«Бұл дегеніміз – әлемдегі электронды ақпарат сақтаушы алпауыттардың жұмысын біршама қиындатады деген сөз», – дейді америкалық цифрлы трансформация саласы бойынша танымал сарапшы Douglas Karr.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының CountrySTAT ұлттық және субұлттық деректер статистикасының онлайн ақпараттық жүйесі күніне әлемнің жүздеген елінен түрлі ақпарат жинап отырады екен. Мол ақпарат өз кезегінде өте маңызды. Сондықтан «Бізде де мақсатты түрде ауыл шаруашылығы саласы бойынша үлкен деректер базасын құру керек», – дейді Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру технологиялық құзырет орталығының» директоры ғалым Фараби Ермеков. Үлкен деректер базасының маңызы туралы ғалымға бірер сауал тастадық.
– Фараби Керімбайұлы, сіздер ауыл шаруашылығы саласын цифрлы технологияға өткізумен ауқымды түрде айналысып келесіздер. Осының негізінде ауыл шаруашылығы бойынша деректер базасын құру керек екені рас. Саланың осы жүйеге өтуі қаншалықты маңызды?
– Қазір бізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша шындығында не болып, не қойып жатқаны туралы нақты әрі дұрыс ақпарат мүлде жоқ. Нақтылап айтатын болсам, бізге беріліп жатқан ақпараттың 50%-ы шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Міне, осы себепті біз үшін сала бойынша деректер базасын құру өте маңызды. Мұны барынша тездеткен абзал. Рас, соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы цифрлы технологиялармен ауқымды түрде айналысып келеміз. Қазір геоақпараттық, жерді қашықтан зондтау технологияларын салада кеңінен қолданып жатырмыз. Сонымен қоса, дүниежүзі ғалымдарының осы саладағы жасаған жаңалықтарын зерттеп, өзімізге бейімдеумен айналысып жүрміз.
Жаңа технологияны толыққанды игере отырып өзгелермен келісім шарт жасап, қызмет көрсетуді де қолға алып келеміз. Әрине, мұның бәрін бұрын да білдік. Бірақ мүмкіндік болмады. Десе де, жүйелі түрде 2018 жылдан бері шұғылданып келеміз. Ұдайы айналысуымыздың нәтижесінде өзімізде белгілі бір аумақтарға байланысты деректер базасы қалыптаса бастады. Бұл деректерді түрлі жобада қолданып отырдық. Сұраныс артқан сайын біздегі дерек көздерінің тым ескі немесе жалған болуы көп жағдайда дәлме-дәл жұмыстарымыз үшін өзіндік кедергісін келтіріп отырды. Мұндай қателіктермен жұмыс істеуге болмайды. Бұл өте тиімсіз болмақ. Осыдан соң бізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша деректер базасын құру керек деген ойға келдік.
– Бізде жыл сайын немесе үш ай сайын Үкіметке әр сала бойынша жеке-жеке есеп тапсырылып, сол берілген есептер негізінде шешімдер қабылданып жатады. Ұдайы жиналып отыратын есептер мен ақпараттарда қателіктер бар ма сонда?
– Жан-жақтан жинақталатын осы есептер мен нақты ақпараттардың арасында кей жағдайда өте үлкен айырмашылық кездесіп жатыр. Оны біз жұмыс тәжірибеміздің барысында анықтап көрудеміз. Кей жағдайда қолдан келгенше түзетіп, дұрыс ақпаратты ұсынамыз. Ғылыми жұмыстар негізінде барынша дәлме-дәл ақпараттарды қолдану өте маңызды. Сол сияқты мемлекеттік деңгейде де дұрыс ақпараттар берілсе дейміз. Егер қандай да бір қате кетсе, ол қателердің кесірі көп жағдайда экономиканың алға дамуына кері әсерін тигізеді. Мысалы, танаптарға түскен ылғалдың немесе қардың деңгейін дұрыс анықтамасақ, келесі жылы астықтың өнуіне өте үлкен зиян әкеледі. Әсіресе, суармалы егіншілікте бұл қауіпті жағдай. Былайша айтқанда, шаруашылықтан ауыл әкімдігіне, ауыл әкімі аудан әкіміне, аудан әкімі облысқа жіберетін тізбекті статистикалық есептердің дұрыс берілмеуі кешірілмес қателіктерге ұрындырып жатыр.
Бұл – басты мәселе. Тағы да айтамын. Осы немқұрайдылық немесе адами фактор біздің экономикамызға орасан зор кедергі келтіріп отыр. Мен тек ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтып отырмын. Ал ел экономикасының өзге де саласындағы мұндай қателіктер жетіп артылатынына сенімім мол.
Бұған мысал ретінде айтар болсам, жаздағы еліміздің солтүстігіндегі алқаптарды жойып жіберуге шақ қалған шегірткенің мәселесі дәлел бола алады. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде 500 гектар алқап зиян шекті деген ақпарат таратқан. Ал ақпарат құралдары мен ресми емес көздерден 10 мың, тіпті 30 мың гектарға дейінгі алқаптың күл болып кеткені айтылған. Міне, деректер базасын жасақтаудың басты ерекшеліктері осындай айырмашылықтарды болдырмай, нақты ақпараттар беріп, нақты шаралар қолдануда ұтымды болмақ. Біріне-бірі жанаспайтын, сәйкеспейтін ақпарат деп отырғаным – осы.
– Осыны сәйкестендіру үшін не істеген жөн? «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру технологиялық құзырет орталығының» әсері қандай болмақ?
– Әр министрліктер өз саласы бойынша немесе біріктірілген геоақпараттық орталықтарының ықпалымен белгілі бір жүйені жасақтауы қажет. Ол үшін мықты мамандар мен ғарыштық түсірілімдерді қала берді ұшқышсыз ұшу апараттарын (Дрон) пайдаланып, мәліметтерді топтастыру қажет. Бұл енді бір жылда емес, бірнеше жылда қалыптасады. Себебі жердің жағдайы әр мезгілде немесе әр жылда өзгеріп отыратынына байланысты. Бұған жеріміздің ауқымдылығын тағы қосыңыз. Аталған аппараттардың көрсеткен ақпараттарын топтастыра келіп, белгілі жағдайларға сәйкес шешім шығару керек. Мүмкіндік болса, ғарыштық жерсеріктерінен келетін мәліметтерді күн сайын болмаса да, апта сайын жаңартып отырған абзал. Тіпті, АҚШ, Канада, Қытай, тағы басқа мемлекеттер бұл ақпараттарды күніне бір рет жаңартады. Сондықтан мамандардың біліктілігін пайдаланып мәліметтерді қорытып, күнделікті қолымызға ұстап отырсақ, аяқасты болған оқиғалар мен келеңсіздіктердің алдын алуда немесе болжамды шаруаларды тындыруда таптырмас құрал болар еді. Өкініштісі, мұндай құрал бүгінде ешқайсымыздың қолымызда болмай отыр. Сол себепті де экологиялық апаттар мен өзге де жағдаяттардың алдын алуға немесе дер кезінде әрекет жасауға келгенде шарасыздық танытатынымыз осы. Мұндай ақпараттарды тек министрлік қана емес, аудандар мен ауылдардың әкімдігі, тіпті шаруашылықтардың өздері де еш кедергісіз алып отыруы қажет. Себебі олар үшін де бұл ақпараттар өте маңызды болмақ.
– Ғарыштан түсірілген немесе дрондармен түсірген суреттер мен мәліметтерде қателік болмай ма?
– Жоқ. Бұл ақпараттар адамның араласуынсыз болғандықтан қате кету мүмкін емес. Ол аппарат не көрді, бізге соны жеткізеді. Ал бұған адами фактор араласқан жағдайда қателікке ұрынуымыз ықтимал. Сол себепті біз ең алдымен бұл жолда адами факторды болдырмауымыз қажет.
– Егін шаруашылығы мен жерді игеруге байланысты мәліметтерді жоғарыда айтып өткен дерек беруші көздер арқылы жинауға мүмкіндік бар делік, ал мал шаруашылығы мен жабайы жануарлар дүниесі бойынша мәлметтерді жинап, базаға енгізу мәселесі қалай жүргізілмек?
