Әлемде ай сайын жүздеген фильмнің тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартады. Дегенмен киноиндустрия саласында айтылар сын–пікір де аз емес. Кино – ұлы өнер болғандықтан, оны көрерменге лайықты деңгейде жеткізе білу де маңызды. Жақында осы салада жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан маман, тәжірибелі киносыншы Дана Әмірбековамен сұхбат құрған едік.
– Қазіргі кезеңде қазақ киносы тақырыбында талас-тартыс көп. Оның себебі де жоқ емес. 90-жылдармен салыстырғанда өсу байқалады. Бірақ саны артқанмен сапасыз дүниелердің шеті көрініп қалатыны жасырын емес...
– Сөзіңіздің жаны бар. 90-жылдармен салыстырғанда отандық киноөндірісіміз ілгері жылжыды. Авторлық туындыларымыздың біразы әлемнің үздік кинобәйгелерінде жеңімпаз атанып, көк байрағымызды желбіретті. Алайда қазақ киносының қазіргі тынысына көңілім толады деп айта алмаймын. Әрине, жақсы туындылар жоқ емес. Дегенмен үлкен экрандарға жолдама алып, көрермен назарына ұсынылып жатқан мейнстрим бағытындағы фильмдердің басым көпшілігі сапасы жағынан да, мән-мағынасы тұрғысынан да сын көтермейді. Киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шоу-бизнес өкілдері келіп, үлкен экранымызды ақша көзіне айналдырды. Қалталарын қалыңдата түсу үшін мәңгілік өнерді ысырып, біркүндік өнімді алға қойған олардың кино саласынан білімінің таяздығы байқалады. Ең өкініштісі, қолына алғаш рет камера ұстағанның бәрі киноның әліппесін меңгермей жатып, өздерін кинорежиссер деп атаудан еш қымсынбайтын болды.
Біз Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинорежиссер, кинооператор, киносуретші, кинотанушы сынды тағы басқа кино саласының мамандарына 4–5 жыл көлемінде білім беріп, кәсіби білікті кадрларды дайындаймыз. Мәселен, бес жасар балаға М.Әуезовтің романын оқуға бермейді ғой. Біріншіден, балаға әліппе үйретуден бастайды. Әліппені меңгерген соң шағын әңгімелерді оқытады. Осылайша, бала роман оқуға бейімделеді. Бұл – оқу. Ал түсіру өнері одан да күрделі. Өзіңіз әліппені меңгермей, роман жазамын деп айтпайсыз ғой. Ал өкінішке қарай, кинода осындай жағдайлар кездеседі. Әуесқой режиссерлер кино тілін үйренбей, бірден режиссер болғысы келеді. Әлі киноның әліппесін меңгермей жатып кино түсіру – сауаты ашылмаған адамның роман жазуымен тең деп есептеймін.
– Кинотеатрларда ұсынылған фильмдеріміздің басым көпшілігі комедия жанрында түсірілген. Одан өзге жанрлардың шетте қалуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Комедия жанры тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие. Өйткені ол – төмен жанр. Бұл жанрда кино түсіру арзан. Көп жағдайда заманауи оқиға төңірегінде өрбитін сюжеттерден құрылатын комедиялық фильмдер арнайы тігілетін костюм, қымбат декорация, компьютерлік графиканы қажетсінбейді. Сол себепті экран арқылы табыс табуды көздеген продюсерлер үшін комедия – экономикалық тұрғыда ең тиімді жанр. Парадокс болғанда бізде аталмыш жанрдың өзі толыққанды дамымаған. Комедияның түрлері көп: лирикалық комедия, эксцентрикалық комедия, қара комедия... Біздің үлкен экранымызда тек комедияның субжанрларының бірі – отбасылық комедия ғана кеңінен қанат жайған.
Отандың киногерлеріміз расымен комедияның шебері болса, неге бүгінгі қоғамның түйткілді мәселелерін сатира арқылы көтеріп, қара әзіл арқылы саяси мәселелерді сынға алмасқа?! Неге осыдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген Чарли Чаплин, Бастер Китон сияқты күлдіріп отырып жылататын, көрерменге ой тастайтын, толғандыратын фильмдер түсірмеске?! Біздің кинотеатрларымыз болса, отбасының төңірегінен аспайтын, ешкімге кедергі келтірмейтін, саясаттан алшақ, әйтеуір көрерменнің қалтасын қағатын туындылар көрсетуде. Онда да Голливуд пен Болливудтың тізесі әбден шығып, таптаурын болған сюжеттерін қайталап, «белден төмен» қалжыңдарға құрылған, мәнсіз, мағынасыз ыржыңға толы фильмдерді ұсынуда. Әрине, осыдан он жыл бұрын коммерциялық фильмдеріміздің көбейгеніне қуандық. Сан болса, сапа болар деп үміттендік... Ал қазір қарап отырсам, бұл бағытта ешқандай прогресс жоқ, тек регресс бар.
