Айта кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасына ресми сапары аясында маңызды келісімдер жасалды. Бакудегі сол сапар аясында екі елдің Президенттері Түркістан мен Шуша қалалары арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Осы бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, Түркістан облысында «Шуша қаласының күндері» іс-шарасы аясында Әзербайжан Республикасынан бір топ делегация келді.
Әзербайжан елінен келген меймандарды облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдады. Басқосуда Түркістан мен Әзербайжан мемлекеті, сонымен бірге Шуша қаласымен мәдени, экономикалық және рухани байланыстарды нығайту барысы сөз болды. Меймандарға өңірдің жағдайын таныстырған Дархан Амангелдіұлы бұл кездесудің маңызына тоқталды.
– Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Бүгін біздің облыс пен Шуша қаласының арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асады. Өңірде 23 мыңнан астам әзербайжан этносының өкілі тұрады. Түркістан облыстық «Гарабах» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Өңірде әзербайжан этносының тілі, мәдениеті мен дәстүрі күніне арналған іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени, экономикалық, саяси қарым-қатынастар жылдан жылға тамырын терең жаюда. Өзара ынтымақтастықтың арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 462 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары, инвесторларға толық қолдау көрсетілуде. Әзербайжан компанияларын да инвестиция салуға, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Түркістан облысының қолөнершілер қауымдастығы биылғы мамыр айында Әзербайжанның Шуша қаласында түркістандықтар қазақ халқының салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарын таныстырып, көрмеге қатысты. Шушаның Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына арналған іс-шарада Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Осы үрдіс жалғасып, қос елдің арасындағы татулық, экономикалық және рухани-мәдени байланыстар нығая берсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Гюнай Эфендиева «Түркістанды бір көргенде ғашық болдым. Шаһар ұнады. Адамдары да ауа-райы секілді жылы екен. Туризм, мәдениет салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл кездесу – сол игі істердің бастамасы», – деді.
Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов және Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамогланов Түркістан мен Шуша қалаларының тарихи рөлі, түркі елдерінің бірлігі жөнінде ой қозғады. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұртшылығына алғыстарын білдіріп, екіжақты байланыс нығая түсетініне сенімді екендерін жеткізді.
Түркістандағы Farab кітапханасында «Шуша қаласының күндері» іс-шарасы өтті.
Шараның ресми ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Гюнай Эфендиева, Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов, Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамогланов қатысты. Достықтың туын желбіреткен рухани шарада Шуша суретшілерінің көрмесі, дизайнер және модельер Гульнар Халилованың «Карабахтың ұлттық киімдері» дефилесі, «Хуршидбану Натаван» атты әдеби-музыкалық композициясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының бастауымен құрылған музыкалық ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды.
– Сіздермен тарихи әрі жаңарған Түркістанда жолығып тұрғаныма қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан – түркі елдерінің рухани орталығы. Былтыр Қазақстан Президентінің Бакуге ресми сапарының аясында біраз құжатқа қол қойылды. Екі ел арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайтатын маңызды келісімдер жасалды. Сол сапарда екі елдің Президенттері Түркістан мен Шуша қалалары арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Міне, бүгін Түркістан мен Шуша бауырлас қалалар ретінде бірлесе іс-шара өткізіп отыр. Түркістан да, Шуша да тарихта орны бар қаһарман аймақтар. Сондықтан бір-бірімен байланыс орнатуы – заңдылық. Бүгін облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Әзербайжан делегациясын арнайы қабылдап, экономикалық байланыстар туралы тереңнен қозғады. Әзербайжан мен Түркістан арасындағы экономикалық, рухани, мәдени және туристік байланыстар нығая түседі деп сенемін. Қос тарихи қаланың абыройы асқақтай берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары Б. Тәжібаев.
Farab кітапханасында өтіп жатқан шарада Шушаның тарихы мен мәдениетін сипаттайтын суретшілер көрмесі жасақталған. Ал дизайнер және модельер Гүлнара Халилованың «Карабахтың ұлттық киімдері» сән үлгісі көпшілікті сүйсінтті.
Шара барысында «Хуршидбану Натаван» атты деректі фильм көрсетілді. Әзербайжанның мугам-триосының өнері (солист, тар, кяманча), Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының бастауымен құрылған «7 сұлу» музыкалық ансамблінің концерті көрермен назарына ұсынылды. Кеш соңында қор президенті естелік сый табыстап, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, 4-5 қазан күндері Астана қаласында бастау алған Шуша қаласының күндері Түркістанда жалғасын тапты. Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қоры мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге меймандар қаланың көрікті орындарын аралады.
Тельман БЕЙСЕН,Түркістан облысы