Кейде «Сити-ферма» деп те атап жүрміз. Қарқынды дамып келе жатқан өндіріс бүгінде әлем экономикасына күн сайын миллиардтаған доллар қаржы құйып отыр. Ал осы бір ерекше ауыл шаруашылығы біздің елде қалыптасты ма? Бұл саламен айналысып жатқандар бар ма? Артықшылығы мен кемшілігі турасында біраз ізденіп көрдік.
Қаладан ауылға бармай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу мәселесімен ертеректе ірі бекіністер мен ұзақ уақыт бойы соғыс жағдайында қалған қалаларда қалыптаса бастады. Нақты қай уақыт екенін тап басып айта алмаймыз. Дегенмен ең алғаш рет қаладағы ауыл шаруашылығы жүйелі түрде жүргізіле бастаған АҚШ-тың Мичиган штатындағы Детройт қаласы деп айтылады.
Қазір әлемнің кез келген елінде қалалардың жылдам өсуі мемлекеттердің экономикасына біршама кедергі келтіріп жатқаны шындық. Экономикалық жағынан түрлі шара қабылдап баққан билік қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етумен қоса, жұмыссыздық мәселесіне келгенде шарасыздық танытып жатқаны шын. Дегенмен ебін тауып тығырықтан шығып отырған елдер де баршылық. Жоғарыда аталған мәселелермен қоса өзге де әлеуметтік жағдайлардың алдын алуға байланысты қалалардың өзінде ауыл шаруашылығымен айналысу мәселесі алға үлкен талаптар қоюда. Тіпті, дамыған елдерде қаладағы ауыл шаруашылығына байланысты арнайы ғылым бар. Онымен қоса, орталықтандырылған мекемелік құрылымдар да жұмыс істеп тұр. Иә, мұндай мекемелер бізде де бар. Атап айтқанда, әрбір облыс орталықтары мен қалаларда әкімдіктің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі КММ сынды түрлі атау берілген. Бірақ аталмыш мекемелер әзірге қалалардағы көше бойында өсіп тұрған тал-теректер мен арнайы ұсталынатын жан-жануарлар, қала берді жабайыланып кеткен ит-құсқа бақылау жүргізуден ары аспайды.
Қалалық жерлердегі ауыл шаруашылығымен айналысқан адамға жаңаша талғамды жұмыс орындарын құруда да ерекше мүмкіндік бермек. Сонымен қатар қала экологиясына да өзінің оң әсері болатыны рас.
1893 жылдары экономикалық және саяси депрессиядан зардап шеккен Детройт тұрғындары қаладағы кез келген бос жерлерге картоп отырғызды. Осылайша, қала халқы аштықтан өздерін аман алып шыққан екен. Одан кейін Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзге де елдерде бұл құбылыс жаппай жүйелене бастады. Ең алдымен майданның қажеттіліктері үшін жұмыс істейтін негізгі азық-түлік өндірісі өзге жақтан тасымалданатын шығынды азайтты. Осылайша, қаладағы ауыл шаруашылықтары аса қажетті әрі маңызды мәнге ие бола бастады.
Қазақстанда қалай болды?
2018 жылы қазанда «Қаладағы ауыл шаруашылығы – болашақтың кепілі» деген атпен Алматыда көрме ұйымдастырылды. Көрмеге жиналғандардың кейбірі мұндай ұғымның бар екенін алғаш рет естіп отырғандарын жасырмаған-тын.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада тың идеялардың болғаны да шындық. Дегенмен көпшіліктің көкейінде ерекше мүмкіндіктер туралы ой қалыптасты.
Шараның басты ұйымдастырушысы Арсен Рысдәулетов «Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі – өңірлерде агротехникалық және агротехнологиялық білімді тарату орталықтарының тым аздығы», – деген пікір білдірді. «Қаладағы ауыл шаруашылығының артықшылықтарының бірі ол жоғары өнімділік, экологиялық тазалық және ең бастысы, тұтынушыға жақын әрі қолжетімді болуы. Бұл жерде әлдекімнің жақсы жұмыс істеуімен қоса тұтынушыға қажет дүниені дер кезінде ұсынып, сұранысты орындау. Яғни, тұтынушыға қолайлы жағдай жасау. Осы арқылы бизнес те дамып отырады», – дейді жеке кәсіпкер Арсен Рысдәулетов.
Қазақстанның егістік жер аумағының кеңдігі қалалық ауыл шаруашылығына деген қажеттілікті туғызбайтындығын айтып отыр, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтын Шаяхметова.
