Отандық медицинамыздың әлемнің озық елдерімен терезесі теңесіп келе жатқаны қуантады.
Медицинадағы «сиқыршы» маман
1,379
оқылды

Мәселен, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының хирургтары жасайтын күрделі оталарды ғана емес, ойлап тапқан ғылыми жаңалықтарының өзін әлем мойындап үлгерді. Жақында осы орталықтың реконструктивті хирургия секторының басшысы, аға ординатор Бауыржан Әнәпияның ғылыми зерттеу жұмысы шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудырған. Ерекше таңғыш пен микрохирургиядағы жетістіктері туралы дәрігердің өзінен сұрап-білу үшін аз-кем әңгімеге тартқан едік. 

– Бауыржан Бегалыұлы, әңгімемізді орталықтағы сектор жұмысының мінде­ті­не не кіретінінен бастасақ... 

– Біздің сектордың құрылғанына биыл үш жыл толады. Оның құрылуына негіз болған Ұлттық ғылыми жедел ме­­­ди­­­циналық жәрдем ғылыми орталы­­ғының комбустиология бөлімшесі десек дұрыс шығар. Марқұм дәрігер-ком­бус­тиолог Қабылбек Әбуғалиевтің бас­тамасымен іске асқан сектордың жұмы­сын шәкірті ретінде қазір мен жал­­­­­­­­­­ғас­­­­тырып келемін. Біздің мінде­­тімізге реконструктивті операцияларды жасау кіреді. Оған пластикалық опера­­­циялардың барлық түрлері жатады. Мәселен, жарақаттан кейін пайда бол­­ған немесе онкологиялық аурулар, ту­­­­а­­­бітті ақауларға ота жасаймыз. Айталық, бауыр немесе бүйрек, ми, кеу­де қуысына ота жасайтын хирургтар өз саласына қа­­тысты бөлінеді. Ал біз нақты бір аумақ­­­пен шектелмейміз. Адам денесін­­дегі іш құрылыстан басқа барлық мүшеге ота жасауға тура келеді. Одан бөлек, әртүрлі отадан кейін ішкі және сыртқы мүше­лерді қайта қалпына келтіру жұмысын жүргіземіз. Кейде күрделі отадан кейін мүшенің бір бөлігін алып тастауға тура келетін сәттер болады. Сондай кезде мүм­­кіндігінше ол жердегі мүшені қай­тадан жалғап береміз. Қол мен аяққа, тері мен бұлшықеттерге, тамырларға да операция жасаймыз. 

Былтырдан бастап осы оталарға қо­сымша микрохирургия жұмысын жан­дандыра бастадық. Бұл дегеніміз – мүшені немесе тіндерді, тіндердің жиын­­­­тығын алып басқа жерге жалғау. Медицинада ол «микрохирургиялық әдіспен ота жасау» деп аталады. Соның ішінде ең көп таралған микрохирур­­гиялық әдіске онкологиядан кейінгі алынған мүшелерді қалпына келтіру кі­реді. Мысалы, адамның бет жақ сүйек­­терінің бір бөлігін алып тас­­­­­­тайтын бол­са, осы бет жақ сүйектерін адамның өз денесіндегі басқа сүйектерден алып жаңа­дан мүше өсіріп шығарамыз. Одан басқа биылдан бастап супер­­­микро­­­хирур­гиялық операцияларды бастадық. Кейбір адамдарда аяқ-қолдарының көлемі үлкейіп кетеді. Осындай науқас­­­тарды супермикрохирургиялық опера­­ция әдісімен емдеуге болады. Қысқаша айтқанда аяқ-қолдың көлемін қалыпқа келтіруге арналған операция. Сондай-ақ күйіктерден кейін пайда болған тыртық­­тарды қалпына келтіру де біздің жұмы­­сы­­­мыз. Қажет болған жағдайда эсте­­­­тикалық пластикалық операция­­­­ларды да атқаруға тура келеді. Оның көп тарал­ған түрлеріне туабітті ақаулар жатады. Мысалы, кейбір адамдардың туғаннан құлағы жоқ делік, болмаса есту қабілеті жақсы, бірақ құлағы майысып тесігін бітеп тұрады. Осындай науқастардың барлығына ота жасап, қолдан келген көмегімізді береміз. 

– Жақында халықаралық меди­циналық форумда ғылыми жаңалығыңыз үшін дипломмен марапатталдыңыз. Бұл қандай ғылыми жаңалық?

– Ғылыми жаңалықты ұстазымның ұстазы бастап беріп кеткен. Лабора­­торияда өсірілген арнайы бағаналы жа­су­­­шалар созылмалы немесе трофи­калық жараларды емдеуде таптырмас дүние екенін зерттедік. Бұл – ірі қара малдың іш астарынан жасалған арнайы био­­­ло­гиялық уақытша жабынды немесе жара­­­ларды жабатын таңғыш. Жабын­дыны науқастың жарасына таңып бел­гілі бір уақыттан кейін алып тастауға болады. Осы арқылы адамның терісін бір-бірі­мен табиғи жолмен жалғануына мүм­кіндік бере аламыз. Коллаген мен элас­тиннің табиғи талшықтары адам терісіне ұқсас биомеханикалық қа­сиетке ие. Іріңді жарақат, созылмалы жара немесе күйікпен келген адамның терісін бірден жалғауға болмайды. Терінің ағзамен қа­был­данбау мәселесі пайда болуы мүмкін. Сондықтан ал­дымен осындай уақытша таңғышты жараның үстіне жабын ре­тінде қою керек. Одан кейін ғана адам­ның өз те­рісінен алып жараның орнына жалғауға болады. Соның ішінде ойық және созылмалы, көп жылдан бері келе жат­қан іріңді жараларға да осы әдісті қолдану қажет. Өйткені алдымен жара­­­ның іріңі залалсызданып, аузы жиналу керек. Мұндай таңғыш 20 күнге дейін тұрады немесе адамның денесіне сіңіп кетуі де мүмкін. Содан кейін ғана нау­қас­тың жарасына тері трансплант­тала­ды. Негізі бұл идеяның авторы – ұста­­­зым, марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев. 

– Әлемде мұндай ғылыми жаңалықтың қолданысқа енгізілген балама нұсқалары бар ма?

– Дәл осындай болмаса да, басқа аналогтары бар. Әлемдік әдісті біздің елде қолдануға мүмкіншілік жоқ. Сон­­­дықтан отандық ғалымдар осындай таң­­­ғышты ойлап таптық. Басында пилоттық жоба 60-70 жылдары Қарағанды меди­­циналық университетінде бастал­­ған. Жаңа айтқандай, ұстазымның ұс­тазы бастаған ғылыми жұмыс еді. Сол кісі ең бірінші сиырдың іш астарын күйік жа­ра­­ларға қоюды бастайды. 2000 жылдары ұстазым Қабылбек Әбуғалиев зерттеу жұмысын ары қарай жалғастырады. Бірнеше елдің тәжірибесін зерттеп сиыр­­­дың ішкі астарынан алынған жасу­шаға ғалымдар тобымен бірге жұмыс жүргізген. Кейін ұстазымның пилоттық жобасына клиникалық зерттеулер жүр­гіздім. 2021 жылдан бастап жабын­­ның медицинадағы пайдасына көз жеткізу мақ­сатында адамдарға сынап көрдік. Ше­тел­­­дік журналдарға зерттеу жұмыс­тарым бойынша ғылыми мақала әзір­­­ледік. Келесі айда осы жұмыс бойын­­ша док­тор­лық диссертациямды қорғаймын. Қағаз жұмыстары аяқталса, 1-2 жыл­дың ішінде жабындар нарыққа шығады. Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемле­кет­тік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжі­ри­беге енгізілген соң кең қолданысқа шығуы мүмкін.

– Зерттеу тәжірибесі қалай жүргізілді? 

– Ғылыми жұмыс үш түрлі кезеңнен өткізіледі. 2013 жылы зерттеу жұмысын жануарларға сынап көрдік. Кейін сау адамдардың үстіне салып көрдік. Өйт­кені қарсы көрсетілімдері толық тексе­руден өтуі тиіс. Үшінші кезеңде ауырған адамдарға істеледі. Зерттеу жұмыстары бекітілген халықаралық стандарттарға сай өтті. Адамдардан арнайы ақпараттық келісім алынып, сақтандырылуы қамта­масыз етілді. Егер науқас келісімін берсе ғана жабынды қоя аламыз. 2021 жылы ғылыми жұмысымыз толық зерттеліп біткеннен кейін құзырлы орындарға жіберілді. 

– Шетелдегі балама түрлерін қолда­­­нысқа енгізуде қандай қиындықтар бар? 

