағымсыз жаңалық бар – бұл мүмкін емес. Ал бұл бүкіл әлемге белгілі факт. Кез келген жеке компанияның мақсаты – ақша табу, бұл мәселеде мемлекеттің проблемалары бар. Оны кім басқарады? Министрліктерде кеңсе қызметкерлері бар, олардың көбісі саладан тыс адамдар болуы қалыпты жағдай. Олар, мысалы, болаттың қалай өндірілетінін емес, процестердің қалай жүретінін түсінуі керек. Олар өндіріс қызметкерлері емес, шенеуніктер», – деп атап өтті сарапшы.
Ол сондай-ақ ірі жекеменшік кәсіпорындардың мемлекет қазынасына ғана емес, қоғамға да денсаулық сақтау, білім беру, ТҮК және т.б. салаларда түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы нақты пайда әкелетініне баса назар аударады. Мемлекеттің басты міндеті басқару емес, реттеу деп санайды Чеботарев. Кәсіпорынды жекеменшікке тартып алмай, сол жерге ақша салып, одан табыс тауып, міндеттемесін орындайтын жақсы инвестор келетіндей жағдай жасау керек.
Қаржы сарапшысының пікірінше, мемлекеттендіру қайта жекешелендіру әдісі ретінде ғана мүмкін.
«Егер мемлекет өнеркәсіптік нысанды заңсыз алған немесе инвестициялық келісімшартты орындамаған деп есептесе, мысалы, Екібастұз ЖЭО-дағыдай жағдай болса, онда қайта жекешелендіру туралы сөз болуы мүмкін. Мұның барлығын сотта дәлелдеу керек, тек соның негізінде ғана онымен келісімшарт бұзылып, кәсіпорын алынып, жаңа иесіне беріледі», – деп түсіндіреді сарапшы.
Сонымен бірге, оның айтуынша, әрбір нақты кәсіпорынға қатысты әрбір іс жеке қаралып, тек заң аясында әрекет ету керек.
«Біздің салада бәрі нашар және оны жаңа иелеріне беру үшін барлығын бәрінен тартып алу керек деп айта алмаймыз», – деп атап өтті ол.
Жалпы, ол Қазақстанда мемлекеттендіруге алғышарттардың жоқтығына және үкімет дұрыс шешім қабылдайтынына сенім білдірді.
Екінші пікір: «Барлығы біз ойлағандай емес»
Экономист Әнуар Нұртазин, өз кезегінде, бүгінде мәселе мемлекеттендірудің қажеттілігінде емес, 90-жылдардағы жекешелендірудің қаншалықты ашық әрі қажет болғанында екенін алға тартады.
«Сол кездердегі мәмілелерді жасау шарттары күні бүгінге дейін барша қазақстандық үшін жұмбақ күйінде қалып отыр. Валюта ағынын өндіруші компанияларды жекешелендіру әлі күнге дейін жеті мөрдің астында, десе де, Конституцияда ұлттық қазына болып саналады. Тиісінше, оларды жекешелендіру күмән тудыратындықтан, оларды мемлекет меншігіне алу қисынды болар еді. Дегенмен бұл қадамға бару үшін саяси ерік, тиімді мемлекеттік аппарат, басқару және т.б. керек. Алайда күш-жігерді үйлестіру үшін тағы бір фактор – мақсатты тұжырымдау өте маңызды. Кәсіпорынға қатысушылар белгілі бір дәрежеде не және не үшін істеп жатқанын түсінуі керек (басшылар мұны анық түсінгені жөн).
Әрине әдеттегідей немесе заттардың қалыптасқан тәртібіне байланысты әрекет етуге болады. Шындығында, сұр көпшілік «экономикалық» дәстүрлерге және ортаның бұйрығына көзсіз мойынсұну арқылы дәл солай әрекет етеді.
Белгілі бір деңгейде мақсатты тұжырымдау мағыналарды тудырудан ажырамайтын болады. Қарапайым тілмен айтқанда, мақсатты анықтау үшін біз түптеп келгенде нені қалайтынымызды түсінуіміз керек және бұл жерде «біз» дегенде адамдардың белгілі бір қауымын ғана емес, олар қалыптастыратын жүйелі тұтастықты – ұлт пен мемлекетті меңзейміз.
Демек маңызды нәрсе туралы айтатын болсақ, мақсатты тұжырымдауды әдеттегі жағдай көкжиегінен жүйелі деңгейде асу қажеттілігінен бөлек қарастыру мүмкін емес.
Стратегиялық мақсаттар белгіленіп, Қазақстан болашағының жаңа экономикалық моделі құрылуы керек, өкінішке қарай, бүгінде ондай жоқ», – деп атап көрсетеді экономист.
Ол экономиканы ақылға қонымды мемлекеттік реттеуді – патернализмді жақтайды, бұл әсіресе Жапонияда сәтті қолданылып келеді және Қазақстанда да қолданылуы мүмкін.