«Әрине, қаладағы ауыл шаруашылығын дамытсақ, бізде ең алдымен белгілі бір деңгейде азық-түлік мәселесін шешіп қана қоймай, біршама жұмыс орындары ашылар еді. Бірақ халық жаппай бұл бағытқа ден қояды деп ойламаймын. Бұл шаруамен ең алдымен белгілі бір кәсіпкерлер айналысуы керек. Атап айтатын болсақ, еліміздегі ірі сауда орындары мен бизнес өкілдері бас қойсын. Мысал ретінде айтарым, қаладағы ірі сауда орталығының төбесі үлкен егіс алқабының рөлін атқаруға жарап тұр. Шетелдерде мұндай тәжірибе бар. Сол кеңістікте микроорганикалық өсімдіктермен қоса, балық шаруашылығын дамытуға болар еді. Алқапқа түрлі салат жапырақтарымен қоса (микрозелень) микрожасыл желек қалыптастырса дейміз. Бұл өз кезегінде өнімді өзге елдерден немесе алыс жақтан тасымалдаудың алдын алары сөзсіз. Сонымен қоса, дәстүрлі жылыжайларды қалыптастыру оңтайлы болып отыр. Бұл, әсіресе солтүстік аймақтарда көп шығынды қажет ететіні тағы бар. Бірақ бұл үшін біраз шығын мен уақыт қажет. Әзірге далалық алқаптарымызды дұрыстап игеріп алғанымыз абзал», – дейді ғалым Алтын Шаяхметова.
Қалалық фермада бәрі басқаша
2014 жылдың жазында Астанадағы Есілдің оң жағалауындағы аудандардың бірінде 11 қабатты тұрғын үйдің шатырына тұрғындардың бірі бау-бақша салыпты. Алғашқыда мұны жасағанын білмеген тұрғындар кейін келе көршілерінің ісіне ризашылығын білдіріп, бәрі бірге бақшаның күтіміне атсалысқан. Күзге салып өнім де мол болған. Бірақ коммуналдық шаруашылық өкілдері келесі жолы мұндай шаруамен айналысуға тыйым салған болатын. Бұл да қалалық ферманың бір көрінісі деуге болады.
Кәдімгі дәстүрлі ауыл шаруашылығының экономикалық тұсын былай қойғанда, экологияға да айтарлықтай залал әкеледі екен. Ғалымдардың айтуынша, дәстүрлі ауыл шаруашылығы секторы тұщы суды сарқып қана қоймай, үлкен алқаптар мен жерлерді өзге қажеттіліктерге икемдемей тек бір бағытта ғана алып жатыр. Онымен қоймай, өнімді өсірумен қоса тасымалдау процесінде миллиардтаған тонна парниктік газдарды шығарады. Экономикалық тұрғыдан қарасақ, қыруар қаражат та шығындалмақ. Қалалық фермада бәрі басқаша: оны ең аз табиғи ресурстарды пайдалана отырып, үй ішінде, шағын жер учаскесінде немесе үй шатырларында тіпті жертөлелерде де орнатуға болады.
«Мен қазір қаладағы бірнеше мейрамханаға микрожелек жеткізіп отырамын. Тіпті, кейде жеке тұрғын үйлерден де тапсырыс түсіп тұрады. Қазір көп адам осы бір өнімді тұтынудың пайдасы зор екенін біледі. Әсіресе, жас сәбилер мен қарттардың денсаулығына жақсы әсер етеді», – дейді микрожелек өсіруші Абзал.
– Абзал өнімді өсіруді қашаннан бастап қолға алдың?
– Пандемия кезінде жұмыстан қысқарып қалдым. Ол уақытта Астанадағы бір курьерлік компанияда қызмет істеп жүрген едім. Карантин басталғанда Алматыға келіп біраз уақыт ұсақ-түйек шаруамен айналыстым. Содан кейін мәскеулік бір жігіттің микрозелень өсіруге байланысты онлайн курсына қатысып, 5 күнде алғашқы жұмысымды бастадым.
– Саудаласуды қалай жолға қойдың? Бізде бұл өнімге қызығушылар бар ма өзі?
– Басында өнімдерімді Instagram желісіне салып едім, дереу қаралым көбейіп кетті. Содан кейін қаладағы бір қонақүйдің ас мәзіріне тапсырыс алдым. Содан бері біржола осы шаруаны қолға алып отырмын. Алғашқыда пәтерімнің жатын бөлмесінде шағын етіп бұрышта өсіріп жатқам. Қазір қала шетіндегі ағамның үйіндегі бос тұрған ескі қораны реттеп сол жерге көштім. Жаман емес. Өнім де, сатылым да жақсы. Өзіме жетеді. Болашақта өнімнің түрін де көлемін де ұлғайту жоспарда бар. Ол үшін тапсырыс мол болуы керек. Басқасы қолдан келеді.
– Микрожелек өсіру үшін не керек? Неден бастаған жөн?
