Әрине, жиырма миллиондай адам жаппай шұбырмайды: бұл процесс кезең-кезеңімен өтеді, яғни құжаттар алған кезде тиісті құрылғыға саусағын басады. Әлдекім саусақ таңбасын мемлекеттік тіркетуден бас тартса, оған айыппұл салынады. Содан соң... ол бәрібір осы рәсімнен өтуі тиіс. Бұл жаңалықты қолдағандар да, одан қорыққандар да жетерлік.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, республикада паспорт пен жеке куәлікті алу кезінде Қазақстанда тұратын барлық адам міндетті түрде саусақ іздерін тіркетеді.
Бірқатар сарапшының және депутаттардың пікірінше, жалпыға бірдей дактилоскопия – жаппай бақылаудың бастауы. Сонымен бірге дербес деректердің қорғалуы проблемасы да ушығуы мүмкін. Бүгінде көптеген азамат смартфонына, банк қосымшаларына саусақ ізі арқылы кіреді. Өйткені адамдардың саусақ іздері қайталанбайды. Ал енді бұл дерегі де мемлекеттік базадан сыртқа тарап кетсе, алаяқтар оны арнайы басып шығарып, қаскөй істеріне пайдаланбай ма?
Бастама авторларының өз дәйектемелері бар. Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, дактилоскопиялық тіркеу дегеніміз – әр адамның бірнеше саусағының папиллярлық бедерінің қайталанбас, дара құрылымдары туралы ақпаратты мемлекетке табыстау деген сөз.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаевтың айтуынша, бұл тіркеуден Қазақстанның барлық азаматы, елде тұрақты тұратын шетелдіктер өтуге міндетті болады. Одан 12 жасқа дейінгі балалар ғана босатылады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер дактилоскопиялық тіркеуден өтуге немесе өтпеуге ерікті.
«Саусақ іздерін тапсыру азаматтар үшін – жеке куәлікті, төлқұжатты, ал шетелдіктер үшін – тұру ықтиярхатын және азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігін алу немесе ауыстыру кезінде, ХҚКО-ларда жүргізіледі. Мәселен, жеке басты куәландыратын құжаттардың қолданыс мерзімі аяқталса, атын, әкесінің атын, тегін өзгертсе, құжатын жоғалтып не ұрлатып алса, жаңасын алу үшін міндетті түрде саусақ іздерін тіркетуге тиіс», – деп түсініктеме берді Ішкі істер министрлігі.
Ведомствоның дәйектеуінше, дактилоскопиялық тіркеу заңсыз құжаттандырудан сақтайды, қауіпсіздік жүйесін жақсартады. Мұның сыртында дактилоскопиялық тіркелген адамдардың өз құжаттарын қалпына келтіру рәсімі бұрынғыдан жылдамырақ жүргізіледі деп уәде етіп отыр. Мұның шын-өтірігін уақыт пен алдағы тәжірибе көрсетеді.
«Жазатайым жағдай, өрт кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өткен әрбір адамның тұлғасын анықтау кепілдендіріледі. Мұның сыртында осының арқасында болашақта заманауи смартфондардың көмегімен мемлекеттік қызметтерді қашықтан ұсыну мүмкіндіктері барынша кеңейеді», – деді Ішкі істер ведомствосы.
Саусақ ізі – игіліктер кілті ме?
Бұл жерде қайшылық байқалады. Мәселен, бұған дейін мемлекеттік және басқа қызметтер негізінен электронды цифрлы қолтаңба арқылы беріліп келді. Бүгінде оның орнын биометрия басуда: жүйе смартфонның камерасы арқылы адамның бет-жүзін таниды.
Сонымен қатар 2016 жылғы 14 қарашада, Мәжілісте «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірге таныстырған ІІМ-нің сол кездегі басшылығының өкілдері тұлғаны анықтауға тек саусақ іздері аздық ететінін дәлелдеп баққан болатын. Мысалы, өрт кезінде адамның терісі отқа шыдамай, үлбіреп, бірден жанып кетеді. Ондай жағдайда зардап шеккен адамның немесе марқұмның кім екенін танып, білу тек геномдық тексеру арқылы мүмкін болатыны айтылған.
