«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысы өтті. Жиында жас­тарды жұмыспен қамту және олардың әл-ауқатын жақ­сарту мәселесі талқыланды.
Жастарға жайлы жағдай керек
490
оқылды

Сөз басында Парламент Мә­жілісінің депутаты, кеңес төра­ғасы Нартай Аралбайұлы статис­тика әзірлеу кезінде елімізде жұ­мыссыз жүрген жастардың нақ­ты санын бұрмалауды доғару қажет екенін атап өтті.

«Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небары 4,9 пайызы жұмыссыз деген мәлімет береді. Анығында солай ма? Елімізде NEET санатындағы жастар саны – 422 000. Сонымен қатар 400 000-нан астам өреніміз өзін-өзі жұмыспен қамтыса, жұмыссыз жастар саны 80 000-ды құрап отыр. Яғни, бас-аяғы 900 мыңнан астам жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылмай отыр деген сөз. Құзырлы органдар статис­тиканы үшке бөліп, жұмыссыз жастардың нақты санын жа­сы­рып қалып жатыр. Бұған қоса, өз елінде екі қолға бір күрек таппай, шетел асып, жұмыс іздеп кетіп жатқан жастар мәселесі тағы бар. Ресми статистикаға сәйкес, был­тыр Оңтүстік Корея мемлекетіне 9 600 жас азамат жұмыс іздеп барды дегенімізбен, анығында аталған елдегі жастарымыздың саны 20 000-нан асып отыр. АҚШ-та, Еуропада мыңдаған жас азаматымыз жұмыс істеп жүр. Бір ғана мысал, Street Workout-тан жеті дүркін әлем чемпио­ны, ақтаулық Ильдар Ягьяев – Ұлыбританияда қырыққабат, брокколи теріп жан бағуға мәж­бүр. Бұл – біз үшін ауыр сын. Жастар шетелге кетіп жатса, оны басы артық статистикаға бүрке­мелемей, мәселені шешу жолын табу керек», – деді Нартай Аралбайұлы.

Сондай-ақ кеңес төрағасы мектеп оқушыларына кәсіптік дұрыс бағыт-бағдар беру, жоғары оқу орындарында жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде дайындау және соған сай жалақы алуын қамта­масыз ету мәселесі де аса маңыз­ды екенін атап өтті.

Осы орайда, Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева еліміздегі 772 колледжде 534 мың студент білім алып жатқанын, оның 341 мыңы мемлекеттік тап­сырыс аясында оқытыла­тынын жеткізді.

«Оқу-ағарту министрлігі тех­никалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне баса мән береді. Бү­гінде аймақтарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алатын студенттер саны артып келеді. Олардың саны 130 000-ға жетті. Яғни, әр өңір өзінің даму картасын әзірлеп, соған сәйкес сұранысқа ие мамандықтар ай­қындалады. 2025 жылға қарай сұ­ра­нысқа ие мамандықтар бойын­ша 150 мың адам білім ала­ды деп жоспарланып отыр. Сонда-ақ кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 20 мың студент білім алып жатыр. Дуал­ды білім беру жүйесінің қар­қынды дамуына кедергі келтіре­тін бірнеше фактор бар. Яғни, болашақ мамандарға мұндай білім беретін кәсіпорындар саны жеткіліксіз. Екіншіден, студент­тердің өмірін сақтандыру мәсе­лесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Мәселен, ауыр өнеркәсіптегі жұмыс беруші студентті жұмысқа алуға асықпайды. Себебі шә­кіртіміз қандай да бір жарақат алған жағдайда жұмыс беруші оның емделуіне, қалпына келуіне қажет қаражатты төлеуге тиіс болады. Сондықтан студенттер­дің өмірін сақтандыру жұмысын қолға алып жатырмыз», – деді Наталья Жұмаділдаева. 

