Бір аптаның ішінде дәрігерлер мен науқастардың жақындары арасында екі бірдей жанжал болды.
Дәрігер қауіпсіздігі халық денсаулығынан маңызды ма?
1,226
оқылды

Соңғы жылдары ақпарат көздерінен мұндай келеңсіз көрініс жайлы жиі оқитын болдық. Тіпті, адам өміріне араша болуға міндет алған ақ халаттыларға науқастардың жұдырық жұмсағаны былай тұрсын, жұмыс уақытында жазым етіп, жарық дүниемен қош айтысуына себепкер болып жатыр. Шындығында да, дәрігер мен науқас арасындағы жанжалдың жиілеуіне не себеп? 

Осы күні медицина қызметкер­леріне көңілі толғандардың қа­ра­сын кездестіру қиын. Ақ халат­ты­ларды аяусыз сабап, жедел жәрдем қыз­­­меткерлеріне жұдырық ала жүгіре­тін­дер жайлы ақпараттан да көз сү­рі­не­тін болды. Мәселен, жақында Талғар қа­ласындағы аудандық ауруханада әке­сінің қайтыс болғанын естіген ұл­да­ры дәрігерді жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарды. Оның артын ала бере әлеуметтік желіде ер адамның ме­ди­ци­на қызметкерлеріне былапыт сөздер ай­тып, кейін дәрігерлерге шабуыл жа­са­ғаны түсірілген видео тарады. Мұн­дай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Өкінішке қарай, ауруханадағы ай­қай-шудың арты ажал құшумен аяқ­талып та жатыр. Есте болса, 2018 жылы Ақ­төбеде белгісіз біреулер емхана дә­рігерін жұмыс орнында өлтіріп кеткен. Қос­танайдағы травматологиялық дис­пансердің дәрігеріне дер кезінде ал­ғаш­қы көмек жасамады деп  пациент жұ­ды­рық жұм­сап, денсаулығына зиян кел­тірген еді. Ал былтыр Алматыда бұрын­ғы ем­делу­шісі кек алу мақсатында гастроэн­те­ро­лог дәрігер Юрий Шум­ковты аң­шы­­лық қарумен атып өлтірді. Биыл да Қа­расай ауданында медбикені пышақ­тап өлтірген науқастың әрекеті жұрт­тың жағасын ұстатты. 

Қателігін күшпен емес, заңмен шешкен дұрыс

Соңғы оқиғалардан кейін күні кеше Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мү­шесі Гүл­дара Нұрымова медицина маман­дары­ның мәртебесін заңмен бе­кітуді сұрап депутаттық сауал жолдады. Бұл заң жо­басы заң шығарушы орган­ның ал­ды­на бұрын да барды. Алайда ол кезде де­путаттар құжатты кері қайтар­ған. Өйт­кені заңда ақ халаттылардың мәр­­те­бесін өсіру тек қауіпсіздігін қор­ғауға емес, абайсыздығы мен әре­кет­сіз­дігі үшін жауапкершілікті ізгілен­ді­ріп, дәрігер тарапынан жіберілген қа­те­лік үшін өтемақыны сақтандыру қо­ры арқылы төлету нормасы ұсыныл­ды. Мұндай өзгеріс туралы естіген халық дә­рі­гердің қателігін дәлелдеу қиын қо­ғам­да міндетіне немқұрайды қарайтын­дар­дың қатары артып кетеді деп бай­ба­­лам салды. Олай деуге себеп те жоқ емес. Дегенмен кез келген жағ­дайда адам баласына қол көтеріп, ден­сау­лы­ғына зиян келтіруді ақтауға тағы бол­­май­ды. 

