Сайлау Пернебаев – қазақ фотожур­на­лис­тикасының негізін қалаушылардың бірі. «Ақ пен қара» фото тілшінің ғұмыр бойы түсірген суреттерінің негізінде жиналған. Оның өзінде бұл жинаққа 60 жыл бұрын түсірілген фотолар ғана енген.
«Ақ пен қара» айқасқан бұл өмірде...
1,309
оқылды

Кітапты жинақтаған фототілші Асылхан Әбдірайымұлының ай­туынша, ол кісінің мұрағаты өте бай. 

«Алғашқы кітапқа ағамыз түсірген суреттердің 25-30 пайызы ғана еніп отыр. Екінші еңбегі де сұранып тұр. Ол да қазір жинақталып жатыр. Фо­то­лар негатив нұсқасында сақталған. Қа­зір оларды ұлы Ербол Сайлауұлы циф­рлық нұсқаға көшіріп жатыр», – дейді.

40 жыл ғұмырын фотожур­налис­ти­каға арнаған тұлғаның жеке мұра­ға­тында қымбат қазына жатыр. Сурет те тарих. Егер ол өзіңе қадірлі адам­дар­­дың өмірінен сыр шертсе, тіптен құ­ны арта түседі. Ондай құнды жә­дігер Пернебаевтың архивінен көптеп табылары хақ. Кейбірі көпке танылып та кетті. Сол қымбат суреттердің ар­тын­да тұлғалар образын қалыптас­тыр­ған фото тілші тұрғанын кейбіреу­лер білмеуі де мүмкін. Қазақ елінде кен­желеу қалып қойған осынау өнер­дің, саф алтындай қымбат қазынаның иесі Сайлау Пернебаев жайында ай­ты­лар әңгіме де, шертілер сыр да көп.

Ербол Сайлауұлы әкесі әрбір суретіне мұқият қарағанын айтады. 

– 1995 жылы Семейде Абай Құ­нан­байұлының 150 жылдық мерей­тойы өтті. Әкем Семейде жүргенінде ол кісінің жұмыс бөлмесін босатып, сурет­терін сыртқа шығарып тастаған екен. Оны неге олай істегенін білмей­міз, әкем келген соң, бүкіл заттарын жи­нақтап, біз тұратын үйдің бір бөл­месіне әкеліп қойды. Өзі тірі кезінде біраз суреттерін реттеп кеткен. Кейін ол істі әпкем жалғастырды. Әкемнің же­ке қорында миллионнан астам су­рет болған. Қазір оның бәрін реттеп, дұрыстап жатырмыз. Бір суретті өңдеу үшін он-он бес минут кетеді. Оның бә­рі ұзақ уақыт алады. Соны ақырын­дап, шетінен бастап жатырмыз», – дей­ді ұлы.

«Ақ пен қарада» жарық көрген су­реттердің 90 пайызы бұрын еш жер­де жарияланбаған. Әлі де үш-төрт том­дық суреттер жинақталып жатыр. Ал томдықтарды реттеу үшін қомақты қаржы да қажет. Егер мемлекет тара­пы­нан қаржы бөлінсе, цифрлық нұс­қаға көшіру жайын ұлы Ерболдың өзі қол­ға алатын еді. «Ақ пен қара» кіта­бын фототілшінің балалары өз қара­жатына шығарған.

«Осы күнге дейін ешкімнен көмек ал­ған жоқпыз. Отбасымызбен өзіміз қа­ражат шығарып, мың дана шығар­дық. Бұл жинақ осыдан бес жыл бұ­рын жарық көруі керек еді. Өйткені «Ақ пен қараны» әкеміздің 80 жыл­ды­ғына арнап, дайындаған едік. Соңынан пандемия басталып кет­ті, одан қаржы береміз деген кей­бір кі­сі­лер уәдесін орындамай кетті. Бес жыл кешігіп шықса да, «Ақ пен қа­ра­ның» жарыққа шыққанына қуа­нып отыр­мыз», – дейді Ербол Сай­лау­ұлы. 

Фототілшінің көзі тірісінде фото шежірелерін жинақтап, кі­тап шығару ойында болған екен. Ол ар­­манына жете алған жоқ. 2005 жылы ұзақ ауырып, төсек тартып жатып қа­ла­ды да, фотоальбом шығару ісі аяқ­тал­маған. Одан бері де 18 жылдай уа­­қыт өтіпті. 

Ербол Сайлауұлы: «Ақ пен қа­ра­ны» әкеміздің кітабы деп есептеуге де бо­лады. Әке мұрағатында елге белгілі тұлғалардың фотолары өте көп. Бірақ бізге ұрпақтары хабарласып, сурет сұра­ған кезі болған жоқ. Зиялылардың әкем түсірген суреттері анда-санда га­зет, журнал беттерінде жарияланып тұ­рады. Олардың көбі редакция ар­хивінде қалып қойған құнды мұралар. Әкем 1960 жылдардан бастап жұмыс іс­теген. Сол 1964 жылдан бастап, 2006 жыл­ға дейін қолынан фотоаппаратын тас­тамаған. Әкем түрлі тарихи оқи­ғаларды, әйгілі адамдарды, қас-қағым сәт­терді қалт жібермей, нысанасына ілік­тірген. Кешегі сурет – бүгінгі та­рих. Сурет жансыз демесеңіз, онда оқи­ға бар. Сол сәттегі құбылысты бай­қауға болады. Ол кісі жай ғана фо­тоаппаратпен жұмыс істеуді ғана меңгерген жоқ. Ол оймен, суреткерлік көз­бен қарай білген тұлға», – дейді.

«Ақ пен қара» кітабының атауы­ның өзі философияға толы. Өмірдің өзі ақ пен қара арпалысынан тұрады. Сай­лау Пернебаевтың өзі «Ақ пен қара суреттің ғұмыры ұзақ болады» де­ген екен. Фототілшінің есімі атал­ған тұста ХХ ғасырдың 60-70 жылдары әдебиетке келген тау тұлғалардың да өмірі елестейді. Онсыз фототілшіні еске алу мүмкін емес. Оның фотоап­паратына ілінбеген кадр жоқ. Әйгілі тұлғалардың әрқайсысы бейнеленген әдемі таспаларды «Ақ пен қарадан» табарыңыз анық.

«Отбасымызда әке жолын қуып, фото өнерімен айналысып жүрген еш­кім жоқ. Амандық болса, немере­ле­рінің арасынан «фототілші бола­мын» деп шығып жатса, оған қарсы­лы­ғымыз жоқ. Біздің тілек – әке мұра­сы ұмыт қалмаса дейміз. «Ақ пен қа­раға» әкемнің архивінің 20-25 пайы­зы ғана енді. Әлі өңделмеген, жа­рық көрмеген қаншама сурет бар. Ен­дігі мақсат – сол құнды қазынаны жи­нақтап, елге ұсыну», – дейді Ербол Сай­лауұлы.

«Ақ пен қарада» бұрын-соңды жа­рияланбаған суреттер өте көп. Фо­токітапты ақтарып қараған адам небір ғаламатқа жолығары анық. Сондай-ақ жинаққа биыл мерейтойлары ата­лып өтіп жатқан әдебиеттің тұл­ға­лары­ның да суреттері еніпті. Атап ай­тар болсақ, Кемел Тоқаев, Әкім Тара­зи, Оралхан Бөкейдің еш жерде жа­рияланбаған суреттері бар. 

Ақын-жазушылардың сәулелі сәт­тері қаламына өріліп, ақ қағазға тө­гілсе, Сайлау Пернебаевтың шебе­р­лігі сон­дай қас-қағым сәттерді фото ап­паратының нысанасына іліктіргені. Фототілшіні суреткер емес деп кім айта алады? Ол тұтас бір дәуірдің фото ше­жіресін жасап кетті. Ол тарих ұзақ жыл­дар бойы қазақ әдебиетінің, қа­зақ баспасөзінің қымбат қазынасына айналары хақ.

Гүлзина БЕКТАС