Оның өнегесін Қазақстан да жан-жақты зерттеп жатыр. Екі ел өзара тәжірибе алмасуға келісіп, тиісті жоспарға қол қойды. Осы аптада, 2 қазаннан бері Боюк Зире аралында жүрген «Хазри-2023» қазақ-әзербайжан бірлескен аралас оқу-жаттығулары аяқталды.
Екі елдің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мен әскери теңізшілері Каспийді лаңкестер мен диверсанттардан қорғап, сыртқы жауға тойтарыс беру, теңізді жүзіп өту арқылы десанттық айдауыл жасау, террористік-диверсиялық топтар мен уақытша базаларды жою, аралдарды азат ету тапсырмаларын жүзеге асырды. Қазақстандық жауынгерлер Әзербайжанға «Сарыарқа», «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелерімен және «Жайық» гидрографиялық кемесімен жеткізілді.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан Каспий бойынша осы көршісінің әскери саланы реформалау тәжірибесіне мән бермей келді. Еліміз негізінен ҰҚШҰ аясымен шектелетін. Көзқарас 2020 жылдан соң өзгерді. Сол жылғы 27 қыркүйекте басталған Таулы Қарабақтағы жаңа қақтығыс («Екінші Қарабақ соғысы», «44 күндік соғыс» деп те аталады) барысында Әзербайжан Арменияның қарулы күштерінің омыртқасын опыра жаздады. Кеңестік қана емес, түркиялық, израильдік озық қарулармен мұздай қаруланған әзербайжандық әскер армяндарды тықсыра отырып, тіпті Арменияның өз территориясына кіріп тоқтады. Қаласа, астанасына жететін еді. Ереван шырылдап, Ресейден көмек сұрады.
Баку «Темір жұдырық» Demir yumruq атаған бұл операцияны сол кезде қуат-күші бойына сыймай тұрған Мәскеу тоқтатты. 2020 жылғы 10 қарашада РФ басшысы В.Путиннің, Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің және Армения премьер-министрі Н.Пашинянның бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Онда үш мемлекет Таулы Қарабақ қақтығысы аймағында барлық әскери іс-қимыл тоқтатылғанын мәлімдеді. Осы келісімнің сақталуын кепілдендіру үшін деген сылтаумен Қарабақ өңіріне Ресейдің қосымша «бітімгершілік» күштері енгізілді.
Баку құзырына Қарабақ өлкесінің және оның орнында құрылған заңсыз Таулы Қарабақ (Арцах) республикасы басып алған Әзербайжан аудандарының бір бөлігі ғана оралды. Олардың арасында Физули, Зангелан, Губадлы, Шуша қалалары, Лашын ауданы бар. Бірақ Лашын қаласын, Қарабақ өңірінің басым бөлігін қайтара алмады.
Тараптар осымен тынғандай көрінгенімен, мұның бәрі көзбояушылық еді. Заңсыз республикадағы заңсыз әскери топтар контрабандалық жолмен қарулануын, әзербайжандық шекарашылар мен әскерлерге шабуыл жасауын, көршінің аумағын миналауын жалғастырды.
Әзербайжан да түптің түбінде бүкіл Қарабақты және өзге аудандарын қайтарып алуға жан-жақты дайындық жүргізді, озық қаруларды сатып алып, армиясын жетілдіре берді. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерін реформалады, Бас штабқа Түркияның білікті, отставкадағы генералдары тартылды. Ал әзербайжан жауынгерлерін Сирия, Ливия, Ирак және басқа қақтығыс ошақтарындағы әскери операцияларда ысылған түркиялық инструкторлар мен кеңесшілер шабуылға әзірлеп, соғыс өнеріне баулыды.
Барлығын 2022 жылғы 24 ақпанында Ресейдің Украинаға кең ауқымды шапқыншылығы өзгертті. Украина тарапының дерегінше, былтыр басталған соғыстың 19 айында РФ 4 931 танкінен, 9 313 бронды машинасынан, 6 807 артиллериялық жүйесінен, 316 әскери ұшағынан және 316 тікұшағынан айрылған. Әскери шиеленісті бақылап отырған халықаралық ұйымдардың есебі де осы шамалас. Қалай болғанда, Мәскеу Таулы Қарабақтағы әскерлерінің және техникаларының үлкен бөлігін Украинаға алып кетті. Бұл Бакуге отыз жылдан астам уақыттан бері оккупацияланған аумақтарын азат етуге мүмкіндік өрісін ашты.