«Нарықта мемлекеттің тамыр жаюының еш мәнісі жоқ салалар бар, бірақ мемлекет салауатты, адал бәсекелестіктің дамуы үшін жағдай жасауы қажет.
Мысалы, кафелер, бутиктер, жеке қосалқы шаруашылықтары және сол сияқтылар – бұл жерде мемлекет араласпауы керек, өйткені ол жерде монополия жоқ, тек реттеуді қажет етеді. Бірақ табиғи монополиялар саласында басты ойыншы мемлекет болуы керек», – дейді сарапшы.
Сондай-ақ Әнуар Нұртазин мемлекеттендіру кезінде бәрі оңай емес екенін – жақсы және жағымсыз жақтары да бар екенін айтады.
«Артықшылықтары қатарында – директивті басқару, қысқа тетік және белгілі бір мәселелерді жылдам шешу мүмкіндігі; кемшіліктері – нарыққа шамадан тыс әсер ету», – деп санайды ол.
Экономист бұл істің ықтимал тәуекелдерін де атап өтті.
«Мәселе қожайындардың бұған қалай жауап қайтаратынында, бұл базардағы әженің шемішкесін тартып алу емес екенін түсінетін шығарсыз. Әдетте ірі бизнестің артында үлкен қаржылық мүмкіндіктері бар. Мыңдаған заңгері және тіпті жеке әскері бар адамдар тұрады. Осының бәрін біз отаршылдық экспансия дәуірінде бастан өткердік. Баяғы «АрселорМиттал» немесе ТШО, бәрібір, олар Қазақстаннан үлкен. Бұл жерде ештеңе бізге тиесілі емес екенін халық түсінуі керек», – деп ескертеді Әнуар Нұртазин.
Оның пікірінше, қарапайым азаматтар үшін белгілі бір компания иесінің ауысуы көп өзгеріс әкелмейді.
«Қарапайым халық сауатсыз қаржы саясатының тұтқыны, ұлттың амандығы тек билеушінің еркіне байланысты. Өйткені сол Теңізді бүгін біреулер басқарып, ертең басқа біреулер иелік етсе де, сіз бен біздің дастарханымызда артық бір үзім нан да пайда болмайды», – деп түйіндейді сарапшы.
Үкімет не дейді?
Еске салайық, мемлекет меншігіне алу мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың активтерді қайтару туралы бастамасы аясында талқылана бастады. Дегенмен Президент айтқандай, адал бизнес пен шетелдік және қазақстандық инвесторлар үшін қорқатын ештеңе жоқ. Жақында қабылданған заң экономиканы жақсартып, әлеуметтік жіктелу мен бытыраңқылыққа жол бермеуі керек.
«Бізде адал және патриоттық бизнес әрқашанда жоғары құрметке ие және мемлекеттің қорғауында болады. Егер бұрын алынған барлық капитал тек меншік иесінің игілігі үшін ғана емес, сонымен қатар ұлттық экономиканың игілігі үшін, Қазақстанның гүлденуі үшін жұмыс істесе – бұл ақшаның қайнар көзі туралы сұрақтарды жоққа шығару үшін жақсы дәлел», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қатысты жағдайға тоқталып, мемлекеттендіру тақырыбында сөз қозғады. Ол компания күшпен тартып алынбайтынын хабарлады.
«Біреу біреуден активтерді мемлекеттендірудің қандай да бір әлеуетті тетігін тартып алады деу – Қазақстанда мұны жасау (екіталай – ред. ескерт.), біз бұған куә болмаймыз деп үміттенемін. Өйткені бұл инвестициялық ахуалға үлкен соққы болмақ. Белгілі бір кәсіпорынның акционерлер құрылымында өзгерістер болса, бұл біздің Азаматтық кодексімізге шарттық құқықтық қатынастар негізінде сәйкес жүзеге асады. Сондықтан біреуден бірдеңе тартып алады деген тұрпайы әңгімеге жол бермейік. Келісім-шарттық-құқықтық қатынастар бар, солардың аясында инвесторлармен жұмыс істейтін боламыз», — деді министрлік басшысы.
Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, мемлекеттендіру туралы сөз болғанда қазақстандық менталитеттің ерекшеліктеріне байланысты тәуекелдерді жоққа шығаруға болмайды. Басшылыққа өздерінің достары мен туыстарын шақыратын адамдар келуі мүмкін, бұл тәжірибеде талай болған. Сонымен қатар жобаны іске асырудың толық дамымаған жүйелі нарықтық тәсілін ескеру қажет.
Нәтижесінде, мемлекеттендірілген немесе қайта жекешелендірілген активтер өз құнын және бәсекеге қабілеттілігін тез жоғалта бастауы мүмкін, бұл оларды кейіннен жекенің қолына қайтадан сату туралы жаңа шешімдер қабылдауға алып келеді.