Кез келген елдің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің алар орны ерекше. Бұл сала дамыса ел де жақсы өркендейді. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау біздің елдің де басымдық берген салаларының бірі. Бұл бағытта Үкіметпен қатар «Атамекен» ҰКП да айтарлықтай іс тындырып келеді. Біз Алматы қаласы Наурызбай ауданының «Атамекен» ҰКП филиалы директоры Мақсат Сералыға хабарласып, кәсіпкерлікті қолдау шаралары жайлы сұхбаттасқан едік.
– Кәсіпкерлік шаруаға кіріскісі келетін азаматтар бірінші кезекте қандай қадам жасауы керек?
– Кәсіп бастауға ниеттеніп жүрген азамат бірінші оқу бағдарламасынан бастауы қажет деп ойлаймын. Бұған орай бізде арнайы курстар бар. «Бизнес кеңесші» бағдарламасы аясында кәсіп ашқысы келген азамат он күн оқиды. Оқу тегін жүргізіледі. Ал сабақты іріктеліп алынған, тәжірибесі мол бизнес-тренерлер береді. Ол жерде бизнесті қалай бастау керек дегеннен бастап, кәсіпті жүргізудің қандай тетіктері бар, салық жүйелері жайында қалай сауатты болу керек, жарнаманы қалай жүргізген дұрыс, тауарды таңдауда не нәрсеге мән беру керек, нарықта қалай бәсекеге қабілетті бола аламыз деген сауалдардың барлығына жауап беріліп, толықтай дерлік үйретіледі. Міне, осы ақпараттардың барлығын алып, бойына сіңіргеннен кейін адамда өз-өзінен белгілі бір бағыт пайда болады. Ол кәсібін неден бастайтынын, қалай жүргізетінін түсінеді. Яғни, санасында өз бизнесіне байланысты картина шығады. Ал кәсіп бастаймын деп жүрген азаматтар үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасы бар. Ондағы оқу бағдарламасы бір айға созылады. Ол жерде адамдар кәсіп негіздерін үйрене жүріп өзінің бизнес жоспарын құрастырады. Бір ай оқу тамам болған соң, әзірлеген бизнес жобасын қорғап, арнайы грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Гранттың көлемі – 200 АЕК. Бұл дәл қазір кәсіп бастап кетемін деген азамат үшін кәдімгідей көмек. 530 мың теңгеге өз саласы бойынша қажетті құрал-жабдығын сатып алады. Бұл бағдарламаға жұмыссыз жастар, көпбалалы аналар, әлеуметтік әлсіз топ өкілдері қатыса алады. Аталған жоба былтыр да сәтті жүзеге асқан, биыл да жалғасады. Оқу бағдарламасы наурыз айының ортасында басталады деп күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде осыған қатысамын деп талпынып отырғандар көп. Сондай-ақ грант көлемі де артуы мүмкін. Яғни, 1 миллион теңгеге жеткізілмек. Біздің ауданда екі класс ашылмақ. Сол жерде 20-30 адамнан топ-топқа бөлініп оқытылады. Қазірдің өзінде біздің ауданымызда 260 адам оқуға ниеттеніп отыр. Ал жалпы, қала бойынша былтыр 3 000-ға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Шыны керек, соңғы уақытта кәсіпкер болғысы келетін адамдардың саны көбейді. Бұл – жақсы үрдіс. Мұндай үрдістің жалғасын табуына Үкіметтің шағын және орта бизнеске қолдау жасауы да әсер етіп жатыр. Бұл орайда, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын да айта кету керек. Аталған бағдарлама аясында 5 млн теңгелік грант беріледі.
– Қомақты гранты бар жобаның талабы да жоғары болатын шығар?
– Мүмкін, солай деуге де болады. Бұл бір жағынан кәсіпкерліктің сапасына да әсер етпек. Яғни, жоба аясында грант ұтып алғысы келген азаматтар – білім, өндіріс, денсаулық сақтау, туризм салаларының бірі бойынша өз кәсібін ашуы қажет. Оған енді бастап жатқан кәсіпкерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар қатысады. Бәлкім, кішігірім цех, мүмкін қандай да бір оқыту орталығы болар. Басты талап – жобаның инновациялық мінездемесі болуы керек. Осы ретте инновация деген терминге де түсініктеме бере кетсем деймін. Қазір инновация десе жұрттың бәрі оны ерекше бір жаңашылдық деп түсінеді. Елде жоқ нәрсені енгізу деп ұғады. Ал шын мәнінде олай емес. Мәселен, ағылшын курсын аштыңыз делік. Бірақ қазір тіл курстары өте көп. Бәрінің де жарнамасы бір-бірінен асып тұр. Сіз егер сондай орталық ашатын болсаңыз, онда ерекше оқу методикасын енгізесіз. Басқаларға ұқсамайтын, адамды өзіне тартып тұратын ерекшелік. Міне, инновация деген – осы. Көптің бірі емес, сол көптен ерекшеленіп тұратын әдіс-тәсілі бар орталық. Бұл сіздің инновацияңыз болып саналады. Ал егер сіз әлеуметтік әлсіз топ өкілі не мүмкіндігі шектеулі жан болсаңыз немесе көпбалалы ана болсаңыз, онда сізден ешқандай инновация талап етілмейді. Яғни, мұндай санатқа жататын азаматтар кез келген жобасын ұсына алады. Өтініштер 2-21 наурыз аралығында қабылданады. Қатысушылар арнайы комиссия алдында өз презентацияларын қорғап шығуы керек. Сәтті қорғай алса 5 миллион теңгесін алып, кәсіптерін бастай береді.