Дегенмен де, ұшқыр қиялдай зымырап бара жатқан заман өз дәуіріндегі талғампаз ұрпақтың жаңа сұраныстарын, рухани азықтары мен танымдарын тереңдетуді талап етеді. Өйткені олар Жаратқанның жіберген ақиқи қағидаларын тарихи негізде және өз ғасырының маңызды тұрғасында ұғынғысы келеді. Яғни, қасиетті Құран Кәрімнің бағалы қазынасы болған 114 сүре һәм 6 226 аятты жан-жақты түсіндіріп беретін тәпсірлер (түсініктемелер) талап етеді. Бұған дейінгі қазақ тіліне ресми түрде тәржімаланған нұсқалардың барлығына ортақ ұқсастық – Құран аяттарына берілген тарихи, ғылыми әрі философиялық тұрғыдағы тәпсірлердің жоқтығы немесе жоқтың қасы деуге болады. Ал қасиетті Құранның орыс және басқа шетел тілдеріне аударылған нұсқаларында әрбір аяттың өзіне бірнеше тәпсір-түсініктемелер берілген. – «Мысыр, Түркия, Араб елдеріндегі түпнұсқа еңбектерге сүйендік» дейсіз. Түпнұсқадан аудару қиын болған жоқ па? – Әрине, қиындықтар болды. Қасиетті Құранның аяттары мен тәпсірлеріндегі тарихи мәліметтерді, терең тәлімдерді шашау шығармай, араб тіліндегі түпнұсқадан жолма-жол аударудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары жеткілікті. Оны Құран риторикасынан бөлек, бай араб тілінің (бір сөздің 200-ге жуық синонимдері кездеседі) стилистикасы мен морфологиясының күрделілігімен түсіндіруге болады. Сонымен қатар Алла кәләмінің мәнін, шариғи мақсатын жеткізу терең исламтану ғылымының қыр-сырына қанық біліктілікті әрі қырағы көзқараспен сараптау қабілетті қажет екені белгілі. Әсіресе, астарлы мағынадағы аяттарды аудару барысында ізденіске көп уақыт кетті. Аяттардың мағынасы мен түсініктемелері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ұстанатын Әбу Ханифа мазһабы мен имам Матуриди ақидалық мектебінің канондық ерекшеліктеріне сай берілуі басты назарға алынды. Арабшадан аудару өз алдына, оны қазақи жатық тілде өңдеу де қажырлық пен ұлтқа деген сүйіспеншілікті қажет ететін үлкен жұмыс. Терең мағыналы құнды қазынаның бар нәрін қазақ тілінің қалыптасқан грамматикалық ережелеріне сай сөйлемдермен өрнектеп, бай да нәрлі әдеби тілімен көркемдеп, жалпы оқырманның қабылдауына жайлы тиетіндей, тамсана оқитындай етіп редакциялаған – жазушы-прозаик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Мұратәлі ағамыз. Ағамызға Алла сауаптан жазсын! – 3 000 дана таралым аз емес пе? Оқырман бұл кітапқа қалай қол жеткізеді? – Иә, аз деп ойлаймын. Осы ретте кітаптың шығуына демеушілік жасаған «Ажар» руханиятты қолдау қорының президенті Самат Мұсабаевқа алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! Алдағы уақытта ауқымы мұнан да үлкен таралыммен қайта басылады деп ойлаймын. Аллаға шүкір, қоғамымызда сауап үшін игі шараларды іздеп жүріп істейтін жаны жайсаң, қайырымды, иманды жандар көп. Қазіргі күні қасиетті Құран бірінші кезекте біраз дін қызметкерлеріне, имамдарға және кейбір мешіттерге берілді. Барлығына бірдей үлестіру мүмкін емес. Жалпы, Құран Кәрімді түсінуге ынтық болған жандар үшін қолжетімді болу үшін мешіт жанындағы кітап дүкендері арқылы таратуға тырысып жатырмыз. – Аудармасын оқып көрген ғалымдар болды ма? Олардың көзқарасы қалай? – Жуырда елордадағы ҚМДБ ғимаратының мәжіліс залында тұсаукесерін өткіздік. Тұсаукесер шарасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет салтанатты ашылуын жасап, тағылымды баяндамасын оқыды. Парламент депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысты. Аударманы бірінші кезекте ҚМДБ сараптау комиссиясының мамандары оқып, сыни пікірлерін білдірген болатын. Әрине, мен оларды қабыл алдым. Еңбек еліміздегі діни материалдарды сараптауға құзырлы мекеме – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетіндегі дінтану сараптамасынан өтіп, оң қорытынды алды. Құран Кәрімнің тұсаукесеріне келген ғалымдар, исламтанушылар, әдебиетшілер мен зиялы қауым өкілдері жоғары бағалап, ықыласын білдірді. Ал осы құнды еңбекке қол жеткізген жалпы жұрт ризашылығын білдіріп, батасын беруде. Әлбетте, шығармашылық еңбек кемшіліксіз болмайды. Егер оқырман тарапынан пайымды ой, салмақты сөз бен танымды түзетулер болып жатса, біз толықтыруға дайынбыз. Қазақ жұртының мәдени өміріне алтын діңгек болып орнаған осы рухани құндылықты Қазақ халқына табыстағанымызға шын жүректен қуаныштымыз. – Әңгімеңізге рақмет!Қасиетті Құранды аударуға себеп болған тағы бір жайт – жастардың жат ағымдар жетегінде кетуі. Құран аяттарын тікелей түсініп, ондағы астарлы мағынадағы «муташабиһ» аяттарды сөзбе-сөз қабылдау үдерісі қоғамда буквализм мен догматизм мәселесін шығарды. Әсіресе, қазақ елі үшін он ғасырдан астам уақыт бойы дәстүрлі жол болып қалыптасқан Ханафи мазхабын мойындамайтын, көпшілік мұсылмандармен бірге болғысы келмейтін, ұлттық салт-дәстүрмен санаспайтын, елдің ауызбіршілігіне нұқсан келтіретін жат идеологиялар еліміздің тыныштығына қауіп төндіре бастады.
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС