Танымал боксшы Жәнібек Әлімханұлы спорттық мансабында алғаш рет басқа әлем чемпионымен біріккен жекпе-жек өткізеді. Бұл жолы орта салмақтағы WBO чемпионының қарсыласы IBF белбеуінің иегері, германиялық Винченцо Гуальтьери болмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
30 жастағы Әлімханұлы кәсіпқой бокста 14 айқас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. 10 рет қарсыласын нокаутқа түсірген.
Ол 2022 жылдың 5 мамырында британдық Дэнни Дигнумды нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атанған еді. Қазақстандық боксшы титулын екі рет қорғады: біріншісінде төрешілер шешімімен британдық Дензел Бентлиден басым түссе, екіншісінде канадалық Стивен Батлерді нокаутпен жеңді.
Жәнібектің кезекті қарсыласы Гуальтьеридің де жасы 30-да. Сондай-ақ ол да кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Қоржынында 21 жеңіс (7 нокаут) пен бір тең есеп бар. Ол 1 шілдеде Бразилия өкілі, 2012 жылғы Олимпиада финалисі Эскива Фалькаоны сенсациямен жеңіп, титул иегері атанған болатын. Алдағы жекпе-жек германиялық боксшының АҚШ-тағы дебюті болмақ.
Әлімханұлы-Гуальтери айқасы – Розенбергтегі (Техас штаты) Fort Bend Community Center аренасындағы бокс кешінің негізгі оқиғасы. Жекпе-жек Астана уақытымен 15 қазан күні таңертең өтеді. Qazsport телеарнасы Әлімханұлы-Гуальтери бокс кешін сағат 06.00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді, басты жекпе-жек қатысушылары рингке сағат 09.00-ден кейін шығады.