Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар екенін баса айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сүт сататын ауыл тұрғындарының 70%-ы табысынан айырылады – Сенат депутаты Закиржан Кузиев
1,246
оқылды

Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

«Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», – деді Президент.

Сенат депутаты Закиржан Кузиевтің айтуынша, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі сүт өңдеушілер өндірісті қысқартуға мәжбүр.

Сенатордың пікірінше, шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалып келген. Дегенмен, мүйізді ірі қараның 85%-дан астамы және елімізде өндірілген барлық сүттің 88%-ы солардың қолында.

Сенатор 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін жағдай ерекше ушығатынын атап өтті. Өйткені сол кезден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі күшіне енеді. Жаңа ережеде шикі сүтке қойылатын талаптар күшейтіледі. Ол бойынша сүт машинамен сауу арқылы дайындалып, бірден салқындатқыш шанаққа түсуі керек. Барлық шикі сүттің 90%-на дейін өндіретін шағын шаруа қожалықтары мұндай жағдайды қамтамасыз ете алмайды.

«Шикі сүтті оны өңдеу кәсіпорындарына Техникалық регламентке сәйкес жеткізудің мүмкіндігі жоқ. Шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс қуаты 40%-ға дейін азаяды. Сүт зауыттарының 90%-ы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның талаптары күшіне енгеннен кейін, бүгінде сүт сатудан табыс табатын ауыл тұрғындарының 70%-ы тұрақты табыс көзінен айырылады», – деп атап өтті Закиржан Күзиев. 

Закиржан Кузиев осыған байланысты шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарының сервистік-тұтыну кооперацияларын ынталандыру қажеттігін атап өтті. Ол үшін ауыл тұрғындарына қарқынды  түрде несие беру және сервистік-сатып алу орталықтарын құру аса маңызды болып отыр.

Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін реформалауды жүзеге асыру, субсидия түрлерінің санын қысқарту, елу шақтысының арасынан тек бірнеше негізгісін ғана қалдыру керек. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруді, оны қайта өңдеуді және өткізумен қоса азық-түлік тауарларының айналымын қосымша құн салығынан босату керек.

Фото: world-nan.kz