Халық санының өскені экономикалық дамуға оң әсер еткенімен, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім саласы мен еңбек нарығындағы ауқымды мәселелерді күн тәртібіне шығармақ. Осы тұрғыда демограф ғалым, Чарльз университеті (Прага қ., Чехия) «Болашақ» бағдарламасының түлегі Аида Байғараевамен сұхбат құрған едік.
– Аида Есімханқызы, Қазақстан халқы 20 миллион адамға жуықтады. Қазір демографияға қатысты қандай өзекті проблемалар бар?
– Көбіне аумағы және халық саны бойынша Қазақстанды Франциямен салыстырып жатады. Францияның аумағы Қазақстаннан 5 есе аз, ал халқы шамамен 67 млн адам. Осыған байланысты Қазақстан тәуелсіздігін алған 1990 жылдардың басында көптеген отандық демограф біз үшін халықтың оңтайлы саны 60 млн адам болуға тиіс екенін айтқан болатын. Сол кездері халық санын ұлғайту бойынша көптеген бағдарлама іске қосылды. Алайда халық санының көбеюі барлық мемлекеттік құрылыммен және ең бастысы инфрақұрылыммен тығыз байланысты кешенді процесс екенін ескеру қажет. Бүгінде Қазақстан 20 милионға жетті — бұл жақсы, әрине. Дегенмен осының әсерінен көптеген әлеуметтік-экономикалық проблема туындайды. Жергілікті жерлерде отандық өндіріс (зауыттар, фабрикалар және т. б.) пен жұмыс орындары бар ма, балабақша, мектеп, аурухана, тұрғын үй, жол айрығы және көлік қатынасы, ауылдық жерлерде азық-түлік дүкендері қолжетімді ме? Әрине, бұл тұрғыда Қазақстанда үлкен орта мектептерде бір сыныпта 40 адамға дейін оқыған кезде қазақстандық азамат ауылдық жерде (ауылда) тұрып, уақытылы медициналық көмек ала алмаған кезде және көршілес аудандық ауруханаға қалай жетуге болатыны туралы әдістер мен тәсілдерді табуға мәжбүр болған кезде Қазақстан қатты қиындықтарға тап болады. Сонымен қатар халық санының өсуі мәселесі инфрақұрылымның проблемаларын ғана айқындап отырған жоқ, сонымен қатар осының әсерінен адамдардың біркелкі қоныстанбауын да көрсетіп отыр. Бүгін Қазақстанда радикалды урбанизация процесі жүріп жатқанын көріп отырмыз, онда ауылдық жерлердегі жастар, сондай-ақ орта жастағы адамдар өздерін жұмыспен қамтамасыз ету үшін және жақсы өмір сүру үмітімен жаппай қалаға көшуде. Бірақ «құмырсқаның илеуіндей» құжынаған тұрғын үй кешендері мен барак үлгісіндегі баспаналарда тұруға, 6-7 адамнан бір бөлме жалдауға мәжбүр. Мұндай өмір салты «адами капиталдың» жетіспеушілігіне әкеледі. Бұл ұғым – демографияның негізгі тақырыптарының бірі. Сәйкесінше, нашар жағдайда өмір сүру адамның мәдениеті мен құндылықтарының деңгейіне сөзсіз әсер етеді.
– Еліміздегі азаматтардың орташа жасы қандай және ол қай салаларға тікелей әсер етеді?
– Қазақстанның демографиялық жылнамасының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың басында қазақстандықтардың орташа жасы – 32,1. Айта кету керек, бұл – Қазақстан Республикасы халқы жас екенін дәлелдейтін жақсы көрсеткіш. Алайда демографиялық жүктеме проблемасы туралы ұмытпау қажет, өйткені балалар мен еңбекке жарамсыз қарттардың мәселесі еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарына кері әсер етпек. Мұндай жағдайда орта жастағы тұрғындарға, еңбек пен табыс мәселесінде көп ауыртпалық түсіп, тіпті өндіріс пен экономикада көрініс табатынын көреміз. Нәтижесінде, қазір барлық салада кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі проблемасы туындап отыр.