– Шетелде шошқа мен адамның те­рі­­­сінен жасалған таңғыштарды қол­дану кеңінен таралған. Ал біздің қоғамда діни наным-сенімге байланысты осы екі әдіс­­ті де қолдануға мүмкіндік жоқ. Адам­­­­­ның терісінен жасалатын жабын­дының сапасы жақсы. Бірақ бізде тағы да сол мәйіттік трансплантация дамы­маған. Қазір теріге мұқтаж жандар да бар. Бізде өзіңіз білесіз, қоғамдағы қатып қалған түсінік бойынша адам мүшесі мен терісіне қол тигізуге бол­­майды. Әйтпегенде адам терісінен транс­­плантацияны жасау қолымыздан келеді. Шын мәнінде көбісі адамның терісін алуды теріні қызыл етінен ажы­ратып алу деп ойлайды. Алайда тері­нің сыртқы жұқа қабатын ғана аламыз. Арнайы аппаратпен теп-тегіс біркелкі етіп 1 мм жетпейтін жұқа терісі сылынып алынады. Мысалы, пиязды аршығанда жұп-жұқа кленка секілді қабаты болады ғой. Сол секілді терісін ғана пайдаға жара­тамыз. Бізде бұған рұқсат бар. Алайда адамдардың түсінігі басқа. Қа­зіргі медицинаның мүмкіндігі мол. Биотехнологияның арқасында теріні алып, оның орнына жап-жаңа теріні өсіріп шығуға болады. Бірақ бұл өте қымбат әрі ұзақ уақытты алады. Бүгінде биотехнологияның көмегімен бір тілім теріні алып, оның орнына 2-3 айда жаңа теріні өсіріп береді. 

Сонымен бірге біздің секторда аса күрделі біріктірілген оталардың бірнеше түрі жасалады. Жарты жыл бұрын бір науқастың сыртқы жыныс мүшелері жарақат барысында жұлынып түскен. Сол кісіге ота жасалды. Жаңадан жыныс мүшелерін жалғадық. Науқастың басқа мүшесінен тері мен сүйегі алынып жаңа­­­­­сын өсірдік. 

Жыныс мүшесін ауыстыру опера­­­ция­ларын жасай аламыз. Біздің хирург­тардың біліктілігі жоғары, техникалық мүмкіндігіміз де бар. Бұрын мұндай адам­­дар есі дұрыс емес адам ретінде қарастырылатын. Бұл үрдісті насихаттап тұрған жоқпыз. Тек қазіргі медицинаның мүмкіндігін тәжірибеде толық пайда­лана алатынымызды айтқым келеді. Айталық, хирург адамға ота жасайды. Ал пластикалық хирургтар адамдарды емдейді дегеннен гөрі адамдардың өзін-өзі адам ретінде қабылдауына мүмкіндік береді деген дұрыс секілді. Күйікпен келген науқастың денсаулығы жақсы. Тамақ ішеді, жүре алады, көзі көреді, мұрны иіс сезеді, құлағы естиді. Бірақ бетіндегі тыртықтары біздің қоғамға кіруіне, араласып кетуіне кедергі бола­­­­­тын секілді сезінеді. Біз сол адамның ортасына сіңісіп кетуіне, өзін-өзі толық­­­­қанды адам ретінде қабылдауына көмек­тесеміз. Тек сыртқы келбетіндегі кінә­ра­ты үшін өмір бойы өзін-өзі қор­­­­сы­­­­нуы­на болмайды. Бізде бір науқастың жыныс мүшесі болмады. Кіші дәретке басқалар секілді отыра алмағандықтан қоғамдық моншаға баруға ұялады екен. Әрине, ол өзін осындай жағдайда төмен санайды. Күйзеліске түседі. Біз оларға көмекте­суіміз керек. Мысалы, қазір әйелдер  эстетикалық оталарға көп жүгінеді. Біз олардың да бет-әлпетіне өздері қала­ғандай ота жасай аламыз. Қазір екі әйел­дің бірі көзін үлкейтіп, ернін кө­­­лемді етуге, болмаса төсін үлкейтуге, бет әлпетін жасартуға жиі жүгінеді. Оның барлығы адамның ішкі психоло­­гиялық кедергілерінен пайда болады. 

