Қайрат Сатыбалды мен Серік Күдебаев түрмеде жұмыссыз жүр. Шығыс Қазақстан облысындағы №22 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан оларға абақтыдан екі қолға бір күрек табылмапты. Бұл туралы Аikyn.kz мәлімдеді.
Қайрат Сатыбалды мен Серік Күдебаев түрмеде жұмыссыз жүр
1,696
оқылды

Информбюро жаңалықтары хабарлағандай, колония бастығы олигарх пен экс-генералды матрас жасайтын цехқа орналастыру жоспарда бар екенін айтады. 250 адам жазасын өтеп жатқан қауіпсіздігі орташа колонияда 50 адамға ғана жұмыс бар екен. Сондықтан қызметін асыра пайдаланды деп 10 жылға сотталған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев пен "Қазақтелеком" ақшасын ұрлады деп 6 жылға бас бостандығынан айырылған Қайрат Сатыбалдыға жұмыс табылмаған.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Айта кетейік, Өскемен қаласындағы бұл түрмеде Қайрат Сатыбалдының жазасын өтеп жатқанына бір жылдан асқан.

Ал "Қаңтар оқиғасынан" кейін темір торға тоғытылған Серік Күдебаев үш ай бұрын осында жеткізілген.

“Қазіргі сәтте ол екі жазасын өтеушіге бос жұмыс орны жоқ. Бірақ бұл уақытша. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлермен келісім жүргізіліп жатыр. Үш жұмыс беруші матрас және қоршауға арналған тор жасайтын цех ашпақ”, – дейді ШҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №22 мекемесінің бастығы Руслан Тоқтаров.