– Мен алғашында күн сәулесін алмастырушы жарықтандарғыш сатып алдым. Сосын барып күнбағыс, бұршақ, жүгері мен қарақұмық дәндерін кәдімгі күнделікті қолданып жүрген бір рет тамақ салынатын ыдысқа өсірдім. 5 күн дегенде қылтиып шығып, 8 күнде алғашқы өнімді жинадым. Мұндағы ең бастысы ерекшелік, орынды көп қажет етпейді. Себебі бәрін шағын жерде бірінің үстіне бірін саты тәрізді үлгіде өсіре бересің.
Өзінің толық аты-жөнін жариялауды құп көрмеген Абзал есімді кейіпкеріміздің микрожасыл желек өсірумен айналысып біршама пайда таба бастағаны шынымен де қуантарлық әрі қызығарлық жағдай екен. Әрине, біздің елде бұл өнімге сұраныс аз болғанымен, Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде таптырмас витаминдермен байытылған ингредиент ретінде пайдаланылады. Шындығында да солай. Сонысына қарай ол жақтарда мұны кез келген мейрамханалар өздерінің егін алқаптарында, шағын фермаларында өсіруді жолға қойып алған. Ол ол ма, кейбіреулері тіпті балық пен бүлдіргенді, салат жапырақтарын да өзінің өнімі ретінде саудалап отыр. Бұл туралы ғалым Алтын Шаяхметова да айтқан еді.
Көпсатылы фермада әртүрлі микрожасыл желек, көкөніс, жеміс пен гүл өсіруге болады. Америкалық зерттеушілер мұндағы максималды пайда қызанақ, салат жапырағы, чили бұрышы, болгар бұрышы, құлпынай, қияр, жапырақты шөптер мен көк шөптерден келетінін анықтады.
Шатырдағы ферма
«Егер сіз ірі қалалық ферма ашуды жоспарласаңыз, алдымен айтарлықтай шығындарға дайын болуыңыз керек. Оларға қолайлы үй-жайларды жалға алу, қымбат жоғары технологиялық жабдық сатып аласыз, оған техникалық қызмет көрсетуді тағы қосыңыз. Ең үлкен шығындардың біріне электр энергиясын төлеу кіреді. Сонымен қоса, ферманы ашпас бұрын таңдалған қалада сіздің мақсат етіп отырған өнімдерге сұраныс пен сатып алу әлеуеті бар-жоғын тексеру керек», – дейді Ресейдегі Local Roots немесе Agrotechfarm компаниялары желісіндегі алғашқы құлпынай фермасын құрушы Илья Цигвинцев.
Корнелл университетінің қалалық бау-бақша институтының ғалымдары Нью-Йорк қаласындағы шатырлар мен төбелердің ауданын есептеген. Сонымен олар барлығы 15 482 гектар шатыр ауданын есептеп шығарған. Бұл шатыржайлар қаланың қажеттілігіне деп бөлінген қоғамдық бақтардан 445 есе үлкен болып шыққан. Осылайша, бұл кеңістіктерді қалалық егіншілікке айналдыру қалалық ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады.
Қазір Brooklyn Grange компаниясы 2010 жылдан бері Нью-Йорк ғимараттарының төбесін жасыл желекке айналдырып келеді. Оның 2,2 гектар фермасында мегаполис үшін жылына 44,4 тоннадан астам көкөніс пен өзге де азық-түлік түрлерін өсіреді. Қалалық шаруалар өнімдерін базарларда және бөлшек сауда базарлары мен шағын дүкендерде саудалануда. Бұл әлемдегі шатыр шаруашылығының жалғыз мысалы болып тұрған жоқ. Парижде ауданы 14 мың м2 болатын ең үлкен шатыр фермасының өнімдері ерекше сұранысқа ие. Ал Брюссельде бір супермаркеттің төбесінде өсімдіктердің 60-тан астам түрі өсірілсе, Гонконгтағы ферма 300 метр биіктікте орналасқан екен. Ең қызығы, Бостон ауруханасының төбесінде науқастарға арнайы дайындалатын өсімдіктер бар екен. Ал Германия шатырларда балық өсіруді қолға алып жатса, Мәскеу бақташылары шатырда ара шаруашылығын қолға алған.
Бұлайша төбеге бау-бақша өсіру ісін біздің елге де жаппай енгізіп жұмыс істеуге болар еді. Бірақ ол үшін төбелерге арнайы әйнек бүркемелі шатырлар салып, оны жылумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қоса, күн сәулесі қыста аз болатындықтан, фотосинтез үшін арнайы жарықпен де қамтуға тура келмек. Бұл ретте белгілі бір мөлшерде болмаса, өнім өзін ақтап алып кетуі екіталай. Дегенмен балабақшалар мен мектептерде немесе оқушылар сарайлары мен арнайы зертханалар үшін фитотрон үлгісін ұйымдастыруға болар еді.