2023 жылғы 19 қыркүйекте, сағат 13:22-де Әзербайжан Республикасының (ӘР) Қорғаныс министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады. Онда Қарабақта «антитеррорлық іс-шаралардың» басталғаны жарияланды. Бұған армияндық заңсыз қарулы топтардың Агдам ауданында Әзербайжан бекінісін минометтармен, басқасымен атқылауы түрткі болыпты. Салдарынан әзербайжандық екі солдат жараланған.
Осыдан кейін Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақтағы заңсыз армян қарулы құрылымдарының позицияларына, бекіністеріне, құпия қару қоймаларына, әскери базаларына жоғары дәлдікті зымырандармен үстемелете соққы берді. Әскери сарапшылар Әзербайжан тарапының бұл операцияға үлкен даярлықпен келгеніне, қарсыласын ұзақ уақыт бақылап, егжей-тегжейлі барлау деректерін жиғанына тәнті болды.
Мысалы, ол заңсыз квазиреспубликаның сырт көзден тасада, құпия жолдармен жеткізіп, қордалаған қару-жарақ пен оқ-дәрілерінің жасырын қоймаларын тасталқан етіп, жарып жіберді. Осыдан кейін Арменияның өзінде «бұл құпия ақпаратты Бакуге Мәскеу берді» деген қауесет тарап, армяндардың Ресейге өшпенділігін өршіте түсті.
Қаруларынан айрылған Таулы Қарабақтың заңсыз армиясы ту-талақай болды, тым-тырақай қашты. ӘР Қорғаныс министрлігі қашып жатқан жауын төбедегі дрондар арқылы көрсетіп, телеарналарда трансляция жүргізді. Рухтанған әзербайжандар шаттанып, көшелерді толтырды.
44 күндік соғыстан айырмашылығы сол, бұл жолы әлем мойындамаған Арцахқа Армения көмекке келмеді. Әйтпесе, әзербайжан әскері Ереванды бейбітшілік пен бітімге мәжбүрлеу үшін Таулы Қарабақпен шектелмей, ары қарай Арменияның әлем таныған территориясына қайта кіруі мүмкін еді.
19 қыркүйекте елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақырған Армения Премьері Никол Пашинян Арцах республикасын Арменияның мойындамағанын еске салды. Пашинян Арменияның Әзербайжанмен соғыспайтынын қадап айтты. «Таулы Қарабақта Арменияның армиясы жоқ және болмайды. Біз қазіргі уақытта ешқандай ағат қадамға бармаймыз», – деді Армения көшбасшысы.
Таулы Қарабақтағы армияндарға РФ көмекке келмеді. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан «халықаралық мойындалған өз территориясында қимылдап жатқанына» назар аудартты.
Нәтижесінде, антитеррористік операция бір күн ішінде аяқталды. 20 қыркүйекте әлем мойындамаған, алайда Ресей мен Арменияның қолдауы арқасында 30 жылдан астам уақыт бойы тіршілік еткен Таулы Қарабақ Республикасы капитуляция жасады.
20 қыркүйекте телеарналар арқылы халқына үндеу жасаған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы операция сәтті аяқталғанын, Әзербайжан Республикасы территориялық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіргенін жариялады.
Сол күні квазиреспубликаның билігі толық қарусыздануға, заңсыз армиясын таратуға, Қарабақты Әзербайжан құрамына реинтеграциялауға келісті. 28 қыркүйекте Арцахтың соңғы президенті Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1 қаңтарында Таулы Қарабақ республикасының тіршілігін тоқтататыны туралы соңғы жарлығын жариялады. Әзербайжанның қауіпсіздікті кепілдендіргеніне қарамастан, сонда тұратын 120 мың армянның көбі (1 мыңдайы қалған) Арменияға қоныс аударды.
Қарабақ өңірін және өзге аудандарды толығымен өз қолына көшірген Әзербайжан 90-жылдардан бері осы өлкелерін оккупациялауға, оларды мекен еткен әзербайжандарды қудалап, қырып, босқынға айналдыруға атсалысқан ірі тұлғаларды тұтқындауға кірісті.