Депутаттың сөзінше, медицина мамандары өлім туралы хабар пси­хо­логиялық және эмоциялық көріністерді тудыруы мүмкін екенін түсінеді, бірақ дәрігерлер құ­діретті күшке ие емес еке­нін ұмытпау керек. Өкінішке қарай, дәрігердің тә­жі­рибесі мен мәртебесіне қарамастан, алдын алуға болмайтын жағдайлар мен процестер болатынын айтқан Гүлдара Нұрымова: «Күнделікті өз жұмысында дәрігерлер дөрекілікке, қорлауға және туыс­тарының агрессивті жиі шабуыл­да­рына тап болып жатады. Мысалы, үн­сіз қалуды немесе жұмыс­тан шығуды жөн көретін басқа меди­цина қыз­мет­кер­лері туралы қоспағанда, тек Алматы об­лысында жедел жәрдем қызмет­кер­ле­ріне 12 рет шабуыл жа­салған», – дей­ді. Медицина қызмет­кер­леріне сырқаттарды туыс­тары мен пациенттердің зорлық-зом­былық көрсетуі қалыпты жағ­дайға ай­налып бара жатқанын айт­қан де­пу­таттан жұдырық ала жүгірудің се­бебін сұраған едік. «Оның бірнеше се­бебі бар. Мә­селен, науқастардың дені ме­дициналық көмекке өте кеш жү­гіне­ді. Мұндай кезде дәрігерлер ештеңеге кө­мектесе алмайды. Инсульт, инфаркт се­кілді жедел төтенше жағдайларда ме­дициналық көмектің тиімділігі уа­қытқа байланысты болған кезде, есеп бір­­­неше минутқа созылғанда да туыс­тары дәрігерлерді жазғырады. Сондай-ақ науқастың ауырлық дәрежесін ба­ға­ламау салдарынан медициналық кө­мек­тің уақытылы көрсетілмеуі, меди­ци­на қызметкерінің біліктілігінің тө­мен­дігі, науқастың өліміне әкеп соқ­тыр­ған терапияның жеткіліксіздігі де қол көтеруге алып келетіні рас. Оған ме­дицина қызметкерлерінің дөрекі­лі­гін де қосып қойыңыз. Осының бәрі кей­де науқас пен туыстарының физи­ка­лық зорлық-зомбылық жасауына алып келеді. Қайткен күнде де дәрі­гер­дің әрекетсіздігін күшпен емес, заңмен шеш­кен дұрыс», – деп отыр Гүлдара Ал­да­нышқызы.

Депутат бірнеше жылдан бері сөз­бұйдаға салынып келе жат­қан медицина  қызметкерлерінің мәр­тебесін айқындайтын құ­жатты қа­былдау қажеттігі кезек күт­тірмейтінін ай­­­та­ды. Оның ішінде ме­­ди­цина қыз­мет­­керлеріне лайықты ең­­бекақы төлеу мен қылмыстық жауап­кер­­шілігін ізгі­лендіру, лауазымдық мін­­­­деттерін ат­қару кезінде қол сұғыл­мау­шылығын қам­тамасыз етіп, дене жа­рақатын кел­тіргендерге жауап­кер­ші­лікті арттыру маңызды. «Олардың жұ­мысы құтқару­шы­лар мен поли­цей­лер секілді үнемі үлкен психоэмоциялық жә­не физи­ка­лық белсенділікті талап ете­ді. Алайда медицина мамандарының жұ­мысы күр­делілігі мен қауіптілігі жа­ғы­нан аз ерекшеленеді. Олар науқастың ауру­ларын өздері арқылы өткізеді. Нау­қас үшін алаңдайды, ұйқысыз және ма­засыз түндерді жұмыстан тыс уа­қыт­та да өткізеді. Өйткені бірде-бір ме­ди­цина қыз­меткері науқастың өлгенін қала­май­ды. Төтенше жағдайдың өзінде нау­­­қасты құтқаруға тырысады. Алайда олар­дың өздеріне шабуыл жасау жағ­дай­лары көбейіп келеді. Осындай кезде қауіп­сіздікті қамтамасыз ететін қолда­ныс­т­а заң жоқ», – деп қынжылады де­­путат.

Кадр тапшылығы қолдан жасалды

Соңғы жылдары медицина ма­ман­дарының жалақысы көте­рі­ліп, жұмыс уақыты қысқартылды. Со­ның арқасында бейінді мамандардың де­ні түске дейін тегін қызмет етсе, түс­тен кейін ақылы қызмет көрсете алады. Со­ған қарамастан күніне үш сағат нау­қас қабылдайтын дәрігерлерге сұраныс жо­ғары. Өйткені жеті жылын оқуға ар­н­аған мамандарды тәжірибе емес, тео­риялық білімге таңып қойдық.

