Күні кеше Алматы қаласындағы Достық үйінде Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аса көрнекті жазушы, қазақ детективінің негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың шығармашылығын зерделеуге арналды.
Шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессорлық-оқытушылық корпусы, сонымен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшелері арнайы келді. Замана тудырған ұлы тұлғаның шығармашылығын жете білетін, жіті танитын ғалымдар мен ақын-жазушылар баяндама жасап, конференцияда арнайы сөз алды. Алқалы жиынға жиналған қадірлі қонақтардың арасында Түріксой ұйымының бас хатшысы – Сұлтан Әкімұлы Раев, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі – Минхожиддин Мирзаджанович Ходжиматов, Қырғызстан Жазушылар одағының Төрағасы – Нұрлан Өскөнәліұлы Қалыбеков пен заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, детектив жанрының әйгілі жазушысы – Дмитрий Анатольевич Шестаков, Дулат Исабеков, Ахметжан Ашири, Құлбек Ергөбек, Қансейіт Әбдезұлы, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Жаңғара Дәдебев және т.б әдебиет әлемінің майталмандары төбе көрсетті.
Конференцияға екі жүзден астам қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғылым және өнер қайраткерлері қатысты. Ғалымдар мен жазушылар шытырман хикаялы проза жанрында қалам тербеген Кемел Тоқаевтың шығармашылығын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, аталмыш жиынның тағы бір ерекше тұсы – баяндамашылар мен сарапшылардың сөзі арнайы жинақ болып құрастырылып, оқырман назарына ұсынылды. Конференцияда арнайы сөз алғандардың бірі жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Көсемәлі Сәттібайұлы. Ол Кемел Тоқаев өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты біршама мәселенің бетін қаузады.
– Кемел Тоқаев 1948 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіреді. Сол кездері Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің жолдамасымен Жамбыл облысындағы «Сталиндік жол» газетіне қызмет етуге барады. Қазір бұл газет «Ақ жол» деп аталады. Бұл деректерді архивтен Кемел Тоқаевтың өз қолымен жазған өмірбаянынан оқыдым. Ал қазір ғаламторда жарияланған ақпаратта ол кісінің еңбек жолы «Лениншіл жас» газетінен басталғаны туралы жазылған. Мен бүгінгі конференцияда осы мәселені көтердім. Кемел Тоқаевтың еңбек жолына қатысты ақпаратқа түзету енгізуін сұрадым. 1948 жылы шыққан газетті тауып алып, ішіндегі мақалалармен танысып шықтым. Кемел Тоқаев үш киноға рецензия жазыпты. Біз оны қазақ детективін белгілі бір деңгейге көтерген адам деп айтып жатамыз. Бірақ Кемел Тоқаев оқуды тәмамдағаннан кейін шығармашылық жолын кинорецензиядан бастаған екен. «Молодая гвардия» киносына рецензия жазған. Киноның көркемдік дәрежесі мен актерлердің шеберлігіне баға берген. Одан кейін «Далекая невеста» («Алыстағы қалыңдық»), «Сібір жері туралы аңыз» киноларына рецензия жазыпты. Сол кезде Кемел Тоқаев небәрі 25 жаста болған екен, - дейді ол. Көсемәлі Сәттібайұлының сөзінше, Кемел Тоқаев Меркі, Қордай аудандарына барған іссапарында ауылшаруашылығы жұмыстары туралы мақалалар да жазып қалдырған. Кемелтанушы өзін қызықтырған әрі риза еткен дүние – Кемел Тоқаевтың үш бірдей киноға рецензия жазуы екенін ерекше атап өтті. Өйткені, ол заманда қазақ кинорецензиясы тұрмақ, қазақ киносы дамымаған кезең. Заңғар жазушы сол кезеңде-ақ Мәскеу режиссерлері түсірген киноларға рецензия жазған. Бұл жазушының қалың көпшілік біле бермейтін қырлары.
- Кемел Тоқаев шығармашылығындағы үлкен еңбегі – «Соңғы соққы» романы. «Атаманның ақыры» фильмі шыққан сәтте халық Дутовты атқан Қасымхан Шадияров деп ойлады. Ал Кемел Тоқаев Мәскеудің архивтерін кезіп, өз бетінше іздене жүріп Дутовты өлтірген Махмұд Қожамияров екенін романға енгізді. Ол соңғы соққысын осылай жасады. «Соңғы соққы» ұғымының өзін астарлы мағынада түсінуге болады. Кімге соққы беріп отыр? Жалған батыр жасайтын кеңестік идеологияға соққы беріп отыр ма? Әлде соңғы соққыны жасаған Қожамияровтың әруағын риза етті ме? Міне, осындай түсінікпен ол «Соңғы соққы» романын жазып қалдырған еді. Бұл 80-жылдардың басында жарық көрді. Кемел Тоқаев жазып кеткен күнделіктерінің өзі бір ғанибет. Шығармашылығында қуғын-сүргінге ұшыраған бір шығармасы бар. Ол – «Таңбалы алтын» повесі еді. 1977 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне үзіндісі жарияланады. Повесьте Алаш орданың белсенділері туралы айтылған. Алаш орда өкілдерінің аты-жөнін атағаны үшін Кемел Тоқаев қызметінен кетуге мәжбүр болды. Жазушының басынан өткерген қиындықтары, қуғын көрген оқиғалары көп. Кемел Тоқаевтың мұрасы үлкен. Оны әлі де зерттеу керек, - дейді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Кемел Тоқаев – алуан түрлі тақырыпты қамтитын шоқтығы биік туындылардың авторы. Жауынгерлік ерлігі мен жазушылық өнерін бір арнаға ұштастырған сара сөздің сайып қыраны. Жазушының зерттеу еңбектерінен шындықтың шырайын келтіріп жазған қаншама құнды дүниелерді кезіктіруге болады. Ұлы талант иесінің бізге дейін жеткен еңбектері, әсіресе, журналистика саласына енді ғана қадам басқан жастарға бағыт-бағдар беретін көмек құралы деп айтсақ артық болмас, сірә. Қарымды қаламынан туған әрбір шығармасы тек тілшілер қауымын ғана емес, адамзатты биікке жетелейді. Сол үшін де ол әдебиет алыптарының қатарынан түскен емес.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы