Сахнада – «МЕН»
Сахнада – «МЕН»
519
оқылды
Поляк елінің белгілі драматургі Славомир Мрожектің шығармасы қазақ тіліне аударылып, қазақ театрында бірінші рет сахналанғалы тұр. Пьесаны қазақ тіліне тәр­­жімалаған Хадиша Бө­­­кеева театрының қа­лып­­тасуына күш салған па­расат иесі, мәдениеттің ай­нымас жанашыры, пуб­лицист, аудармашы, «Ша­пағат» медалінің ие­гері – Құжырғали Төлеуі­шов. Қойылымның қою­шы-суретшісі Грузия елі­­­нің танымал суретші-сце­ног­рафы, халықаралық сый­­лықтардың лауреаты – Тамара Охикян. Қойы­лым­ның режиссері Нью-Йорк қаласында өткен ха­­лықаралық театрлар фес­тивалінің лауреаты, Ор­талық Азия елдері театрлар фестивалінде «Ең үздік ер адам» бей­не­сі номинациясының жүл­­дегері, Ғабит Мүсіре­пов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық ба­лалар мен жасөспірімдер теат­рының режиссері, ак­тер – Данияр Базарқұлов.
– Пьеса маған қатты ұна­ды. Осы уақытқа дейін 20-дан астам пьеса аударған екенмін. Бірақ мына пье­са­ны шын пейіліммен ау­­­дардым. Әдетте, ау­дар­­­­­машы автормен жа­ры­­­­сып отырады ғой. Бұл пье­сада көп жерін ав­тор­дан асырып аударуға ұмтылдым. Бұрын абсурд жан­рындағы пьесаны ау­да­рып көрген жоқ едім. Бұл жанр менің білуімше, шым-шытырық, мәнсіз болуы керек еді. Бірақ бұл пьеса жанры абсурд бол­ғанымен, аса мәнді, маз­мұнды болып шықты. Ті­лі жеңіл. Пьесаның өн бойынан жеңіл юмор жүріп отырады. Бірақ ай­та­тын оқиғасының бәрі – абсурд. Автор өте шебер әдіс­терді пайдаланған. Дра­матургияның негізгі заң­дылықтары сақталған, – дейді Құжырғали Төлеуі­шов.
Режиссер Данияр Ба­зар­құлов: «Менің тағдырым бө­лек, əр адамның тағдыры бас­қа. Содан кейін шекара де­ген бар. Бұл шекара тік ұғым­дағы оның үйінің бө­лін­­­гендігі туралы емес, адам санасындағы шекара, адам­ның ойындағы ше­кара. Шекарамен шек­тейтін өзің. Және де ше­­­карадан шығуға бола­тын, бол­май­тын мезеттер болады. Бұл – адам сана­сындағы ше­ка­­ралар тура­сындағы қойы­лым» дейді. Бұл қойылым бір ғана тақырыпты қоз­ға­май­ды. Бұл жерде бір от­ба­сының тағдыры ғана емес, ұлттың тағдыры, әлем­нің тағдыры, жаппай кө­шіп-қону, адамдардың басқа жаққа қоныс аударып ба­ра жатқаны сөз болады. Санаға сілкініс жасайтын шығарма. Театрда бірінші орында жақсы драматург, сосын мық­ты актер тұрады. Та­мара Охикиян осылай пайым­дайды. Оның ай­туын­ша, режиссердің ойы анық, мақсаты айқын бол­ған кезде ғана жақсы сце­нография жасауға мүм­кіндік болады. Қандай да бір жақсы сценография болмасын, ол қанша жер­ден мықты болса да, ак­тер­ге көмектесе алмай­ды. Еш­қашан өзіме ұнамаған спектакльдің мəжбүрлі суретшісі бола алмаймын. «Егер спектакль на­шар бол­са, жақсы сценог­ра­фия­ның не қажеті бар? Кей суретшілер бірден сце­нографиясын алдын ала дайындап, режиссерге бе­реді. Ал мен олай жасай ал­маймын. Дайындық ба­рысында маған жаңа ойлар ке­леді, сол себепті де үнемі дайындыққа қатысамын» дей­ді ол.   Ә..ШАКУОВА