Сондай-ақ ол Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, жастарды техникалық және кәсіптік бағытта білім алуға тарту мақсатында шәкіртақы көлемі ұлғайтылып жатқанын атап өтті. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы осал отбасыларда тәрбиеленетін 150 000 студентке тегін ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар өзге өңірлерден, қалалар мен аудандардан келген студенттерге жылына 4 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде жол жүр ақы­сына жеңілдік қарастырылған.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі колледждерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бітіреді. Жүргізілген мониторинг жұмысының қорытындысына сәйкес, олардың 77 пайызы жұ­мысқа орналасады. Ал 17,6 пайы­зы жеке кәсібін ашса, 11 пайызы түрлі себепке байланысты жұ­мысқа орналаспайды.

Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 2023 жылдың екінші тоқсанында еліміздегі экономикалық бел­сенді жастардың саны 3,7 млн адамды құрайтынын атап өтті.

«Қазақстанда NEET сана­тындағы жастардың үлесі – 7,5 пайыз. Елімізде аталған санат­тағы жастардың 50 пайызы бес өңірге, яғни 15 пайызы – Түр­кістан облысына, 12 пайызы – Алматы қаласына, 9 пайызы – Алматы облысына, 8 пайызы – Қарағанды облысына және 6 пайызы – Астана қаласына тиесілі. Жастарды жұмыспен қамту саласындағы мемлекет саясаты өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттырып, олардың да­муына жағдай жасауға бағыт­талған. Бүгінде өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 715,5 мың адам жұмысқа орна­ластырылды. Оның 352,7 мыңы – жастар. «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде жастарды жұмысқа орналастырудың ең жоғары деңгейі қамтамасыз етіліп, 5 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Олжас Ордабаев­тың айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындары шеңберінде тиісті кәсіптік білімі бар 178 мың­ға жуық жас азамат алғашқы жұмыспен қамтылды. Олардың арасында NEET санатындағы 77,1 мыңнан астам жас азамат бар.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов NEET санатындағы жастар санын азайту және «Серпін» бағдарламасының аясын кеңейту мәселесіне тоқталып, бірқатар ұсыныс-пікір айтты.

«Жастарды қоғамдық жұ­мысқа көптеп тарту қажет. Ха­лық­аралық тәжірибе байқатып отырғандай, NEET санатындағы жастар санын азайтудың бірден-бір жолы – осы. Бұл ретте, «Жа­сыл ел» бағдарламасын қайта қарау қажет деген ойдамыз. Яғни, маусымдық жұмысты тұ­рақты жұмысқа айналдыру қажет. Осы орайда икемді жалақы төлеу жүйесін де енгізу керек. Мәселен, бүгін жұмыс істесең, жалақыны да бүгін аласың. Ертең жұмысқа барғың келмей қалған жағдайда, тиісінше еңбекақы алмайсың. Сондай-ақ еңбек ресурсын еңбек тапшылығы бар өңірлерге ба­ғыттау мәселесін де назарға алған жөн. Мәселен, «Серпін» бағдар­ламасының аясын кеңейту керек», – деді вице-министр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі бі­лім комитеті төрағасының орын­басары Гүлжан Жарасова былтыр оқуын аяқтаған түлектердің 75 пайызы жұмысқа орналасқанын атап өтті. 

«2014 жылдан бері елімізде «Мәңгілік ел жастары – индус­трияға!» (Серпін) жобасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға еліміздегі 25 жоғары оқу орны тартылды. Жоба шеңберінде 14 мыңнан астам түлек оқуын аяқтады. Олардың басым бөлігі педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы ма­мандықтары бойынша білім алды. Аталған түлектердің 42 пайызы білім алған өңірлерде тұрақтап қалды. Алдағы уақытта олар тек оқыған өңірлерінде қалып қоймай, еңбек тапшылығы бар аймақтарға баруына жағдай жасау мәселесін қолға алып жатырмыз», – деді Гүлжан Жарасова.

Айта кетейік, «AMANAT» пар­тиясының 2023–2027 жыл­дарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы ая­сында жыл сайын еліміздің кол­ледждері мен жоғары оқу орын­дарында грант санын көбейте отырып, жастарға еңбек нары­ғында сұраныстағы мамандық­тарды игеруге мүмкіндік беру көзделуде. Сондай-ақ партия 2027 жылға дейін бір жарым мил­лионнан астам жасты жұмыспен қамту міндетін алға қойып отыр.