Ағымдағы демографиялық ахуалды және оның үрдістерін түсіну бізге әлеуметтік маңызы жоғары салалардағы тиімді стратегиялар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының ресми саны 2023 жылдың 1 қыркүйегінде 19 млн 944 мың 726 адамға жеткен. Халық санының 20 миллионға жуықтағаны білім, еңбек нарығы және денсаулық сақтау секілді салаларға салмақ түсіретіні анық.
Жақында Венгрияда өткен «Отбасы: қауіпсіздік кілті» атты V Будапешт демографиялық саммитінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанның бірқатар демографиялық ерекшеліктеріне тоқталып өткен болатын. «Қазақстан – жас ел, қазақстандықтардың орташа жасы – 32 жас. Халық құрылымында Жастар шамамен 30%-ға жуық. Демографтар тәуекелдер туралы жиі сөз қозғайды. Бірақ біз жастардың энергиясын мемлекеттің даму мүмкіндігіне айналдыру үшін жұмыс істейміз», – деді министр. Сондай-ақ, қазақстандық саясаткер Қазақстанның отбасылық-демографиялық саясатын қалыптастырудың институционалдық негіздерін дамыту, оның ішінде реформалар мен әлеуметтік қолдау жүйесі, отбасының цифрлы картасын енгізу және елде іске асырылып жатқан бірқатар арнайы бағдарлама туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 8,2 млн адамға өсіп, 27,8 млн адамға жетуі мүмкін.
Ал сегіз өңірдің халық саны 869 мың адамға қысқармақ. Олардың қатарына Абай (92 мыңға), Ақмола (80 мыңға), Қарағанды (99 мыңға), Қостанай (181 мыңға), Павлодар (100 мыңға), Солтүстік Қазақстан (182 мыңға), Ұлытау (15 мыңға), Шығыс Қазақстан (120 мыңға) облыстары бар. Басқа да өңірлердегі халық саны 9 млн адамға өспек, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 4,2 млн адамға ұлғаяды. Олардың қатарында Ақтөбе (326 мың), Алматы (800 мың), Атырау (350 мың), Батыс Қазақстан (112 мың), Жамбыл (657 мың), Жетісу (512 мың), Қызылорда (328 мың), Маңғыстау (723 мың) және Түркістан (994 мың адамға) облыстары да бар.
Урбанизация деңгейі 2022 жылғы 62 пайызбен салыстырғанда 2050 жылға қарай 67 пайызға жетуі мүмкін. Қала халқының саны 6,6 млн адамға немесе 55 пайызға өседі деп күтілуде, ал ауылдық жерлерде өсім 1,5 млн адамды немесе 21% құрайды.
Алдағы жылдары туу көрсеткіші жылына 390 мың адамға жетсе, 2028 жылға қарай 400 мың жаңа туған нәресте тіркелуі мүмкін. Ал 2036-2037 жылдарға қарай олардың саны 500 мың адамнан асып түседі. Қазақстанда жылдық туу көрсеткіші 2050 жылға қарай 600 мың адамға жуықтайды. 2022-2050 жылдары 13,6-дан 16,3 млн-ға дейін, оның 64% қалалық жерлерде, 36% ауылдық жерлерде туады деген болжам бар.
Орталық мамандары мектеп жасындағы халық саны (6-18 жас) 2027 жылға қарай 5 млн-ға дейін артатынын жеткізді. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,5 млн-ға жетпек. Мегаполистердегі халық саны, оның ішінде Астана қаласында – 251 мың, Шымкент қаласында – 250 мың, Алматы қаласында 178 мыңға артады. Сондай-ақ Түркістан облысында мектеп жасындағы халық санының 342 мыңға, Жамбыл облысында – 212 мыңға, Алматы облысында – 211 мыңға, Маңғыстауда 190 мың адамға артады.
