Маңғыстау ауданы Жаңа орпа ауылының жанынан газ стансасының құрылысы өткен жылдың аяғында басталған болатын. Әуелгіде ауыл тұрғындары ауданға қажетті бір нысан болар деп аса мән бермеген. Кейін белгілі болғандай, бұл газ құю және сақтау стансасының құрылысы болып шықты. Ақпарат анықталғаннан кейін тұрғындар ауыл жанынан 400 метрге жуық жерде бой көтеріп жатқан стансаның тұрғын үйлерге жақын орналасқандығын, төтенше жағдай бола қалған жағдайда ауылға қауіп төнетінін айтып дабыл қақты.
Тұрғындардың наразылығын жеткізбек болып ауылдағы қоғамдық келісім ұйымының басшысы Күбірбай Ұзақбаев кішігірім жиын өткізіп, қатысушылар құрылыс жүріп жатқан жер ауылдың бас жоспарында көгалдандыруға арналғанын, құрылыс компаниясы оған қалай қол жеткізгенін білгісі келетіндерін, бірде-бір қоғамдық тыңдауға қатыспағанын айтып, осы мәселелерді ортаға салады. Жиын соңында барлығы бірауыздан бұл құрылысты тоқтату шараларын ұйымдастырмақ болып тарқасады. Телеарна журналистерін шақырып, шағымын жеткізді. Көк жәшіктен тараған көкейкесті мәселе дау-дамайды одан әрі ұлғайтты. Ауылдағы шу облыс әкімдігіне жетіп, басшылық құрылысты тоқтата тұру жөнінде бұйрық берді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовтың басқаруымен арнайы комиссия құрылып, мәселенің мән-жайын тексеруді қолға алды.
Шу басталғалы ай өтсе де комиссия әлі өз жұмыстарын жүргізуді бастаған жоқ. Б.Қашақов мырза нысан өз орнында қала ма, жоқ әлде халық талабы ескеріліп, орнынан көшіріле ме, мұның бәрі комиссия шешімінен соң белгілі болады деп отыр.
Кәсіпкер неге қынжылады?
«Мен ұрлық қылғанда ай жарықтың» кебін киген газ толтыру стансасы басшыларының уәжі бойынша құрылысы жүріп жатқан нысан барлық заңды кезеңнен өткен. Компания 2017 жылы газ саласындағы заңнамаларға енгізіліп жатқан жаңа өзгерістерге байланысты газ толтыру стансасын салуға шешім қабылдап, Маңғыстау ауданы әкіміне теміржол аумағынан жер телімін сұрайды. Нәтижесінде, газ толтыру стансасын салу мақсатында сұралған жер телімі 2018 жылы наурыз айында аукцион арқылы сатып алынады. Сонан соң барлық мүдделі мемлекеттік органдардың келісімдері мен қорытындылары алынып, облыстық сәулет және құрылыс басқармасынан құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге арнайы рұқсат алған соң станса құрылысын бастап кетеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, жоба құны – 800 млн теңге. Бүгінде оның 600 млн теңгесі игерілген. Яғни аумаққа арнайы әкімшілік ғимараты мен қоймалар салынып, өткізу орны, сорғы стансасы, компрессорлар, резервуарлар қойылып, газ сақтау жүйесіне арналған соңғы технологиялар, компьютерлік басқару құрылғылары, өзге де заманауи жабдықтар алынып, қазіргі таңда нысан жұмысын бастауға жартылай дайын тұр.
Халық наразылығынан хабардар аталған компания басшылығы кәсіпкер ретінде құқықтары қорғалмай отырғанына қынжылады. Тұрғындармен кездесу ұйымдастырайын десе, арты айқайға айналып, наразылықтың өршуінен қауіптенеді. Өйткені халыққа жергілікті атқару билік орындарынан түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. «Нысанның салынудағы басты мақсаты – тұрғындарды сапалы газбен қамту, аудандағы сұйытылған газ тапшылығын болдырмау шарасы ретінде қарастырылған еді. Өйткені газ толтыру стансалары тек Ақтау қаласы маңында орналасқан, аудандарда жоқ. Бұл жоба Қазақстан нормалары мен ережелеріне сәйкес салынуда. Жоба дайындауда жетекші болған медицина ғылымдарының докторы, профессор – Үсен Кенесариев. Ол кісінің жетекшілігімен талай күрделі нысандардың, атап айтсақ, Бритиш Газ, Аджип, Тенгиз Шевройл Лукойл компанияларының жобалары даярланған. Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігерінен оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға ие болдық. Бізге артқа шегінуге ешқандай жол жоқ. Біз аудан халқының 20-ға жуығын жұмыспен қамтып, оларға жұмыс ұсынып қана қоймай, газ өндірісіне қажетті мамандықтарға даярлап оқытамыз деп отырмыз», – дейді компания директорының орынбасары Құдайберген Жайлыбаев.
Билік нені тамашалап отыр?
Екі тараптың текетіресін үнсіз бақылап отырған облыс және аудан әкімдіктерінің нақты қандай шаралар жасап жатқаны белгісіз. Облыс әкімінің орынбасары Б.Қашақовтың басшылығымен құрылатын комиссия жұмысы бұйрық шықпағандықтан әлі өз жұмысын бастамаған.
Мәселенің ушығуына аудан әкімдерінің бірінен соң бірі ауысуы да өз әсерін тигізген сыңайлы. Осы нысан салынуы үшін бұрынғы әкім Айтуар Жармағамбетов жобаның дұрыс шешім екенін қолдап, тіпті керек болса, мемлекеттік бағдарламалар негізінде несие алу жолдарын ұсынған болса, одан кейінгі сайланған екі әкім де «сен тимесең, мен тиме» болып, халық пен кәсіпкер арасындағы дәнекер болу жұмыстарына аса бас ауыртып отырған жоқ.
Нәтижесінде, қамкөңіл халық, оларды одан ары арандатып отырған күштер, кәсібінің жалғасу-жалғаспауын уайымдап отырған кәсіпкер өзара соттасуға дейін барғалы отыр.
Мәселенің ендігі шешімі жұмыстарын қай кезде бастауы белгісіз комиссияның құзыретінде болып тұр.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы