Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысты.
Сындарлы дипломатияның уақыты келді
786
оқылды

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Олаф Шольцке алғыс айтып,  «С5+Германия» диалогының өзектілігін атап өтті.

Президент ынтымақтастықты дамытудың ба­сым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтуді басты міндет ретінде атады.

– Германиямен жалпыаймақтық сауда-саттық қар­қынды дамып келеді және өткен жылдың қо­ры­тындысы бойынша оның көрсеткіші 11 мил­лиард долларды құрады. Осы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Біз ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын қо­сымша 100 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экс­портты ұлғайтуға дайынбыз. Бұл жерде мұнай хи­миясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері ту­ралы сөз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара тауар айналымының өсімі аймақ елдерінен им­порт­талатын өнімдерге қатысты ұзақмерзімді ке­лі­сімшарт жасауға,  сондай-ақ Еуропа одағының Бас жүйесіндегі жеңілдіктер (GSP+) сияқты Ор­та­лық Азия мемлекеттеріне де арнайы сауда жеңіл­діктерін ұсынуға ықпал ете алады. Президент сауда шарт­тарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін салалық ведомстволардың басшылары дең­гейін­­де бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы санкциялық текетірестерді айып­тап, шектеусіз және кедергісіз сауда-саттықты жақ­тады.

– Қазақстан санкциялық текетірестерге қарсы. Өйткені саяси тұрғыда негізделген шектеулер халықаралық қатынастардағы жалпы ахуалға сызат түсіреді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтас­тықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен бірге біз аймақтық саясаттағы санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүрміз. Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өзара тиімді фор­муласын табу үшін сындарлы дипломатияның уақыты келді деп санаймыз. Мен бұл туралы жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы  сессия­сының мінберінде сөйлеген сөзімде айттым. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды және инвестициялық ынтымақтастық орнатуды жақтайды. Құрметті Канцлер, кеше эко­номикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде Сізбен және Германияның жетекші компанияларының басшыларымен табысты келіссөз жүргіздім. Мұндай ықпалдастықтың келешегі жарқын болады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда Орнықты егіншілік­тің аймақтық орталығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, аталған орталық теориялық әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізуге және коммерцияландыруға септігін тигізе алар еді. Мемлекет басшысы инвестициялық  серік­тестікті одан әрі дамытудың перспективасы зор екеніне назар аударды.

– Германия 30 жылдан астам уақыт ел экономикасының негізгі инвесторларының қатарында келеді. Қазақстан ГФР-мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді және ESG қағидаттарын сақтай отырып, неміс инвесторлары үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа Германия­ның ірі банктерін тарту инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.  Сонымен қатар Президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды.

– Бүгінде Орталық Азия аймағы жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді. Осы ретте өңір «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағыны­ның көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, сондай-ақ бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары әлемдік нарықтағы титан мен басқа да материалдарға деген тапшылықтың орнын толтыруға әзір. Бұдан бөлек,  Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты  Орталық Азия аймағы үшін аса қауіпті сын-қатерлерге назар аударды. Мемлекет басшысы Германияның жеке жобалары арқылы, сондай-ақ Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдар аясында осы және өзге де қауіп-қатерлерге тойтарыс беру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады.

Қазақстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды. Оның пікірінше, бұл елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін қолдауды жалғастыру қажет. Осы ретте Президент Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы Германияның саяси ықпалы мен экономикалық мүмкіндігін Орталық Азия елдерінің орасан зор әлеуетімен ұштастыру аймақтың орнықты дамуына елеулі үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ мемлекеттері көшбасшы­ларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады. 

Сондай-ақ Президент орталықазиялық әріптестерімен бірге Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) дөңгелек үстеліне қатысып, Орталық Азия елдері мен Германияның экономикалық ынтымақтас­тығының негізгі мәселелеріне тоқталды.

– Біздің аймақ – Еуразия кеңістігін бай­ланыстырушы бірегей стратегиялық орталық. Негізгі сауда-экономикалық дәліздер елдері­міз­дің аумағы арқылы өтеді. Қазақстанда мол пайдалы қазбалар қоры бар. Мұның бәрі Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен сауда-инвестиция саласындағы ынтымақтас­тықты нығайтуға кең жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кездесу қатысушы­ларына жуырда германиялық HMS Bergbau компаниясының басшылығымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және алдағы уақытта литий өңдеу кешенін салу туралы уағда­лас­тыққа қол жеткізілгені жөнінде мәлімет берді. Инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Оның пікірінше, көмірсутегі шикізатын жеткізу, жаһандық азық-түлік  қауіпсіздігін күшейту, көлік-транзит және қаржы салаларындағы кооперация өзара қа­рым-қатынастың басқа да басым бағыттарының қатарына кіреді. Президент кездесуге қатысушылардың назарын орнықты даму және жасыл экономика салаларында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына аударып, 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін Аймақтық климаттық саммитке қатысуға шақырды.