Дегенмен, қазіргі жастардың ең ересек және экономикалық белсенді бөлігі дүниеге келген 1990 жылдардың аяғындағы теріс демографиялық көрсеткіш әсерінен 2024 жылға қарай жастар жұмыс күшінің саны 1,8-ден 1,7 млн адамға дейін азаяды. Керісінше, 2030 жылға қарай оның саны 2,2 млн адамға дейін, ал 2035 жылға қарай 2,7 млн адамға дейін өседі. Осылайша, алдағы 13 жылда
1 миллионға жуық жұмыс орнына қажеттілік туындамақ.
Еңбекке қабілетті жастан асқан халық саны 2030 жылға қарай 25%-ға, ал 2050 жылға қарай 1,7 есе өседі. Еңбекке қабілетті жасқа дейінгі халық саны 2030 жылға қарай небәрі 2%-ға, еңбекке қабілетті жастағы - 11%-ға өседі, бұл ретте 2050 жылға қарай өсім тиісінше 41% және 36% құрайды. Осылайша, егде жастағы халықтың саны басқа санаттармен салыстырғанда жылдам өспек. 2034 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің саны 10 млн адамға жетеді. Сарапшылар 2000-шы жылдардағы «бэби бум» кезеңінде туылған ұрпақтың еңбек нарығына келуіне байланысты 2030 жылдан бастап жыл сайынғы жұмыс күшінің өсу қарқыны жылдамдайды деген пікірде. 2050 жылға қарай жұмыс күшінің саны демографиялық көрсеткіштердің динамикасына байланысты 11-12,5 млн адамға жетуі мүмкін, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18-34% өсімге сәйкес келеді. Бірқатар өңірде (негізінен солтүстік, орталық және шығыс) жұмыс күшінің саны 25-тен 45%-ға дейін қысқаруы мүмкін, ал Астана және Шымкент қалаларында ол екі есеге көбейеді.
Осы орайда Үкімет 2035 жылы Астанада 2,5 миллион адам өмір сүретінін есепке ала отырып, инфрақұрылымды реттеуді қолға алды. Сонымен бірге 2000 жылдың басында қабылданған бас жоспар қайта қаралып, мектептері, балабақшалар, басқа да әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым жоспары жаңарады. Бұған дейін елордадағы халық саны 2030 жылға қарай 1 миллион 200 мың адам болады деп жоспарланса, мегаполистегі халық саны бұл көрсеткіштен 2020 жылдың өзінде асып түскен.
Бүгінде тек «жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 24 мектептің құрылысы жоспарланып, алдағы уақытта ірі габаритті мектептер салынбақ. Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының мәліметтеріне сүйенсек, халық санының азаюы Қазақстандағы экономиканың өсу қарқынының айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткенін көреміз. Мәселен, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап халық санында түбегейлі өзгерістерге ұшырады. 1993 жылдан бастап саяси және экономикалық күйзелістерден кейін жаппай эмиграция басталды. 1992-2002 жылдар аралығында Қазақстан халқы 16,5 миллионнан 14,9 миллионға дейін қысқарғанын көреміз. Қала халқы 1992 жылғы 9,4 миллионнан 2000 жылы 8,4 миллионға дейін азайып, ал ауыл халқы 1994 жылғы 7,2 миллионнан 2003 жылы 6,4 миллионға дейін төмендеген. Тек 2012 жылы ғана Қазақстан халқы бастапқы кезеңнің көрсеткішінен асып түсіп,16,7 млн адамға жетті. Салыстырар болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында Қазақстан экономикалық өсімі де теріс көрсеткішпен сипатталады. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1991 жылы өсу қарқыны –11%, ал 1994 жылы ең төменгі көрсеткіш 12,6%-ға жетті.
Қазір Қазақстан демографиялық жағдайға байланысты сын-қатерлер мен міндеттердің алдында тұр. Мемлекет тұрақты дамуды, әлеуметтік тұрақтылықты және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін демографиялық процестерді басқаруға тырысады. Бұған отбасын жоспарлау бағдарламалары, аналар мен балаларды қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестициялар кіреді. Дегенмен сарапшылар бұл саланы басқаратын арнаулы ведомствоның жоғын алға тартуда. Бүгінгі зерттеулер тек статистикамен шектеліп отыр. Мұның салдарын біз экономиканың өзге де салаларынан көретініміз анық.
Кәмила Еркін