– Елдегі туу мен өлім-жітімге қандай факторлар әсер етеді? Оларды реттеуге бағытталған бағдарламалар бар ма?
– Жасыратыны жоқ, туу мен өлім-жітімге әсер ететін фактор өте көп. Оның ішінде халықтың денсаулығы, тұрғын үй мәселесі, экономикалық тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділік беретін тұрақты жұмыс орындары және тағы басқалар. Бұған 1990 жылдардың басында туу көрсеткіштерінің төмендеп, 1998 жылдан бастап өсе бастағаны дәлел. Мүмкін, кедей елдер арасында халық санының табиғи өсімі экономикалық тұрақтылыққа тікелей байланысты емес те шығар. Өйткені экономикасы төмен мемлекеттердегі туу деңгейінің жоғары екенін көреміз. Бірақ еліміздегі туу динамикасын әр жылға сәйкес талдай келе, бұл екі саланың дамуына да өзара байланыс бар екеніне көз жеткіземіз. Қазақстандағы туу мен өлім-жітімге әсер ететін барлық процесті терең және егжей-тегжейлі қамтитын бірде-бір мемлекеттік бағдарламаны атай алмаймын. Бүгінде Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы ретінде бекітілген бір ғана мемлекеттік бағдарлама туу мен өлім мәселелерін шешуге бағытталған. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз, өйткені бағдарламаның фокусы тек денсаулық факторына ғана қатысты. Содан кейін бұл бағдарламаны іске асыру мерзімі 2021 жылдан 2025 жылға дейін қысқа мерзімді, ал туу мен өлім-жітім процестері ұзақмерзімді болжамды қажет етеді. Сонымен қатар бағдарламаның мақсаты «әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуге» бағытталған, демек денсаулық мәселелерін ғана шешеді.
– Қазақстанның демографиялық жағдайындағы көші-қонның рөлі қандай? Халықаралық көші-қон тенденциялары бар ма және ішкі көші-қонды бақылау үшін қандай шаралар қабылдануда?
–Қазақстанның ғана емес, кез келген елдің демографиялық жағдайында көші-қонның рөлі өте маңызды. Бізге келетін болсақ, сыртқы және ішкі көші-қон мәселелерін жауапты құрылымдар шешеді. Бірақ мұндай ведомстволар тек ағымдағы көші-қон көрсеткіштерін тіркеу, деректерді жинау және өңдеу секілді операциялық жұмыспен айналысады. Алайда көші-қон саясаты демографияның негізгі процестерінің бірі және болжамды қажет етеді. Мұндай үрдістер көші-қон ведомстволарының бағдарламаларында қамтылмаған. Сондай-ақ көп жағдайда осы мекемелердің долбарларында орта және ұзақмерзімді үрдістер ескерілмейді немесе стихиялық көші-қон процестері ғана көрсетіледі.
– Алдағы онжылдықта демографиялық ахуалды дамытудың қандай перспективалары бар?
– Қазақстандағы демографиялық ахуалды дамыту перспективаларына қатысты демографиялық қауіпсіздікті шұғыл түрде нығайтуымыз қажет екенін атап өткен жөн. Демографиялық қауіпсіздік – ең алдымен, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын ішкі және сыртқы демографиялық қауіп-қатерлерден қорғау. Бұл кем дегенде мемлекет мәртебесінің геосаяси, экономикалық, этникалық және басқа да түрлерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Экономикалық қауіпсіздікке келер болсақ, біз жоғарыда Қазақстанда экономикалық белсенді халыққа демографиялық жүктеме жоғары екенін айтып өттік. Яғни, қартайған, сондай-ақ еңбекке жарамсыз жас буын өкілдері экономикалық белсенді азаматтарға біршама салмақ түсіріп отыр. Демографиялық проблемалар туралы болжамдармен бөліссек, алдағы онжылдықта халықтың қартаюы бойынша көрсеткіштер тағы да артады. Сонымен қатар Қазақстандағы еңбекке қабілетті азаматтарға экономикалық жүктеме күшейіп, адами капитал құнсыздана түспек. Ал көңіл көншітерлік мәселелердің бірі ретінде әйелдердің өмір сүру ұзақтығы шамалы да болса жоғарылайды. Ал қысқамерзімді болжамдарға сай туу көрсеткіші орташа деңгейден асып барып қайта төмендейді. Өкінішке қарай, бүгінде халықты басқарудың орта және ұзақмерзімді мемлекеттік стратегиясы немесе жоспарлар жоқ. «Қазақстан-2030 және 2050» ұлттық стратегияларында демографиялық қолдаудың маңыздылығы туралы қысқа да нұсқа айтылғаны болмаса, арнайы тоқталмағанын көреміз.
– Статистикадан тыс мемлекет тарапынан қандай демографиялық зерттеулер жүргізілуі қажет?
– Туу және көші-қон мәселелерінде халықтың ішкі қалауы, ниеті мен жоспарлары бойынша демографиялық зерттеулер, аурулар мен өлім-жітім мәселелері бойынша ғылыми-демографиялық зерттеулер міндетті түрде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ ағымдағы көрсеткіштер мен үрдістер негізінде қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді барлық деңгейдегі демографиялық болжамдарды жүйелі түрде жасалуы қажет. Бұл ықтималдығы жоғары демографиялық тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейде мұндай болжамдар жүргізілмейді, Үкімет тарапынан осы тектес жобаларға қолдау көрсетілмейді. Оны әртүрлі шағын ведомство, салалық ғылыми-зерттеу ұйымдары немесе ынталы ғалымдар жүргізсе де, демеушілік жетіспейді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне келер болсақ, олардың негізгі қызметі – ағымдағы демографиялық деректерді жинау, өңдеу, талдау және жариялау. Сондықтан бүгінде мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан демографиялық зерттеулер жоқ. Жоғарыда айтып өткен «адамдар мен инфрақұрылым» мысалында біз бұл мәселе әрбір қазақстандықтың өмірінде қаншалықты проблемалар туғызатынын көріп отырмыз.
– Білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласын, еңбек нарығын демографияға байланысты қандай тәуекелдер күтіп тұр?
– Бүгінде мемлекеттік демографиялық және гео-демографиялық мәселелердің ауқымды зерттелмеуі әлеуметтік-экономикалық қамтамасыз ету проблемаларының туындауына әсер етеді. Егер білім беру жүйесін айтар болсақ, әсіресе қалалы жерлерде сыныптарда орын жетіспеушілігі байқалады. Ал ауылдық жерлердегі мектептер, керісінше, кәсіби кадрларға зәру. Қазақстанның көптеген ауданы мен өңірінде мектеп ғимараттарының болмауы, интернет желісінің жеткізілмеуі де басты мәселе. Тіпті, елорданың кейбір шағынаудандарында да үш ауысымды мектептер бар. Денсаулық сақтау жүйесінде ауруханаларға арналған типтік ғимараттар мен кәсіби кадрлардың аздығы немесе жоқтығы күн тәртібіндегі мәселе. Медициналық техника және арнаулы көлікпен қамтамасыз ету де кезек күттірмеді. Осылайша, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығында демографиялық проблемалар бұрынғы болжам емес, бүгінгі шындығымызға айналып отыр және күн сайын күрделене түспек…
– Сұхбатымыздың соңында жалпы елімізге демография жөніндегі уәкілетті орган қажет пе деген мәселеге тоқтала кетсек.
– Әрине, бізге елдегі демография жөніндегі уәкілетті орган керек-ақ. Бүгінгі сұхбатымыздан демография — бұл қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын кешенді және қолданбалы ғылым екенін байқаған шығарсыз. Сондықтан мемлекетте міндетті түрде бір орталықтан басқарылатын, барлық саламен және ведомствомен өзара байланыс орнататын мемлекеттік уәкілетті орган болуға тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмила Еркін