Елімізде азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру жағынан ілгері істер атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғамды дамыту біздің негізгі басымдығымыз екенін үнемі айтып келеді. Президент өзінің Жолдауында және Cайлауалды бағдарламасында бұл мәселенің маңызына ерекше мән бергені белгілі.
Депутат Руслан РҮСТЕМОВ: Мемлекет қуаты –  азаматтық қоғамда
646
оқылды

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап аза­маттық қоғам бағытында елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізгеніміз айқын. Бүгінде елімізде үкіметтік емес ұйымдармен «әлеу­меттік әріптестік» орнату үрдісі дұрыс жолға қойылған деп зор сеніммен айта аламыз. Үкіметтік емес ұйымдар түрлі азаматтық бастамаларды батыл көтеріп, елдің қоғамдық-саяси процестерін дамытуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. 

Азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі жылдан жылға артып келеді. Атап айтқанда, белсенді жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар санымен бірге, үкіметтік емес сек­тордағы жұмыс істейтіндер саны да өсіп ке­леді. Бүгінде елде ресми тіркелген 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Әсіресе, пандемия жағдайында, елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезеңінде қоғамдық ұйымдар – халыққа көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды. 

Азаматтық қоғам – ел тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Өйткені ел аза­­маттарының қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениетінің деңгейі қоғамдық-саяси белсенділігімен сараланады. Жалпы қауымның «мемлекет бізге не береді?» деген пікірден аулақ болып, қайта керісінше «біз еліміздің дамуы үшін не істей аламыз?» деп қоғам тіршілігіне араласуы азаматтық қоғам­ның негізгі сипаты болмақ. Мұндай идея бірік­тірген, осы идеяға сүйеніп қалып­тасқан үкі­меттік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның нағыз бағдаршысы. Азаматтық қоғамның қызмет аясы өзара сенім мен нәтижеге бағыт­талса ғана ел-жұртымыздың ғұмыры ғиб­ратты, өмірі мазмұнды болмақ.

Тәуелсіздік жылдары еліміз кемелденген азаматтық қоғамды қалыптастыру мақсатында сынаққа толы сан тараулы жолдан өтті. Соңғы жылдары елімізде қоғамдық ұйымдардың саны ғана емес, сапалық құрамы да өсті. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен қамтылған сала­лардың қатары да артуда. 

Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталып, ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғы­шарты ретінде саяси модернизация қарқынды жүргізілуде. Яғни, мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қо­­­ғамдық ұйымдарды және аза­маттық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетілдірілуде. Демек, атқарушы билік пен азаматтық сек­­тордың өзара бір­лескен тиімді іс-шаралар, арнайы тұжырым­дамалар қа­былдауы да маңыз­ды. Осы мақсатта еліміз­дегі азаматтық қоғам­ның қалыптасуы мен ны­ғаюына заң­намалық негіз қаланып, мемле­кеттік бағдар­­ламалар жүзеге асуда. Сондай-ақ Президент ұсынған конститу­циялық рефор­малар мем­лекетті саяси тұрғы­дан жаңғырту­мен бірге азаматтық сектор өкілдерінің қо­ғамда әлеу­меттік әділеттілік ор­натуға деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет. 

Азаматтардың қоғамдық белсенділігі заң нормаларымен бекітіліп, конституциялық басқару жүйесіне ұласқан, халықтың қо­ғамдық бақылауға кеңінен араласуына өкілетті тетіктер заң нормаларымен жүйеле­ніп, айқындалған мемлекетті ғана заңды және өркениетті деп санауға болатыны белгілі. Осы орайда, Пре­­зиденттің тапсырмасына сәйкес, мемле­кеттік органдардың, квазимемлекеттік сек­тордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, аза­маттардың қоғамдық белсенділігін арт­тыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы жуырда Сенат қабыр­ғасында кеңінен талқы­ланып, мақұлданды. Сонымен қатар заңна­малық тұрғыда елімізде алғаш рет петиция институтын қалыптас­тыратын заң жобасы да Сенат депутаттарының қолдауына ие болды. 

