Тоғызыншы алтынмен тоқтап қалмайық
Велошабандоз Евгений Федоров Қазақстан қоржынына Азия ойындарының алтыншы алтын медалін салды. Ерлер арасында 210 шақырымдық топтық шосседе велоспорттан старт сызығына Қазақстаннан төрт спортшы шықты. Олар: Глеб Брусенский, Евгений Федоров, Дмитрий Груздев және Алексей Луценко. Федоров пен Луценко жарыстың алғашқы кезеңдерінде сенімді түрде алға шықты. Жарыстың нәтижесі бойынша, Евгений Федоров алтын жүлдегер атанса, Алексей Луценко күміс жүлдені жеңіп алды. Тағы айта кететін жайт, екі спортшымыз да бірдей уақытта мәреге жетті (4:25:29). Қола Моңғолия өкілі Жамбалцамет Сайбаярға бұйырды. Груздев бесінші, ал Брусенский 18-болып мәреге жетті. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алексей Луценко Азия ойындарында уақыт бойынша жекелей есепте алтын алған болатын.
Ал жетінші алтын медальды джиу-джитсуден Нұржан Батырбеков жеңіп алды. Ұлттық олимпиада комитетінің хабарлауынша, джиу-джитсуден 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз финалда БАӘ-ден келген қарсыласы Мұхаммед әл-Суваидиді 4:2 есебімен жеңді.
– Нұржан көптеген адамды таңғалдырды және ерекше қуантты. Жасына қарамастан, біздің спортшымыз керемет шеберлік пен жеңіске деген сенімділік көрсетті. Оған болашақта да жоғары нәтижелерге қол жеткізуін тілеймін,– деп мәлімдеді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Чемпиондық жолды каратэден Нұрқанат Әжіқанов жалғастырды. Ол 75 келі салмақта қарсыластарының барлығын айқын ұтып, финалдық айқаста Иордания өкілі Хасан Масарвені де жеңді. 8:0 есебі тіркелген жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды.
Ал жарыстың он үшінші күні Қайсар Алпысбай каратэден ХІХ Жазғы Азия ойындарының чемпионы атанып, ел қоржынына тоғызыншы алтынды салды. 60 келіде ел намысын қорғаған Қайсар финалда Кувейт елінің спортшысы Абдулла Шаабахты жеңді.
Жарыстың соңғы күндері өнер көрсетіп жатқан джиу-джитсу, каратэ шеберлері мықтылықтарын дәлелдеп, бірінен соң бірі медаль алуда. Атап айтсақ, джиу-джитсудан 57 келі салмақта финалдық бәсекеде Филиппин спортшысы Анние Рамирезкеден 0:2 көрсеткішімен ұтылған Галина Дуванова 2-орынға ие болып, Азиаданың күміс жүлдегері атанды. Галина Дуванова – әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері.
Ал каратэші Лаура Әліқұл мен балуан Әлімхан Сыздықов та жүлдеден тыс қалмады. Лаура Әліқұл 68 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері, қытайлық Ли Цяоцяомен финалдық кездесуін өткізді.
Мұнда қытайлық 4:0 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанса, Лаураға күміс бұйырды. Әлімхан Сыздықов грек-рим күресінен 130 келі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде түрікменстандық Айбегшазада Курраевты 5:1 есебімен ұтты. Тағы бір балуан Ислам Умаев 97 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Рустам Ассақаловтан таза жеңіліп, қола жүлдеге қол жеткізе алмады.
Бокстан бір алтын да бұйырмады
Бокстан финалға екі спортшымыздың шыққанын бұған дейінгі нөмірде жазғанбыз. Бірақ екеуі де ел үмітін ақтап, алтыннан алқа таға алмады. Осылайша, 92 келі салмақ дәрежесіндегі Қамшыбек Қоңқабаев финалда Баходир Джалоловпен жұдырықтасып, Өзбекстан боксшысы алтын, Қазақстан боксшысы Азиаданың күміс жүлдесін жеңіп алды.
– Рингте төреші қолымды көтермегендіктен жеңдім демеймін. Келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында бұдан да жылдам жұдырықтасып, еліме алтын медаль тарту еткім келеді, – деді жарыс соңында Қамшыбек Қоңқабаев.
Аса ауыр салмақта Сидней Олимпиадасының күміс жүлдесін алған Мұхтархан Ділдәбековтың пікірінше, бокста бойы ұзындардың қимылы сылбыр келеді. Қамшыбек жылдамдығын үдетсе, Жалоловты сабасына түсіруге болар еді.
Әйелдер арасында шаршы алаңға шыққан боксшы Карина Ибрагимова да күміс жүлдегер атанды. Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Карина Ибрагимова финалда тайбэйлік Тин Ю Линьмен қолғап түйістірді. Соңғы бәсекеде тайбэйлік боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Карина күмісті қанағат тұтты.
Ұлттық құрамада шетелден шақырылған легионерлердің де бар екенін білеміз. Бірақ Азия ойындарында легионерлер көп көзге түсіп, сенімді ақтай алған жоқ. Жарыстың оныншы күні жеңіл атлет Каролин Кипкируи Чепкоеч қола жүлдегер атанды. Каролинге қоса 5 мың метрлік қашықтыққа жүгіруден жарыс жолына Дэйзи Джепкемей де шықты. Мәреге жақындағанда, жапониялық Ририка Хиронаканы басып озған үндістандық Парул Чаудхари чемпион атанды. Кипкируи мәре сызығын үшінші болып, қола жүлдеге ие болды. Бұған дейін ол 10 мың метрлік қашықтықта да үздік үштікке іліккен еді. Сондай-ақ жеңіл атлетикадан Қазақстан ерлер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада қола медальді еншілеген болатын.
– Теннисші Елена Рыбакина Азия ойындарына қатысқан жоқ. Есесіне Қытайда өтіп жатқан WTA 1000 турниріне қатысуда. Неге? Өйткені Азия ойындарында көп ақша мен атақ берілмейді. Барлық ақша мен атақ екінші жарыста,– дейді спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы.
Иә, Елена Рыбакина Бейжіңде 16 жасар ресейлік теннисшіні жеңіп, ширек финалға шықты. Енді ол Әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі. Ал оның не себепті Азия ойындарына қатыспағандығы туралы нақты ақпарат жоқ.
Кербез ЕСІМ