– Ал экшн, триллер мен қорқынышты кинотуындылар елеусіз қалған жоқ па? Бұл жанр түрлеріне сұраныс бар ма?
– Сұраныс бар, бірақ ұсыныс жоқ. Дәл қазір кинотеатрларымызды әуесқой режиссерлер жаулап алған. Киноға КВН мен шоу-бизнестен келген олар әзірге комедия жанрынан аса алмайды. Көрерменді ешбір әзілсіз кірпік қақтырмай, тапжылтпай ұстап отыру – қиын шаруа. Ол үшін драматургиялық шеберлік, кәсіби біліктілік қажет.
– Өзіңіз айтпақшы, бүгінгінің режиссерлері – индивидуалистер. Өнерде индивидуалист болу маңызды ма?
– Қазір қазақ режиссерлері ғана емес, әрқайсымыз индивидуалиспіз. Бұрын ата-бабаларымыз халық үшін, ел үшін, ортақ іс үшін жүкті жұмыла көтеретін. Халық тұрғанда өз мүддесін кейінге шегеретін. Ортақ дүние үшін бар күшін жұмсауға дайын болды. Ал бүгінгінің адамдары ондай емес. «Бірінші мен, одан кейін басқалар» деген ұранмен өмір сүру қалыпты жағдай. Бұл – батыстан келген психология. Өйткені капитализмнің заңдылығы сондай. Өкінішке қарай, біз қазір «Адам адамға – қасқыр» болған заманда өмір сүрудеміз. Өнерде де индивидуализм алға шыққан. Мүмкін өмірде индивидуалист болмауға болатын шығар. Бірақ өнерде индивидуалист болмау қиын секілді. Өйткені өнер адамдарының әрқайсысының МЕНІ бар. Сол МЕНІ арқылы әлемге өзінің айтарымен бөлісіп, ой-толғауларын ортаға салады. Сонысымен де олар қызық. Сонысымен де көрермен үшін орны бөлек! Мысалы, Микеланджело Антониони, Робер Брессон, Пьер Паоло Пазолини, Андрей Тарковский, Жан-Люк Годар, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов сияқты ешкімді қайталамайтын, дара суреткерлер ғана тарих беттерінде өшпес із қалдырады.
Батыстықтар шынайылықтан қорықпайды
– Тарихи-биографиялық фильмдер жайлы пікіріңіз қандай? Есімі ел есінде жатталған тұлғалардың экрандағы бейнесі бұрмаланып, көрермен тарапынан сынға ұшырап жатады...
– Өкінішке қарай, біздің ең үлкен кемшілігіміз – белгілі бір тарихи тұлғаны қастерлеп көрсету. Тұлға болмысын таспалауда ол жайлы қалыптан тыс ой айтып, сыни пікір білдіруге болмайды. Мысалы, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына негізделген екі көркем фильм экранға шықты. Одан өзге сериалдар да бар. Алайда олардың бір де бірінен Абайдың шынайы болмысын көрмейміз. Бала Абай қалай дана Абай болды? Ол да ет пен теріден жаралған пенде емес пе? Жалпы, ешқашан құламаған адамның емес, құлағаннан кейін қайта тұра алған адамның өмірі қызықты. Ешқашан қателеспеген тұлғаның емес, өз қателігін ұғынып, дұрыс жолға түсе білген кейіпкердің болмысы тартымды. Ал біздің фильмдеріміздегі Абай бейнесі шынайылықтан алшақ, демек бірден ғұлама болып дүниеге келіп, философ кейпінде көктен түскендей, кіршікшіз қалпында бейнеленеді. Көрермен жасандылықты әрдайым сезеді. Сондықтан отандық тарихи фильмдерімізді көруге құлшыныстары аса болмайды.