Бұл құжат – еліміздегі іргелі реформаларды жүзеге асырудағы тағы бір маңызды әрі прог­рессивті қадам. Аталған заңдардың қабыл­дануы азаматтық сектордың сарап­шылық әлеуетін одан әрі жетілдіруге, қоғамды дамыту саласына белсене араласуын қамта­масыз етуге, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара ынты­мақтастықты әрекет­терді одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Конституцияның 33-бабында азамат­тардың мемлекет ісін басқаруға қатысуына мүмкіндік берілген. Әзірленген құжаттың да мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қа­тысуын қамтамасыз ету.

Қоғамдық бақылау қоғамның нақты қа­жеттіліктеріне негізделген барлық дең­гейдегі мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашық­тығын арттыра түседі. Президент қол қойған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның негізгі діттегені – елімізде құқықтық сана мен құ­қық­тық тәрбие негіздерін қалыптастыру. Ол әлеу­меттік маңызды мәселелерді шешу мәсе­лесіне азаматтардың белсене атсалы­суы­на ықпал етеді. 

Заңда қоғамдық бақылау саласын мем­лекеттік реттеу, қоғамдық бақылауға қойы­латын талаптарды айқындау, қоғамдық ба­қылау объектілері мен субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін регламенттеу ұсынылады. Қо­ғам­дық бақылау арқылы азаматтар жалпы­ұлттық жобалардың сапалы іске асырылуын, қоғамдық бақылау объек­тілерінің шешім­де­рінде қоғам­дық пікірдің ескерілуін, қоғамдық бақылау объектілері қызметінің айқындығы мен ашық­тығын қадағалауға мүмкіндік алады. 

Заң қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру аясында қоғамдық қаты­настарды реттеудің мүмкіндігін кеңейтумен бірге Мемлекет басшысы айтқан Әділетті қоғамды, азаматтардың үніне құлақ асатын мемлекеттік құрылымды қалыптастыруға сеп­­тігін тигізеді.

Президент Жолдауда: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы­мем­лекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұ­мыс­тарына азаматтық қоғамның мүмкін­діктерін кеңінен қолдану қажет», – деді. Бұл сөзден халық пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық жетіс­тіктерді, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың алғышарты. Мұн­дағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуы­ның үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру.

Азаматтық қоғамның тұжырымдамасын жасап, азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара үйлесімін танытуда үлкен еңбек сіңірген Гегель: «Азаматтық қоғамды жеке адамдардың баста­масындағы дербес мүдде-мақсаттың өзара іс-қимылына бағытталған жүйе десек, мемлекет – ортақ қоғамдық мақсат-мұрат­тарды іске асы­­ра­тын жүйе», – деп анықтама береді. Гегель­­дің пікірінше, мемлекеттің негізі билік етуге бағытталса, азаматтық қоғамның түбірінде еркіндік бар, мемлекет бірлікке шақырса, аза­маттық қоғамға саналуан көптүрлілік, еркіндік тән. Демек, еркіндік құқыққа өрке­ниетті заң үстемдік еткен ке­зеңде ғана толы­ққанды аза­маттық қоғам қалыптасады. 

Азаматтық қоғам дамып жетілген сайын үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік орган­дармен терезесі тең әріптес бола алады. Яғни, демократиялық принциптерді бірге дамытуға ынталы, ортақ құқыққа ие, еркін және тең азаматтар ғана мемлекет мүддесін бәрінен биік қояды. 

Еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі мін­деттер азаматтық қоғамның бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Біздің бірлескен қызме­тіміз әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының артуына ықпал ететіні сөзсіз. Осы ретте «Қоғамдық бақылау туралы» заңы – қоғамның өзекті мәселелерін шешуде өзінің жемісті нәтижесін береді деп сенемін.