Әзербайжан сотының үкімімен 3 қазанда Таулы Қарабақтың 3 президенті тұтқындалып, үстінен қылмыстық істер қозғалды. Аркадий Гукасян Таулы Қарабақ республикасын (ТКР) 1997-2007 жылдары, Бако Саакян 2007-2020 жылдары басқарды. Араик Арутюнян 2020 жылғы мамырдан 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін жетекшілік етті. Биылғы 9 қыркүйекте мойындалмаған ТКР Парламенті жаңа президенттік сайлау ұйымдастырды. Онда жеңген Самвел Шахраманян президенттік лауазымына толыққанды кірісе алмады.
Бұған қоса, әлем мойындамаған республика Парламентінің экс-төрағасы Давид Ишханянның қолына кісен салынды. Бұдан бұрын, 30 қыркүйекте ТКР бұрынғы сыртқы істер министрі, президенттің кеңесшісі Давид Бабаян да ұсталып, абақтыға жабылды. Ұсталғандар және іздеу салынғандар соғысты жоспарлап, жүргізгені, жалдамалыларды жинап, даярлағаны, ұлтаралық араздықты қоздырғаны және басқа да қылмыстары үшін айыпталуда. ӘР Бас прокуроры Кямран Әлиев Баку Таулы Қарабақтың 300 сепаратистіне қатысты халықаралық іздеу жариялағанын мәлім етті.
Бүгінде Баку оралған аумақтарды дамытуға білек сыбана, шұғыл әрі қарқынды кірісті. Басқыншылар қолында болғандықтан, Әзербайжанның өзге өңірлерінен даму жөнінен қатты артта қалған аумақтарға арнап, Қарабақ және Шығыс Зангезур экономикалық аудандары құрылды. Азат етілген қалалардың барлығының Бас жоспары бекітілді. Олар кеңес кезінен қалған ескі жүйелерден ажыратылып, Әзербайжанның қуатпен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау жүйелеріне қосылып жатыр. Таулы Қарабаққа Әзербайжанның ұшқыр интернеті, ұялы байланысы келді.
Заңсыз қарулы топтар белсенді миналаған аумақтар залалсыздандырылуда. ӘР қорғаныс министрі генерал-полковник Закир Гасанов әскери техникаларды, оқ-дәрілерді тәркілеу, территорияларды минасыздандыру кезінде қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға бұйрық берді.
Әзербайжан тарапының дерегінше, Қарабақ өңірінде 31 беренді техника, 265 әскери автотехника, 165 әуе қорғанысы жүйесі (ПВО), 58 танкке қарсы кешен, 60 гаубица, 64 миномет, 235 гранатомет, 2 608 автомат пен атыс қарулары, 1 700 зымыран, 50 мыңдай түрлі снаряд, өзге де қару-жарақ тәркіленді. Алып қойылған қаруларды ӘР және РФ солдаттары бірлесіп күзетуде. Оны Мәскеу өзіне беруді сұраған деседі.
Қарабақ Әзербайжан бақылауына көшкен соң онда РФ бітімгершілерінің тұруының мәні қалмады. Мәскеу біртіндеп оларын әкетуде. РФ қорғаныс министрлігі өз бітімгершілерінің 21 бақылау бекеті жұмысын тоқтатқанын жариялады. РФ басшысының Баспасөз хатшысы Д.Песков қалған контингенттің одан арғы іс-қимылын Мәскеу мен Баку бірлесіп талқылайтынын жеткізді.
Осылайша, ТМД аумағындағы «жазылмас жарадай» көрінген бір қақтығыс ошағы «сөнді». Алайда Арменияда реваншистік пиғылдағы күштердің наразылығы өшпей, өршіп тұрғанын ескерсек, болашақта қақтығыстар қайталануы мүмкін. Әзербайжан оған да дайындалуда. Ел басшылығы әуе шабуылынан қорғанысты күшейту, барлау және қарсыбарлау қызметтерін өрістету, радиоэлектронды күрес және басқа бөлімшелерді заманауи жабдықтау міндетін қойды.
Айхан ШӘРІП