Мергендер мақтанышымызға айналды
Бұл бәсекеде күтпеген жеңістер күннен күнге көбеюде. Спорт сарапшылары, алтынды бокстан аламыз деп ойласа да, ел еншісіндегі үш алтын медальді мергендер сыйлады. Алғашқы алтынның қоржынымызға қалай түскенін газетіміздің өткен нөмірінде айтқанбыз. Ал екінші алтын медальді 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында қазақтың мерген қызы Зухра Ерназарова иеленді. Жекелей сында 18 жастағы Зухра қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Отандасымыз 500 ұпай жинап, Солтүстік Кореяның екі бірдей мергенінен асып түсті. Айта кету керек, Зухра осы жылы Оңтүстік Корея елінде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да алтын медаль иеленген болатын.
Ал Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында ел қоржынына үшінші алтын медальды салды. «Скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп – 40:35. Бұл – Әсем Орынбайдың Азия ойындарындағы екінші алтыны. Ол бұған дейін командаластары Зоя Кравченко, Ольга Панаринадамен бірге «скит» жаттығуында алғашқы алтын медаль жеңіп алып, Азия ойындарының рекордын орнатқан болатын. Ал жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды.
– Біздің мергендер тағы да керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларды, жанкүйерлерді және команданың жаттықтырушылар штабын осы жеңіспен құттықтаймын. Бүкіл ел мергендерімізбен мақтанады. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жеткіншектерді осы спорт түрімен айналысуға шабыттандыратынына сенімді-мін, – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Қоланың қатары толықты
Медальдар арасында қоланың қатары көп, дегенмен ол әртүрлі спорт түрлерінен келіп түсуде. Айталық, Жарыстың төртінші күні суға жүзуден Әділбек Мусин екі бірдей қола жүлде алды. Қазақстандық спортшы 100 метрге, 50 метрге butterfly әдісімен жүзуде 51.98 уақыт көрсеткішімен үшінші болып келді. Ол аталған сайыс түрінде еліміздің атынан жалғыз өзі сынға түсті. Көп уақыт өтпей, ушу-саньда сайысы бойынша Ұлттық құрама мүшесі Аян Тұрсын да қола жүлдегер атанды. 52 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында отандасымыз жарыс қожайыны Юэяо Лиге есе жіберді. Айта кетейік, қытайдың ұлттық спорты – ушудың саньда түрі Азия ойындарының бағдарламасында 1998 жылдан (ерлер) бар. Әйелдердің бәсекесі 2010 жылы қосылды. Әйелдер екі салмақ (52, 60), ерлер бес салмақта (56, 60, 65, 70, 75) жүлделерді сарапқа салады.
Жарыстың бесінші күні жағажай волейболынан ерлер құрамасы мен таэквондо құрамасының өкілдері Жансель Дениз (67 келіден жоғары) бен Смайыл Дүйсебай (80 келіден жоғары) бірінен соң бірі жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Жағажайшылар үшінші орын үшін кездесуде Иранды 2:0 есебімен ұтты. Таэквондошылар жартылай финалға өтіп, өкінішке қарай онда жеңіліс тапты. Алайда 1/2 финалға шығу олар үшін қола жүлдеге кепілдік берді.
– Жоспарым орындалды дей алмаймын. Бабымда болдым, алтын аламын деп келіп едім. Енді амал жоқ, Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алуымыз керек. Соған жұмыс істейміз, – деді жарыс соңында Жансель Дениз.
Айта кету керек, Жансель Дениз 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған.
Жеңісті жолды гимнаст Нариман Құрбанов жалғастырды. Бұған дейін спорттық гимнастикадан әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы болған спортшы ат үстіндегі жаттығудың финалдық сатысында сынға түсті. Нәтижесінде, 15.100 балл жинап, үшінші орынға тұрақтады. Бұл жарыста бас жүлде Тайбэйден келген Чин-Кай Лиге бұйырса, екінші орынға жапониялық Рето Цумароға жайғасты.
Кеше Аян Бейсенбаев триатлоннан қола медаль иеленді. Бейсенбаевтың жүзуден 1 500 метрді бағындырып, велоэтаппен 40 шақырым жүріп өтіп, 10 шақырым жүгіріп шыққандағы уақыты – 1:52:25. Байрақты бәсекеде алтын медальді жапондық спортшы Кенжи Ненер (1:50:54) алды, сондай-ақ күміс медаль да Жапониядан келген спортшы Макого Одакураға (1:51:49) бұйырды.
Боксшыларға бақ бұйыра ма?
Ал боксшы Сағындық Тоғамбай жартылай финалда бақ сынайтын болады. Қазақстандық боксшы 92 келіге дейінгі салмақта ирандық Туфан Шарифимен жұдырықтасты. Сағындық қарсыласын бірінші раундта-ақ ұрып құлатып, жартылай финалға жолдама алды. Осылайша, ол қазіргі сәттегі нәтижесімен кем дегенде қола медаль алады.
Кеше күндізгі сессияда рингке шыққан екі босшымыз жеңіліп қалды. Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақта ширек финалда күтпеген жерден моңғолиялық Есугэн Оюунцэцэгке жол берді. Сөйтіп, Назым жүлдесіз қалды. Сондай-ақ биылғы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта қытайлық Тоқтарбек Таңатқанға төрешілер шешімімен есе жіберді. Әлем біріншілігінің финалында Нұрбек Тоқтарбекті жеңген еді.
Көпшілік күткен боксшы Сәкен Бибосынов пен өзбекстандық Хасанбай Дусматовтың жекпе-жегі де біздің пайдамызға шешілмеді.
Ал 71 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов өте қиын кездесуде жергілікті қытайлық спортшыны ұтты. Алдағы күндері Азия ойындарындағы тартысты бәсеке әлі де қыза түсері сөзсіз.
Көктем ҚАРҚЫН