– Дұрыс. Бізде Ауыл шаруашылығы министрлігінде мәлметтерді алып отырған дереккөздердің бары рас. Осы дереккөздердің мәліметтері нақтыланбайтынын айтып отырсыз ғой. Оның да мәні бар. Алдымен шаруашылықтар мен жеке мал өсірушілерді осы мәліметтер базасына мүдделі етудің механизмі жоқ бізде.
– Ол қандай механизм сонда?
– Ақпараттар жиналып келетін көздердегі мамандардың адалдығы жетіспейді бізде, бұл – бірінші фактор. Екінші, мемлекет қандай да бір жолмен шаруашылықтар мен үй жануарларын қолда ұстаушыларды қаржылай болсын немесе басқа да бір жолдар арқылы ынталандырып, мәліметті шынайы беруге мүдделі етуі қажет. Мысалы, мал ұстаушы өзінің қолда ұстап отырған жылқылары жоғалып кеткен жағдайда мәліметтер базасына жүгінуі керек. Оның ең оңай тәсілі – чип орнату. Міне, осы чип орнатуға бізде барлығы бірдей келісім бере бермейді. Үшінші, ғарыштық түсірілімдердің қолжетімді болуы. Айталық, жайылымдағы мал әлдебір жаққа ығып кеткен жағдайда түсірілімдер арқылы қайда тұрғанын анықтау. Қажет болса, ғарыштық түсірілімдер арқылы мал басын түстеп, санап беруге де болады. Бұл тәсілмен жабайы жануарлар ортасына да әсер ете аламыз.
– Кез келген ақпарат деректер базасына енгізген жағдайда жұмыс жеңілдеп, экономиканың өрлеуіне өз септігін тигізе ме?
– Әрине, бір ғана мысал айтайын. Мемлекеттен берілетін субсидия қазір шаруалардың өздері ұсынған мәліметтер арқылы ғана беріліп жатыр. Егін шаруашылығында да дәл осылай. Мүмкін, мемлекет өтірік ақпаратқа сеніп, сан мыңдаған қаражатты босқа таратып жатқан болар. Оны біз нақты білмейміз. Сондықтан мәліметтер базасының болуы ең басты деген мәселелердің алдын алуда өзінің ұтымдылығын көрсететініне сенім мол.
– «Мамандар қажет» деп қалдыңыз. Мәліметтер базасы үшін қандай мамандар даярлаған жөн?
– Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университінің Геоақпараттық технологиялар орталығы 2015 жылы құрылған еді. Алғашқы кезең 2015-2017 жылдары шетел технологияларын зерделеп, қызмет жасау бағытын анықтау кезеңі болды.
Нәтижесінде ауыл шаруашылық бағытына басымдық берілді. Осылайша, 2018-2020 жылдар қажет жабдықтарды алып, бес қаруымызды асынып, алғашқы ауқымды қолданбалы зерттеу жобаларымызды жүргіздік. Даму барысында құрамында 3 зертханасы бар, АӨК цифрландыру саласындағы технологиялық құзыреттілік орталығы болып қайта құрылдық. 2021-2023 жылдары қанатын кеңінен жайып, бірнеше жобаны қатар жүргізіп, халықаралық деңгейде зерттеулерді жасауға қауқарымыз жете бастады. Міне, осы уақытта білікті мамандар қажет екені белгілі болды. Біздің елде сала бойынша мамандар даярлау жүйесінде де сәл ауытқушылықтар бар. Себебі құзыреттілік орталық үшін талапқа сай маманның тек гиодезия, картаграфия саласынан бөлек, ақпараттық технологияны да меңгеруі қажет. Бізде осы қос сала екі басқа болып оқытылатындықтан, қиындықтар туындап жатыр. Франциядан арнайы мамандар шақыртып тәжірибе алмасқан шақта, олар мамандарды даярлау тұсына келгенде кедергілердің көп екенін айтты. Енді ол үшін өндіріс пен жоғарыда аталған екі саладан да мамандар бірігіп, арнайы білім беру бағдарламасын жасауымыз керек. Бүгінде әрекеттер жасап жатырмыз, бірақ бағдарламаны бекіту мен оны жазып шығу ұзақ уақытты талап етеді. Кедергілер де жоқ емес. Дегенмен алдағы уақытта арнайы мамандардың болатыны шындық.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Бердібек ҚАБАЙ