«Геномдық (ДНК) тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға, оларды ашуға және тергеп-тексеруге, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл хабарсыз кеткен азаматтарды, Қазақстан аумағында тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіруге, танылмаған мәйіттердің кім екенін, іздестіріліп жатқан адамдардың өзгелермен туыстық қатынастарын анықтауға жол ашады», – деді сонда ІІМ мамандары.
Дегенмен енді ІІМ мемлекет тіркеген саусақ іздері де біраз игіліктің кілті болатынына сендіріп отыр. Мәселен, Қазақстан азаматы шетелде жүріп, паспортын жоғалтып алса, оған Қазақстанның шетелдегі мекемесіне, консулдыққа жүгініп, дактилоскопиялық тіркеуден өткенін хабарласа, жетіп жатыр: «онда құжаттарын қалпына келтіруге қатысты проблема болмайды».
Министрліктің дерегінше, сондай-ақ жыл сайын шамамен 30 мың қазақстандық шетелде тұрақты тұру ықтиярхатын рәсімдейді. Оларға да жеңілдік әкелетін көрінеді.
Ең басты бір дәйектеме – алжасқан, деменцияға душар болып, есте сақтау қабілетінен айырылған адамдардың, қариялардың көшеге шығып, адасып кетуі жиі болып тұрады. Олардың кім екенін анықтау күрделі екен.
«Ақылынан жаңылған, есте сақтау қабілетін жоғалтқан адамдар үшін дактилоскопиялық тіркеу ерекше маңызға ие. Сонымен қатар аффект жағдайындағы немесе естен танған адамдардың өзі туралы қандай да бір ақпарат беруге жағдайы жарамай жатады. Мұндайда дактилоскопия отбасының адасқан мүшесін тауып беруге көмектеседі. Жазатайым оқиғалар өмірде жиі бола бермейді, бірақ күнделікті тіршілікте саусақ іздері көмекке келетін оқиғалар кездеседі. Мысалы, қалтасында еш құжаты жоқ адам көшеде өзін жайсыз сезініп, құлап қалды делік. Оны ес-түссіз жатқан күйде ауруханаға алып кетеді. Саусақ таңбаларының деректер базасында саусақ іздері болмаса, туысқандары оны іздеп, әуре-сарсаңға түседі», – дейді ІІМ мамандары.
Ішкі істер министрлігі саусақ таңбаларының алаяқтардан, арам ниетті басқа адамдардан қорғалатынына сендіреді. Бұл ретте деректер базасында әрбір саусақ іздерінің жиынтығы бірегей идентификатормен тіркеледі. Базада адамның аты-жөні, ЖСН-ы, дербес деректері болмайды. Жүйенің құрылымы мен архитектурасының арқасында, саусақ іздері автоматты түрде тұлғасыздандырылады. Бірегей индентификаторлардың кімге тиесілі екені бөлек сақталмақ.
Дегенмен уәкілетті орган аталған жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге арналған сынақты әзірге аяқтамапты. Жұмыс жалғасып жатыр.
Саусақ іздерін алу үшін арнайы дактилоскопия сканері пайдаланылады. Яғни, бұрынғы замандағыдай, адамдардың саусағы қара сияға не басқасына батырылмайды.
Залда жақтап, сыртта даттау жөн бе?
2024 жылы «қызық пен шыжық» басталайын деп тұрғанға ұқсайды. Мәжіліс депутаты Марат Башимов бұл қадамды құптамайтынын жеткізді.