Денсаулық сақтау саласындағы ре­фор­ма дәрігерлердің өміріне қауіпті бо­ла түсті. Медицина ғылымдарының док­­торы, профессор Жақсылық Дос­қа­лиев осылай деп отыр. Салдарынан са­лада кадр жетіспеушілігі туындап, 7 жыл медициналық білім алған ма­мандар далада қаңғып жүр. Осылай де­ген ол: «Қазір дәрігер тапшы. Ауыл­дың өзінде алғашқы көмек көрсететін жер­де 307 дәрігер жоқ. Аудандық ауру­ханалар 793 дәрігерге мұқтаж. Ауыл түгілі Астанада 1 296 дәрігер жетіспейді. Қостанай облысына 570, Алматыға 400-ден аса дәрігер ауадай қажет. Біз осы жетіспеушілікті қолдан жасап отырмыз. Бұрын 7 жыл оқып ары қарай дәрігер болып жұмыс істейтін. Қазір жыл сайын медициналық оқу орнын бі­тірген 7 мың маманның тек 2 500-і ре­зидентураға түседі. Себебі, онсыз дә­рігер бола алмайсың. Сонда қалған 4 500 адам қайда барады?», – дейді. Сон­дай-ақ қазір 1 900 медициналық ұйым­ның 60 пайызы жекеменшік. Олар жұмысқа кімді алғысы келеді, өзі шешеді. Осындай олқылықтардың салдарынан салада бейінді мамандарға де­ген тапшылық күн өткен сайын өсіп бара­ды. Мысалы, науқас жол­да­ма­ны күтіп жүргенде аурудың уақыты өтіп кетеді. «Өзім қызмет ететін қала­лық ауруханада қант диабетіне шал­дық­қан науқастардың апта сайын ая­ғын кесуге тура келіп жатыр. Себебі нау­қасқа алғашқы көмек қажет кезде ем көрсетуі тиіс дәрігерге бару мүм­кін­дігі болмаған. Осының барлығы реніш ту­ғызады. Дәрігерге қол көтергізеді. Сондықтан бұл шаруаны жедел шешу керек», – деген Жақсылық Досқалиев ме­дицина мамандарының басын қа­тер­ге тіккен уақытта қызметкердің қауіп­сіз­дігін қарастыру қажет деп санайты­нын жеткізді. Бұл үшін әрбір ауру­ха­на­ның қабылдау бөлімінде полиция пос­ты жұмыс істеу керек. Өйткені жа­қын жанынан айырылған адамның бар­лығы бірдей эмоциялық мінез-құл­қын ұстауы мүмкін емес. Бұдан бөлек, жан­сақтау бөлімінде жанжалды бол­дыр­мау үшін көмекке шақыратын да­был нүктесі болу керек. Науқастың жа­­­қындарына орны толмас қазаны по­лиция қызметкерін шақыртып, бірге естірткен дұрыс. Ал дәрігерге қол кө­тергендерге жауапкершілікті билік өкіл­деріне қол көтергендермен бірдей ар­қалату маңызды көрінеді. 

Науқастың құқығын кім қорғайды?

Мәслихат депутаты Салтанат Же­налаева да осылай деп отыр. Оның сөзінше, қазіргі медицина қыз­меткерлері пациенттер мен олар­дың туыстарының агрессиясынан мүл­дем қорғансыз. Жедел жәрдем, емхана мен ауруханалардағы медицина қыз­мет­керлерінің жұмыс орнындағы қауіп­­сіздігіне кепілдік берілмеген. Жүр­­­гізіл­ген әртүрлі сауалнама нәтижесінде дә­­рігерлердің жартысынан көбі па­циен­ттердің немесе олардың туыста­ры­ның тарапынан қоқан-лоқы тың­даған, әрбір бесінші қызметкер кем де­генде бір рет пациенттердің шабуы­лы­на ұшыраған. Десе де, медициналық кө­мектің сапасына қатысты сын да то­ластамай отыр. Өкінішке қарай, дәл осын­дай науқастардың арасында жүр­гізілген әлеуметтік сауалнамаға қатыс­қан­дардың басым көпшілігі меди­ци­налық көмекке қанағаттанбағанын көр­сеткен. Оның ішінде материалдық-тех­никалық базаның сапасы, кадр­лармен қамтамасыз етудің төмендігі де жиі айтылған. Мұның бәрі медицина қызметкерлеріне деген сенімсіздікті тудырады, соңы агрессияға айналады. Сон­дықтан медицина мамандарының мәр­тебесін өсіру үшін саладағы өзекті мә­селелерді толық шешіп алған дұрыс. Осы­лай деген Салтанат Мұқан­бет­па­на­қызы «Медицина қызметкерлеріне жа­салған шабуылдың көбі қызмет ба­бында болады: науқасқа жедел жәрдем көрсетуге барғанда не­месе дәрігер қабылдауына келгенде. Сондықтан қызмет бабындағы ақ халаттының қауіпсіздігі шет елдердегідей қам­тамасыз етілуі керек» деген ойын жеткізді.