Ал осы тұрғыда шетелдік тарихи туындылар несімен ұтады десеңіз, олар өз тұлғаларының кіршіксіз емес болмысын көрсетуден қымсынбайды. Керісінше, кез келген адамның жәй ғана пенде екенін алға тартады. Сонысымен де олардың кейіпкерлері әлдеқайда шынайы, әлдеқайда түсінікті әрі көрерменге жақын болады. Мысалы, Милош Форманның Моцарт пен Сальеридің арасындағы бақталастыққа негізделген «Амадей» атты фильмі бар. Бірақ бұл фильмде Моцарттың адами пенделік, жағымсыз қырлары да көрсетіледі. Ал сіз оны көгілдір экран артында жан-тәніңізбен жақсы көріп отырасыз. Өйткені ол еш боямасыз, болмысы шынайы. Батыстықтар шынайылықтан қорықпайды. Олар сонысымен де ұтады.
– Тарихымызға қатысты көрсететін дүние де, ашылмаған тақырыптар да көп. Алайда соңғы жылдары жарыққа шыққан тарихи туындыларымыз халықтың көңілінен шықпады. «Қыз Жібек» фильмінің деңгейіне жететін туындылар неге жоқ?
– Біріншіден, тарихи фильмді түсіру кәсіби біліктілікті, екіншіден, терең білімді қажет етеді. Режиссерлеріміз білімді ғой. Бірақ олардың басым көпшілігі өздеріне батыстың өмір сүру философиясын, әдебиетін, діні мен ділін әбден сіңіріп алған. Мен олардың фильмдерінен қазақилық таба алмаймын. Өз ұлтының болмысы мен дүниетанымын сезінбейтін, салт-дәстүрін білмейтін режиссерден ұлттық туынды күтудің қажеті жоқ. Мысалы, С.Қожықов, Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев сынды ұлттық кинорежиссурамыздың негізін қалаған тұлғалар, нағыз дала академиктері еді. Олар ұлттық құндылықтарымызды бойларына бесік жырымен сіңіріп, ауыз әдебиетімізді жүректерімен сезініп өскен еді. Сондықтан олардың туындыларынан қазақтың иісі аңқып тұратын. Ендігі үмітіміз – жастарда. Ендеше режиссураға енді ғана қадам басқан жас дарындарымызды оқуға қабылдарда оның кино тіліне икемділігімен қатар, қаншалықты ұлттық фольклорымызды, салт-дәстүрімізді, төл әдебиетімізді меңгергенін, дүниетанымымызды қай деңгейде өз бойына сіңіргеніне мән беруіміз қажет секілді. Егер біз ұлт ретінде болмысымызды жоғалтқымыз келмесе, экранымызды дереу түрде қолға алуымыз тиіс. Ұлттық туындыны өз ұлтын жан-тәнімен сүйетін суреткер ғана жарыққа шығарады.
Тарихи фильмдеріміздің дамымай жатқан тағы бір себебі қаражатқа келіп тіреледі. Тарихи фильмді жарыққа шығару үшін заман лебін сезіндіретін қымбат декорация, арнайы костюмдер, әшекей-бұйымдар, көпшілік түсірілімдер, қару-жарақ, грим, компьютерлік графика керек. Кей жағдайларда білдей бір қаланы салып шығу қажет. «Қыз Жібек» фильмі неге тарихта қалды? Себебі фильмді бүкіл ел болып түсірді. Бір ғана режиссердің, оператордың немесе костюмердің еңбегі ғана жатқан жоқ мұнда. Қыз Жібек таққан әшекейлердің барлығын фильм түсіріліп жатқанын естіген халық өздері әкеліп берген екен. Сұлулық пен әсемдікті ардақтаған ұлтымыздың көз тартар қолөнерін, рухани қазынасын көрсетіңдер деп сақтап келген алтын-күміс бұйымдарын, қымбат асыл заттарын, кілемдері мен ер-тоқымдарына дейін сыйға тартқан екен. Өкінішке қарай, соның бәрі қолды болып, бүгінгі күнге дейін «Қазақфильмде» тек Қыз Жібектің сәукелесі ғана сақталған.
– Кеңес заманында кинорежиссерлер авторлық кино түсірмес бұрын, бойындағы тәжірибесін жанрлық фильм түсіру арқылы дәлелдеуі шарт болған екен. Бүгінгі кинонарықта бұл үрдіс сақталған ба?