Тағы бірде мұрнын ит тістеп алған науқасымыз болды. Жарты мұрны жоқ бол­ғанымен сау адам. Тек мұрнының бөлігі жоқ. Сыртқы келбеті үшін ортаға шық­қанды қаламайды, адамдармен араласқанды ұнатпайды. Қалыпты әлеу­меттік ортада адамдармен қарым-қаты­нас орнатудан қашқақтайды. Бар себе­бі – сыртқы келбетіндегі ке­леңсіздік. Се­бе­бі, біздің ортада адам­дардың бет-әлпетіндегі кемістікке таңыр­қау, сауса­ғын шошайтып көрсету қалыпты дүние секілді. Сол адамға мұрын жасап бердік. Қазір ондай науқастар өте көп. Көмей обырынан кейін науқас өзі тамақ іше алмайды, дауыстары шықпайды. Сондай науқас­тарға әлемдік тәжірибе бойынша ішек­тің бір бөлігін алып операция жа­сауға болады. Бірақ бізде ондай науқас болған жоқ. Біздің тағы бір енгізгіміз келіп жүрген отаның бірі – осы. Егер осын­дай науқастар болса, МӘМС арқылы ота жасап беруге әзірміз. 

Әлемдік практикада қолданылатын бетті транспланттау отасын жасауға болады. Бірақ бізде кім өзінің бетін туысқанына береді? Бағана айтып өткендей, піл ауруларына да отаның барлық түрін жасаймыз.

– Эстетикалық ота жасатамын деп опық жеп жататындар бар. Олардың жарақатын емдей аласыздар ма? 

– Басқа біреудің жұмысына баға беруден аулақпын. Бірақ біздің алды­­­­­­мызға келетін науқастардың арасында опық жеп келіп жататындар бар. Негізі эстетикалық хирургияға ағзасы сау адамдар келеді. Ағзасы сау болғанымен, психологиялық тұрғыда мәселе бар. Жекеменшік орталықтағы хирургтар өз ісіне жүрдім-бардым қарады деп айта алмаймын. Біздің олардан бір ерекше­лігіміз, олар тек сау адамның келбетін өзгертіп берсе, біз жаралар мен тыртық­тарды, соның ішінде эстетикалық ота­дан кейін қалған түрлі жарақаттар мен тыртықтарды қалпына келтірумен айна­лысамыз. Түсінікті тілмен айтқанда, плас­тикалық хирургияның екі бағыты бар. Бірі – эстетикалық, яғни оған бле­фа­ро­­пластика, лабиопластика, жасару, омыраудың көлемін үлкейту, пішінін өзгерту секілді ота кіреді. Өзде­рін әдемі көргісі келетін сау адамдарға жасалатын операциялар. Біздің реконструкциялық ота – науқас адамдарға жасалатын ота. Мысалы, блефаропластика жасатты де­лік. Тыртық қалып қойды. Оны қалпына келтіру керек. Сау көзді емес, көзінде кеміс­тігі бар науқас келеді. Көзі жұмыл­­май қалған, не болмаса ерні қисайған науқастар. Бір науқасымызда көз асты ісігі болды. Біз оның көзіндегі астыңғы терісін түгел алып тастап, жаңа тері салдық. Осы жағынан алғанда өзіміздің жұмысымызды жоғары деп бағалауға болатын шығар. 

Онкологиялық аурулармен келетін науқастар өте көп. Ісік адамның бүкіл ағзасы мен мүшесінде болады. Тек қана шашта болмайды. Біз осы адамда кезде­сетін ішкі құрылысынан бөлек барлық онкологиялық ауруларға ота жасаймыз. Мысалы, құлақтың сыртқы жағында ісік болса, біз ол құлақты түгел кесіп алып қайта құлақ өсіріп шығара­мыз. Мысалы, 10 жыл бұрын құлағын кесіп тастаған науқас келсе, біз ол адамға жарты жылда жаңа құлақ жасаймыз. Себебі, жаңа құлақтың өсуіне жарты жыл уақыт ке­рек. Тілі жоқ адамға жаңа­дан тіл өсіріп шығарамыз. Жағы жоқ адамға жақ саламыз. Әйел адам онко­логиялық аурудан кейін омырауын кес­тіріп тастаған болса, тіпті ол 10-15 жыл, 30 жыл бұрынғы жағдайдан кейін де біз оған жаңа омырау жасап шығаруға болады. Адамның қолындағы барлық саусағы кесіліп қалған болса, аяғының бақайларынан алып қолына екі сау­сағын жал­ғап бере аламыз. Бұл адамның екі сау­сақпен қолына тамақ алып ішуіне мүм­кіндік береді. Бағана айтқанымдай, жыныс мүшелерін ауыстырудан бөлек, кейбір ер адамдарда әртүрлі жарақаттан кейін жыныс мүшесін кесіп тастайтын жағдайлар болады. Біз осындай адамдар­ға жаңа мүше өсіріп береміз. Бізде дәл сондай науқас болды. Ауыр жарақаттан кейін мүшесін алып тастаған. Біз оған жаңасын салып бердік. Тағы бір науқас­тың жыныс мүшесі инфекциядан кейін өз-өзінен шіріп түсіп қалған. Біз сол науқасқа да жаңа мүше өсіріп жатырмыз. Біздің қиялымыз мен тәжірибеміз қай тұсқа келеді, сол жерге дейін микро­­хирур­гиялық оталарды жасауға қабіле­тіміз бар. 