Денсаулық сақтау министрлігі ұсы­нып отырған заң жобасында дә­рігердің немқұрайлығы сал­да­ры­нан науқас көз жұмса, отбасына 1 000 АЕК мөлшерінде өтемақы төленбек. Ми­нистрлік тиісті заңнаманы өзгерту мақ­сатында арнайы сақтандыру қорын құру­ды ұсынып отыр. Ең қызығы, өте­мақы алған емделуші сотқа шағым­дан­байтыны туралы құжатқа қол қоюы тиіс. Осылайша, адам өліміне себепкер бол­ған ақ халаттының бас бостан­ды­ғы­нан айыруды бас бостандығын шек­теу­мен шегеледік. Сонда адам өміріне жауап­ты сәтте қателік жасаған дәрігер­дің жазасы өтемақымен ғана шектелуі тиіс көрінеді. Мұндай заңмен дәрігер­лер­дің мәртебесін көтеріп, қор­ғап алдық делік. Ал науқастың құ­қы­ғын кім қорғайды? Мәселен, абай­сыз­да адам қағып кеткен жүргізуші сот­талғанда, дәрігерге өтемақы төлеп, құтылып кететін мүмкіндік бергеніміз қан­шалықты әділ болмақ? Себебі ме­ди­цина саласындағы қылмыстарды қыл­мыссыздандырудың салдарынан дә­рігерлер жіберетін қателіктер қазір­дің өзінде жиі түзетіле бермейді. Он жағ­дайдың біреуінде ғана дәрігердің қа­телігін дәлелдеу мүмкін болады екен. Оның өзінде бірнеше қайтара арыз жа­зып, әр есікті қағумен ғана әділдікке жету мүмкін. Ал көп жағдайда ақ халат­т­ы­лардың абайсыздығынан бұрын, әре­кетсіздігінен денсаулығын жоғал­тып, өмір бойы мүгедек болып қалған­дар көп. Соңғы жылдардың өзінде өз ісіне жүрдім-бардым қараған мыңнан аса медицина саласының маманы жауап­кершілікке тартылса, жыл сайын кә­сіптік міндеттерін тиісінше орын­да­мағаны үшін 300-ге жуық іс қозғалады. Сон­дықтан заңгерлер де дәрігердің қауіп­сіздігін халықтың денсаулығы есе­бінен көтеруге қарсы. 

Медицина қызметкерлеріне жа­салатын шабуыл көбейді. Бірақ ме­ди­цина мамандарының қауқарсыздығына қарағанда дәрігер қателігінен зардап шеккендер жетерлік. Сондықтан әлем­дік тәжірибеге сүйеніп, денсаулық сақ­тау саласы мамандарының қауіп­сіз­дігін күшейтіп, қателігінен сабақ ала­тын жауапкершілік жүктеген жөн бе дер­сің. Ол үшін сарапшылар айтпақшы, өр­кениетті елдердегідей ақ халаттылар жі­берген абайсыздық пен әрекет­сіз­дік­тің аражігін ажыратып, қылмыс дәре­же­сіне баға беретін тәуелсіз меди­ци­налық кеңес жұмысын қолданысқа ен­­гізу де күн тәртібінде қаралуы керек-ақ. 

Жадыра МҮСІЛІМ