Айталық, облыстың ауыл шаруашылығы республика бойынша өндірілетін жалпы өнімнің 13 пайызын құрап, бүгінде жалпы өнім көлемі 506,2 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ агроқұрылымдардың 33 пайызы (80 мың) осы облыста. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді.
Айта кетейік, биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 506,2 млрд теңгеге жеткен. Ал салаға салынған инвестиция көлемі 50,4 млрд теңгені құраған. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен саласында құны 10,6 млрд теңгеге 26 жоба іске қосылып, 300-ге жуық жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артқан. Ал қарқынды баулардың көлемі 5 мың гектарға жетті. Сондай-ақ республикадағы жылыжайлардың 70 пайыздан астамы Түркістан облысында, қазіргі таңда жалпы көлемі – 1 577,4 гектар.
Ал мал шаруашылығы бойынша да облыс жетекші орында. Мәселен, елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, қой етінің 60 пайызы – түркістандықтардың үлесінде. Биыл 8 айда 6,2 мың тонна ірі қара мал еті, 3,1 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілген. Қазір облыс аумағында 1 млн 231,5 мың бас ірі қара мал, 5 млн 349,5 мың бас ұсақ мал, 465,2 мың бас жылқы, 41,7 мың бас түйе бар.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.
Бүгінде тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.
Тельман ӘБДІБЕКҰЛЫ,Түркістан облысы