– Өкінішке қарай, бұл үрдіс сақталған жоқ. Қайта жандандырсақ жақсы болар еді. Барлығы біліктіліктен басталады. Ал біліктілік қайдан шығады? Кәсіби біліктілік тек кино алаңында жинаған тәжірибе арқылы ғана келеді. Ешкімнен бір сәтте керемет режиссер шыға қоймайды. Мысалы, кескіндеме өнерінің ұлы тұлғалары ретінде тарихта қалған Винсент Ван Гог, Пабло Пикассо, Сальвадор Дали іспеттес суретшілер заңдылықтарға қарсы шығып, өзіндік мәнерлерін қалыптастырмай тұрып академиялық білім алған. Өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдегеннен кейін ғана жаңа ағымдарға бет бұрған. Сол сияқты есімі әлемге әйгілі Андрей Тарковскийдің өзі де авторлық киноға бет бұрмас бұрын өз біліктілігін жанрлық кинода сынап көрген.
Өкінішке қарай, бүгінде режиссер болу сәнге айналып кетті. Қазақстанда кинорежиссура мамандығына жалпы есеппен алғанда елуге жуық студент қабылданады. Мектеп қабырғасынан кеше ғана түлеп ұшқан олар бірден: «Мен авторлық кино түсіргім келеді» дейді. Авторлық кино түсіретіндей баланың біліктілігі, тәжірибесі жоқ. Ол әлемге нені айтқалы келді? Бастысы, қалай айтпақшы? Себебі кинода не айтатыныңмен қоса, қалай айтатының да маңызды.
– Қазір ай сайын кино саласында аса тәжірибесі жоқ әншілер мен блогерлер түсірген фильмдердің премьерасына барамыз. Бірақ идеясы әлсіз. Мұндай сарындағы «әлсіз» туындылардың көбеюіне не себеп?
– Негізінде, қазақ киносына мемлекет тарапынан жыл сайын қыруар қаражат бөлінеді. Қазақ ұлттық киноны қолдау орталығы жыл сайын киносценарийлердің питчингін өткізіп, режиссерлердің кино түсіруіне жол ашып, отандық киномыздың дамуына барынша қолдау көрсетуде. Алайда, әлемнің үздік фестивальдерінде жүлделі болып жүрген бұл фильмдердің бірде-бірі мемлекетіміздің кинотеатрларында көрсетілмейді. Себебі кинотеатрлар жекеменшік студияларда әуесқой режиссерлердің түсірген арзанқол комедияларын көрсетуді жөн санайды. Айналып келгенде, бұның бәрі сол баяғы кинопрокатқа қатысты заңның жоқтығында. Олар ешкімнен не көрсетеміз, қашан көрсетеміз деп сұрауға тиісті емес. Өйткені кинотеатрлардың ешқайсысы мемлекетке тиесілі емес, жекеменшік.
Сұраныс ұсыныс тудырады дейді ғой. Ол – қате пікір. Негізінде, көрерменге альтернатива ұсынуымыз тиіс. Көрерменде таңдау мүмкіндігі болуы керек. Менің ойымша, экранға кәсіби деңгейде түсірілген, айтар ойы бар, мән-мағынасы терең, ұлттық болмысымызды беретін туындыларды көптеп көрсету қажет. Кино мәдениетін көтеріп, көрермен талғамын қалыптастыру аса маңызды. Себебі экраннан ұсынылатын туындылардың деңгейі қандай болса, көрерменнің де деңгейі сондай болмақ.
ХХІ ғасырда кино өнері жайлы пәннің болмауы – парадокс
– Кино мәдениетін көтеру қажет дейсіз. Арзанқол комедияларды көріп әдеттенген көрерменнің талғамын қалыптастыру үшін қандай шаралар қолдануымыз тиіс?
