Түрлі халықтардың өнері мен мәдениетін шығармашылық ынтымақтастық арқылы бір платформада біріктіруге арналған бұл жобаның берері мол. Себебі жоба ұлттар мәдениетін біріктіру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарау құндылығына негізделіп отыр.
Күні кеше Астанадағы «Қазақконцерт» залында ALEM SAZ II халықаралық музыкалық фестивалінің үшінші күні Түркияның 100 жылдық мерекесімен байланысты іс-шаралармен толықты. Таңнан кешке дейін жалғасын тапқан шараға келушілер түрік тәттілерінен дәм татып қана қоймай, көрмені тамашалап, шеберлік сыныптарына қатысты. Сондай-ақ «Әкем мен ұлым» фильмінің көрсетілімін тамашалады. Шараның шешуші хедлайнері – Түркияның Thrace Quartet атты танымал шығармашылық ұжымы.
Дәстүрлі этникалық әуендер мен ритмдарды заманауи джаз элементтерімен шебер үйлестірген музыкалық топ көрермендердің қошеметіне бөленді. Топқа кларнетші Серкан Чагры және пианист Тулуг Тырпан жетекшілік етті. Квартет мүшелері әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған музыкалық аспаптары мен тембрлерді джаз жанрының керемет еркіндігі мен импровизациясы арқылы ұтымды біріктірді.
Сонымен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі мәдениет мен стильдерді топтастыру арқылы көрерменге таңғажайып және бай дыбыстық музыка сыйлады. Өнерпаздар джаздың стандартты ырғақты құрылымдарымен шектеліп қана қойған жоқ. Сондай-ақ өз музыкасына ерекше түрлендіру үшін музыкалық ноталарды сан алуан түрлі құбылта алды.
Кларнетші Серкан Чагрының айтуынша, топ музыка мәдениетін тамыры ХІХ және ХХ ғасырдың басына дейін жайылатын Жаңа Орлеаннан шыққан джазбен, балқан музыка дәстүрлерімен, сондай-ақ Несимиден бастап Анатолиядағы Ашик Вейсельге дейінгі авторлық шығармалардың рухы мен өзіндік ерекшелігімен араластыру арқылы өз жолын қалыптастырған. Түрік орындаушылары фестивальде жеті композиция орындады.
Одан бөлек, танымал түрік композиторларының Анадолы топырағына танымал екі ұлттық дәстүрлі әуенін джаз стилінде орындап шығыпты. «Қазақстанға алғаш рет табанымыз тиіп тұр. Көрермендердің қошеметін көргенде одан сайын шабытымыз оянды.
Осыған дейін Астананың қысы туралы көп еститін едік. Ендігі жолы қақаған аязын көргіміз келеді. Айтпақшы, бүгін Қазақстанның танымал фольклорлы-этнографиялық «Тұран» ансамблімен бірге бірінші рет сахнаға шығып, өте қысқа дайындықтың арқасында керемет композиция шығардық. Ол кісілер келіссе, Түркиядағы телебағдарламама қонақ ретінде шақырып, тағы да біріккен орындау болса деймін. Туысқан халықтың ортақ әуен шығарып, бірге орындауына не кедергі?», – деп ағынан жарылды ол.
«Тұран» ансамблінің жетекшісі Серік Нұрмолдаевтың айтуынша, топ құрылғалы 15 жыл ішінде 80 елде концерт берген. Осы жылдар ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздардың ендігі мақсаты – жыл соңына дейін Қазақстанның бүкіл қаласы мен Түркияның 12 қаласында жеке концертін беру. Осы арқылы қос елдің туыстық қарым-қатынасын жандандырып, Түркияның 100 жылдығы мен «Түрксой» ұйымының 30 жылдығы, ансамбльдің 15 жылдығына тамаша тарту жасамақ.
Себебі бүгіннің өзінде ансамбльдің шығармаларын қазақ аудиториясы ғана емес, түркі жұрты жатқа біледі екен.
Жадыра МҮСІЛІМ