Саңырауқұлақ фермасы – қалалық өнім
2022 жылы саңырауқұлақ әлемдегі ең танымал және сұранысы жоғары 5 түрлі тағамның қатарына енген. Азық-түлік экономикасы саласының мамандарының есебінше, 2027 жылға қарай қолдан өсіретін саңырауқұлақ нарығы әлем экономикасына 86 миллиард доллардан астам қаржы құяды екен. Саңырауқұлақ өсіру қала шаруашылығына өте қолайлы, өйткені олар үй ішінде немесе жертөлелерде өсіріледі. Мұндай қолайлы орындарды кез келген қалада оңай табуға болады. Бір ерекшелік, саңырауқұлақтар көп жарық пен жылуды қажет етпейді, сондықтан энергия шығыны да өте аз болады.
Саңырауқұлақ – адам ағзасына қажетті ақуыз бен көмірсуға бай келетін өсімдік түрі. Әлемде саңырауқұлақтардың қанша түрі бар екенін ешкім тап басып айта алмасы анық. Дегенмен оның 80 түрін қолдан өсіріп, қорек етуге жарайды. Мысалы, жеуге жарамды саңырауқұлақ түрлерінің қатарында қозықұйрық, шиитаке, вешенка, ойысқұлақ, түлкіжем, бүріскі т.б. түрлерін айтуға болады.
«Біз биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің Саңырауқұлақ – бойынша арнайы грантын ұтып алдық», – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымы, биология ғылымдарының кандидаты Вадим Хасанов.
«Біздің гранттық қаржыландыруымыздың мақсаты – саңырауқұлақтарды өсіріп қана қоймай, оны тағамнан бөлек өзге де мақсаттарға пайдаланудың қыр-сырын анықтау. Оның қатарында саңырауқұлақ шаруашылықтарында болатын аурулармен күресу мен бактерияларға қарсы белсенділігін анықтау кіріп отыр. Қолдан өсірілетін саңырауқұлақтар экологиялық таза өнім түріне жатады. Қатты ыстық емес шамамен 16-18 градус жайлы температурада өсіруге болады. 85-90 % ылғалдылық жағдайда және 5% көмірқышқыл газ бен ауаның алмасып тұруы қажет. 12 сағат бойына тұрақты күн сәулесін қажет етеді. Біз ғылыми жұмыстарымыздың аясында саңырауқұлақтарды өсіретін ортаны шикізатты қалыптастырудамыз. Қазір бұл ортаны жасақтау үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтары, сабан, қамыс, күнбағыс, бидай қалдықтары, т.б. өсімдік түрлерін пайдаланудамыз», – дейді ғалым Вадим Хасанов.
Ғалымның айтуына қарағанда, саңырауқұлақты жертөледе өсіре беруге болады. Десе де, қаладағы шаруашылықты қалыптастырғысы келетіндер ғылыммен тығыз байланыс жасау керек екенін ескеруге тиіс. Бұл жөнінде алматылық саңырауқұлақ өсіруші фермер Әкімхан Біләлдің тәжірибесі жөнінде сұрап білдік.
«Қалыпты температура жағдайын сақтамаса, саңырауқұлақтар бірден өліп қалады. Үнемі желдетіп отырған дұрыс. Ең бастысы, зиянкестерден қорғау үшін барынша күш салған абзал. Қажетті көлемге шақталған құрылыс алаңы болуы шарт. Біз өз қолымызбен үй соқтық. Мұнымен түбегейлі айналысатын адам арнайы агроном ұстағаны абзал. Өзім агроном болғандықтан, қорықпай кірісіп жатырмын. Маман болмасам, еңбегіміз еш кетуі де мүмкін еді. Қазір өзіміздің шағын фермамыздан жылына 10 тонна өнім алып отырмыз», – дейді фермер.
Ауыл шаруашылығының кез келген саласына келгенде, біліктіліктің болғаны жөн. Өйтпесе шаш етектен шығынға батып, барлық еңбек далаға кетуі ықтимал. Әсіресе, қаладағы ауыл шаруашылығына келгенде аса сақ болу қажет. Егер өсіріп жатқан өнімге қандай да бір вирус түскен жағдайда арнайы маман ғана сізді бұл тығырықтан алып шығары сөзсіз. Олай болмаған жағдайда кез келген ауыл шаруашылығы өнімі карантин өнімі деп танылып шаруашылықтың да, өнімнің де көзі жойылады. Дегенмен ауылдардан қалаға аударыла көшіп жатқан халықтың үлес салмағының келешекте қалаларда тым артуына байланысты қаладағы ауыл шаруашылығын жүйелі түрде қалыптастыруға тура келмек.
Бердібек ХАБАЙ