– Бүгінгі экран – бұрынғы ата-әженің рөлін атқарады. Баяғыда балалар ата-әжелерінің қолында тәлім–тәрбие алып, дүниетанымдарын қалыптастыратын. Ал бүгінгінің балалары экран алдында тәрбиеленеді. Біріншіден, біз экраннан не көрсетіп отырғанымызды сүзгіден өткізуіміз керек. Екіншіден, балаға жастайынан кино әліппесін үйретуіміз керек. Яғни, кино тілінен бастап, киноны қабылдау деңгейіне дейін. Қарап отырсаңыз, мектеп бағдарламасында негізгі пәндерден бөлек, қосымша музыка өнері, бейнелеу тарихы, еңбекке баулу сияқты қосымша пәндер де оқытылады. Алайда кино өнеріне қатысты бірде-бір пән, ең болмағанда факультатив сабақ жоқ. ХХІ ғасырда кино өнері жайлы пәннің болмауы – парадокс. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін экранның алдында отырады. Бұл бәріне мәлім. Сондай заман бола тұра біз кино мәдениетін сіңірмейміз. Кино тілін үйретпейміз. Экран өнерін идеология құралы дейміз ғой, негізінде ол – атом бомбасынан да жойқын қару. Иә, бомба жарылса, бәрін күл-талқанға айналдырып, бір-ақ сәтте жоқ қылып жібереді. Ал экран болса адамзат санасын білдіртпей, біртіндеп жойып жіберуге қауқарлы.
– Соңғы жылдары прокатқа шыққан «Аватар», «Барби» сынды фильмдерге көпшілік жоғары бағасын берді. Мәселен, «Барби» фильмінің жарнамасы үшін түсірілімге кеткен шығыннан екі есе көп қаржы жұмсалған. Яғни, маркетингті тиімді қолданған...
– Иә, біріншіден прокат заңын қолға алу маңызды. Екіншіден, еліміз қателеспесем былтыр кино саласына 5 млрд, биыл 3 млрд бөліп жатыр. Бірақ қаражат фильмдерді түсіруге ғана бөлінеді. Кино жарыққа шыққаннан кейін оның жарнамасына, дистрибуциясына бірде-бір тиын қарастырылмаған. Бұл – парадокс. Ойлап қараңызшы, нанды пісіріп аласыз да, бірақ сатуға шығару үшін нан қоятын сөреңіз жоқ. Кинодағы жағдай да осы. Сіз фильмді экранға шығара алмасаңыз, көрермен оны қалай көреді? Өзіміздің ұлттық туындыларды көруге халық зәру. Алайда жарнаманың жетіспегенінен, дистрибуция жоқтығынан осындай жағдайға ұшырап отырмыз. Ал блогерлердің киногерлерден артықшылығы – олардың миллиондаған аудиториясы бар. Кей жағдайда қосымша қаржы қажет етпейді. Өздерінің парақшаларына бір пост жарияласа жеткілікті. Миллиондаған аудиториясы сол фильмді көруге барады.
– Үш жылда отандық киноға 17 млрд теңге бөлініпті. Әсіресе, «Қазақфильмге» тікелей қатысы бар факт. Бірақ осыншама қаражатқа түсірілген фильмдер неге көрермен назарына ілікпейді?
– Киноңызды прокатқа шығару үшін кинотеатрлармен келісім жасап, 1–2 жыл алдын кезекте тұруыңыз тиіс. Ал прайм-тайм уақытын алу тіпті қиын. Батыстың фильмдері тұрғанда әрине, қазақтың фильмін менсіне қояры шамалы. Бұл жағдайды қалыпқа келтіру үшін ұлттық кинотуындыларымыздың көрсетілуін заң жүзінде міндеттеуіміз керек.
Баяғыда марқұм Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың көзі тірісінде «Аманат» фильмі көрсетілді ғой. Бір күні кинозалдың алдында тұрсам, ағамыздың көңілі түсіп кетіпті. Жағдайын сұрасам: «Қазір «Аманат» фильмі кинотеатрларда жүріп жатыр. Бірақ менің фильмімді түнгі сағат 00:00-ге қойыпты», – дейді.
«Аманат» – қазақ халқының тарихын, қасіретін көтерген фильм ғой. Мұның барлығы сол – кинотеатрлардың мемлекет еншісіне тиесілі емес екендігінде. Сондықтан мемлекет кинотеатрларға «осыны қой» деп ештеңе айта алмайды. Мысалы, Оңтүстік Корея киносының тарихына үңілер болсақ, оларда да бізге ұқсас жағдай болған. Өз фильмдерін ешкім көрмеген. Бірақ олар заңмен жұмыс істеді. Кинотеатрларға жылына 365 күн бар болса, соның 103 күнінде экранда корей киносы ғана көрсетілуге тиіс деп міндеттеді. «Егер сендер біздің елде прокатпен айналысқыларың келсе, ендеше ұлттық киномызды көрсетіңдер» деп талап қойды. 103 күн – бір жылдың 30 пайызы. Бұл үлкен жетістік, меніңше. Әбден өздерінің киносын көріп, еттері үйренген корей халқы батыстан келген фильмдерді менсінбеді. Оңтүстік Кореяда жанрлық түрлену бар. Кино саласындағы үлкен жетістігі ретінде «Паразиттер» фильмін атауға болады. Алты бірдей Оскарды Оңтүстік Кореяның фильмі иеленді. Ал Америка керісінше идеяны қазір корей фильмдерінен алады. Оңтүстік Кореяда дистрибуциямен айналысатын мамандар, арнайы компаниялар бар. Ал бізде жоқтың қасы. Олар біздің туындыларымызды шетелге шығарумен айналысатын еді. Біз осы мәселені қолға алуымыз керек.