«Келесі жылдың 1 қаңтарында адамдардың конституциялық құқықтарын бұзу басталғалы тұр. Жаппай дактилоскопия міндетті, мәжбүрлі емес, ерікті болуға тиіс. Бұл заң 2016 жылы қабылданған. Ол кезде ескі билік азаматтардың үстінен жаппай бақылау орнатуға ұмтылды. Содан бері заман өзгерді. Алайда 2024 жылғы 1 қаңтарда полиция саусақ іздерін тіркеткісі келмейтіндерді қатаң жазалауға кіріспек. Менің ойымша, Бас прокурор мен омбуд-
смен Конституциялық Сотқа жүгініп, саусақ іздерін алуды мәжбүрлі жүргізудің «Конституцияға қайшы» деп танылуына қол жеткізуі керек. Бұл іс ерікті болғаны жөн. Көрші Өзбекстанда, мысалы, ерікті», – деді Марат Башимов.
Негізі, былтыр Ата Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді Мәжіліс депутаттары да өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Демек, депутаттардың мұны прокуратураға сырғыта салуы жөн емес. Бұған қоса, депутаттар бұрынғы заңның күшін жоятын жаңа заң қабылдай алады.
Саусағын рәсімдеуден ат-тонын ала қашқан азаматтарға заң бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл – биыл 6 900 теңгеге тең. Бірақ айлық есептік көрсеткіш жыл сайын өседі. Тиісінше, 2024 жылы 2 АЕК 7 384 теңгені құрайды.
Ал саусақ таңбасын тіркетуден бас тартқан шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар елден шығарылады.
Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов та жаппай дактилоскопияны жақтамайтынын білдірді.
«Біз Парламентте бұл мәселені арнайы қараған жоқпыз. Тек жеке пікірімді білдіремін. Менің ойымша, бүкілхалықтық дактилоскопияны енгізу дегеніміз – шектен шыққандық. Дұрысы, қылмыс, құқықбұзушылық жасаған адамдардың ғана саусақ іздері алынғаны жөн. Деректер базалары сондай адамдардың саусақ таңбаларынан тұруы керек. Сонымен бірге бұл шара ХҚКО-лардағы кезектерді тіпті ұзартып жібереді. Кейбір адам тезірек тапсырып тастайын деп күні бұрын жүгіруі мүмкін. Әрқайсысы солай ойлайды. Содан бәрі ХҚКО-ларда жиналады. Орталықтар халық нөпіріне шыдас бере алатынына күмәндімін», – деді депутат Асхат Рақымжанов.
Бірқатар депутат пен сарапшы дактилоскопиядан өткісі келмейтіндерге айыппұл салған дұрыс емес деп отыр. Себебі билік бұл шараны халыққа қамқорлық ретінде ұсынды. Алайда қамқорлықты қабыл алмағаны үшін жазалау жөн бе?
Айта кету керек, дактилоскопияны енгізуге бұрынғы депутаттар да қарсы болды. Сондықтан олар бұрынғы биліктің қысымымен, 2016 жылы тиісті заңды қабылдағанда, оны енгізуді бес жыл әріге ысыра алған еді. Дегенмен 2021 жылы да өмірге жолдама алуына рұқсат етпеді: Мәжіліс жеке заң қабылдап, жаппай дактилоскопияны 2023 жылға шегерді. Қызығы сол, биылғы жыл басында тараған жетінші шақырылымдағы Парламент 2023 жылғы бюджетте осы мақсатқа қаражат бөлмей қойды. Содан Үкімет амалсыздан, «бюджет тарапынан қаржыландырудың болмауы салдарынан» бұл істі 2024 жылға қалдырды.
Ал биыл сайланған жаңа Парламент келесі жылға Ішкі істер министрлігін тиісті қаржыландыруды мақұлдады. Демек, журналистерге берген сұхбатында депутаттар басқаша сөйлегенімен, жаппай дактилоскопияны елдің жаңа Парламенті құптап отыр деуге негіз бар. Әгараки, шынымен құптамаса, жыл соңына дейін уақыт бар: жаңа заң жобасына бастамашы болып, бұл науқанды доғара, ең құрыса, тағы әрі ысыра алады.
Елдос Сенбай