Қатонқарағай ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бұдан былай жаз уақытында сауын сиырлар жалға берілмек.
Еске салсақ, былтыр күзде Өскемен қаласында өткен брифинг барысында аудан әкімі Ренат Құрмамбаев жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен келісіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Көктем келісімен, бұл жұмыс басталып та кетті.
Алғыс айту күні аясында Үлкен Нарын ауылындағы «Азат» шаруа қожалығының басшысы Мейірхан Жақсыбаев аудан әкіміне берген уәдесінде тұрып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа ережелеріне сәйкес АӘК алушылар қатарына енбей қалған көпбалалы Зульфия Ситербаева мен Әсел Қолмоқбаеваға сауын сиырларды жалға берді.
Келісімшарт бойынша, жаңа иелері сиырларды күзге дейін ұстап, сүтін сауып, отбасының қажетіне жаратады. Сүтті қабылдау пунктіне тапсыра ма әлде қысқа арнап құрт, май, ірімшік даярлай ма, өз еріктерінде. Тек сиырларды бағып ұстаса болғаны.
Мал иесі көпбалалы аналардан төлемақы сұрамағанды былай қойып, алда туатын бұзауын да өздеріне сыйға тартпақ екен. Бұл бағыттағы жұмыс ауданда әлі де жалғасады.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕН,Шығыс Қазақстан