Бірде бізге бір науқас әйел келді. Қа­сын түгел өртеп алған екен. Беті-әлпе­­тінің барлығы тегіс, тек қана қасы жоқ. Ол бізге қас өсіріп беруімізді өтінді. Оның өтінішін орындай алмадық. Өйт­кені, құлақ өсіріп шығарамыз, бірақ қасты өсіру қолдан келмейді. Бұл біздің жұмысымыз емес. Алайда 6 жыл бұрын электротравма алған бір науқасымыздың басындағы бір уыс терісі жоқ болды. Біз оған жаңа тері жасап беру арқылы ша­шын өсіріп бердік. Тілде де ісік болады. Мұндай жағдайда онколо­­­гиядағы ең күрделі жерде орналасқан ауыр бірікті­рілген отаны жасауға тура келеді. Жаңа тілді науқастың білегінен алып, мойын тамырларына жалғап жасаймыз. Өз тілін­дей болмаса да, адамның ойында­ғы­сын айтып жеткізуге мүмкіндігі бар. Туабітті немесе күйіктен, жарақаттан кейін бір-бірімен жабысып қалған сау­сақ­тарды ажыратамыз. Таңдайы жоқ адамдарға да таңдай жасау – кәсіби жұмысымыз. 

– Сіздерді бір сөзбен «медицинадағы сиқыршы маман» деп атай берсек те бо­лады екен. Сөз реті келгенде, микро­­хи­рур­­гиядағы жетістіктеріңіз туралы айта отырсаңыз... 

– Зақымдалған мүшелер мен тіндер­дің сипатына байланысты микроскоп­тарды қолдануды талап етуі мүмкін ота болады. Өйткені операция кезінде за­қым­далмау үшін максималды дәлдікке қол жеткізу қажет. Дәл осы жерде мик­ро­хирургиялық әдіс қолданылады. Бұл хирургиялық процедуралардың жиын­тығы, онда медициналық топ микро­с­коптарды немесе үлкейткіш линза­­­ларды қолданып, нәзік мүшелер мен тін­дерді қалпына келтіру кезінде мүм­кін­­дігінше дәл жұмыс жасайды. Мыса­­лы, сүт бездерін қалпына келтірген кез­де, піл ауруларына (аяқ-қолдың үлкейіп кетуі) микрохирургиялық тәсілмен ота жасалады. Урология бойынша да жыныс мүшелерін ұзартып, қысқартқысы келе­­тін немесе өздігінен кіші дәретке бара алмайтын адамдар бар. Каналдың біте­ліп қалу жағдайында көмектесуге тура келеді. Оған отаның әртүрлі тәсілін қол­дануға болады. Соның ішінде мик­ро­­­хирургиялық отамен де жасалады. Ұрық­­тық сұйықтықтарды шығаратын каналдар бітеліп қалса, қайта қалпына келтіру отасын қолданамыз. Бұл сектор­­дың тиімділігі сол, барлық салалар­да жасалатын оталарды бірлесіп жүргіземіз. Сондықтан микрохирургиялық опера­циялар ғылыми орталықтарда жасалады. Себебі, микроскоптың өзі 500 млн тең­генің маңайында тұрады. Ондай құрыл­­­ғыны алуға кез келген медицина­лық ұйымның мүмкіншілігі жоқ. Екін­­шіден, мұндай оталар көбінесе созыл­­малы болып келеді. Мәселен, біз жасай­­тын оталардың уақыт ұзақтығы 13-14 сағатқа созылады. Осынша сағат микроскопқа тесіліп отыру керек бола­­ды. Шыдамды­­­лық – ең басты ұста­нымымыз. Сондық­тан бұл мамандықты таңдағысы келетін­дер­­­дің қарасы аз.

– Жыл сайын оқуын аяқтайтын 7 мың медицина маманының арасында микро­хиургияға қызығушылық танытатындар жоқ па? 

– Көбісі пластикалық хирург ретінде жеке ақша табу үшін жекеменшік орталықтарға барғанды құп көреді. Науқасқа көмектесуді ар-ожданы деп білетін маман ғана микрохирургияның мүмкіншілігін түсінеді деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