Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе менің жеке назарымда. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деген сөзі еліміздің шетелдегі отандастармен байланыстарының тиімділігін одан әрі арттыру қажеттігін білдіреді.
Қазанның 10-ы, сейсенбі күні форумға арнайы шақырылған қонақтар легі Астананың көрікті жерлерін тамашалап, шараның бас серіктесі Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастырған спорттық бағдарламаларын тамашалады. Іс-шара аясында қонақтар ұлттық құндылықтарымызбен етене жақын танысып, қазақтың ұлттық ойындары, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар, құсбегілік сынды өнер түрлерін тамашалады. Қонақтардың назарына қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық бұйымдар да ұсынылды.
Құрақ көрпе символы негізге алына отырып ұйымдастырылып отырған форумға әлемнің түрлі еліндегі қоғам белсенділері, ғалымдар, саясаткерлер мен ірі кәсіп өкілдері, тіпті ақын-жазушылар да арнайы шақырылған. Келелі жиын барысында сырт елдегі қазақ диаспорасының тілі, ұлттық болмысы мен шеттегі қазақтарға демеу жасау жолдары мен ондағы елдің Отанға көрсетілер қолдауы сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды.
«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, 40-қа жуық мемлекеттен делегаттар келіп, форум аясында бір-бірімен еркін пікір алмасуда. «Әлемнің түкпір-түкпірінен келген беделді 200-ге жуық делегаттың бір ортада бас қосуына мүмкіндік туғызылып отыр. Бұл форум осымен екінші рет өтуде. Бұған дейін 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұл жолғы форумның басты ерекшелігі – ауқымдылығы, делегаттар санының көптігі», – деді ол.
Форум төрт сессия аясында өтіп, түрлі бағыт қамтылып, «Ел дамуында қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «Медиа және заманауи трендтер», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» сияқты тақырыптарды ортаға салды.
«АҚШ-тың түрлі штатында, тіпті ең ірі Нью-Джерси, Нью-Йорк, Вирджиния, Калифорния сияқты орталықтарында қазақтар саны артып келеді. Олардың дені білім іздеп барған жастар мен Түркия, Германия сынды өзге мемлекеттерден қоныс аударған азаматтар. АҚШ-тағы қазақтар өзінің қазақ екеніне мақтанады. Себебі олар түрлі мәдени орталықта бас қосып, ұлтымыздың өнері мен салт-дәстүрін үнемі дәріптеп жүреді. Сонымен қатар көбі сол елде өте танымал компанияларда жемісті қызмет атқаруда. Бейресми ақпараттардың мәліметінше, АҚШ-та 100 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатыр. Олар бір-бірімен тығыз байланыста. Мұндай алқалы басқосулар өзге елдердегі қазақтардың ынтымағын арттырып, Отанға деген сүйіспеншілігін ұлғайтары сөзсіз», – дейді форумға қатысушы спикер әлемдік Google компаниясының инженері Арай Сабыржан.
Саясаткер, редактор, заңгер және журналист, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің заң шығару палатасының бұрынғы депутаты, ӨР Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Кушербаев Өзбекстандағы қазақ диаспарасының қазақша білім алуына Қазақстан тарапынан қолдау қажеттігі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, өзбек жеріндегі 300-ден астам қазақ мектеп терінің қазақша оқулықтармен қамтылуы және қазақ мектебі үшін мұғалім даярлайтын ЖОО-лардың жоқтығы Өзбек еліндегі этникалық қазақ қауымы үшін қиынға соғып отыр. «Өзбекстан мен Қазақстан елдерінің ЖОО дипломдарының екі елде бірдей мойындалуы екіжақты бірлесіп шешілетін басты мәселенің бірі болып тұр», – дейді Расул Кушербаев.
«Отандастар» қоры жыл сайын шетелде тұратын жүздеген этникалық қазақ баласын Қазақстандағы жазғы лагерьлерге шақырады. Мұнда мектеп оқушылары тіл үйреніп, тарихи орындарды аралап, ұлттық салт-дәстүрмен танысады. Бұл – өзге елдегі қазақ жастарының Отанға деген ықыласын ояту. Алдағы уақытта мұндай жобалардың саны да артып, түрлі бағыттарды даму көзделуде. Бұл болашақтағы мүмкіндіктер форумға қатысушылардың қызығушылығын оятып, барынша өз тараптарынан қолдау білдіретінін де жеткізді.
«Біз Моңғолияда бір қауым ел болып өмір сүріп отырмыз. Дегенмен осында жиналған әр қазақтың бойындағы рух, жүрегіндегі от, арқасындағы тіреуі – бұл Отанымыз Қазақстан. Біз Қазақстанымыздың өркендеуі мен дамуына өзімізше үлес қосқымыз келеді. Ол үшін екі елдегі қазақтың мүддесі бір болуы керек. Қазақ деген ұлт әлемде біреу ғана. Қазақты қытайлық немесе түркиялық және мұңғылдық деп бөлмеуіміз қажет. Мақсат мүддесі бір болған соң барлығымыз бір қазақпыз. Енді осындай үлкен шаралардың ұйымдастырылуы бәрімізді бір арқаландырып жібергендей болып отыр, – дейді форумға қатысушы ақын Байыт Қабанұлы.
Форумға мүддесі бір, мақсаты айқын, ойы ұшқыр жастар да, өнерде өз ізі қалыптасқан өнерпаз да, білімі асқақ ғалым да, білігі мықты дәрігер де, өз ісін алға сүйреген кәсіпкер де қазақтың келешегінің кемел болуы үшін «бір жағадан бас шығарып» жұмылудың бүгінгідей алмағайып уақытта аса маңызды екенін айтты. Келешекте мұндай форумдардың әр сала бойынша да ұйымдастырылуы керек екені де айтылды. Бір алаңға әлемнің түкпір-түкпірінен келген көп қазақты жинаған бұл форум қалай болғанда да жаһанды жайлаған қазақ баласын табыстыра түсетін шаралардың бірі.
Бердібек ХАБАЙ