Қазір қазақ тілі деп айғай салатын популистер көбейген...
– Дубляж тақырыбына ойыссақ. Биылдан бастап орыс тілінде түсірілген фильмдердің бәрін заң жүзінде қазақ тіліне аудару міндеттелді. Бірақ фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер түнгі сеансқа баруға мәжбүр...
– Жаңадан заң шыққанда біз, демек, кинотанушылар осы дубляж мәселесіне қатысты дабыл қаққан едік. Заңда «Мемлекеттік тілде дубляж жасалсын немесе қазақ тілінде субтитр берілсін» деп көрсетілді. Дубляж бен субтитр арасында таңдау болған жерде, әрине екінші таңдау болады. Дубляж жасау – фильмнің жарты қаражатын талап етеді. Ал субтитр жасау үшін аса көп қаражат кетпейді. Сол айтқанымыздай-ақ болып шықты. Қазір фильмдерді қазақ тілінде субтитрмен беріп жүр. Онда да грамматикалық, техникалық қателіктер өрбіп жүреді. Бұл жағдайға бас қатырып отырған ешкім жоқ. Ол фильмдердің субтитріне кімнің жауапты екенін де білмейміз. Сондықтан осы мәселені де қайта қарастыру қажет деп есептеймін. Дұрыс заңсыз ешкімнен ешнәрсе талап ете алмаймыз.
Қазір қазақ тілі деп айғай салатын популистер көбейген. Сіз орыс ұлтының өкіліне барып «неге қазақша сөйлемейсің?» деп айтқаныңыздан, ол қазақ тілінде сөйлеп кетпейді. Оларға қазақ тілінде сөйлейтіндей жағдай жасауымыз қажет. Қысқасы, қазақша сөйлемейтіндей мүмкіндік қалдырмау керек. Ол үшін экран тілі қазақша сөйлеуге тиіс. Ал біздің қазір істеп жүргеніміз күлкілі жағдай. Бүгінде қазақтардың біразы тіпті ана тілін білмейді. Өйткені олардың экран арқылы көретін ресурстары – орыс, ағылшын, түрік және т.б. тілдерде. Контенттің бәрі қазақшаланса, жағдай басқаша болар еді. Абай күндері, Рухани жаңғыру, конференция, симпозиум деп әлемге жар саламыз. Бірақ шындығына келгенде біздікі – құр айқай. Қажеті – нақты іс! Егер біздің экранымыз қазақ тілінде сөйлеп, бүкіл әлем әдебиеті қазақ тіліне аударылса, кітапханамыз қазақтілді кітаптармен көптеп толықса, бұл қазақылықтың бастауы болар еді.
– Контент туралы айтып қалдыңыз. Осы тұста балалар анимациясы жайлы не айтар едіңіз? Балаларға арналған контент деңгейі қандай?
– Анимация жағдайы мүшкіл. Өзіміздің анимациялық төл туындыларымызға мұқтажбыз. Қазақ тілінде көрсетілетін туындылар жетіспейді. Былтыр ғана «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігі құрылды. Аталмыш саланы дамыту мақсатында мемлекет бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді. Алайда қазірге еш нәтижесін көрмедік.
«Балаларымыз қазақ тілінде сөйлемейді» дейміз. Олар қазақ тілінде сөйлесін десек, ең алдымен әлем анимациясын қазақ тілінде сөйлетуіміз керек. Сонда ғана біз әлем өнерінің ішінде жүре алатын едік. Керісінше, қазір әлем өнері өзінше бөлек, ал біз қуыста қалып қойған секілдіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