Мәжіліс депутаты Ұласбек СӘДІБЕКОВ: Еңбек жоғары бағалануға тиіс

Қай мемлекет болмасын өзінің экономикалық жағынан дамуымен қуатты болады.

Сол арқылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында бүгінгі қоғамымызды дамытудың басты бағыттарына назар аударды. Соның бірі – экономика. Жолдауда экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды екені атап өтілді. Еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету – қазіргі ең басты міндет ретінде аталды. Онда «Экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілін қолында ұстауға тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы. Осы бір тақырып төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековпен сұхбат құрған болатынбыз.

– Ұласбек Сәдібекұлы, Пре­зи­денттің «Әді­летті Қазақстанның эконо­микалық бағда­­ры» атты Жол­дауында негізгі басым­дық экономикаға берілгені белгілі. Экономика дегеніміз – халықтың әл-ауқатының жақ­саруы. Осы тұрғыда, әлеуметтің әлеу­мет­тік тұрғыдан дамуы үшін не қажет?

–Иә, Мемлекет басшысы өз Жол­­­дауын­да экономика сала­сына айрықша басымдық берді. «Зор экономикалық сер­піліс жасауға еліміздің толық мүм­кіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістік­терге қол жеткізу емес, шын мәнінде ха­лықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс»,– деді Мемлекет басшысы. Ал енді Жолдау жүктеген міндеттерді жергілікті жерлерде жүзеге асыру үшін жергілікті әкімдермен қатар әр сала қызметкерлерін өте ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мәсе­лен, Түркістан облысында бірде-бір өндіріс орны жоқ аудан, қалалар бар. Ондағы халық тек мал шаруашылығымен күнелтіп отыр. Егін егіп, арзан бағада сатып жатқан шаруалар жетерлік. Олар­дың еңбегінің жемісін алыпсатарлар кө­ріп жатыр. Міне, біз ең алдымен осы мәсе­лені қолға алуымыз қажет. Әрбір еңбек жоғары бағалануға тиіс. 

Халықты кәсіпкерлікпен айналысуға баулуымыз қажет. Қазір ел ішінде биз­неске бағыт-бағдар беріп, кәсіп бастауға жол ашатын мемлекеттік бағдарлама көп. Өңір халқының ішінде олардың тиімділігін түсініп, пай­да тауып отырған­дар да бар. Сондай-ақ мемлекет тарапы­нан берілген қайтарымсыз қар­жыларды той өткізуге жұмсап, мақсатсыз пайдала­нып жат­қандар да жетерлік. Бұл дұрыс емес. Мемлекет ақшаны кәсіп ашып, көбейтсін деп беріп отыр. Бизнес бастап, әлеуметтік жағ­дайын көтерсін деп беріп отыр. Сондықтан оның сұрауы да үлкен болады.

Тағы бір айта кетер мәселе, өңірлерде салынғалы бері бос тұрған индустриалды аймақтар бар. Міне сол жерлерден өн­діріс орындары ашылып, халық жұ­мыс­пен қамтылса дейміз. Ол үшін жергілікті әкім­дер инвестор тарту ісіне көңіл бөлуі тиіс. 

Сондай-ақ бүгінгі күні ең басты мә­се­ленің бірі – халықтың қаржылық сауат­тылығын арт­тыру. Себебі мол табыс тауып отырған үлгі етер отбасылардың өзі қаражатын алаяқтардың алақанына салып беріп жатыр. 

Ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға арналған бағдар­ла­маларға басымдық берген жөн. Ішкі көші-қон ісіне мән бе­ріп, еңбек күші аз өңірлерге Оңтүс­тік­тен баратын тұр­ғындардың санын көбейту ісін қолға алу керек. 

–Қоғамда шешімін табуға тиіс негізгі түйткілдер неде?

–Бүгінде қоғамда шешімін табуы тиіс мәселенің бірі деп жұ­­мыссыздық жайын айтар едім. Бұл бағытта бізге арнайы жұ­мыс алгоритмін істеу керек. Қазір әр ауданда, қаладағы жұмыс­сыз жандар жұмыс сұрап жергілікті әкімге барады. Ал жұмыссыз жандарды жұмыс­пен қамтитын «Мансап» орта­лық­тары тікелей облысқа немесе рес­пуб­­ликаға бағы­нады. Сон­дық­тан аудан әкімдері бұл мә­селені шешуге қау­­қарсыз. 

Халықты тұрғын үймен қамту ісі де қазір күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Егер әр адамда баспана мен тұрақты жалақы алып отыратын жұмысы болса, әлеуметтік салаға қатысты үлкен мәселе туындамас еді. 

–Халықпен жиі кездесесіз бе? Елге шыққанда не байқайсыз?

–Иә, жуырда да өзім сай­ланған ок­ругтерді аралап халық­пен кездесіп кел­дім. Ақсақал­дармен, жастармен жүздес­тім. Мені қуантқан жағдай – халық бұрынғыдай жеке бастың емес, көпшілік халыққа ортақ мәсе­лелерді айтып жатыр. Қазір ауыл­ға көпір керек, мектеп қажет. 

–«Қазір жастар руханияттан қол үзіп барады» деген пікір жиі айтылады. Әлеу­меттік желіге тел­мірген буынды рухани дүниеге бет бұрғыза аламыз ба?

–Мен жастардың баршасына күйе жаға алмаймын. Сондықтан жастардың барлығы руханияттан қол үзіп жатыр деген пікіріңізге келіспеймін. Түркістан облы­сында аңыз, әпсаналар мен ба­тыр­лар жырларын жатқа айта­тын жеткіншек көп. Кітапханаға тұрақты баратын жасөспірімдер бар. Ал кейбір жастарды әлеу­меттік желі, интернет тәрбиелеп жат­қаны рас. Себебі ата-ана таңнан кеш­ке дейін жұмыста. Үйде жалғыз қалған бала, компьютер ойнап, ұялы телефон шұқылаудан қолы босамайды. 

Бұл мәселеге ең алдымен ата-ана жауап­­ты деп білемін. Содан соң қазіргі қоғам кінәлі. Де­генмен «қоғам кінәлі» деп қарап отыруға болмайды. Біз жастар­ды рухани әлемге қызықтыратын бай­­қаулар мен конкурстарды көптеп өткізуі­міз керек. Бір ғана Жайдарманды ала­йық­­шы. Ке­ремет жоба. Мен студент ке­­­­зімде қазақша Жайдарманды қолға алып бастаған ең алғашқы ұйымдасты­рушылардың бірі болдым. Сол кездің өзінде Жайдарманға жастардың қы­зығу­­­шылығы жоғары болды. Бүгінде аталған жоба жастардың бас қосар алаңына айнал­ды. Осы секілді тың жобаларды қол­ға алып, қолдап отырсақ, көптеген дүние жасауға болады.

 

Әңгімелескен Анарыс АҚЫЛМАН