Парламент мәжілісі ресми сайтының хабарлауынша, 28 қыркүйек күні премьер-министрдің орынбасары әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменовке екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) компаниялар мен жеке тұлғаларды несиелендіру мәселесіне қатысты депутаттық сауал келіп түскен.
Сауалда екінші деңгейлі банктер экономиканы несиелендіруге жеткілікті түрде қатыспағаны туралы жазылған: егер 2010 жылы заңды тұлғаларды несиелендіру көлемі ЖІӨ-нің 25,1 пайызына жетсе, 2022 жылдың соңында бұл көрсеткіш үш есеге азайып, 8,4 пайызды құрады.
Салыстырар болсақ, басқа елдерде 2022 жылдың соңында заңды тұлғаларды несиелендіру көлемі ЖІӨ бойынша мынадай көрсеткіштерді құраған:
Ресей – 38,7 пайыз;
Өзбекстан – 32,5 пайыз;
Грузия – 28,6 пайыз.
Депутаттардың мәліметінше, бұл ретте банктер тұтынушылық несиеге баса назар аударады. "Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, тек 2023 жылдың шілде айында заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 1,7 пайызға азайып, 8,6 трлн теңгеге төмендеген.
Бұл ретте ірі бизнеске берілген несиелер саны 3,0 пайызға, яғни 3,5 трлн теңгеге дейін қысқарған. Оған қоса нақты секторды несиелендірудің төмендеуімен қатар тұтынушылық несиелердің саны көбейе бастаған. Бұл қаржы жүйесі үшін тәуекелдердің артуына, сондай-ақ халықтың шектен тыс қарыз алуына әкеліп соқты", – деп жазылған депутаттық сауалдың мәтінінде.
Бүгінде қазақстандықтар белсенді түрде кредит алып жатыр Депутаттардың сөзінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 51,3 пайызға немесе 16,2 трлн теңгеге дейін өскен. Ал тамыз айындағы мәліметке сәйкес, қазақстандықтардың алған несие мөлшері 1,4 трлн теңгені құраған. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жалпы сомасы 2,11 миллион қарыз алған жеке тұлғаларда проблемалық ипотекалық несиелері бар екені анықталған. Олардың жалпы алған несие сомасы 1,5 триллион теңгені құраған.
"Адамдар несиені басқа несиемен жабуға мәжбүр, олардың басым бөлігінде мойнында бірнеше кредиті бар, соған қарамастан, екінші деңгейлі банктер шектеусіз жаңа несие бере береді, өйткені кепілсіз банктік несиелер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 56 пайыз, кепілдігі бар несиелер бойынша ЖТМ – 40 пайыз. Сондай-ақ банктердің 2,3 триллион теңге көлеміндегі "тоқтатылған активтері" де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр", – делінген сауалда.
Азаматтардың қарыздық жүктемесін қалай азайтуға болады Депутаттардың пікірінше, қазақстандықтарды кредит алудағы жауапкершіліксіз әрекетінен, яғни артық кредиттеуден қорғау үшін мынадай шараларды қабылдау қажет: борышкерлерге несие беруге тыйым салу – 90 күннен астам мерзімі өткен несиелері бар азаматтарға тұтынушылық несие мен микрокредит бермеу; несие берудің шекті жасын ұлғайту – 21 жасқа толмаған тұлғаға ресми табысын растамайынша, оған тұтынушылық несиелер беруді шектеу; жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің ең жоғары шегін төмендету арқылы несиелерді қолжетімді ету, қазіргі уақытта ол 56 пайызды құрайды. Бұл ретте депутаттардың пайымдауынша, тұтынушылық кредиттің үлесін азайта отырып, екінші деңгейлі банктерді бизнесті және ел экономикасын белсенді түрде кредиттеуге ынталандыру қажет.